ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІРЕГІ
2017 ж. 20 мамыр
4651
0
Тұлғаның бойына тән басты қасиет – намысшылдық. Қазақ зиялыларының тарихтағы рухани өміріне қарап намыспен тәрбиеленіп, жастайынан абыройлы болуды ойлап өскендігін көруге болады, олар намысшылдығымен тарихтың қиын қыстау кезеңдерінен сүрінбей өткен. Алаш тұлғаларының ұғымында намыссыздық рухани әлсіздіктен шығатын мінез, бұндай мінездегі адам кез-келген нәрсеге жеңіл қарайды. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай адамды мал мен пұлға айырбастауға дайын тұрады және өзінің бұндай әдетін жөн деп санайды. Ал бойында намысы бар адамдар ақыл парасаты, таза білімі және бойындағы қасиетінің рухымен халқының санасына ықпал ететін интеллектуалдық қызмет үлгілерін туғызып отырады. Намысымен тұлғалық дәрежеге жеткен адамдардың рухани қызметінің жемісін алдыменен халық, келер ұрпақ көрмек.
Қоғам алдында жүріп елге жөн сілтейтін адамдардың намысы болса елде, ұрпақта намысшыл. Ел тағдыры үшін жаумен күресетін ерлерін қолдаған ел алдыменен ердің намысын қадірлеген. Қазақтың жырларының бойында ұрпаққа үлгі етілген ұлттық намыс туралы өнеге мол. Мәселен, Қобыланды батыр жауға аттанып бара жатқанда артынан қарындасы шығып жөн сұрайды, ата-анаң, мал-мүлкің, отбасың қалып бара жатыр, оны кімге тапсырасың? деп сұрайды. Бұған батырдың берген жауабынан ел намысы деген ұғымды көреміз. Яғни ұлтының азаматы бола білген адамға ел тыныштығы басты құндылық. Өз басыңа, отбасыңа қауіп төнбесе де елді қауіптен қорғау батырлар үшін намыс.
Қазақ аналарының шаңырақтың өмірін таза ұстап, ұрпақ тәрбиесінде көрінген жетістіктерін олардың ұлттық рухымен өлшеуімізге болады. Аналарымыздың намысының арқасында қазақы отбасының рухы сақталды. Рухты отбасынан намысты ұрпақтың өсіп шығатындығы, елін сақтайтындығы тарихымыздан көрінеді. Уақыт өтіп, заман өрісіндегі қоғам өзгергенімен, заң түрленгенімен ұлттық қасиет өзгермейді, зиялылықтың өлшемі түрленбейді. Ұлттың жан дүниесі сол күйінде қалады. Сондықтан да, кісілікті, намыс ұғымын тарих деңгейімен өлшеуді уақыт талап етіп отыр.
Тарих уақыты қиыншылығы мол кезең. Қиыншылығы мол кезеңде адамды сақтайтын, отбасыны, қоғамды көркейтетін намыс қана. Адам қанша жағдайы болғанымен кісілікті ақшаға, байлыққа сатып ала алмайды. Ол тек адам бойына ұлттық санамен келеді, зиялы адамның рухани қасиеттері тектіліктің рухымен тарих өрісіне еніп отырады. Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» атты мақаласында, «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр»[1. 3-4 бб.]. Алаш зиялыларының рухы оларды жағымпаздыққа, екіжүзділікке, аламандыққа жібермеген. Имандылық күшті болды. Олардың түсінігінде бойдағы абыройды қорғау, мінезді көркейту, жақсылықты жанашырлықтан, адамгершіліктен, шынайылықтан іздеу қоғамдық ортада кісілікті арттырады.
Намыс адамның тұлғалық мәртебесін сақтайтын қасиет. Намысы мол адамның бойында өзіне өзі қайтып оралу, іштей өзімен кеңесу бар. Бұндай адам әдептілікті алдын ала ойлап жүреді. Адамның бұндай мінезі тектіліктен туындайды және де ол барлық уақытта атаққа емес, абыройға, адамгершілікке негізделеді.
Тарихқа қарап отырсақ, қазақтың рухани өмірі ақылдан, даналықтан құралған. Әдеп бәрінен де биік тұрды. Үлкен мен кіші, ер мен әйел қоғамда өз жолымен жүрді. Ерлер ел ісін бірігіп шешті, қазақ әйелдері, аналарымыз ұлт тәрбиесіне ерекше мән берді. Ел басқарып, батырлардың тобын бастаған намысты адамдар қатары кеткенсоң қоғамда әдепсіздік орын ала бастады. Отаршылдық заманда өмір сүрген жырау бабамыз Дулат Бабатайұлы айтып кеткендей,
Атаны бала алдады,
Шешеге назар салмады,
Теңгерер жақсы қалмады
Қысқа менен ұзынды.
Әбден үміт үзген соң,
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Елдегі жақсы бұзылды.
Мәстек озып бәйге алды,
Тайынша бұл боп, тай қалды.
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді [2. 143-144 бб.]. Қазақтың намысты ерлері тарихпен, тарихтағы тұлғалар ісімен санасқан емес, керісінше бабалар аманатын орындауға ұмтылған. Тарихтағы, өмір сүріп отырған уақыттағы құндылықтарды зерделеп, ел болашағын тарихтың тәжірибесі негізінде шамалау, халықтың кеуіліне қонымды іс атқару қазақ зиялыларының болмысына тән. Намыс адамның, елдің рухын сақтайтын қасиет.
Уақыт бір орында тұрмайды, заман болмысымен елдің көші қашан да бір жүрмек. Елдің көшін заманынан қалдырмауға ұмтылатын зиялылардың тәжірибесі бір, идеясы бір бағытта. Ол әрине тәуелсіздік, тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ұлттық намысымен келсе, ұрпақтың рухтылығы, еңбекқорлығы, шынайылығы, мемлекетшілдігі тәуелсіздікті нығайтады, елді көркейтеді.
Қазақтың батыр тұлғаларын өз заманында жұрт таныған, олар өз заманында ел алдындағы міндетін толық орындаған болса да, тәуелсіздік мәселесіне келгенде атқарған істеріне қанағаттанбайды. Олардың ойы, арманы елдің алдында жүреді. Алаш тұлғаларының зерделеуінше қазақтың жері үлкен, байлығы мол, сол байлықты қорғап отыру ісі ұрпаққа оңай соқпасы анық. Діни ойшыл, ақын Ғұмар Қараш жазып кеткендей:
Аждаһа алты басты жаудан қорқам,
Бүлдірген ел арасын даудан қорқам,
Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.
Ертеден кешке дейін бір іс етпес,
Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.
Кім көрсе соған айтқан сырдан қорқам,
Әңгіме сырдың түбі жырдан қорқам.
Сүзіліп, сұпысынып дінді сатқан,
Таңқы мұрт, таспа қара, сұрдан қорқам.
Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,
Білгенді еліктеген зырдан қорқам.
Асығыс істей салған істен қорқам,
Қандары тасқан қара күштен қорқам.
Дос болып, бірге жүріп қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам,
Көруге бек әдемі болса дағы,
Құбылма тез оңатын түстен қорқам[3. 363-364 бб.]. Ойшыл кеңес өкіметінің қоғамды бастаған адамдарын сынға алып отыр. Ел басқарған адамдардың сөзі мен ісінің бірігуі, бірін-бірі демеп отыруы қоғамды қай жағынан болса да ілгерілетеді. Абай айтып кеткендей, адамның адамшылығы істі бастағанда көрінеді. Идея халыққа ақиқаттылығымен жеткенде, идеяның бойындағы білім шындыққа айналғанда ғана елдің болашаққа деген сенімі қалыптасады.
Мемлекетті сақтайтын халық. Халықтың өсімі, зиялылардың халық ішінен шығып, елдің мүддесіне қызмет етіп отыруы, мемлекеттің халық ішінен шыққан дарынды, білімді адамдарды қолдап отыруы мемлекетті нығайтады. Себебі тұлғаны тарих айдынына шығаратын, оның ісін бағалап, берген бағытымен жүретін, тағылымын кейінгі буынға жеткізетін халық. Заң, білім, ғылым, өнер мәселесіне келгенде елдің жағдайы, көңіл-күйі, көзқарасы мемлекет тарапынан ескеруді талап етеді. Мемлекет халықтың болмысымен кеңессе халық та оған ілеседі, мемлекеттің алдына қойған мәселесін шешуге бір кісідей жұмылады.
Халық намысшыл болса сырттан келетін нәрселер қоғамның ішіне кіре алмайды, оның сыртын айналып кетеді. Ұлт мүшесі әр адамның көкірегіндегі жақсылық оның намысшыл, елдік мінезімен көрінер болса елдің рухы көркейеді. Елдің көріктілігі қоғамда әдептіліктің, тәртіп пен тазалықтың орын алуы. Бұған мұрындық болатын елдің өзі. Патша өкіметі, одан кейінгі кеңес өкіметі қазақ еліне не істемеді? Жалған саясат, жалған мақсат, жалған идея, ұран, өтірік қуану, мақтау қазақ қоғамының ішіне қолдап кіргізілді. Бірақ бұның барлығына ел еріп кеткен жоқ. Осы себептен тұлғаларымыз өздері өмір сүріп отырған қоғамдағы ерсілікті кейінгі ұрпақ білсін деп жазып кеткен.
Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма
Ар – ұятын сатқанға?!
...Миың болса жолама
Бос желігіп шапқанға.
Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, онын қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға – деп айтып кеткен Абай данамыз[4. 65-66 бб.].
Мемлекет пен халықты, ұрпақты тарихпен және болашақпен біріктіретін зиялылардың ақиқатты қызметі. Патриот дегеніміздің өзі намысшыл адам. Намысшыл, бойында ұлттық намысы бар адам ғана елін тани алады, мұң-мұқтажын біледі. Намыссыз адамнан бұндай деңгей шықпайды. «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы оқығандар.Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын» – деп Жүсіпбек Аймауытов тегін жазбаса керек»[1. 3-4 бб.]. Бойындағы қабілетіне, өз қасиетіне, адамгершілігіне сүйенетін ерік жігері, білімі мол адам ғана ұлтының қызметшісі болмақ. Бұндай адамның ісі шынайы, мінезі тартымды, сөзі халқына өтімді келеді. Қазақ зиялылары өз заманында кеңес үкіметі тарапынан қудаланғанымен олардың қызметін, мұраларын, идеяларын халық түсінді, ел ұмытқан жоқ, тарих бойынан ұрпақтың өзі тауып алуда.
Өркениетті елдерде де ұлттық рух мәдени құндылыққа айналған. Қаншалықты мемлекет дами берсін жапон елі төл дүниелерінен қол үзген емес. Германияда жүріп неміс тілін білмесең халық түгіл, ғылымы да сені қабылдамайды. Оларда ана тілі ең басты құндылық. Жапондарда дәстүрден, халықтан, ұрпақтан артық байлық жоқ. Әр адам үйінде, қоғамда осыны терең сезінеді. Қайрымдылық төл дүниені дәріптеп, насихаттаумен өлшенеді. Түрлі жаңа технологияны, компьютерді, роботты жасағанымен оның соңына еріп кетпейді, баланы дәстүрге, төл мәдениетті меңгеруге бағыттайды. Бұдан ұғынарымыз қанша уақыт алға басып, қоғам дамығанымен сол қоғамға мән мен мағына беретін адамның рухани байлығы, рухани байлық адам бойындағы қасиеттермен келеді, бойында ұлттық қасиеті бар адамның рухымен ел мүддесіне бағытталған істері өніп отырады. Ахмет Байтұрсыновтар елді ойлаған, елдің болашағына қызмет ететін істерді атқарып кетуді ойлаған, өз заманында елдікке жастарды бағыттап отырған, кісілікке тәрбиелеген. Қанша қиындық көрсе де оған шыдамауға оларды намысы жіберген жоқ.
Ұлт зиялылары қанша қиындық көрсе де бойларын кернеген ұлттық намыстың арқасында кез-келген адам шыдамас қиындықтарға төтеп бере білген еді. Намыстың арқасында жер қорғалды, ел бірлігі жоғары болды. Ұлттық рухымыз биік болды.
Үмбетхан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты
Әдебиет:
1. Жүсіпбек Аймауытов. Ұлтты сүю // Ақиқат №6, Маусым, 2013 ж.
2. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. 400 бет.
3. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2004. 2-том. 528 бет.
4. Абай. Қалың елім, қазағым... Өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.
qazaquni.kz