Ақбикеш: ТЫҢДАРМАНДАРЫМДЫ ТАҢҚАЛДЫРМАҚ НИЕТТЕМІН...
2017 ж. 15 мамыр
3008
0
– Ақбикеш, әңгімемізді өзіңіздің туған өлкеңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ...
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында 1986 жылы 23-шілдеде дүниеге келгенмін. Отбасының жалғыз қызымын. Менің әншілікке бет бұруыма анамның тікелей ықпалы болды деп айта аламын. Себебі, анам Әділбаева Нәзира Кентау қаласындағы Мәдениет үйінде дәстүрлі әнші болып жұмыс істеді. Сондықтан, менің де балалық шағым ән мен жырдың ортасында өтті. Анам менің дауысыма да айрықша мән беретін. Негізгі дауыста өзі айтып, мені екінші немесе үшінші дауыста айтқызатын. Ол кісінің әрбір дайындық сәтінде жанынан табылып, бірге шырқайтынмын. Әнші атану бала күнгі арманым болғандықтан, осы жолды таңдадым. Жеті жасымнан бастап өнер мектебінде оқып, скрипкада ойнауды үйрене бастадым. Кейін бұл жолдағы білімімді Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде, Қазақ Ұлттық өнер академиясында жалғастырдым. Эстрада және вокаль мамандығы бойынша жоғары білімім бар. Яғни, кәсіби әншімін деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда декреттік демалыстамын. Бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің ансамбльінде солист ретінде қызмет атқардым. Өздеріңіз білетіндей әскери ортаның қатаң қағидасымен жүріп тұрғандықтан шығар, өнердің қайнаған ортасынан табылуға мүмкіндік бола бермеді. Ендігі жерде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үстіндемін.
– Әдетте, өнер жолы қыз балаға ауыр жол деп жатамыз. Осынау жолда жұлдызыңыздың жарқырап жануы үшін сізге қолдау білдіретін жандар бар шығар...
– Әрине, маған қолдау көрсететін жаныма жақын жандар болмағанда бәлкім мен бұл салада жұмыс істеуге ниет білдірмес пе едім, кім білсін?! Бірақ Аллаға шүкір менің өнерімді қолдайтын жан жарым, ата-енем, туған-туысым бар. Өмірлік серігім – Дихан Ілияшов та өнердің өз өкілі. Қазіргі таңда Астана қаласы мемлекеттік филормониясының солисты болып қызмет атқарады. Бүгінде біз екі ұлдың ата-анасы атандық. Тұңғышымыз қазіргі таңда 2-сыныпта оқыса, кішкентайымыз енді ғана бір жастан асты. Үлкенімізді өсіруге өзімнің анам көмек көрсетуде. Ал, кішкентайымызға өзім қараймын, әлбетте. Ал, іс-сапармен жүргенде енем көмектеседі. Енем мені ешқашан келін деп қарамаған. Қашан да қызым деп әрбір қадамыма қуанып, қолдау көрсетіп келеді.
Отбасы болғандықтан ыдыс-аяқтың сылдырлауы заңдылық қой. Дегенмен, әріге бармаймыз. Бір-бірімізге түсіністікпен қарауға тырысамыз.
– Айтпақшы, осы сіздің сахнаға Ақбикеш деген атпен шығуыңызға не түрткі болды?
– Өзімнің негізгі аты-жөнім – Айгүл Жәнібекова. Бірақ сахналық атым – Ақбикеш. Бұған дейін Шымкент қаласында 2004 жылы "Ақбикеш" атты топ құрып өнер көрсеткен болатынбыз. Кейін топ тарап кетті. Бұл атты осы топтың атауы жаныма жақын болғандықтан ән әлемінде сақталып қалсын деген оймен таңдадым.
– Шығармашылығыңызға бір шолу жасап өтсек...
– Өзімнің жеке шығармашылығыма 2006 жылдан бастап көңіл аудара бастадым. Сол кезде Ташкент қаласына арнайы барып, «Аяулы әнім» деген әнге бейнебаян түсіруді қолға алдым. Сонда бүгінгі белгілі тележүргізуші, Асхат Садырбай басты рөлді сомдағаны бар. Сондай-ақ, 2015 жылы «Сен қайда жүрдің? » атты әнге бейнебаян түсірдім. Бұл клип Алматы облысы Қапшағай ауданында түсірілді. Ал соңғы рет түсірілген бейнебаяным «Өмірмен сырласу» деп аталады. Әні – Ілияс Әбдразақовтікі, сөзі Еркебұлан Кенехандікі. Алматы қаласында түсіріліп, әзірленді. Сондай-ақ, жақында ғана белгілі әнші Абай Бегеймен "Бағыңды тос" деген әнді қос дауыста орындап шықтық . Бұл әннің тұсауы Астана қаласында өткен әншінің есеп беру концертінде кесілді. Бүгінгі таңда репертуарымда 15-20-ға жуық әнім бар.
– Қазақ шоу-бизнесінде кімдермен жақын араласасыз?
– Өнер әлемінде өзім үлгі тұтатын аға-әпкелерім өте көп, әрине. Олардың көпшілігімен етене араласпасақ та, Аллаға шүкір сәлеміміз түзу. Маржан Арапбаева, Заттыбек Көпбосынов, «Бақай» тобы және т.б көптеген өнер иелерімен тығыз қарым-қатынастамыз.
– Кеңесшіңіз кім?
– Ең бірінші кеңесшім – ол менің жүрегім. Одан кейін жолдасым. Қандай да бір істі бастамас бұрын осы кісімен міндетті түрде кеңесемін. Кейде қолдаса, кейде өзгеше ой-пікірін айтып жатады. Қазіргі таңда Гүлнұр Әйтенова сынды жас та болса телевизия саласында тындырымды тірліктер атқарып жүрген білікті маманмен бірлесе жұмыс істеудемін.
– Директорыңыз – Гүлнұрмен араларыңызда қандай да бір арнайы келісім-шарт бар ма? – Біз бір-бірімізді әу бастан өте жақсы білеміз. Сондықтан дәл қазіргі таңда келісім-шарт деген қатып қалған қағиданы қажет деп таппадық. Дегенмен, арнайы құжат жасасу келешектің еншісіндегі дүние шығар. Әзірге қандай да бір қолдау көрсетіп жатқан демеушіміз жоқ. Барлық жұмыстар өзіміздің күшімізбен жасалып жатыр. – Халықтың алдында жарқ етіп көрініп, көрерменді баурап алу үшін қандай қадамдар жасамақ ниеттесіз? – Ән әлемінде жарқырап жүру кез-келген әншінің арманы деп ойлаймын. Дегенмен бұл тұрғыда кейбір әншілер сияқты шашымды түрлі-түске бояп немесе ашық-шашық киініп сахнада өнер көрсету ойымда жоқ. Ең басты мақсат – тыңдарман талабына жауап бере алатын ән орындап шығу. Және де осы жолда еңбектеніп те келемін. Меніңше кез-келген әнші өзінің табиғатына сай, сауатты ән таңдай білсе, онда ол әншіні халық өзі-ақ биікке көтереді деп ойлаймын. – Қорғаныс министрлігінде қызмет ету қыз баласына қиындау болған шығар... – Қорғаныс саласы еліміздің ең бір маңызды саласы екені өздеріңізге белгілі. Қорғаныс министрлігінің барлық қызметкеріне бірдей талап қойылатын да заңдылық. Әншісің бе, бишісің бе ең басты міндет – Отаныңды қорғау. Сондықтан бәріміз қатаң тәртіпті орындауға міндеттіміз. Мұнда еңбек ету барысында бірқатар жетістіктерге жеткенімді де айта кеткенім жөн шығар. Соның негізгісі – «Қорғаныс министрлігіне – 20 жыл» медалімен марапатталғаным. Сондай-ақ, Қазақстанның қарулы күштерін таныстыру мақсатында Қытайға ресми сапары кезінде үздік өнер көрсеткенім үшін де Қытайдың Қорғаныс министрлігі мені арнайы медальмен марапаттағаны бар. Бұл салада қызмет атқару барысында еліміздің әрбір аймағындағы әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың көңілін көтеру мақсатында гастрольдік сапармен шығып, ән шырқаймыз. Сонымен қатар, арнаулы мерекелік шараларда, Елбасы тамашалайтын кең көлемде өткізілетін концерттерде өнер көрсеткенім бар. – Басқа қандай шараларға қатыстыңыз? – Сонымен қатар, еліміздегі өзге де ән байқауларында да бақ сынадым. Жетістіктерім де жоқ емес. Солардың бірі – Турквижн-2014-тің финалисткасы атанғаным. Сондай-ақ, «Сағындырған әндер-ай» атты жобаға қатысып өнер көрсеттім. – Гүлнұр ханым сіз де әңгімеге араласа отырсаңыз... Ақбикеш алдағы уақытта қандай қырынан танылмақ? Қандай жоспарларыңыз бар? Гүлнұр Әтенова: – Сұрағыңыз орынды, әрине. Өнерсүйер қауым Ақбикештің есімімен біршама таныс. Эстрадаға бет бұрғаннан соң әнші қыздарынан қандай да бір жаңалық күтіп жүргені де белгілі. Осы жолда екеуміз бірлесе еңбек етіп жүргендіктен, жетекшісі ретінде мен де шығармашылығының шыңдалуы жолында біраз үлес қосамын деген ойдамын. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Роза Рымбаева бар. Бізге екінші Роза керек па? Әрине жоқ. Сондықтан да Ақбикеш ән әлемінде ешкімді қайталамайды. Өзінің әнші ретіндегі бет-бейнесін танытады. Жоғарыда атап өткендей, соңғы бейнебаяндары мен шырқаған әндерінен де көрермен қауым оның бойынан жаңа бетбұрыс пен қандай да серпілісті байқақаны анық. Ендігі жерде біз осы бағытттағы жұмыстарымызды тек ғана жандандырамыз. Ақбикеш, жақын арада елімізде өткелі отырған әлем көз тіккен маңызды шара – «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырлатын концерттерге қатысады. Осынау шарадан кейін, бұйыртса Қазақстанда әлі ешқандай әнші жасай қоймаған бір тың туынды ұсынбақпыз. Бұл әлемдік аренаға шығаратын образ болуы да мүмкін. Көрермен қауым жақсы қабылдайды деген ойдамыз. Сондықтан, Ақбикештің өнерін сүйіп тамашалайтын барша қауымға бізден тек ғана жағымды жаңалықтар күтіңіздер дегіміз келеді. – Әсерлі әңгімелеріңіз үшін көп рахмет! Шығармашылық болда тек ғана сәттілік серіктеріңіз болсын! Сұхбаттасқан: Гүлдана ИМАНБАЙ qazaquni.kz