Асанәлі Әшімовке кімнің қарғысы тиді?
2017 ж. 21 мамыр
8218
10
Қазақ киносының шедеврі «Қыз Жібек» фильмін қарғыс атқан дегенге сенер ме едіңіз. Әрине, сену қиын. Алайда Бекежанның рөлі кино әлемінде Асанәлі Әшімовтың бағын ашқанымен, тағдырына кері әсер етті. «Қыз Жібек» жарыққа шыққан жылдардың бірінде фильмде басты рөлді ойнаған актерлар Оңтүстіктегі Созақ өңіріне атбасын бұрады. Халықпен кездесу кезінде ат үстінде ойқастап жүрген Бекежан – Асанәліні көрген егде жастағы кемпір-сампырлар: «Ойбай, мына қанішер жүгермек, жексұрын жауыз әлі тірі ме еді?» – деп, шектерін тарта, қарғыстарын жаудыра, қолдарына түскен кесекпен оны атқылай бастапты. Әлгі кейуаналарды ауылдың игі жақсылары жалынып, жалбарынып жүріп, әзер тоқтатады. Сол сәтті Әшімов былай деп еске алады.
«Осы Қодар мен Бекежан секілді қандықол жандар әрекеттері көпшілікке онша ұнай бермейтіні анық. Актер болған соң, беріліп ойнамасаң тағы болмайды. Қозы мен Төлегенді өлтірер әлгі жауыздардың жан әлеміне сіңіп кеткендей хал кешесіз. Театрда отырғанын, сахнада рөл ойнаушы артистер жүргенін сезсе-дағы, көрермен қауым оларға ызаланады, ашуланады. Тіпті, жағымсыз кейіпкерлердің оспадарсыз істеріне іштей қарғыс та айтары – табиғи құбылыс. Ана жылдары қос құлыным Мәди мен Сағи бірінің соңынан бірі өмірден мезгілсіз озғанда, тіпті, қаудырап қалғандай болдым. Алғашқы жан жарым Майраның қайғысынан сәл арылып келе жатқанда, қос арысымның өлімі жандүниемді қаусатып кеткендей болды. Одан қолымнан жетелеп жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген анам байғұс та көз жұмды. Сол тұстардағы ішкі қайғы-мұңым бес батпан еді. Жалғызсырап, Жаратқанға не жаздым деп, жылаған кездерім де болған. Жазықсыз жандарды қан қақсатқан Қодар мен Бекежан зұлым қайта-қайта есіме түсті. Сахнада болсын, экранда болсын, кісі өлтірген қаныпезерлерге кім алғыс айта қойсын?! Эмоциялық, психологиялық ет қызуымен көрерменнің қарғап-сілеп жіберері де шындық. Сенбейін десеңіз, мистикалық, мифтік дүниелерде шындық барын өмір мысалдары дәлелдеп-ақ келеді. Қос құлынымның орны толмас қайғысы әртүрлі ойларға жетелегені рас».
Дереккөз: "Рейтинг" газеті.