Гүлшарат Жұбаева: Шаршадым деп айтудан қорқамын...
2017 ж. 29 мамыр
4816
1
Гүлшарат Жұбаева. «Келін» атты көркем фильмде қазақ халқының ашуын туғызған ару бүгінде адал жар, ибалы келін, қос балапанның аяулы анасы. Алайда, өмірде пысық келін ғана емес, бизнес-women бола білген ханымды сұхбатқа көндіру оңай болмады. Ол өткенінен сенсация жасауға құмар төртінші билік өкілдерінен шаршаған. Бірақ, біз жараның аузын тырнап, өткенді еске түсірмеуге уәде етіп, келіскен уақытта кездестік.
– Гүлшарат ханым, қош келдіңіз. Сұхбатқа ұзақ уақыт ойланудағы мақсатыңыз әңгімесі таусылмаған «Келіннен» шаршаған сияқтысыз. Солай ма? – Сенсация жасап, шулатуға құмарлар көп. Сондықтан, мен ол кездерді тіпті, есіме де алғым келмейді. Бірақ, ол фильм туралы мен қанша тіс жарып айтқым келмесе де, кез-келген жерде бірінші қойылатын сауал осы. Ол – заңдылық. Себебі, ол кинокартина менің өнердегі алғашқы рөлім, алғашқы қадамым. Өтер іс өтті. Әркім әрқалай қабылдайды. Менің айтарым бір ғана түйін. Бұл менің өнерге деген сүйіспеншілігім, мемлекеттің қаржысына деген адалдығым, мемлекет қазынасына қиянат болмасын деген адал ниетім. Алайда, мұндай жақсы ниеттерім әлі күнге дейін маған қарсы тұрып, теріс айналып келуде. Сол себепті бұл туралы мүлдем айтқым келмейді. – Әрине, біз уәде еттік. Уәдемізге берік болуға ниеттіміз. Бұдан әрмен ол туралы қазбаламаймыз. Фильмдегі келін образыңыз сәтсіз болса да, өмірде ата-енеге қызмет етіп, бірге тұратын келінсіз. Қиын емес пе? – Иә, ата-енеммен бірге тұрамыз. Мен тұрмысқа шығатын сәтте материалдық-тұрмыстық жағдай туралы еш ойланған емеспін. «Қызылордада тұрамыз ба, әлде Алматыда қаламыз ба?» деп жолдасымнан сұраған да емеспін. Бәлкім, махаббатқа соншалықты мас болған шығармын. Қазіргі заманда қыздар бәрінің басын ашып, нүктесін қойып алып жатады ғой. Менде ондай болмады. Біз үйленген соң аз уақыт ауылда тұрдық. Ененің мектебін көріп, білмегенімді үйрендім. Ал, көп ұзамай Алматыға жұмысқа кеттік. Бұл жақта әуелі пәтер жалдап тұрып, кейін үлкен қонысқа көштік. Сол кезде ата-енемізді қолымызға алдырдық. Әрине, жолдасым үйдегі жалғыз бала болғандықтан, ата-ана алдындағы парызымызды білеміз. Келін болуға әр қыздың табиғаты әу бастан бейім. Сондықтан, қиналып, шаршап жүрмін деп айта алмаймын. Бос уақытымның барлығын отбасыма арнағым келеді. Балаларымның жанында болып, асханада дәмді тағамдар пісіргенді жақсы көремін. Мысалы, жолдасым мен енем тәтті тағамдарды, ал атам өз қолыммен созып дайындаған лагманды ұнатады. Біз үлкен әрі қара шаңырақ болғандықтан, келім-кетім қонақ көп. Бірін шығарып салып, енді бірін күтіп алып жатамыз. Қонақпен бірге құт келеді. Күліп қызмет ету менің келіндік міндетім деп білемін. – Ене мен келіннің арасындағы келіспеушіліктер, әртүрлі көзқарастар қоғамдағы басты проблема болып тұр. Сіздің үйде кейде өзара түсініспей қалатын кездеріңіз бола ма? – Жоқ, бұған дейін ондай оқиғалар орын алмапты. Болмай-ақ қойсын деп тілеймін. Енем өте жайлы, әрі ақылды кісі. Керісінше, ата-енем басқа қалаға кетіп қалса сағынып, асыға күтіп жүреміз. Ол кісілер жанымда болмаса да, көп істерім бітпей қалады. Енем менің қандай істі қолға алсам да, бірінші ақылдасатын және қолдайтын жан. Жолдасыма да «Нәтижесі бар іс қой. Қолынан қақпа. Көмектес» деп ақылын айтып отырады. Ер адамға әйелінің айтқаны бір бөлек, анасының айтқаны бір бөлек қой. Үнемі қандай іс бастасам да әуелі енеммен ақылдасып аламын. Сосын ол кісі жолдасымның қолдауына себепші болады. Мені қолдап отырған адамның көңіліне кірбің салуға менің адамгершілігім мен ар-ожданым жібермейді. Маған деген енемнің жақсылығын мен де жақсылықпен қайтаруға қолымнан келгенше тырысамын. – Жолдасыңызбен таныстық қалай бастау алды? – Мұны көпшілік біледі. Ол кезде тойда билеп, ақша табатын кезім. Той үстінде бір мас кісі маған артық, ауыр сөздер айтса керек. Содан көлігіме келіп отырып, ағыл-тегіл жыладым. «Қашан басқа қыздар секілді менің де отбасым, арқа сүйер азаматым болады? Қай жасыма дейін осылай күйбең тіршіліктің қамымен жүре бермекпін?» деп ызам келіп жылап, Алладан азаматымды кездестіруін тіледім. Өз-өзіме келген соң, жанармай бекетіне бардым. Ақшаны төлеп шығып, жүрейін десем бейтаныс біреу көлігін менің алдыма қойыпты. Содан жанында тұрған кішкентай жерден әйтеуір, өттім. Олар кейін менің көлігімнің артынан жүріп, танысайық деді. Бастапқыда қатты қорықтым. Себебі, түсі сұсты, үлкен көрінді. Қасында бір топ жігіттер бар. Кейін бір сәт өзімнің Алладан тілеген тілегім есіме түсе кетті. Бәлкім, тағдыр бізді осылай таныстырмақ шығар деп тоқтап, таныстым. Таныстығымыз көп ұзамады. 28-ақпан күні таныстым, ал 8-наурыз күні үйленеміз деп шештік. Небәрі он күннің ішінде бір-біріміздің іздеген адамымыз екенімізді сезіндік. Кейін тойға дайындықтар басталып, бір отбасына айналдық. – Тойларыңыз да ерекше өткен шығар? – Қолымыздан келгенше қызықты әрі әдемі етіп өткізуге тырыстық. Менің ұзату тойымды 20-ға жуық асаба басқарды. Ол кезде қазақша үлгідегі көйлек кию деген сәнде жоқ еді. Бірақ, мен екі тойға да қазақ көйлегі мен сәукеле кидім. Ақ көйлекті сатып алып, сыртындағы камзолы мен сәукелесін өз қолыммен тіккенім есімде. Және біздің неке жүзіктеріміз де өзгеше. Мен күміс пен алтын тағамын, ал жолдасым күміс жүзік тағады. Неке жүзігін зергерге барып жасаттық. Арнайы оюы бар. Ол өрнек жер мен көктің тартылысы дегенді білдіреді. – Қазір бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты анасыз. Бала тәрбиесіне уақытыңыз бола ма? – Әрине, бала тәрбиесі біздің үйдегі нөмірі бірінші мәселе. Ұлым бірінші сыныпта оқиды. Үнемі сабағын қадағалап, бірге оқуға тырысамын. Өйткені, мектеп бағдарламасы өте қиын екенін өздеріңіз де білесіздер ғой. Бірақ, бала тәрбиесімен көбінесе, ата-енем айналысады. Менің жолдасымды азамат етіп тәрбиелеген ата-ана менің де балаларыма жақсы үлгі-сабақ береді деп сөзсіз сенемін. – Жуырда ғана жеке дүкеніңізді аштыңыз. Ол дүкеннен не таба аламыз? – «Шабыт» деп аталатын ұлттық бұйымдар салонын аштық. Ол жерден қазақи бұйымдар таба аласыз. Бесіктен бастап, жасауға, өзге де үйге қажетті ұлттық нақыштағы дүниелер бар.
– Бірнеше істі қатар атқарып жүрсіз. Қиын емес пе? Шаршамайсыз ба? – Шаршадым деп айтудан қорқамын. Шаршап ұйықтағанға не жетсін?! Жұмыс таппай жүргендер қаншама?! Керісінше, барымды бағалап, осы күніме шүкірлік етемін. Маған мұның барлығы оңайлықпен келген жоқ. – Бәрі неден және қалай басталды? – Тұрмысқа шыққан соң айлықтан өзге табыс көзі қажет болды. Сол кезде мамандығым биші болғандықтан, екі қызға сабақ беруге кірісітім. Кейін ол қыздармен тойға шыға бастадық. Екі қызымыз 7-8 жылдың ішінде 30 қызға көбейді. Әр шығармашылық нөмірге киім тігу қажет болатын. Әуелі үйде жалғыз тіге бастадым. Кейін қасыма 1-2 тігінші алдым. Сонда да үлгере алмай жүрдік. Содан жолдасым үйдің жанынан кішкене цех ашып берді. Күндердің күнінде ол да бізге тар болды. Қазір осы жерде жұмыс істеудеміз. Бірақ, мұның өзі кішкентай. Осындай қарқынмен еңбек етсек, менің бала арманым орындалады деп сенемін. Менің жеке тігін фабрикам болса деп жас кезімнен армандадым. Қазір сол бағытта талмай қызмет етудемін. – Ендеше, сіздің жеке тігін фабрикаңыздың тұсаукесер шарасында кездескенше. Армандарыңыз орындала берсін!
Сұхбаттасқан Жанар МЫРЗАБАЕВА
qazaquni.kz