БІРЛІК КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
2017 ж. 04 мамыр
2462
2
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинозалында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесіне орай Алматы қаласы әкімдігі мен Алатау ауданы білім басқармасының ұйымдастыруымен Ахат Ыбыраевтың «Аңыздар кітабы: жұмбақ орман» фильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті.
Балаларға арнайы ұйымдастырылған бұл шарада «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кино бөлімінің жетекшісі Рита Халел, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филология ғылымының кандидаты, эпостанушы, жазушы, аудармашы Қайрат Жаңабаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушы, көркемдік гимнастикадан халықаралық спорт шебері, мәдениеттанушы, өнертанушы, философия ғылымының PhD доктаранты Айжан Шоқанқызы қатысып Ынтымақ күнінің мән-маңызын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, кішкентай көрермендерге деген өздерінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмде ағайынды Баха мен Таханың ертегі орманында бастан кешкен оқиғалары көрініс табады. Белгілі кәсіпкердің ұлдарының өмірі күтпеген «тосынсыйлар» мен қитұрқы әрекеттерге толы. Кәсіпкер әкенің жұмысбастылығы, өгей шешенің қырын қабақ танытуы олардың амазонкалар мекеніне аттануына себеп болады. Мақсаттары – амазонкалар патшайымының зұлым күштерге қарсы күресіне қолғабыс тигізіп, елге қорған болу. Ақысына қайтыс болған аналарын тірілтіп, әкелерінің өздеріне көңіл бөлуін сұрамақ. Алайда, өгей шеше де қол қусырып қарап отырмақ емес...
«Сыйқырлы сюжеттер» мен тосын оқиғаларға толы кинокартинаға қазақ көшпенділерінің ежелгі аңыз-ертегілері арқау болған. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет фэнтэзи жанрында түсірілген фильмде компьютерлік графика мен анимациялар кеңінен қолданылған.
Қайырымдылық көрсетілім әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып қойылды. Фильмді "Үміт" балалар үйі мен №9-шы есту қабілеті өте нашар мектеп-интернатының балалары тамашалады.
Көрсетілімнен кейін көркемдік гимнастикадан халықаралық спорт шебері Айжан Шоқанқызының бір топ шәкірттері театрдың алдында мерекеге орай флешмоб өткізді. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған бұл күн олардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Қайырымдылық шараларын өткізуден қашан да тыс қалмайтын «Алатау» дәстүрлі өнер театры қамқорлықты қаже ететін қамкөңіл бүлдіршіндерге базарлық жасауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz