ДАРА ЖОЛ
2017 ж. 02 мамыр
3219
3
Ол саналы ғұмырының басым бөлігін прокуратура органында қызмет атқарумен өткізді. Арагідік болып тұратын мерекелік жиындарда арқасы қозып, домбырасын арқалап, алқалы топтың алдына шықты. Әрине, қолтығы жазылып шаба алған жоқ, қызмет қолын байлады. Ол кезде айналасы бұған жете мән бермеген де болар. «Заң саласының адамына сахнада не бар екен?», – деген де шығар. Кімнің аузына қақпақ боласың?
Бүкіл қазақ Кеңестен қалған игіліктерді қанталапай жасап жатқанда, ол дүние деген боқтан бойын аулақ салды. Айтпағымыз, айлыққа күн көрген санаулы прокуратура қызметкерлерінің бірі болды. Ұл-қыздары түгел әке жолын қуып, өнер ауылына аттанды. Әбіштің жыршылық кәсіптің соңына шындап түскелі – соңғы бес жыл. Домбыраның қос ішегінен шыққан үн оған қанат бітіріп, қыранның томағасын сыпырғандай болды...
Оның өзіне ғана тән жаңа жолы – дара жолы басталды. Мәселен, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне орай Ташкент қаласында өткен мәдени шарадан шығып, асығып-аптығып Сарыағашқа келді. Себебі, Бішкектен шақыру алған еді. Сарыағаштан Шымкент арқылы түнделетіп Таразға жетті. Бір тәулік өткенде екі өкпесі өшіп 15 сағат жол жүрді. Ертесі Бішкекте қазақ мәдени орталығы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған концертте ақ қалпақты ағайындар оның өнеріне қол соқты. Қырғыз радиосына сұхбат бергеннен кейін алақұйын болып автобекетке қайта келді. Ташкентте Низами университетінің өзбек әуенінен құлағы сарсыған қазақ студенттері сарылып күтіп отырған болатын. Бұл – Әбіштің жолы, өзі сүйіп, қалаған жол.
Тәшкенде, төрт миллион жүрек соғысының ортасында келе жатып, 1643 жылы Орбұлақта Қалмақ қонтайшысы Батырға қарсы қаракет қылып жатқан 600 сарбазды бастаған Салқам Жәңгірге ағайындық көмек қолын созып, 20 мың сарбазбен алып-ұшып жеткен Жалаңтөс бахадүр есіне түсті. «Апыр-ай, Жалаңтөстің осы бір тарихи ерлігі елге мәлім. Мен неге оның басына барып тәу етпеймін, бұл менің перзенттік парызым емес пе?»
Қайдасың, Самарқанд! Неге екенін қайдам, құран бағыштап отырғанда бойын көл-көсір сезім биледі. Ғасырлар бойы бабаларының басынан не өтпеді? Жыршы толқыды, тебіренді, көз жанарына ерік берді... Бұл Әбіштің үйінен шыққан бір сапары. Осы жолда жүргеніне бес жыл болды. Айналасындағы жігіттер: «Апыр-ай, мынау өзің салған дара жол екен-ау», – деп ырзашылығын білдіріп жатады.
Бір ғажабы, Әбіш ұстаз көрген жоқ. Арнайы білім де алудың сәті түспеді. Әйтеуір, періште құлағына сыбырлады ма, домбыраны қолына алды. Бұл қасиет ата-бабасына қанына сіңгендіктен саусақтары да домбыраның мойнына өз еркімен оңай төселді. Сөйтіп, сәті келгенде сахналарға шықты...
Осы жылдар оның дауысы Астана қаласындағы Ұлттық кітапхана қорына жазылып, әлемнің 80-нен аса еліне тарады. Оның орындауындағы 33 жыр-терме «Қазақ» радиосының алтын қорына алынып, эфирден тұрақты түрде беріліп бастады. Мұның ішінде 21 жыр-термеге оған зияткерлік құқық берілді.
Жетісудың жыршылық дәстүрі Кеңес дәуірі кезінде қолтығын жаза алмай, кенжелеп дамыған еді. Әбіштің ерлігі сол, өшіп бара жатқан дәстүрлі өнерді тірілтуге жан сала, бар ынта-жігерімен атсалысты. Осы жылдары Қытай жұрты – Үрімжі, Құлжа, Алтай, Тарбағатайда тұратын қазақтар, Еуропаның 14 мемлекетінен жиналған қандастарымыздың құлақ құрышын қандырды. Кельн қаласында өткен Құрылтайға 2000-нан аса қандастарымыз жиналған. Барлығы қазақша сөйлейді. Олар үшін қазақ тілі – қасиетті. Әбекең Еуропа қазақтарына Абылай ханнан бастап батырлар – Қабанбай, Райымбек, Сұраншы-Саурықтар туралы дастандарды екі күн жырлады.
Құрылтайдың бірінші күні Елші Болат Нүсіпов қонақтарға дастархан жайды. Әбіштен бата сұрады.
Алмания төрінде неміс халқына 2000 мыңнан адам қандастарымызға бата беру – бұл да бір өркен өсіретін жағдай. Бундестагтың депутаты Генрих Цеертик: «Мен өзім қазақ жерінде туып-өскендіктен маған қазақ жұрты бауырым секілді. Әбіштің өнеріне ризамын», – дегені есінде.
Дәстүрлі өнердің ішінде жыр мен термені дәл осындай қанат қақтырған Әбіштің жолы – шын мәнінде дара жол болып тұр. Ол Жетісудың жыршылық дәстүрін дәріптеп, Қазақ хандығының 550 жылдығында, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның Солтүстік, Оңтүстік облыстарын түгел аралады. Толып жатқан университет, колледж, мұрағат қызметкерлерімен кездесті. Үнемі жолда жүру, бейтаныс жерлерде болу, сол жердің көрермендеріне Жетісу өнерін осылайша насихаттау үшін үлкен жүректі адам болу керек. Айтуға оңай, әрине.
Бір ғажабы, мұның бәріне ол өз қаражатымен жүрді. Барған жерден жылу жинамады. Бабалар өнеріне фанаттық көзқарас, дәстүрлі өнердің жанашыры болу деген машақатқа толы тірлік екенін екінің бірі біле ме екен? Күндіз-түні эфирден түспей, тойларда доллармен қаламақы алатын жұлдыздардың құлағына алтын сырға.
Осы уақытқа дейін бір де бір өнерпаз істемеген жағдай Алматы қаласы мен облысының мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға жыраулық өнер туралы ұлағатты әңгіме айту – қазақтың ұлттық болмысын тәуелсіздік талабына сай танытатын тірлік.
Тыңдармен қауыммен бетпе-бет жүздесіп, ұлттық сана, ұлттық мінез туралы әңгіме қозғау балалардың жадында ұмытылмайтын өнеге, ерекше бір ғанибет емес пе? Оқушыларды көрермен деп елеп, уақытын шығындап, тегін концерт қойып жатқан кім бар? Бұл – адамға біткен мінез, Әбіштің дара жолы. Мұндай машақатқа толы, ақша табуды мақсат қоймаған жолға ешкім таласа қоймас. Осы жолдың ерекшелігі де, даралығы да осында.
Ол Алматы қаласының қарттар үйіне де барды. Бабалар сөзін тыңдату мақсатында ат басын бұрды. Қызметкерлер залға біреуін қоларбамен, енді бірін қолтықтап сүйеп алып келеді. Қарттар оны сахнадан жібермеді. Олар кездесу аяқталған соң сахнаға бірінен соң бірі шығып бата берді. Жүдеу көңілдері көтеріліп, бір жасап қалды. Әсіресе, Тәшкендегі ағайындар үйлеріндегі болып жатқан тойға шақырып тыңдады. Қытай мен Еуропа қазақтары көзіне жас алды. Қазақтың үш ғасырлық сөзін естігеннен кейінгі халықтың жүрегі қалай толқымасын? Олар: «Енді қашан ораласың?», – дегенде Әбіштің де жанары жасқа шыланды.
Үнемі жолсапарлар... концерттер... Әбішті қажыта алмады. Қайта қанат бітіріп, шыңдап отырды. Ол жыр-термелерден тұратын, «Ұлт рухы, Ғасырлар үні» атты үнтаспалар жарыққа шықты. Тарих қойнауында қалған, бүгінгі буын ұрпаққа белгісіз шығармалардан тұратын бұл үнтаспа – тың ізденіс.
Сары далада, басын жел шайқаған жусан түбінде қалып, ұмыт болған жәдігерлеріміз қаншама. Әбіш солардың қатарына енді болмаса еніп кеткелі тұрған туындыларды іздеп тапты. Оның орындауында ХҮІІІ – ХІХ – ХХ ғасыр – үш ғасырдың жыры бар. Жұдырықтай жүрегіне ғасырлардың жырын жинаған өнер иесіне бас иеміз. Сабдалы, Саршуаш, Қаблиса, Құлмамбет, Бөлтірік, Көдек, Асан жырлары Әбіш арқылы халқымен қайта қауышты.
Есенқұл ақын айтады екен: «Өнер жолының асуы мен белесі көп, қиындыққа толы. Заң мен қазақтың төл өнерін құстың қос қанатындай қатар арқалап жүру үлкен ерлікпен пара-пар».
Күйші Шәміл Әбілтай былай депті: «Кез-келген әншінің шамасы келе бермейтін жыршылық пен термешілікті терең игерген дарын иесі».
Өткен жылы, Астана қаласында қараша айының 24-25 күндері «Дәстүрлі халық мәдениетін зерттеудегі теориялық және практикалық мәселелер» атты ЮНЕСКО өкілдері қатысқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Әбіш Жетісудың жыршылық өнері хақында баяндама жасады. Қатысушылардың сұрауымен шеберлік класс көрсетті. Осылайша, дара жолдың даңқы арта түсті.
Талдықорған қаласында Жетісудың жыршылық-термешілік дәстүрі бойынша шығармашылық-жыршылық кеші өткізілді. Екі сағат жырлады. Бір адам орнынан тұрған жоқ. Достық үйінде өтті. Әрине, тегін концерт.
«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы мен облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған осындай жыршылық өнер кеші Жетісу жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Ел еңсесі күннен күнге көтеріліп келеді. Экономикалық интеграцияға түсіп, әлем елдерінің өзара жаһандық қатынасы күн санап қанат жайып келе жатқанда қазақты ерекшелендіретін де, бөлек көрсететін де оның дәстүрлі өнері екені даусыз. Ол өнер бүгін Әбіштің таңдайы мен қолындағы домбырасында. Біздің ендігі үмітіміз – оның дара жолын жалғастыратын жастарды көптеп көру.
Нұрлан Әбдібеков,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz