Жалғанның жанарына сыя алмадың...
2017 ж. 10 маусым
14026
0
Өмір дегенге тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі, бөтен ғой
Өмір дегенің – бір сәттік сәуле екен ғой.
Мұқағали Мақатаев
Осынау бір сәттік өмірде жалт етіп сөнген жасын тағдырлар аз ба?! Алды артыңа қаратпас ажал сағаты соқса бәріміз де дәрменсізбіз. “Өмір - өткінші”, “Дүние – жалған” деген сөздерді тағы да бір дәлелдеп арамыздан адал дос, қимас бауыр Ақжол кетті. Ақжарқын, ақ пейілімен баршамызды баураған Ақжолдың сапары қара жолда мәңгілікке қиылады деп ойлаппыз ба?
Өмір атты өткелдің жұмбақтығы да осы болар, ақ кебін біреуге ерте, біреуге кеш пішіледі. Адал досымыз Ақжолдың жанымызда жоқтығына биыл үшінші жыл. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, артында қалған анасы, ағайын-туыс. дос-жарандары Ақжолдың өзі болмаса да, есімі өшпесін деген ниетте жыл сайын дәстүрлі түрде еске алу шарасын жасайды.
Биылғы еске алу кеші өзі түлеп ұшқан Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының акті залында өтті. Жас жалын туралы шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, сазгер Жарылқасын Дәулет, әнші Гүлмира Ақүрпекова, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, әнші-сазгер Ерғали Көшербаев, жас әншілер Асылжан Түзелбек пен Фархат Сағымбай мен Сәуле Жанпейісованың «Аманат» өнер студиясының өнерпаздары, Ақжолдың университетегі ұстазы, ф.ғ.к, доцент Ж.Әбдіжәділқызы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының директоры Ашимбаева Багила Масимахынқызы және мектеп оқушылары мен студенттер, Ақжолдың достары қатысты.
Еске алу кешіне «Түркі тілдес журналистер» қоры, «Қазақ үні» газеті, «Ынта мен ынтымақ» қоры, «Жастар жанары» жастар мен жасөспірімдер журналы, Martebe.kz сайты ақпараттық қолдау білдірді. Журналистік жолды таңдап, өзін шығармашылық жолында шыңдаған Ақжол Алешұлы телеарнадан тілшілік қызмет етумен қатар, автокөліктер туралы блог жүргізіп, спорт тақырыбына қалам тербегенді ұнататын. Ақжолдың ақындық қыры да бар еді... Гитарамен ән салатын...
Кеш барысында Ақжолдың өз қаламынан туған өлеңдерін Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының оқушылары оқыса, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Университетіндегі «Қазақ филологиясы және әлем тілдері» факультетінің 4 курс студенті Ұлмекен Лесбекова мен ҚазҰУ журналистика факультетінің 1 курс студенті Думанқызы Нұржан Ақжолға арнау арнады.
Ақжол Ешмат өмірден өткеннен кейін сол жылы анасы шығармаларын жинақтап «Жалғанның жанарына сия алмадың» деген атпен көпшілік қауымға арнап кітап шығарды. Аталмыщ жинақта Ақжолдың газет-журнал беттерінде жарияланған мақалалары, интернет блогындағы материалдары мен қатар қаламынан туған өлеңдері Ақжол туралы анасының, туыстары мен жақындарының, достарының естеліктері топтастырылған.
Биылғы еске алу шарасында сазгер-әнші Ерғали Көшербаев Ақжолдың «Өксиді өлең болып көкірегім, Тыңдашы жүрегімді өкінемін. Есімің жүрегімнің түкпіріне, Мәңгілік білесің бе бекігенін?» деген өлең жолдары жүрек түкіпірінен орын алғаннан кейін сазын жазып, әннің дүниеге келгенін айтып жиналған қауымды қуантты. Болашақта әннің республика аумағында айтылуы жалғыз тұяғынан айырылған анаға азда болса жұбаныш болмақ. Біреуге ерте, біреуге кеш айтып келмейтін ажалдың алдында бәріміз дәрменсізбіз.
Жиырма жасында қара жолда ғұмыры қиылған Ақжолдың көзі тірісінде жасап үлгерген азды-көп журналисттік материалдары кеш барысында көрермен назарына ұсынылды. Оның ішінде телеарнада жұмыс жасап жүргендегі сюжеттері, өзі дауыстап, өзі дайындап шығарған мультфильмі болды. Ақжолдың арамызда болса, бағындырар белесі де, алар асуы да алда еді. Алланың ісіне шара бар ма?! Бірақ, біз оны тек еске алумен ғана жұбана аламыз және артына қалдырған дүниелерін жаңғырту арқылы ғана жадымызда сақтаймыз.
Кештің мақсаты жылату емес, жалғыз ұлынан айырылған ананың жанына медет болып жұбату. Дос алдындағы достық парызды өтеу. Сондай-ақ барша жандарға ешкімнің де мәңгілік емес екенін ұқтыра отырып, жалғанның ғұмырында бір- біріміздің қадірімізді, барымызда біліп бағалау керектігін ұқтыру болған. Уақыт барлығын да алып кетеді.
Жылдар тізбегі барлығын да өзгертеді. Сыртқы пішінің де, мінез-құлқың да, тағдырың да өзгереді. Өткен күннен қалатыны тек қана естелік. Қамшының сабандай ғана қысқа ғұмырда жақындарымыздың жанымыздан кеткенімен, жадымыздан өшпесі анық.
Ақтолқын ТАЖИКОВА
qazaquni.kz
- Ақжол Ешмат
- Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясы
- ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова
- еске алу кеші
- сазгер Жарылқасын Дәулет
- әнші Гүлмира Ақүрпекова
- ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы
- әнші-сазгер Ерғали Көшербаев
- жас әншілер Асылжан Түзелбек пен Фархат Сағымбай мен Сәуле Жанпейісованың «Аманат» өнер студиясының өнерпаздары