Назарбаев: Қазақтың тарихи отаны біреу ғана – Қазақстан
2017 ж. 23 маусым
3864
25
Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 5-ші Құрылтайы өтті. Мемлекет басшыны Н. Назарбаев Құрылтай аясында Қауымдастықтың төрағасы болып қайта сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары қызметіне Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды.
"Қазақ үні" ұлттық порталы айтулы шарадағы Елбасы баяндамасының ең өзекті үзінділерін назарларыңызға ұсынады.
- Ардақты ағайын, құрметті бауырлар дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршамызға қазақтың қастерлі ата жұрты, оның бас ордасы Астанамызға –қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Жаңа айтып кеткендей алты құрлыққа жайылып кеткен 350-ден астам қандастарымыз келіп отыр. Қайда жүрсе де, қазақтың тарихи отаны біреу ғана. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, бір уыс топырығына дейін қасиетті біз ұлы дала қазақ еліміз. Бүгінгі бас қосуға негізінен жас буын қатысып отыр. Себебі жас ұрпақ түбі тарихи негізі, тарихы қазақ екенін ұмытпайды. Сол үшін олардың ата-аналарына рақмет айтамын. Бір тамырын тарихи отанына жаюды ойлайды. Туған елінің салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады.
Құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтеді. Біз әдейі осылай байланыстырдық. Себебі бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударатын үлкен шара болып отыр. Біз бауырларымыз ата жұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Мынау бар болғаны 15 жылдың ішінде бой көтеріп, дүниені таң қалдыратын елордамыз Астананың өсіп-өркендеп келе жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық.
Оқуға жіберіп жатқан жастарымыз қазақтың жалауымен, әнұранымен еш уақытта ажыраспайды. Тұтас түріктің алтын бесігі – Алтай, киелі Түркістан,ұялы Ұлытау басқа да орындар барша қазақ үшін қасиетті. Шетте жүрген бауырларымыз біліп жатыр ма белгісіз. Біздің мақсатымыз – соларға үйрету. Бұл жерлерге талай адам келіп тағзым етіп жүр. Кейінгі жастардың елдегі тарихи, рухани құндылықтардан хабары аз.Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жасалған соң, ол шеттегі қазақтарға да таныстырылуы керек. Алты алашқа ортақ құндылықтар бізді әр уақытта біріктіре түседі.
Қазақтың талай баға жетпес рухани қазыналары Қазақстаннан тыс жерде. Бір жылы біз дүниежүзілік құндылықтардан, мұражайлардан, кітапханалардан қазақтың тарихын іздестірдік. Қытайдан да, парсы мен Еуропадан, Ауғаннан да іздедік. Көп мұра жиналды. Содан кейін «Мәдени мұра» бағдарлама жасадық. Мәдениетімізді көтеру үшін жаңа кітаптар жазып, қазақтың аталы сөздерінің, әндерінің,философтарымыздың сөздерінің жинағын шығардық. Ғалымдарымыз шетелге жасаған ғылыми сапарларында көптеген мұрамызбен қайта табыстырып, жазып шығарды. Жақында белгілі ғалымымыз 1,5 мың жыл бұрын жасалған домбыраны тауып, елге әкелді. Сол домбыраныңсыртында көне түрік тілінде жазылған «Жұпар күй әуені сүйсіндірді» деп жазылыпты. Домбыра, қазақ күйі 15 ғасыр ұлы өнер деңгейіне көтерілгенінің белгісі болатын. Әлі талай-талай мұра табылса, ғалымдар көп әңгіме айтады.
Өз тарихымыздан адасып қалдық. Біздің тарихымызды бұрынғы үкімет Қазан революциясынан бастап үйретті. Біздің тарихымыз жоқ, Ресейдің тарихы бар. Қазір ойлап қарайтын болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Ол бергі мәселе. Ар жағын алып келгенде түгел тарихымыз болу керек. Аспаннан салбырап түскеніміз жоқ. Менің білуімше, біз ғұндардан, көк түріктерден тарадық. Солардың барлығын жүйеге салып, өз тарихымызды жүйеге келтіруіміз керек. Мұндай жәдігерлер көп жерде бар.
Тәуелсіздік алған кезде 17 млн халық болған. Дегенмен түрлі тарихи жағдайға байланысты елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, 14 млн болып қалдық. Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына қарай еліміздегі халық саны артып келеді. Егерде бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби өмір есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 млн болады деп ойлаймын.
Елбасының Құрылтайда сөйлеген сөзі bnews.kz порталының материалдарынан алынған.