ЕҢ БАҒАЛЫ БАҒДАР
2017 ж. 05 шілде
3871
1
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.
Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсетті. Сондықтан да, біз Президент атап көрсеткен талап тұрғысынан табылуымыз қажет. Осы орайда бүгінгі жас ұрпақтың озық білім алуында мұғалімдер бар күш-жігерін жұмсауы керек деп ойлаймын.
Демек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы білім саласы қызметкерлері үшін тәрбие жұмысындағы бағытымызды айқындап берген басты құжат болып отыр. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының білім саласы қызметкерлері рухани жаңғыру жұмысына белсене атсалысып, білімнің биік шыңын бағындыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Оқу мен тәрбие – егіз. Тәуелсіз еліміздің тізгінін берік ұстау, өркениетті, көш бастап келе жатқан алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болу талабы мектеп ұжымдарына біліммен қатар, кешенді тәрбие беру, жаңа қоғамның пайым, парасаты мол, патриотты жаңа адамын тәрбиелеу міндеттелген. Үздіксіз жүргізілген жұмыс нәтижесінде оқушылармен мұғалімдеріміз облыстық, республикалық жарыстарда алдыңғы лектен көрініп келеді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен «Жастар форумына» ауданның Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Панай Қайсар және «Мың бала жобасына» Горький атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алена Архипова қатысып, Ассамблея хатшысынан «Диплом» мен бағалы сыйлық алды. «Өрлеу» БАҰО АҚФ ОҚО бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты базасында жаратылыстану, гуманитарлық, бастауыш сыныптар бағытында мұғалімдердің облыстық пән олимпиадасы өткізілді. Олимпиада С.Кәттабеков атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сұлушаш Омарова І орын иеленді. Жуырда өткен облыстық пән олимпиадасында да шәкірттеріміз ауданның білім сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көріне білді.
Қазіргі өскелең заманда білім саласындағы оң өзгерістер туралы көптеген мысалдарды атауға болады. «Ықылым заманнан бері қазақ атамыз «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақалының өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман» – деп Елбасы айтқандай, біз ел бірлігі мен білімді бәрінен де биік санап келе жатқанымыз ақиқат. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сәйкес, қазір елімізде үштілділік жүйесі енгізіліп жатыр. Қазақстан әлемдік өркениетке бет алған тұста бірнеше тіл білу бәрімізге аса қажет. Мұны ата-аналардың дұрыс түсінгені жөн деп ойлаймын. Анығы, үштілді оқыту жүйесі бірден енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі тек 2019 жылдан басталады. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда үш тілде білім беру жүйесі жұмыс істейді. Осыған байланысты мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары арасында түсіндірме жұмыстарын әрі қарай да жүргізіп жатырмыз. Қазір дамыған мемлекеттердің көшінен қалып қоймау үшін бір тілді меңгеру аздық етеді. Ағылшын тілі – әлемдік деңгейдегі ғылыми тілдердің бірі. Жоғары сыныптарды біртіндеп ағылшын тілінде оқытуға көшірудің түпкі мақсаты – олардың шетелдегі ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасау. Сондықтан, біз баланың ғана емес, ұстаздардың да білім сапасын тереңдетуге әрекет етіп жатырмыз. Қазіргі таңда үш тілді оқу бойынша ауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауданда мұғалімдерді ағылшын тілінің заманауи әдістемесіне үйрету курстары басталды. Биылғы жылы он тоғыз мұғалім осы курсқа қатысып, химия, физика, биология, информатика пәндері бойынша оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сегіз мұғалімге алғашқы оқыту кезеңі басталды.
Біз үшін бірінші кезекте білім беру жүйесінің рөлін арттыру маңызды. Биылғы жылға осы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жалпы төрт жүз мұғалімді қайта даярлау курсынан өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде он директор, отыз оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, екі әдіскер, қырық тренер, үш жүз он екі мұғалім қайта даярлау курсынан өткізілмек. Атқарылып жатқан бұл жұмыстың барлығы алдағы уақытта жүйелі түрде жемісін береді деп ойлаймын.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бағдарламалық негізгі міндеттерге назараударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңіне қатысты ойын ортаға салды. Осы орайда болашақ қазақстандықтар қандай болуы қажет деген сұрақ туындайды.
– Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсат қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінеті саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондықтан да, біз болашақта Елбасы айтқандай, Қазақстанның мақтанышы бола алатын, терең білім нәрімен сусындаған, бірнеше тіл білетін, жаны патриотизмге толы жас ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Біз осы жолда бүгін аянбай еңбек етіп жатырмыз деп ойлаймын.
Ақшагүл БЕРДАЛИЕВА,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шардара аудандық Білім бөлімінің басшысы
qazaquni.kz