Бекжан Әшірбаев: Біздің журналистиканың мұңы бөлек...
2017 ж. 05 шілде
3277
1
Техника мен технология қаншалықты дамып, бұқаралық ақпарат құралдары әлемінде небір таңғажайып жаңалықтарға қол жетті дегенмен, ұлттық басылымдарымыз көріп келе жатқан қиындықтар әлі де болса жеткілікті. Біз осы және өзге де бірқатар жайттар тұрғысында, белгілі ақын, танымал журналист Бекжан Әшірбаевтан сыр тарттық.
Жеке бағыт қажет
– Қазіргі таңдағы жалпы журналистика түйткілдерін сөз еткенде, алдымызда «Тілші белгілі бір әлеуметтік, саяси мәні бар оқиға туралы сол дүниені болған күйінде хабарлап қана қоюы керек пе, жоқ әлде соған байланысты қоғамдық пікір қалыптастыруға тиіс пе?» деген үлкен сұрақ тұрады. Осы саланың теориясы мен тәжірибесін зерттеуші ғалымдардың бас қатыратыны да осы жәйт. Біз мемлекет құру процесін енді-енді ғана ширата түскен жас елміз. Осы тұрғыдан қарағанда, меніңше, бізге халық мүддесі жолында атқарылып жатқан кез келген іс-шараға қатысты қоғамдық пікір қалыптастыруға күш салған жөн. Айталық, мысалы, ұлттық мәселелерге, мемлекеттік тілге, шекараға байланысты оқиғаларды жай ғана хабарлап, жариялап отырумен шектелмеу керек, сол бағытта салмақты ой қозғап отыруды ұмытпауға тиістіміз. Әрине, мұнымыз әлемдік стандартқа сәйкес келмеуі де мүмкін. Анау Америка Құрама Штаттары, Англия немесе Франция сияқты көптеген мемлекет құру процесінен әлдеқашан өтіп кеткен, әлеуметтік-саяси жағдайлары баяғыдан қалыптасып алған елдердің журналистикасының «мұңы» басқа. Бір ғана мысал – Голливуд кинофильмдерін көріп отырсаңыз, ХХІ ғасыр қарақшылары Айда, Марста соғысып жатады. Мен ойымша, осы бәлендей жетістік емес, қайта ондағы тақырыптың таусылғанын байқатады. Демек, оларға еліктеудің еш қажеті жоқ. «Қазақфильмнің» миссиясы бұдан басқаша болу керек. Мәселен, отаршылдыққа қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесары бейнесін, кешегі Алашорда қайраткерлерінің тұлғаларын кино өнімдері, әдеби туындалар арқылы халыққа жеткізіп, тарихи жадыны нығайта түссек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қабдеш Жұмаділовтің баспасөзге берген бір сұхбатында: «Түркияға барған сапарымда бір оқырман сіз қай тақырыпта жазасыз деп сұрады. Мен тарихи тақырыпта жазатынымды айттым. Әлгі адам сөзіме түсінбей, қалайша тарихи тақырыпта жазасыз, сіз жазушы емессіз бе аң-таң болды. Сөйтсем, олардың түсінігінде тарихты тек тарихшы жазуы керек екен!» дегені есіме түсіп отыр. Яғни, түрік ағайындарда тарихты қалыптастыру, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу деген уайым жоқ. Олардың тарихшылары Осман империясының 800 жылдық тарихын том-том энциклопедия етіп, ғылыми айналымға жіберіп қойған. Сол себептен, олардың оқырманына біздің жазушыларымыздың тарихи тақырыпқа баруы мүлдем түсініксіз. Демек, әр елдің белгілі нәрсеге өзіндік көзқараспен келуі заңдылық сияқты.
Газеттен бизнес жасала ма?
– Енді бір сәт басылымдар арқылы бизнес жасауға бола ма деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейік. Мысалы, Шымкенттен шығып жатқан саржағал басылымдардың тиражы 25-тен 50 мыңға дейін жетеді және сұранысқа қарай одан сайын артып отырады. Қарап отырсаңыз, «өсек-аяң» газеттерінің таралымы мемлекеттік мүддені қозғайтын газеттерден әлдеқайда жоғары.
Жалпы, мұндай жағдай кез келген елде солай. Мысалы, АҚШ-тағы «Вашингтон пост», «Нью-Йорк таймс» сияқты басылымдар мемлекет идеологиясын жүргізіп отырғандықтан, мемлекеттік дотацияға қарайды. Мұндағы айтпағым, осынау Америка сияқты 350 миллион тұрғыны бар алпауыт елдің өзінде интелектуалдық деңгейдегі қаншалықты биік газет-журнал шығарған күннің өзінде бизнес жасай алмайтын сияқтысың. Біздегі ахуалдың тіптен қиын екені өз-өзінен түсінікті. Яғни, мұндағы жағдайда газет-журнал өнімдері арқылы бизнес жасау мүмкін емес. Ол үшін халқымыздың демографиялық көрсеткіші қарыштап өсуі керек. Ең құрығанда, солтүстіктегі 140 миллион тұрғыны бар көршіміз Ресейдің деңгейіне жетуге тиіспіз.
Айырмашылығымыз жер мен көктей
– Осы ретте қазақ пен орыс журналистикасының арасындағы айырмашылықтарға тоқтала кетейікші. Өзім, мысалы, осыған дейін екі-үш редакцияда жұмыс істедім. Енді оны жасырмай-ақ айта беруге де болатын шығар, кезінде «Азамат kz», «Ел мен жер» деген газеттерді шығардық. Екеуі де түрлі-түсті он алты беттік басылымдар. Жанымызда жиырма төрт беттік «Начнем с понедельника» газеті шығып жатады. Олардың жеті беті сырттан дизайн-макетімен сатып алынатын TV бағдарламасы. Яғни, онда он жеті де, бізде он алты бет беттеледі. Салыстырып қарасам, осынау екеуі де апталық газеттің алғашқысында бес дизайнер жұмыс істейді де, біз жалғыз ғана беттеуші ұстаған екенбіз. Сол секілді он жеті беттік газетте алты корректор болса, бізде ол міндетті бір-ақ адам орындап отырды. Айырмашылық бар ма, жоқ па?
Мысалы, басқа да орыс тілді газет-журналдарды қарап отырсаңыздар, оларда фотосурет өңдейтін арнайы адам бар. Ал бас тақырыптарды «Corell» деген бағдарламамен безендіріп, жасап отыратын қызметкер – бөлек. Оның басқа істерде шаруасы жоқ, газетті беттеу жұмысына қатыспайды. Өйткені, өзге үш дизайнер мәтінді макетке құйып отырады. Көрдіңіз бе? Яғни, олар бір-бірінің «егініне» түспейді. Ал кез-келген қазақ редакциясына барып көріңізші, он алты беттік болсын, жиырма төрт беттік газет болсын, көбі бір ғана дизайнер ұстайды. Сурет сапасына қарайтын да, тақырыпты ««Corell» арқылы жасайтын да, оны баспаханаға апаратын да бір-ақ адам. Және ол үш-төрт адамның жұмысын атқара отырып, бір-ақ кісінің жалақысын алады.
Біз жалғыз дизайнердің бір газетке бір аздық ететіндігін, оның тақырыбын, суретін әрлеу үшін жеке-жеке штаттар ұстау керектігін ұғынатын түсінікке жете алмай жатырмыз. Дүңгіршекке барып қараңызшы, орысша және қазақша шығатын газет сапасында айтарлықтай өзгешелік бар. Айталық, «Аргументы факты» немесе «Комсомольская правда» газеттері неліктен тартымды? Себебі, оларда суретпен ғана айналысатын штат бар. Ол макеттің басқа жағына бас қатырмайды, өзінің суретіне ғана жауап береді. Біздегі газеттерді басқарып отырған кейбір аға буын өкілдері компьютер, дизайн деген мәселелерге онша бас қатырмайды. Оны екінші, үшінші мәндегі дүние деп санайды.
Жасыратын несі бар, мемлекеттік газеттер мен жекеменшік газеттердің материалдық жағдайы да, шттатық құрылымы да жер мен көктей. Мысалы, Шерхан Мұртаза бас редактор болған кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қырық сегіз адам жұмыс істепті. Ал, осы газеттің қазіргі штаты он-он бес қызметкерден аспайды-ау. Мұны айту себебіміз, кейбір өзге де басылымдардың жағдайы дәл осылай секілді...
Ертеректе іссапарға шығып, белгілі бір тақырыпты айлап зерттеуге мұрсат берілетін. Бүгінде ондай мүмкіндіктер көзден бұл-бұл ұшқан. Басылымға шығармашылық потенциалы жоғары журналистерді шақырайын десең, мұндағы айлық жалақының өзі көңіл толтырмайды. Осындай көрсеткіштерден-ақ ахуалды айқындай беріңіз...
Макет – жеңіл-желпі нәрсе емес
– Кейінгі кезде дизайн, компьютермен беттеу дегендердің келуі газет-журналдардың өндіріске дайындалу үдерісін өте жеңілдетіп берді. Түрлі басылымдардың көптеп ашылуы тікелей осыған да байланысты. Мысалы, бір компьютерің, жалғыз сканерің мен жеке принтерің болса газет шығара беретін жағдайға жеттік. Бірақ қастерлі «кәсіби көзқарас» деген ұғым жайына қала бастады. Журналистиканың исі мұрнына бармайтын кез келген адам газет шығара берсе не болғаны! Айталық, макетші деген кім? Ол – сенің мақалаңды ине-жіптен жаңа шыққандай жұтындырып киіндіріп беретін шебер тігінші іспеттес адам. Нашар деген материалыңның өзіне өтімді өң беріп, өнімге тауарлық түр жасайтын да сол. Сонда ол көз тартып, оқуға шақырып тұрады. Яғни, сұраныс деңгейі биіктейді. Мақаланың құны артады.
Еске түседі, сонау шет елдер қақпасы ашылған кезде түрлі құрылыс фирмалары қарапайым қыш тақталарын әдемілеп, көздің жауын алатын жалтылдаған арнайы пакетке салып, олардың әрқайсына тауарлық түр жасап қойғанын көріп таңырқадық. Тауар өткізудің жолы деген сол. Ал, бізде оны «КамАЗ»-бен әкеліп төңкере салмай ма! Газеттегі дизайн дегенге айтып отырған мысалым ғой. Осы жағынан, шынымды айтсам, қазақ журналистикасына қарным ашады. Мысалы, орыс редакцияларына барсаңыз, компьютерде отыратын қыз-жігіттер компьютер алдында үш-төрт сағаттан артық отырмайды. Олардың көпшілігін танимын. Солар 200-250 мың теңге жалақысын сол бір ғана газет-журналдан алады. Және атқаратын міндеттері де аса ауыр емес. Мысалы, 200 беттік журнал болса, соған үш дизайнер, яғни суретін өңдейтін біреу, оның баспаға жазып отыратын біреу болады да, сол дизайн үшін төрт-бес адам отырады. Әрқайсысы 200-250 мың теңгеден айлық алады. Қазақ газеттерінде де мықты дизайнерлер бар. Бірақ бұлардың еңбекақылары анандай жоғары деп айта алмас едім. Сондықтан, сұранысқа ие осы жігіттер мына жерде бес сағат, ана жерде бес сағат отырып әр жерден тиын-тебен алуға мәжбүр. Аннан бір қырық мың, мұннан бір жиырма мың теңге дегендей. Бұл сонда өз-өзімізді бағаламауымыз ба немене?
Қаріптер әлеміне үңілсек
– Бүгінде қазақ басылымдары пайдаланатын айналдырған бес-алты-ақ қаріп түрі бар. Олар – «Гельветика», «Балтика», «Школьный», «Сенчури», «Алекс» сияқты шрифтер. Ал осыларды кімдер дайындап берген деп ойлайсыз? Әрине, жекелеген компьютершілер. Бұларға мемлекеттік тапсырыс берілмеген. Бірақ «ғ», «қ», «ө», «ұ» тектес әріптерін танитын орыстілді жігіттер осындай бағдарламаларды жасаған да, солар редакцияларға сатқан.
Егер сен өзіңнің газетің ғана пайдалана алатын шрифтерді жасатуың керек болса, оған арнайы тапсырыс бересің. Мысалы, «Известия» газеті қолданатын қаріпті басқа редакция қолдана алмайды, өйткені ол оның интелектуалдық меншігі. Біз ондай дәрежеге жете алмай жатырмыз. Әлгінде айтқанымыздай, компьютердің келуі газеттің өндіріске дайындалу процесін жеңілдетіп жіберді де, кәсіби мәселелерге мән бермейтін болдық.
Ұлттық басылымдардағы дизайннің түрі де, тақырыптары да бір-бірінен айнымай тұратын себебі сондықтан. Анау үш-төрт орыстілді маман жасап, қондырып берген бес-алты қаріп түрімен жазылатын тақырыптар баспа процесінде түсіп қалып жатады. Бас редактор, оның орынбасары, жауапшы хатшы «баспаға» деп қол қойған кезде әлгі жазулар тұрады да, «PS»-қа жазғанда ұшып кетеді. Өйткені бұлар мың жерден жасағанмен, «қарақшы» («пиратский») қаріптер деп есептеледі. Олай болса бұған мемлекеттік тендер жарияланып, «Microsoft Word»-қа мемлекеттік тұрғыдан тапсырыс беретін кез әлдеқашан жеткен. Әлі күнге дейін жеті жүздің үстіндегі қазақ тілді газет-журналға жекелеген адамдар ғана қаріптерін сатып, соларға бағдарлама қондырып, өздерінің бизнесін жасап жүр. Сондықтан бұл іске де мемлекеттік тұрғыдан келу керек. Қарапайым жұрт білмеуі мүмкін, газет өндірісі процесінде «Fotoshop», ««Corell», «Пейджмейкр», «Виндизайн» деп аталатын бірқатар арнайы бағдарламалар бар. Меніңше, әр газет- журналдың басында отырған кез келген бас редактор, редактордың орынбасары, жауапты хатшы осы үдеріс пен бағдарламаларды жетік білуі керек. Басылым басшысы суреттің қарайып кету, тақырыптың түсіп қалуы себептерінен хабардар болмаса дизайнер мен әріп терушілер оны міндетті түрде алдап, пәленің бәрі баспаханаға, өндіріске, станокқа жабады.
Жалпы, әр нәрсеге кәсіби тұрғыдан қарау керек.
Журналистика ерекше дарынды қажет етеді
– Жалпы, көптеген түйткілдің түп-тамыры журналист кадрларын дайындау мәселесінен басталатыны түсінікті. Шынын айтқанда, бұл жағынан да осыдан біраз жылдар бұрын көптеген келеңсіздіктерге жол берілгенін өзіміз куәміз. Айталық, жоғары оқу орнына келушілер Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Математика сабақтарынан тест тапсырса, бір ғана пәнді шығармашылық қылатын. Сол сияқты белгілі мөлшерде аз ғана балл жинасаң, оқуға түсіп кете беретінсің. Сонымен қоса, сен мақала жазып жүсің бе, баспасөз бетінде материалың жарық көрді ме, бұл жағы маңызды болмайтын. Ал, осы үш-төрт жылдың ауанында бұл кемшіліктер жойылды да, қазір журналистика факультетіне келген талапкер екі шығармашылық сынақ тапсырады. Оның біріншісінде шығарма жазады да, екіншісінде міндетті түрде ауызша, яғни газет-журналдарға шыққан материалдары қадағаланады. Меніңше, сонау нарықтық кезеңнің алғашқы тұсында журналистика факультетін кім көрінген бітіріп кеткендей көрінуші еді, кейін ол келеңсіздік біртіндеп жойылды. Мен мынаны түйдім – журналистиканы сен емес, журналистика сені таңдауы керек сияқты. Себебі, бұл мамандықтың өзі ерекше дарынды қажет етеді.
Әңгімелескен
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz