Төрт босаға берік болған
2017 ж. 28 сәуір
6581
1
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылдың 12-сәуірінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп жазды. Осыған орай, өскелең ұрпаққа кеңес дәуірі тұмшалап тастаған туған жердің тарихын, ондағы еліне елеулі болып, белгілі бір тарихи кезеңдерде заманына қарай қолдарынан келгенше ел-жұрт мүддесіне қызмет жасай алған тұлғалардың үлгісін жаңаша зерделеудің маңызы зор.
Шыңғысхан, Алашахан, Жошыхан, Ақсақ Темір, Едіге, Тәукехан, Абылай, Кенесары секілді тарихи тұлғалардың жосылып іздері жатқан қасиетті де киелі, қарт Ұлытау өңірі Бағаналы елінің қыста қонысы, жазда жайлауы-өрісі болғанын жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алғанда Ұлытау өлкесінде XIX ғасырдың орта тұсында өмір сүріп, шежіре-жылнамаға Бағаналының төрт босағасы болып енген Бабыр би, Қадір би, Шегір би, Сандыбай батыр жайлы айтпай кетуге болмайды. Олар Кеңгір өзенінің суын ішіп, көкорай шалғыны мен нуында ат шалдырған, қол бастаған батырлар, елін бәтуа-бірлікке шақырып, қара қылды қақ жарып әділ билік айтқан ауызы дуалы билер. Бағаналы жұртының маңдайына біткен осы бір марқасқалары қолдарына тиген ел басқару тізгінін еркін ұстап, істің ыдығын, шаруаның жайын жақсы біліп ортақ шешімге келудің үлгісін көрсеткен. Соның да арқасы болар, Ұлытау өңіріндегі елдің ең бір өсіп-өніп, толысқан шағы осы тұсқа келеді. Осы бабаларымыздың ел басқарудағы бүгінгі таңда да сабақ боларлық қандай үлгі-өнегесі бар дегенді саралап, бірер ой-тұжырым айтуды жөн санаймын.
Көшіп-қонып жүретін қазақ қауымының қай кездерде болсын ең бір даулы мәселесі жер бөлісу болған ғой. Бағаналының төрт босағасы осыны дау-дамайсыз, ұрыс-керіссіз шеше алған. Төрт босағаның кезекті бір басқосуында Шегір айтыпты: «Екі Кеңгірді – Сары-Сарғалдақ пен Жырық, екі Жездіні – Ибеске мен Жұртшы, Ырғайлы мен Байқоңыр өзенін Ақтаз алсын». Сөйтіп, Сарыкеңгір мен Қаракеңгір – Сандыбай мен Қадірге, Жезді мен Балажезді – Бабырға, Ырғайлы мен Байқоңыр Шегірге тиіпті. Билер де риза, билер бастаған рулы елдер де риза болыпты. Осы бітімгершілікке келе алған бәтуалы отырыстан кейін «Ұлытауды жаратуын құдай жаратты, бөлуін Шегір бөлді» деген сөз қалған деседі. Осындай қанатты сөз кейінірек Сандыбайұлы Ерденге қатысты «Жерді Алла жаратқан, елге Ерден таратқан» деп айтылған. Төрт босаға өз аймақтарындағы биліктің аумақтық құрылымын ақылмен анықтай алған. Осы төрттіктің сөзі сөз болған. Өздеріне тиесілі жаз жайлау, қыс қоныстарының шаруаларын әрқайсысы өздері реттеп, аймақтағы ортақ мәселелерді «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы басшылыққа алып шешіп отырған.
Ресей патшалығының қоластында отырған отар елді сорып, пайда табуды көксеуі, қазыналы кең даланың сарқылмас кен байлығының дәмін татуға ұмтылуы заңды құбылыс. Ұлытау-Жезқазған өңірінің саф алтындай сары мысы мен қоңыр қорғасыны Ресей көпестерінің назарына ілігіп, олар Сарыарқаның түкпір-түкпірлерін шарлап, кен орындарын іздестірді. Екатеринбург көпесі Никон Ушаковтың осындай мақсатпен Ұлытау өңіріне келгенінде, қазақ жерінде осы біздің дала билерімен кездеспеуі мүмкін емес еді. Ертеректегі кейбір басылымдардан Ұлытау аймағындағы кенді алқапты Ушаковқа Шияқ Тоқбергенұлы мен батыр Бақаншы сатқан деген деректерді оқығанбыз. Белгілі қаламгер, кен инженері Қуаныш Ахметов Ресейдің Орынбор, Омбы қалаларындағы архивтерді ақтарып жүріп Омбы кітап баспасынан шығарған кітабында («Ұлы даланың Ұлытауы» – Омбы, 1999, 195, 196 - беттер) осы батыр Бақаншының біздің бабамыз Бабыр Бөкеншіұлы екендігін дәлелдейді. Бұрынғы тілмен айтқанда, «пайдақұмар, аш қасқырдай жалақтаған бай-манаппен», бүгінгі күннің тілімен айтқанда іскер байланысқа шыққан инвестормен аймақтың қазба байлығын игеріп, өңдеп, іске жаратуға тырысқан қазақ зиялыларының арасында келіссөздердің нәтижесінде тиісті құжаттарға қол қойылғаны анық. Оны Ресей де игере алмай кейін ағылшындарға сатқаны бөлек әңгіме.
Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қабірханада мәңгі тыныстап жатқан Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Бабырдың XIX ғасырдағы аласапыран кезеңде патшалы Ресейдің зымиян саясатының отына күйіп жүріп, отарлаушы ел саясатының сансыз бұралаңдарынан жол тауып шығып, еліне қорған, пана болуды алдыңғы кезекке қойып отырғандығын дәлелдейтін деректер бар. Өздеріне тиесілі болыстықтардағы тұрғындардың тағдыры үшін жауапкершіліктерін сезініп, көңіл-күйдің ауанына беріліп бір шектік көзқарастан екінші бір шектік жағдайларға бармай, мәселелерді шешуде салмақтылық танытып отырғандығын оның Кенесары ханмен қарым-қатынасынан да байқауға болады. Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінің мәнін жақсы түсініп, қолдау көмегін жасағанымен өз қарамағындағы елдің жанын бәйгеге тіге бермеген. Ал оның елінің азаттығын аңсаған ірі тұлға екендігін Кенесары хан көтерілісі кезінде хан бастаған қолға өз ұлдарын жібергенінен-ақ аңғаруға болады. Кенесары ханның Бабырға арнап құпия хат жолдағаны белгілі. Осыдан да Бабыр бидің (кейбір деректерде «Бабыр әулие» деп те атайды) беделінің ағайын ішінде ғана емес, сол кездегі қазақ қауымының арасында да зор болғаны көрінеді.
Жалпы Бағаналы елінің қайраткерлері Кенесарыны өте құрметтеген, бірақ қатты табынып кетпей біркелкі саясат ұстай алған. Кенесары ханда Бағаналы елін күштеп бағындыру былай тұрсын, астамшылық көрсетуден де аулақ болып, ерекше саясат жүргізіп, жалпы сыйластықты сақтағаны тарихтан мәлім. Ел ішінде көп айтылатын аңыз әңгімелерге жүгінсек, атағы қазақ даласында жер жарған қаhарлы хан Кенесары мен өз заманынының тағы бір топжарған көрнекті қайраткері, «Төрт босағаның» төбе биі, аға сұлтан болған Ерден бір-бірімен тең дәрежеде, сыпайылық пен әдептен аспай қарым-қатынас жасап, мәмілеге келіп отырған.
Ерден Сандыбайұлы 1808-1862 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, Ерден жастайынан батыр әкесінің жанында жүріп ел билігіне араласқан, әкесі Сандыбайға тартып, әкесі өлгесін төрт босағаның біреуін берік ұстап қалады. Ұлытау өңіріндегі Бағаналы-Найманнан шыққан қазақ батыры, биі, болыс болған. Аға сұлтандыққа Шоқан Уәлихановпен түсіп, сайлау барысында Шоқан аға сұлтандықтан бас тартып, оған жолын берген. Бұл туралы Ақтөбе өңірінде өмірге келіп, Ленинградта оқу бітіріп, Жезқазғанның алып шахталарында еңбек етіп, Жезқазғанның жырын жырлап, Ұлытаудың ұлы даңқын асқақтатып, сол арқылы өзінің соңына да мәңгілік із қалдырған, бірнеше өлеңдер жинақтары мен аса құнды тарихи-танымдық кітаптар шығарған Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» атты қос томдық еңбектің бірінші томында жазады. Бір еңбегінде үлкен ғалым Шоқан: «Ұлытау жерін мекендеген аса күшті, халық саны да өскен, бай Бағаналы руын басқарған Ерден Сандыбайұлы – өте ықпалды феодал», – деп мойындаған екен. Ұлытау тарихын зерттеуде өлшеусіз еңбек сіңірген Қуаныш Ахметов Омбыдағы архивтерде сақталған деректерден мұндағы бекіністің 1843 жылы салынғанын дәлелдеп берді. Ұлытау елді мекенінің іргесінің қашан қаланғандығын іздей жүріп, Қуаныш Ұлытаудың асыл перзенті Ерден Сандыбайұлының ер мінезін, ерлік істерін паш етіп, ол туралы аталған кітапта кеңінен әңгімелейді.
Ерден орыс билеушілерімен дипломатиялық қарым-қатынас орната алған, ол тіпті аға сұлтан болмай тұрған кездің өзінде Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыру рәсіміне делегат боп шақырылған. Орынбор, Омбы губернаторларымен де, сондай-ақ қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Кенесары ханмен де тіл табысып, өзінің дипломатиялық қасиеттерімен де ерекшеленген биік тұлға. Ерденнің Кенесары қаhарынан ықпай өзін лайықты ұстауы атасы батыр Төлектен, әкесі Сандыбайдан жұққан тектілікте жатса керек. Ел мен жерді сыртқы жаулардан қорғауда ерекше көзге түскен Сандыбай құрметіне бағаналы баласының жауға шабардағы ұраны – Сандыбай болып бекітілген дейді ел аузындағы аңыздар.
Содан да Бағаналының төрт босағасының бірі болған Сандыбайдың есімінің жанында батыр сөзі қоса жүретіні. Шегір биді – би, Қадірді – пір, Бабырды – мырза деп санаған маңайындағы жұрт. Осындай атақ-абыройлары асқақтаған төрт босағаның жарқын бейнесін бүгінгі ұрпаққа таныстырып, өз заманындағы ел қамын жеген ерлердің күрескерлік, азаматтық кескін-келбетін айшықтап, оқырмандардың дүниетанымын кеңейте түсу, оларды лайықты ұлықтау – болашақтың ісі.
Бағаналының төрт босағасы – Ұлытау аймағының ғана емес, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың төл тарихының төрт құбыласын түгендеуге септігін тигізеді. Ұлтымыздың ұясы Ұлытау өңірі исі қазақтың барлығының тұтастығының алтын діңгегі болған ғой. Елбасымыз жоғарыда аталған мақалада «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының керектігін айта келе, «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадына біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп жазды. Осы жалпыұлттық қасиетті орындар «... неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп атап көрсетті. Өз басым Елбасының 1993 жылы Ұлытаудың қақпасы болып табылатын Айыртаудың етегінде мемлекеттің тұтастығы мен халық бірлігінің Монументі қойылатын орынды белгілеуінің тікелей куәгері болғанымды ризашылықпен еске аламын.
Саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алған еліміздің енді солармен қатар рухани жаңғырудың бағдарламасын жүзеге асыруға еселенген жігермен кірісетіні анықталған сәтке де келгенімізге де қуанамын. Ұлттық санамыз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу» деген екен. Ендеше, ұлтымыздың ұясы атанған Ұлытау өңірінің тарихы да кең байтақ Қазақстан тарихының қасиетті бір бөлшегі ретінде еліміздің игілігіне қызмет жасаса игі. Бізге Елбасының маңызды жобаларының бірі «Туған жерді» жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдырып, халқымызды, әсіресе жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулу үшін тер төгуімізге тура келеді.
Сәбит БАЙДАЛЫ,
журналист, алаштанушы
qazaquni.kz