От ішінен оралған...
2017 ж. 09 мамыр
3593
1
Ауғанстанда қызметте болған кеңес әскерлері берген анттарына адалдық, жоғары патриотизм және әскери бұйрықты орындауда борыштылық сезімін танытты.
Біздің тарихымыздағы бұл оқиғаға қоғамдық пікір әр түрлі болып, қаншама өзгеріске ұшыраса да осы соғыстың ауыр жүгін арқалаған, от пен оқтың арасынан өткен адамдар біз үшін бас июге лайық ерлік көрсеткен ержүрек, батыр болып қалады. Біз үшін ауғандық жауынгерлер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан қорғаушылар қатарынан орын алады. Себебі, олар өздері сенім артқан, сүйген Отанының мүддесі үшін аттанғанына шынайы сенген – батырлар.
Өз әріптесіміз, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Болат Сайлан ердің жасы 50-ге толды. Болат Сайлан да біз үлгі етіп отырған ерлердің қатарынан: 1985-1987 жылдары Ауғанстан Республикасындағы Кеңес Армиясы құрамында қызмет еткен Ауған соғысы ардагерлерінің бірі.
Болат Санабайұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Турбат селосына қарасты «Еңбек» ауылында дүниеге келіпті. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін үздік бітірген. 1998 жылы «Ауған соғысы және оған қазақстандықтардың қатысуы (1979-1989 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 2010 жылы «Кеңес өкіметі тұсындағы жастар саясатының Қазақстанда жүзеге асырылуы: тарихы мен тағылымы (1917-1991 жж.) атты докторлық диссертациясын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қорғап шықты.
1993 жылдан 2012 жылға дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушылық қызметте болып, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, 2001-2004 жылдары дайындық факультетінің деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі (2011-2012 жж.) қызметтерін атқарды. 2012 жылдан өзі оқып-бітірген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.
Бірнеше үкіметтік және ведомстволық наградалар мен алғыс хаттардың иегері, сонымен қатар Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.
Ол үш монография, ҚР-ның жетекші журналдарында және шет елдерде (Москва, София, Ташкент, Бішкек) қазақстандықтардың ауған соғысына қатысуы және Қазақстанның жастар саясаты мәселелері бойынша 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялады.
Ауған соғысы және ондағы әскери қызметі өткен тарих беттері болып қалса да Болат Сайлан сол сұрапыл соғыстың қыр-сырын, себептері мен салдарын бүгінгі жастарға ашып көрсетіп, жас ұрпақ өткен соғыстың қасіреттерін ұмытпай, қателіктерді қайталамай, тарихтан сабақ алу қажеттігін айтып, түсіндіріп, патриоттық тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Профессор Болат Сайлан ұжымда сыйлы және зор беделге ие, оны студенттер де қатты құрметтейді. Оған принципшілдік, талапшылдық, ұқыптылық, тиянақтылық, жауапкершілік сынды қасиеттер тән. Ол ашық, жүзі жарқын, тартымды, адал және ақ пейілді ғалым-азамат. Сонымен қатар сөзге шешен, ұжымның жаны.
Тарих, археология және этнология факультетінің ұжымы профессор Болат Санабайұлын 50 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық және шығармашылық табыстар тілейді.
С.СМАҒҰЛОВ, С.ҮДЕРБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылары
qazaquni.kz