«Сарасөз» журналы оқырманға жол тартты
2017 ж. 04 мамыр
3026
0
Түркістан қаласындағы Түрік тілдес халықтар кітапханасында әдеби-танымдық «Сарасөз» журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Айта кетейік, сәуір айында Түркістан қаласында әдеби-танымдық «Сарасөз» журналының №1 саны жарық көріп, 2000 дана таралыммен ақпарат кеңістігіне жол тартты.
Журнал редакторы, Гүлжаз Қарыбекқызы - Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Журналистика мамандығының түлегі екенін мақтанышпен айтамыз.
Журналдың тұсаукесер лентасын Түркістан қаласының әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, ҚР-ның Халық әртісі, профессор Қ.Бекбосынов, ардақты ұстаз-профессорлар С.Садықов, Б.Сердәлі қиып, басылым редакторына игі тілектерін айтты. Шараны ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Б.Сердәлі жүргізді.
Шараға келген қонақтар арасында, әдебиет сыншысы, профессор Қ. Ергөбек, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент С.Елеуов, ұлағатты ұстаз, профессор С.Садықов, ф.ғ.к., доценттер Б.Оспанова, Ж.Исмаилова, т.б. ағайын-туыс, дос-жарандары келді. Барлығы да жылы лебіздерін айтып, құттықтауларын жеткізді.
Түркістан қаласының әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков: «Бүгін шындығында ерекше күн. Журналдың ақылдастар алқасы рухы жоғары азаматтар. Басылымды зиялы қауымның журналы деп атар едім. Тек жастарға ғана емес, барша адамға рухани тәрбие беретін журналдың алғашқы қадамы құтты болсын!»
Профессор С.Садықов дипломына жетекшілік еткен өзінің шәкіртіне сәтті сапар тіледі. Профессор Б.Сердәлі жауапкершілігі жоғары журналдың ауыр жүгін арқалаған Г.Қарыбектің жаңа жаңалық әкелгенін айтып, журнал мақсатына, мазмұнына тоқталды. Профессор Қ.Бекбосынов әдебиеттің ақсақалы Қ.Ергөбекке, редакторға ыстық лебізін жеткізді. ҚР журналистер одағының мүшесі, ф.ғ.к., доцент Б.Оспанова: «Қадірлі көпшілік! Бүгін керемет басқосу өтуде. Сөз дарасын қадірлеген журнал атына лайықты болады деп сенемін. Осы игі іске себепкер, Гүлжаз қызымыздың өкіл әкесі Құлбек Ергөбекте ғалым Бейсенбай Кенжебайұлын өкіл әке деп құрметтеген. Бұл ұстаз сыйлаудың, ұстазға тағзым етудің керемет символы. Ұстаз батасымен бастаған жолмен жүрсең жаңылмай жарқырайсың. Тарихи Түркістанымыз ғылыми ортаға айналып жатқанына қуанамыз. Журналдың өмірі ұзақ болсын» - деп ұстаздық ақ тілегін айтты.
Өнер тарландары Қ.Бекбосынов, С.Елеуов ән-жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, профессорлар Қ.Ергөбек және С.Садықов қаз-қаз басқан Күнби атты сәбидің тұсауын кесті.
Шара соңында қонақтар дастарханнан дәм татып, игі тілектерін айтып, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде редактор Г.Қарыбек журнал тұсауын кескен қадірлі меймандарға сый-тарту жасап, рухани демеу білдірген ұстаздарына, қуанышқа ортақтасқандардың бәріне алғысын айтты.
Жерұйығы – туған жерінде, өсіп-өнген, білім алған мекенінде жақсылықтың туын желбіреткен жаңашыл жастың жарқын бастамасы жетістіктерге жетелесін деген ыстық тілектер айтылды.
qazaquni.kz