Нұржан ТҰТОВ: «ТАМАШАНЫ» ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТАНЫТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ
2017 ж. 02 мамыр
6015
4
– Нұржан аға, «Тамаша» ойын-сауық отауының бүгінгі құрамында кімдер бар?
– «Тамаша» ойын-сауық отауы мүшелерінің барлығы дерлік, арнайы білімі бар кәсіби актерлер. Әрқайсысының өзіндік мектебі бар. Мәселен, Шәкен Айманов тұсында Асанәлі Әшімов, Георгий Данелия кезінде Вахтанг Кикабидзе, Леонид Гайдай дәуірінде Юрий Никулин сияқты дарындардың жарқырай көрінгенін жақсы білесіздер. Біздің «Тамашаның» бүгінгі құрамы да осал емес. Мәселен, Дархан Пірназар, Бауыржан Орда, Сәттар Ерубаев сынды актерлердің барлығы өзіндік кәсіби шеберліктері қалыптасқан мамандар. Бұлардың қатарында өзім де бармын (күліп). Сонымен қатар, бұлар суырып салмалыққа өте жақындығымен ерекшеленеді. Кейде өздері жанынан сөз қосып, импровизация жасап, ойда жоқта өтімді ойлар тауып тақырыпты ашуға ықпал етіп жатады. Тағы бір айта кетерлік жәйт – «Тамашаның» құрамы Мәдина Оразхан және Атырау атты талантты қыз-жігіттермен толығып жатыр. Сондай-ақ, «Тамаша» үшін арнайы жазылған миниатюралар ең өзекті тақырыптарды қозғайды. Авторлары елге белгілі сатириктер. Мұның барлығы өз кезегінде ұжым жұмысын одан әрі ілгерілетері сөзсіз.
– Сіздің алдыңызда ғана «Тамашаны» түлетемін деп келген әріптесіңіз, белгілі актер Асылбек Боранбай бұл ұжымда ойындағы дүниесін жасай алмағандығын айтқан еді. Ал сіз діттеген істеріңізді жүзеге асыра алатыныңызға сенімдісіз бе?
– Әлбетте, сенімдімін. Өйткені, бүгінгі құрамның білім-білігінің қандай екендігін айттық. Дегенмен, әрбір басшының жұмыс істеу тәсілі мен алға қойған жоспарлары бөлек болатыны түсінікті. Бұл тұрғыдан келгенде бәлкім Асылбек Боранбайдың жұмыс істеу мәнері өзгерек болған шығар. Ал, бүгінгі құрамның алар асуы алда деп ойлаймын. Оған өздеріңіз болашақта куә боласыздар.
– Бүгінде «Еуразия» арнасы арқылы көрерменге жол тартқан «Тамаша City» жобасы туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– Өздеріңіз білетіндей, «Тамаша» ойын-сауық отауы жаңа жобада одан әрі жарқырай түсті. «Тамаша City» жобасы аудиторияның көңілін көтеріп қана қоймай, олардың басын біріктіруді мақсат етеді. Жобаны түрлі жастағы, әлеуметтік дәрежесі әртүрлі, армандары мен мақсаттары сан түрлі жандар көреді. «Тамаша City» шоуымен өткізетін жексенбілік кеш – бүкілотбасылық мереке. Қазақстандық көрермен шетелдік атыс-шабысты көргеннің орнына, демалыс күні қазақы қалжыңды тамашалап, қазақстандық орындаушылардың әндерін тыңдап, алдағы аптаға күш-қуат жинап, жан азығын ала алады. «Тамаша City» – сан түрлі өнердің басын біріктірген ірі телевизиялық жоба. Шоудың әрбір шығарылымы қандай да бір тақырыпқа арналған емін-еркін импровизациялық концерт түрінде өтеді. Бір бағдарлама шеңберінде көрермен назарына «Тамаша» театрының жаңа миниатюралары, актерлердің өздері орындайтын музыкалық нөмірлер, интерактивті ойындар ұсынылады. Концерт аясында «Тамашаның» алтын қорынан ел жадынан өшпейтін қойылымдар көрсетіледі. Шоудың басты кейіпкерлері: Мұхаметжан Мырзакеев, Данагүл Темірсұлтанова, Гүлбаушан Тілеубекова, Бауыржан Орда, Саттар Ерубаев, Дархан Пірназар, Мадина Оразхан. «Тамаша city» телевизиялық шоу «Еуразия» бірінші арнасының эфирінен әрбір жексенбі сайын сағат 21:55-те көрсетіліп келеді.
– Тағы да қандай жаңалықтарыңыз бар? Бұдан өзге де қолға алып жатқан жаңа жобаларыңыз бар шығар?
– Сонымен қатар, біздің ұжым «Жетінші арна» телеарнасымен бірлесе отырып «Жеті километр» деген телевизиялық шоу бағдарламаны түсірді. Айта кетерлік бір жаңалығымыз – «Тамашаның» ұжымы алдағы уақытта телехикая түсіруді жоспарлап отыр. Ал, 2018 жылы осынау өнер шаңырағының құрылғанына 40 жыл толмақ. Осы бір мерейлі күнді жоғары дәрежеде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін әрине Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қалалық әкімдігіне ұсыныс хат жазуды жосрпарлап отырған жайымыз бар.
Анығырақ айтқанда, «Тамашаның» 40 жылдығын ел көлемінде өнер мерекесіне айналдырсақ дейміз. Атаулы жылдың аясында республикамыздың түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарлармен барсақ деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, еліміздің бас қаласы – Астанамызда, Ару Алматыда арнайы концерттік бағдарламаларымызды қоюды межелеп отырған жайымыз бар. Кең ауқымда өткізілетін бұл шараға «Тамашадан» түлеп ұшқан барша өнер иелері атсалысады. Алыс-жақын шетелдерден де қонақтар шақыру ойымызда бар.
– Елге белгілі актерсіз. Тойларға жиі шақырту алып тұратын шығарсыз?
– Әлбетте, қазақтың жүрген жері қашан да той-думан емес пе. Тойға шақыртулар болып тұрады. Мүмкіндігінше қалмауға тырысамын. Және де бұл әрекетім орынды деп есептеймін. Себебі, тойда өнер көрсету өнер адамы үшін өрескел нәрсе емес. Өйткені, той – халықтың қазынасы.
– Былтырғы жылы қызыңыз – Әйгерім ән әлемінде жұлдызы жанып, әлемдік додада жүлдегер атанды. Қызғалдағыңыздың бүгінгі беталысы қандай?
– Әйгерім былтыр Варшава қаласында өткен «Ритмы улитки» атты Халықаралық фестивальге қатысып 1-ші дәрежелі лауреат атанды. Әлемнің 32 елінен келген үміткерлер бақ сынаған бұл додада қызымыздың айы оңынан туды. Осыдан кейін бізге Санкт-Петербург қаласында өтетін «Волшебная симфония» атты музыкалық фестивальге жолдама берілді. Ол конкурста да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі 1-ші орынды иемденді. Жақын арада «Я слышу мир» деп аталатын конкурстың конференциясына қонақ ретінде арнайы шақыртумен бара жатыр. Бұл шарада Әйгерім екі ән айтпақ. Сондай-ақ, «Арман-ай» атты қазақтың халық әніне бейнебаян түсірдік. Қызымыздың негізгі мамандығы – логопед-деффектолог. Магистрлік білім алып жүрген ол бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ береді. Бірнеше мамандықты қатар алып жүру қиындық туғызатындықтан, қазіргі таңда негізгі жоспары – өзінің мамандығын бір ізге түсіріп алу болып отыр. Өйткені қай салада болсын, қандай да бір жетістікке жету үшін оған жете көңіл бөлу қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Алла қаласа, осыдан кейін барып, өнермен айналысуға бет бұрмақпыз.
– Нұржан аға, өзіңіз өнер адамы болғандықтан қызықты жәйттер көп кезігетін шығар. Сөз соңында солардың бір парасын тілге тиек етсеңіз екен...
– Әрине, көп қызықтар орын алды. Бір жолы үйге актер Дархан Дайырбеков атты досым келді. Қалада өткен бір тойды басқарған екен. Сөйтсе, әлгі тойға жиылғандардың дені орыс көрінеді. Алдын-ала ескертпеген той иесі сол жерде Дарханға тойды орыс тілінде басқаруын сұрапты. Содан не керек, орысшаны аса бір жетік білмейтіндіктен бірқатар қиындыққа ұшыраған секілді. Маған бұл жолы орысша үйрет деп келіп тұрған беті екен. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – тек қана орыс тілінде сөйлеу керек екендігін айттым. Сөйтіп екеуміз сол күннен бастап тек ғана орысша сөйлейтін болып келістік. Бұл үшін бәстесіп үлкен олжа да тіктік. Шартты байқамай бұзып алған адам жеңіліп, жеңіске жеткені әлгі олжаны иеленетін болды. Атымызды да орысша атауды жөн деп шештік. Мен Нұржан Кежеғұлұлы болғандықтан Николай Контрачев атандым. Ал Дархан Амантайұлы – Дмитрий Алексеевич болды. Ертесі күні уәде бойынша мен Дарханның үй телефонына қоңырау шалып:
– Здравсвуйте, Дмитрий Алексеевич! – дедім.
Арғы жақтан тұтқаны көтерген ол:
– Извините, вы не туда попали, – деп тұтқаны қоя салғаны бар. Сөйтсем ол кешегі уәдені сол күйі ұмытып кетіпті. Осындай қызықты сәттер жиі болып тұрады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Баян ӘЛИАСҚАР
qazaquni.kz