Тарланбоз
2017 ж. 20 мамыр
5126
1
«Гүрілдер Ақсу – толқын арындаған,
Дүрілдер кеудеде от жалындаған.
Қос ішек қатарласып күмбірлесе,
Дірілдер қазаққа ұқсап сағым далам» –
дейтін төрт аяғы тайпалған жол жорғадай жыр жолдарын кезінде Нұртілеудің әкесі Иманғали Қалиасқарұлы суырып салып айтқан екен. Әкей заманында шашасына шаң жұқтырмаған өрен жүйрік, айтыскер ақын болыпты. Жамбыл жәкемнің батасын алған Қалқа Жапсарбаевпен, тегеуіріні қатты Қуат Терібаевпен үзеңгі қағыстырған Иманғалиды Жетісудың жалпақ жұрты жақсы біледі, тіпті Ақсу өңірінде Иманғалисыз жиын-той өтпейді деседі. Сұңғақ бойлы, жауырынды, өткір мінезді сері Имаштың кең тынысты әншілігі мен шебер күйшілігі тағы бар екен, бірде Жүсіпбек Елебеков ауылға концерт қоя келгенінде ел арасында отырған Иманғалиды байқап қалып сахнаға шақырыпты. Екеуі бірігіп жеті-сегіз ән салыпты, тыңдарман да дән риза, Жүсекең де мәз дейді.
Оны айтамыз-ау, баяғыда1929 жылы Қызылорданың астана болып тұрған кезінде Жүсекеңмен, Манарбекпен, Ғарифолламен бірге иық тиістіріп тұрып арындатып ән салатыны бар емес пе!..
Осы деректерді Иманғалидың ұлы, біздің ендігі кейіпкеріміз Нұртілеудің әке туралы бір естелігінен оқығанмын.
Атақты қобызшы Молықбай Байсақұлының ұрпағы, Мысық болыстың шөбересі, қазақ қара өлеңінің құлагері – Ілияс Жансүгіровтің аталас інісі, Сара Тастанбекқызының, Біләл Сүлеевтің, Есенқұл Мамановтың, Шиырбай шешеннің, Толғанбай ақынның жерлесі, Халық ақыны Қалиасқарұлы Иманғалидың баласы Нұртілеу 1952 жылдың 1-мамырында Ақсу ауданының Қарасу ауылында туыпты. Шешесі Гүлжәмила өң-ретті, байыпты, ісмер кісі болыпты, он төрт құрсақ көтеріпті. Нұртілеу Иманғали мен Гүлжәмиланың сүткенжесі көрінеді. Нұрекең биыл 65 жастың биігіне Алланың арқасында аман жетті. «Менің шежірем» дейтін өлеңінде: «...Құдай-ау, қырық күнде бес ұл өліп, біздің үй қан жылапты соншалықты» – деген Нұрекең о дүниеге аттанған ұлдардың артынан кете жаздап, су ішерлігінің арқасында мына жарық дүниеге қайта оралды.
Осы күнге аман жетті дейтінім – «жаман ағам» біраз жыл бұрын аяқасты пышаққа түсіп еді, Құдай қолдап дертінен айығып, қатарға қосылды, енді міне құр атқа мінгендей шауып жүр, тіліміз тасқа, өзінің төл сөзімен айтсақ, баяғыдағыдай бай-қуатты...
2012 жылы Нұрекеңнің 60 жылдық мерейтойында «Атамұра» корпорациясынан Рахымжан Құлмұхамметұлы бір альбом, «Мерей» баспасынан мен бір естеліктер кітабын шығардық. Екі кітаптың да аты – «Нұр Тілеу». Алдыңғысы суреттердің топтамасы, тек қана суреттерді сөйлетеді; кейінгісінде естеліктер, арнау өлеңдер мен сұхбаттар. Осыған дейін Нұртілеу ағамды танимын, білемін дегенім бекер болып шықты, кітапты оқып, суреттер топтамасын парақтап шыққаннан кейін ғана өзімді «нұртілеутанушылардың» қатарына қоса бастадым. Мерейтойға арнап «Қазақстан» телеарнасы бейнефис түсірді, Нұрекең өзі ұйымдастырып, өзі жүргізді. Қазақтың сүт бетіндегі қалқып алар қаймақтары мен ығай- сығайлары түгелге жуық отырды. Қасында жүрген қарапайым ағаның абырой-мәртебесінің қырық атанға жүк болатынына көзім жетіп, өзім де бір марқайып қалдым. Бір анығы – Нұрекең туралы естелікті кім жазса да шынайы, ағынан ақтарылып жазғандығы, кім не айтса да жүрегіндегі сөзін кіршіксіз көңілмен айтатынына қуанасың. Еріннің сөзі емес, жүректің жылы лепесі. Ал енді жұпыны ғана сол кітапты көргенде Нұрекеңнің балаша қуанғанын көрсең! Оған салсаң мұндай кітап жер жүзінде әліге дейін жазылмаған, мынадай сапада бір баспа кітап шығарып көрмеген секілді.
2014 жылы ақын Ғалым Жайлыбай бар, Нұртілеу, мен үшеуміз Маралтай ақынның әкесі Райымбек Ыбырайұлының туғанына 100 жыл толған асына бардық, бізге дейін де театр, кино өнерінің абызы Асанәлі ағамыздан бастап жердегі біраз жұлдыздар жиналған екен. Ас Жамбыл облысының Сарысу ауданында – Саудакентте өтті. Барған жолда да, қайтқан жолда да тізгінде отырып, көліктің қарқынын үдетіп келе жатса да Нұрекеңді бір МАИ қызметкері тоқтатпады, тоқтатса да «Жолыңыз болсын!» деп қол қусырып қарап тұрады.
Қос Ғалым бұның не сиқыры барын бір түсіне алмай дал болдық. Сарысудағы той Ыбырай ақсақалдың тойы емес, құдды Нұртілеудің тойы секілді, қоғадай жапырылған ел танымаса да құрақ ұшып келіп Нұрекеңнің қолын алып жатады, сәлем беріп, саусағын ұстағандары үшін өздерін шексіз бақытты сезінеді. Осыдан соң «Нұртілеуді де танымайтын кісі бар» дегенге сеніп көріңіз...
***
Бұдан біраз бұрын, дәлірек айтқанда, мамырдың 5-жұлдызында Ұлттық кітапханада ақын Нұрлан Оразалинның он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Сол жиында Нұрекең Нұрекеңді ел қатарлы құттықтады. Кезінде Оразалин де інісі туралы жазған: «Қазақ журналистикасына, соның ішінде ұлттық тележурналистикамызға өткен ғасырдың 70-80 жылдары келіп қосылған ағыны қатты, арда бітімді, алғыр буынның жолын анықтап, тағдырын тануға, танытуға айырықша тер төгіп жүрген мінезді тұлғалардың бірі – Нұртілеу Иманғалиұлы екені сөзсіз» деп. Құтықтаудың соңында Нұртілеу көкжәшіктің эфирінде 44 жылдан бері келе жатқанын айтты. Құдай-ау, бұл дегеніңіз бір кісінің ғұмыры ғой!
Ал енді сол жарты ғасырға тақау уақытында Иманғалидың баласы не тындырды? – деген заңды сұрақ туындамай ма!
1972 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен Нұртілеудің өзін қойып, курстастары да бұл күндері шетінен сайдың тасындай ірі, елге белгілі тұлғаларға айналған. Айталық, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханұлы, Қонысбай Әбіл, Жәнібек Кәрменов, Жеңіс БаҺадүр, Қуандық Түменбаев, Байбота Серікбаев, Сейітқұл Оспанов, Серік Жәнәбілов, Сайлаубай Тойлыбаев, Ораз Қауғабаев, Батық Мәжитұлы, Жүніс Сақиев, Мылтықбай Ерімбетов... Тізе берсең соңына жетпейсің. Қатарластарының бәрі ақын-жазушы болып кеткенде Нұртілеу :
– Көңілден күдік кеткенде,
Өлеңнен үміт еткем мен.
Өлермен өлең жазуға,
Ұялам Ұлықбектен мен... – деді де «тілбезердің» төріне бір-ақ қарғыды. Тосын ортаға барып жаңа достар, ұстаздар, үлкенді-кішілі әріптестер тапты. Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Хамит Хасенов, Марат Барманқұлов, Кенжеболат Шалабаев, Совет Масғұтов, Ғадылбек Шалахметов, Сұлтан Оразалинов, Құсман Игісінов, Сәнгерей Өтебаев, Фатима Бөгенбаева деген кісілердің бәрі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықтылар болатын. «Жадыңда ма, жолдас?», «Жас жігер», «Айна», «Ашық микрофон», «Ақиқат пен аңыз», «Заң мен заман», «Арай» сияқты жастарға арналған хабарлар ілгерінді-кейінді эфирге шығып, Нұртілеудің есімі елге кең таныла бастады. Жасындай жарқылдап, ортекедей орғып, өзі құралыптас тележурналистерден оқ бойы озған Нұртілеу эфирде тек өзін ғана көрсетіп қойған жоқ, ұлттық мүддені көздеді, ұлт келешегі үшін күресті, ұлттың санасына сілкініс жасау үшін қолынан келгенінің бәріне барды.
Өскемен, Семейді бетке алып шығысқа сапар шексеңіз жолдан Нұртілеудің Ақсуын басып өтесіз. Ақсудан он шақты шақырым жүргенде Ұлы Отан соғысында Мәскеуді жауға бермей шейт болған 28 панфиловшылардың бірі, Совет Одағының Батыры Нарсұтбай Есеболатовтың ауылына жолыңыз түседі. Нұртілеу «Жадыңда ма, жолдас?» хабарының тұңғыш кейіпкері етіп Есеболатовты алады, батырдың ерлігі, өмір жолы, туыс-туғандары мен ауылдастарының естелігін арқау еткен нанымды хабар әруақ қолдап, жас журналистің атағын айдай әлемге паш етеді, ашығын айтқанда, 70-80 жылдары қазақ теледидарында одан асқан танымал жас болған емес.
Енді, Нұртілеу аға, Сіз жүргізген, қолдан жасаған бағдарламаларды шолып көрелік: «Алтыбақанда» қыз-жігіттерді қазақша киіндіріп, әуелетіп ән салдырдыңыз. Қаншама ән мен әншіні, сазгерді, ақынды осы хабар арқылы жұртқа таныттыңыз. Бүгінде біраз тарихы бар, Орталық Қазақстандағы бір ғана «Қарагөз» ансамьблін әне сол «Алтыбақаннан» танығанбыз. «Ашық әңгіме» арқылы жастардың ұйқыдағы санасын ояттыңыз, Кеңестер Одағы тұсында жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтауға шақыру дегеніңіз ерлікке барабар іс еді. Бүгінгі қоғамға да өте қажетті сондай хабарға зәру болып отырғанымызды несіне жасырайық. «Ой-көкпар», «Дода», «Қарыз бен парыз», «Бетпе-бет»... осының ішіндегі «Қарыз бен парызды» Сағат Әшімбаевтікі деп бөлектеп қойсақ, қалғаны сіздің авторлық бағдарламаларыңыз еді. Осы хабарлар арқылы сіз елдің белгілі тұлғаларын жарқырата көрсеттіңіз, олардың қазақ деп соққан жүрек лүпілін тыңдадыңыз, ары мен намысын қамшыладыңыз, санасы мен сезімінің қатпарына үңілдіңіз. Біреуді іредіңіз, сойып салдыңыз, біреуді жарылқадыңыз, мүсіркедіңіз, біреуді аспандаттыңыз, мақтадыңыз... соның бәрінен сіздің өз ұлтыңызбен, өз қазағыңызбен тілдесіп, сырласып отырғаныңызды көрдік. Сіз эфирге шыққанда жасанды күлмейсіз, бәзбіреулерше түріңізді әдемілеп, шашыңызды саусақпен тарап, киіміңізді түзеп, өзіңізді ғана жарнамаламайсыз, даусыңызды кенемейсіз, қабағыңызды өтірік түйіп, кісіліктенбейсіз, сіздікі түп-түгел шынайы. Сұрақтарыңыз да жанды жерге тиеді, қашарға, жалтарарға мұрсат бермейсіз. Содан ғой, кеш батса болды ауылдағы қойшы мен сиыршыға дейін малдарын қоралап қойып, «енді Бай-қуатты көрейік!» деп көсіліп жататыны, содан ғой қалада да, қырда да сізді сағынып іздейтіні. Менің көзім бір нәрсеге анық жеткен, Нұреке. Сіздің қолыңызға микрофон тимесін, тисе, Құдай-ау, «құтырып» кетеді екенсіз. Сиқыршы сиқыр таяғын ұстаса, Сүлеймен пайғамбар сиқырлы жүзігін тақса құдіреттеніп кетпеуші ме еді, сіз де микрофон қолыңызға тигенде, айбынданып, жарқырап шыға келеді екенсіз. Телеөнердің киесі сізге дарып, құдіреті мықтап қолдап жүретініне біздің көзіміз ерте жеткен!
***
Қазақ телевизиясының қажырлы қайраткері, танымал телетұлға, ұлт жанашыры Нұртілеу Иманғалиұлының бір басына жетерлік атағы мен марапаты бар. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Құрметті профессоры, Алматы облысының, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының Мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері, «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты... Қызмет жағынан жоғарылап, «Қазақстан» теле-радио корпорациясының президенті де болды. Марапттауға татитын, ерлік деп бағалауға тұрарлық істері көп. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Америка Құрама Штаттарына, одан Түркияға барып, шетелден хабар таратқан тұңғыш қазақ журналисі. 1994 жылы Франция, Германия, Бельгия, Италия сияқты күллі Еуропа елдерін аралап, алтын қорға сақталатындай хабарлар дайындаған тұңғыш қазақ жорналшысы да Нұрекең. Люксембургте Шыңғыс Айтматовқа жолығып, бейнекамераны автоматты жүйеге қосып қойып арқа-жарқа әңгіме құрғаны да кезінде тарихи оқиға болғаны рас. Қазір ғой бәрі де мүмкін, құрлықтың арғы бетіндегі бала-шағаңмен скайф арқылы сөйлесіп отырсаң ешкімді де таңғалдыра алмайсың... Нұрекең алдыңғы жылдың соңында отадан аман қалып, төсек тартып жатқанда көңілін сұрай барған біздерге: «Жігіттер, о дүниеге барып қайттым... Қызметің де, атақ-марапатың да денсаулықтың қасында көк тиын екен!» дегені бар. Не десе де Нұрекең елден, халқынан атағын да, батасын да жастайынан алған азамат. Біздер үшін «Нұртілеу» деген есімнің өзі, кешіріңіздер, «Халық қаһарманы» дегенмен бірдей ұғым.
***
Сәкен Иманасов ағамыз :
– Мен сені өрден көрем, төрден көрем,
Кезің жоқ кеселдене, кердеңдеген.
Жаратқан үлесті де, күресті де,
Өзіңе лайықтап берген дер ем... –
депті Нұртілеу інісіне арнап.
Тұрсынзада Есімжанов ағасы да:
– Соңымда салпақтаған інілердің,
Қалайша жалтақтаған бірі дермін.
Ақсудың ардақтаған бір ұлысың,
Саусақпен санайтұғын ірілердің... – десе, Несіпбек Айтұлы бүй дейді:
– Мінезің орып түсер алдаспандай,
Кім сенің шаужайыңа жармасқандай?!
Жақсыға көңіліңнің төрі дайын,
Жайдары, жаның таза таңғы аспандай...
Ал, іні досы, ақын Ғалым Жайлыбай айтады:
– Көсемсөз тартқызғанда көне көшін,
Көктейсің, көктем болып көгересің.
Жұртының жүрегіне жатталғандай –
Нұртілеу Иманғали деген есім...
Ақындардан артып кім айтады. Нұртілеуге берер баға, жүрекжарды ақ тілектің легі толастамайды. Осындайда ойлайсың: Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Нұртілеуді білетін қарапайым көрерменді бір сөйлетсе, тіпті де қызық болар еді. Қаншама таспалар жылы лебізбен толтырылып, қаншама томдар өмірге келер еді...
***
Нұртілеудің курстас-досы, бүгінгі қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет Нұрекеңнің қызық әңгімелерін көп айтады. Оның жас кезінде боксшы болғанын, алысқанның аузын бұзып, жұлысқанның желкесін үзетін мықтылығын тамсана сөз қылады, ерекше қасиеттерін жіпке тізіп отырады. 60 жылдықта мынадай деп жазды: «...Ол өлең қумады, оқу бітірмей жатып телеарнаның асау ағысына қасарыса, құлаштай жүзіп кете барды. Жаман болсын, жақсы болсын, ұнасын, ұнамасын... өз мінезі, өз қайсарлығы, өз дүниетанымы, өз білімі, өз білгені, өз жолымен... тәуекелшіл. Ешкімге бас иген емес, ешкімнің алдында кішірейген жоқ. Сол, бір көргенде жалына қол апартпайтын асау, тәкаппар, ұрдажық көрінетін, бірақ шындығында арғы жағы таза, ақкөңіл, аңқау, аңғал, жүрегі нәзік, уайымшыл, тіпті күйгелек, «асанқайғы» Нұртілеу өзі толысып, сөзі ысылғаны болмаса түк өзгерген жоқ. Өмірде әлі де «ә» дегенге «мә» деп қарап тұрады. Батыр мінез. Максималист. Апырып айтып, жапырып істеп, аңдаусызда артық кетіп қалса баяғыдай өкініп жүреді...»
Осы мінездеме – Нұрекеңе дәл берілген баға. Ұзақ жыл дәмдесі, сырласы, жандосы болған Ұлыағаңнан асырып біз не айтады дейсің.
Менің алдымда бірге туған ағам жоқ. Қазақтың жақсы жігіттерінің бәрі аға, бәрі іні. Десе де мен үшін Нұрекеңнің орны бөлек, туған ағамдай қымбат қандасым. Бойымыз бірдей болғанымен, ойымыз бөлек, тәніміз бөлек болғанымен, жанымыз бір – аға мен ініміз. Алпыстың асуына шыққан асыл ағама «Аға» деген өлеңімді арнап, сөзімді тәмамдайын.
АҒА
Ананың рухы қолдаған,
Бабаның рухы қорғаған,
Қырғи тілді жыраудай
Тереңнен лебіз толғаған –
Ағысы қатты Ақсудай
Арыны қатты, жан ағам!
Мысық болыстың ұрпағы
Мысықтілеулес болмаған...
Бойына қарай ойы бар,
Ойына қарай көреген,
Қаракөктің тұқымы ең
Тегіне тартқан көбеген.
Иілген жанға бүгілген,
Шалқайған мүндар көргенде,
Алдына келсе тістеуік,
Артына келсе тебеген.
Жүректен қоңыр күй төгіп,
Санаға кейде дерт егіп,
Самарқау-салқын жүресің,
Ал енді бірде өртеніп...
Басыңды төрге сүйреген –
Ұлы еңбектің арқасы,
Елің де сені баулыды
Жалғыз ұлындай ерке ғып.
Ілияс туған қауымнан,
Ұлылар өскен ауылдан,
Асқақтық көрем тауыңнан,
Мөлдірлік көрем жауыннан...
Мейірім көрдім мелдеген
Ізгілік тасқан қаныңнан,
Шарапат қана күт, Аға,
Жаныңа жақын бауырдан!
Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
qazaquni.kz