АЛАШТЫҢ АСАНӘЛІСІ
2017 ж. 22 мамыр
8107
25
Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Және оған разы емес адам да жоқ секілді, қайта ертерек берілгенде, тіпті дұрыс болар еді дегенге саяды ел пікірі. 8-мамырда басталған 80 жылдық мерейтой жаз бойы жүріп, ЭКСПО-да жалғасын таппақшы.
Ал, енді Асанәлінің «кімсің – Асанәлі» атануының бастауы қайда жатыр? Біз сол жайында аз-кем қалам тартып көрсек дейміз. Асекең Кіші жүздегі Он екі ата Байұлының ішіндегі Қосым Шеркешінен, оның Құдайберлі тармағынан. Шеркештің ту тіккен жері – Еділ мен Жайықтың арасы. (Еділ өзені қазір толайымен Ресейдің жерінде. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел толтырсам деп едім» деп күні кеше ғана Махамбет ақын жырлаған жерден айрылып қалдық. Егер батыр, білімді, білікті, бір өзі мыңға татитын ұрпақ өсіп шықса, қайтарып алуымыз да әбден мүмкін...) Байұлы елінің арасында: «екі Беріш қосылса, елге істеген ерлігін айтады; екі Шеркеш қосылса, елге істеген билігін айтады» деген сөз бар. Бұл – Шеркеш руынан ел басқарған игі жақсының көп шыққанының айғағы.
Ал, Шеркештер оңтүстік өлкеге қалай, қашан тап болған? 1723 жылы, әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Кіші жүздің ханы Әбілқайыр алдымен көктем шыға Еділ қалмақтарына шабуыл жасап, Аюке ханды бітім жасауға мәжбүрлейді, сөйтіп қазақтың ту сыртынан қанжар ұрайын деп тұрған қатерді жояды. (Жалпы, қалмақтардың бір бөлігі бұдан 550 жыл бұрын Алтайдан көтеріле көшіп, Еділдің арғы жағына барып бекінгендегі түпкі мақсаттарының өзі күндердің күнінде қазақты екі жақтан қыспаққа алып, оны біржолата жою, ұлан-ғайыр жерін иемдену болатын). 1724 жылы Түркістан мен Сайрамды бір рет азат етіп, бірақ жоңғардың басым күшіне шыдамай тастап шыққан ол 1726 жылы жоңғардан қазақ жерін түпкілікті азат ету мақсатында, жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбайдың зерттеуінше әрқайсысы он жігітке тұратын 25 бес мыңдай сарбазбен ұлы жорықты бастайды. Оны Шымкенттің күнбатысындағы Ордабасы тауының етегінде қазақтың атақты билері бастаған мәртебелі жиын қазақ қолының Бас қолбасшысы, ал Қанжығалы Бөгенбай батырды оның орынбасары етіп сайлайды. Міне, Сүтемген батыр да сол қолмен келген екен. Асекең Сүтемгеннің үш әйелінен туған, «алтауы бірдей бөрі еді» дейтіндей, алты ұлының бірі Есенәлінің жетінші ұрпағы. (Ал, біз оның Оразәлі деген ұлынан тараймыз – Ө.А.) Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолы жоңғарды қазіргі Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шекарасындағы «Қалмаққырылған» аталған жерде күйрете жеңеді. Одан бөлек тағы біраз майда шайқастар болады. Соның бірі Ордабасы тауының етегінде өткен. Бадамнан Көлтоған аулына жетер жердегі кішкене төбешіктер – мыңдаған жауынгерлер бірге жерленген қабырстан болып табылады. Әбілқайыр үш жылда қазақ жерін Балқашқа дейін жаудан тазартады. Жоңғарлар қазақтың біріккен қолын жеңіп, қазақ даласында бас көтерер ешкім қалдырмас үшін 1729 жылы Балқаштың батысындағы Аңырақай тауының түбінде өткен шайқасқа бар күшін жинап әкеледі. Бірақ, үш күн соғыста олар тас-талқан болып жеңіледі. Далатау содан былай «Аңырақай» аталады. Дәл сол кезде Үш жүздің ханы Болат қайтыс болады да, Ұлы хан болуға бірден-бір үміткер, қазақ еліне сол кезде сіңірген еңбегі ерен Әбілқайырды хан сайлауға хақысы бар бектер мен билер, рубасылар мен батырлар сайлауда өткізбей тастайды. «Қазақтың қалған жерін жаудан енді Әбілқайырсыз-ақ азат етіп аламыз ғой» деген олар қолбасшылық дарыны керемет, бірақ қатал, бірбет Әбілқайырдың орнына жуас, бары-жоғы білінбейтін Әбілмәмбетті хан сайлап алады. Өкпелеген Әбілқайыр бір жағынан түрікпеннің, бір жағынан Хиуа хандығының, бір жағынан Еділ қалмақтарының шабуылына күнде ұшырап отырған еліне қайтып кетеді. Кіші жүздің батырларының онымен бірге қайтқаны қайтады, қайтпағаны «Өзекті жанға бір өлім ғой, ақыры елден шыққан екенбіз, енді 3-4 жылда жоңғарды Алтайдан асыра қуып, сосын бір-ақ қайтармыз» деп қалып қояды. Сол қалып қойғандардың ішінде Сүтемген атамыз да болған.
Бірақ, Әбілқайырдай көреген қолбасшыдан айрылған қазақ қолы жоңғармен тағы 25 жыл айқасуына тура келеді. Сүтемген атамыз да сол қазақ жерін жаппай азат ету басталған 1754-1755 жылдары Арқа жеріндегі бір жорықтан қайтып келген соң қайтыс болады.
...Жорықтан қайтып келе жатқан Сүтемген далада жайылып жүрген бір бураны ұстап ала келеді. Келе қалың ұйқыға кетеді. Ол кісі жорықтан келген соң екі-үш күн тыпыр етпей ұйықтайды екен. Бұл жолы да сөйтеді. Ертесіне түйе іздеген бір кісі артынан келеді. Батырдың бәйбішесі:
-Рас, батыр бір бураны ала келді. Бірақ, біз оны қашан өзі ұйқысы қанып тұрғанша оята алмаймыз. Оған дейін қонақ болыңыз, - деп, үйге түсіреді.
Атамыз ұйқысынан оянған соң:
-Бура сенікі болса, сенікі шығар. Тек мен сенің сол бураңды қалап отырмын. Сен маған қи бір малыңды. Мен оның орнына саған таңдаған екі түйеңді берейін, - дейді.
Қазақ дәстүрінде бір адам сізге «мына затыңды немесе малыңды қаладым» десе, ондай өтінішке қарсы тұруға болмайды. Оның үстіне батыр жай ғана қалап алып отырған жоқ, орнына екі түйе берем деп отыр. Бұл – кездесе бермейтін жомарттық. Елге сыйлы, аты шыққан батырдың қолын қайтаруға қалай дәтің барады? Халықтың салт-дәстүрін қалай аттап кетесің?
Атамыз жоқшыны шығарып салып тұрып:
-Жоқ, мен саған екі түйе бермейді екенмін, - дейді. - Мен саған үш түйе береді екенмін!..
Сосын үйіне келіп, бәйбішесіне:
-Бір малды сой да, ауылды жина кешке! – деп бұйырады. Атамыздың жасы сол кезде 50-дің айналасында болса керек. Бала-шағасы, жақын ағайындарымен бір ауыл жан болып көшіп жүреді екен.
-Мен енді көп ұзамаймын, - дейді тамақтан соң туыстарына қарап. – Менің сүйегімді кешегі алып келген бураға артып Түркістанға, Әзіреті-Сұлтанның қорымына апарып қойыңдар. Бураны екі жағынан екі жігіт ұстап отырыңдар, әйтпесе әлдерің келмей қалады. Қорымның шырақшысы Ер-Қалмамбет деген кісі қай жерге қоюды өзі көрсетеді. Ал, бураны сойып, Түркістанның халқына құран оқытыңдар.
Айтқандай-ақ, екі-үш күннен соң атамыз ауырмай-сырқамай қайтыс болады. Балалары, туыстары соңғы тілегін айнытпай орындайды. Үш-төрт күн тоқтамай жүріп отырып Түркістанға, Әзіреті-Сұлтанға келіп, Ер-Қалмамбетке жолыққанда шырақшы:
-Ойпырмай, осыдан бір апта бұрын түсімде «Сүтемген батырдың сүйегін әкеледі» деп аян берген еді, - дейді. Сөйтсе, атамыз өмірінде Түркістанды көрмеген, Ер-Қалмамбетті танымайтын-білмейтін адам екен ғой...
Асекеңнің Сүтемген бабасы батыр болса, Ысқақ атасы мешіт ұстаған молда болғаны белгілі. Қазақ балаға қойылған есімді естігенде: «Құтты болсын! Атына ие болсын!» деп тілек айтады. «Атына ие болсын!» дегені «қойылған жақсы атқа лайық азамат болсын!» деген тілекті білдіреді. Лайық болмай жатса: «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп жақтырмай қалады.
Екінші жағынан, адамның есімі де оның астындағы аты секілді, оған иелік ету оңай емес. Жалпы, қазақта әрбір екінші немесе үшінші сөздің екі немесе одан да көп мағынасы болады. Бұл жерде адамның есімі мен ол көлікке мінетін басты жануардың да «ат» деп аталуы кездейсоқ емес. Жалпы, бұл өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды...
«Атқа ие болу» деген сөздің мағынасы, әсіресе, қосарланған есім (мысалы, Мұхаммед-Ханафия, Қасым-Жомарт деген секілді) қойылған кезде айрықша. Өйткені, қосарланған есімнің адамға тигізер әсері де екі есе.
Ысқақ атамыз да немересіне Пайғамбарымыздың күйеу баласы Әлі мен одан туған егіз екі жиеннің (Асан, Үсен) бірінің атынан құралған, қосарланған есімді бекер таңдамағаны, есіміне қарай Алла-Таағала несібесін де екі есе етсін деген тілектен туғаны анық. Қазақтың ормандай қалың бір тармағы Ноғайлыдан шыққан атақты Шалкиіз жыраудың Темір ханға айтқан мынадай сөзі жеткен бізге ата-бабадан:
Тебінгінің астынан,
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Несібеңді артық етсе – Тәңірі етті!
Алла-Таағала өз жанынан ешкімге ешнәрсе бермейді, ол тек адамдардың бірінен алып, екіншісіне береді. Саған несібені артық етіп берсе, сен де соған лайық болуға тырысып бағуға тиіссің. Лайық болсаң, Тәңірім берген үстіне бере түседі, лайық болмасаң, ұстай алмасаң – алып қояды.
Жалпы, адам баласына несібе беріп бір сынайтын Алла-Таағала, одан алып тағы да сынайды. Берген бақты, несібені ұстап қала алған адамға тағы да береді, бере береді. Ал, бағасына жете білмеген, басына келіп қонған бақ құсын ұстап қала алмаған адамға, халыққа, елге оны енді қайтып бере қоюы қиын. Беруін береді-ау, бірақ ол үшін адам баласы қаншама қиындық көреді, тер төгеді десейші...
Асанәлі Әшімов несібені, бақ-дәулетті ұстап қала білген адамның жарқын үлгісі деуге әбден болады. Ол кісінің бар болғаны 32-33 жасында қазақ киносының тарихындағы теңдессіз екі туынды өмірге келді. Біреуі – «Атаманның ақыры», екіншісі – «Қыз-Жібек». Екеуінде де Асекең басты рөлді ойнады. Басты дейтін себебіміз ол ойнаған Бекежан кинода Төлегеннен көп жағынан түсіп тұрды. Оны елдің бәрі мойындады. Өйткені, Асанәлі туабітті Бекежан болып жаралған адам. Ол тіпті жас кезінде өзі өте жақсы көретін, өте жақсы ойнайтын шахматты да бір орында дамыл тауып отырып ойнай алмайтын, ішіндегі «жай тасы» оны отырғызбайтын.
"Қыз Жібек" пен "Атаманның ақыры" бір мезетте түсірілгендіктен режиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен Аймановтың Асанәліге таласып қалғаны да бар. Абырой болғанда, екі марқасқа тіл табысып, Бекежан да (бұл ретте Ғабит Мүсіреповтің «Нағыз Бекежан мынау ғой!» деген бір ауыз сөзі шешкен мәселені), Қасымхан да бұйырды. Бұл Асанәлінің айы оңынан, жұлдызы солынан туған шақ еді.
Міне, Асекең осы бақ-дәулетті мақтанбай, масаттанбай тектілікпен көтере білді. Ал, сонымен атағы қатар шыққан жігіттің біразы оны көтере алмағанын көзіміз көрді... Кейін, 60 жастың алды-артында құдыреті күшті Тәңірім оған қайғыны да қабаттап берді. Алдымен жастай қосылған жары, Шәкен Аймановтың қызы – Майра Айманованы алды. Оны аз дегендей, көзінің ағы мен қарасындай екі ұлын – Мәди мен Сағиды бірінің артынан бірін әкетті. Әке жолын қуған Сағидың, енді жарқырап көрініп келе жатқан аса талантты ұлдың қазасына бүкіл қазақтың қабырғасы қайысты. Бұндай қайғыны кім көтереді? Әрі батыр, әрі ақын Махамбет айтқандай: «Қабырғасын қақыратып, біртіндеп тұрып сөксе де, қабағын шытпас ер» ғана көтереді. Асекең көтере білді. Қазақ оны суреттерде:
«Қас нар түйе белгісі,
Терісін тірі сойсаң да,
Бақырмайды деуші еді.
Қас арыстан белгісі,
Айналып кетсең артына,
Ақырмайды деуші еді.
Қас жақсының белгісі,
Қандай қайғы көрсе де,
«Аһ!» ұрмайды деуші еді»! – дейді. Әрине, Асанәлі ағамыз «аһ!» ұрды, бірақ оны сыртқа көрсетпеді. Күйіктен кейбір боркемік атақтылардай араққа салынған жоқ, ауруға да берілмеді. Сынағына шыдаған сабазға Алла-Таағала Бағдаттай өзінен екі есе жас, әрі ақылды, әрі көрікті жанды адал жар етіп кезіктірді. Жеңгеміз жетпіс жастағы жігітке екі шекесі торсықтай ұл сыйлады...
Ысқақ пірадар атамыз солай болғанда, ол кісінің үйіндегі Айбике әжеміз қандай кісі еді? Менің өз қолыммен жөнелткен нағашы әжем, Созақтағы Таманы 21 жыл қатарынан билеген, кеңес өкіметі кәмпескеленген малын бөліп берген кезінде «бұл кісіден өмірімізде жақсылықтан басқа көргеніміз жоқ, оның малын алып, әруақ-Құдайға шет болар жайымыз жоқ» деп, ауылдастары түгел бас тартқан, 80-нен асқан шағында 1930-жылғы Созақ көтерілісіне рухани дем беруші болып қатысқан, сол үшін кеңес өкіметі атуға батпай, жер аударған атақты Ахмет болыстың бірінен бірі өткен бес сұлу қызының үлкені Рахима айтып отыратын:
-Әкеміз ел мәселесі бойынша мәслихат жасаған жиындарына Асанәлінің әжесін де алдыртып, ақылдасушы еді...
Тәжіхан апамыз да көркіне мінезі сай, ақылды, сабырлы, өткір адам болды. Күйеуі майданнан қайтпаған жас жесірді «айтқаныма көнбедің, айдауыма жүрмедің» деген қотыр бастық еңбек армиясына жібертеді. Сібірге барып жұмыс істеп, ол жақтан да абыроймен оралған жас келіншек ұлын алып, Кентауға кетіп қалады...
Бұл мысал асыл ананың қайраттылығына дәлел болса, екінші мысал оның әруаққа адалдығының дәлелі. Асекең өзі бір естелігінде былай деп еске алады: «Анамның дәмі таусылар шағында өмір бойы өзімді оның жалғыз ұлы емес, қайнысы сияқты ұстап, «апа» демей өттім ғой, сол кемістігімнің орнына толтырайын деп, «апалап» бетінен сүйгенімде, сөйлеуге шамасы келмей қалған шешем, ол да иіп, менің бетімнен сүюдің орнына жоғары қарап қолын шошайтты, «әруақтар көріп тұр!» дегенді осылай білдіртті...»
Тақыр жерге шөп шықпайды, осындай жақсылардың ұрпағы Асанәліге қазақтың атын әлемге жаю бақыты бұйырды. Қазір ол даралыққа даналық қосылған нағыз Абыз бейнесінде. Оны біз ағамыздың төмендегі ой-толғамдарынан көреміз.
«Қазір жағдай жақсы. Балалардың бітімі керемет. Иықты, бойлары ұзын. Ең жақсысы көбі арақ ішпейді. Намаз оқитындары көп. Бірақ, іші - бос. Ұлттық болмыс әлсіреп, жоғалып бара жатыр».
«Бұрын премьерадан кейін той болатын. Қойылымның тұсауын кескен әртістер, пьеса авторы бірігіп, дастарқан жаятын. Елдің барлығы соны тосатын. Тамақ ішу, арақ ішу үшін емес, пікірлесіп, ой бөлісу үшін. Қазір ол дәстүр жойылды. Бірікпейді. Спектакль біте салысымен барлығы жан-жаққа тұра қашады. Бір жиналыста: «Жігіттер, үйкүшік болмай бар кезімізде ақылымызды алып қалыңдар» дедім. Түсінбейді».
«Менде бизнес жоқ. Қолымнан келмейді. Менің бизнесім – абыройым. Мешіт салдым, жартысын жігіттер көтерді. Үй салдым, жартысын жігіттер көтерді. Ол - абырой. Оған жету үшін көп еңбектенесің. Дарыныңды саудаламай, жотаң бүкірейгенше жұмыс істейсің».
«Бұрын мал ақылдыға жиналатын. Қазір дүние ақылсызға жиналады. Бірі бар ақшамызды сыпырып алып, шетелге қашып жатыр, енді бірі заңға сыйғызып кейуаналардың баспаналарын тартып алады... ...Сұрау жоқ, сот жоқ. Жоғарыда ең құдіретті Төреші барын ұмытқан бәрі. Бұл дегенің иттік, ақылсыздық. Ақылсыздыққа барған байлық баянды болмайды. Олар елді орға жықпай ма?»
Сонымен бірге « 19.10.85. Қарағандыдамын. Кешегі Майқұдықтағы кездесуде бір жасы келген қазақ маған “Фильмді қазақшаға дублировать етудің не қажеті бар, орысша бәріміз түсінеміз ғой, соның керегі не, ұят қой. Футболда комментатор неге қазақша береді, ол да қажетсіз”,– деді. Мен: “Сізді Магаданға жіберу керек екен”, – дедім. Чукчадан айырмашылығы жоқ қазақ қой, иттің баласы!» ( http://www.qazaquni.kz/2016/02/06/46111.html ) деп, мәңгүрт «қазаққа» ашуланып айтқанынан ұлттық мүддемізге, қазақтың ділі мен тіліне деген жанкүйерлігіне куә боламыз. Өткенде ғана «Мемлекеттік тілдің Тәуелсіздігі Ата заңда айқын көрінсін» (http://www.qazaquni.kz/2017/02/24/65363.html) деп, «Қазақ үні» газетінде жарияланған Елбасыға жазған ел зиялыларының Ашық хатына алғашқылардың бірі болып, қол қойғаны да бұған дәлел.
Ағамыздың айтқандарына қосып-аларымыз жоқ. Асекең кеше Президент Н.Назарбаевқа алғысын білдірген сөзінде «Жаным – жас, аман болсам, әлі талай тірлік бітірмекшімін» деді. Ләйім, солай болсын, Алла ағамызға ұзақ ғұмыр берсін, 10 жасар ұлы Асанәлісінен немере көруді жазсын, Жамбыл атасындай бойында қуаты қайтпаған, ойында шабыты шау тартпаған күйінде 100-ге жетсін деп тілейік.
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Қазақ үні» газеті
Qazaquni.kz