ТҰЛПАРДАН ҚАЛҒАН БІР ТҰЯҚ немесе АЛМАС ТІЛЕНДИЕВТІҢ БАЛАСЫ МА?
2017 ж. 31 наурыз
11322
11
«Баянауылда композитор Нұрғиса Тілендиевтің баласы бар екен. Жоқ, баласы емес, жай туысқаны екен» деген әңгімені ертеден құлағымыз шалып жүретін. Бірақ ағайынның алыпқашты сөзінің бірі шығар деп мән бере қоймайтынбыз. Мән бермеген себебіміз – бар ғұмыры Алматыда өткен Нұрғиса Тілендиевтің баласы Баянауылда қайдан жүр, баласы болса, неге көзі тірісінде өзінің жанына көшіріп алып кетпеген деген секілді пендеуи сауалдар бой көтеретін. Сөйтіп жүргенде бізбен ол кісілердің өздері хабарласты. Осыдан кейін Керекуде тұратын Тілендиевтердің отбасына ат басын бұруға тура келді.
Өзін «Нұрғисаның баласымын» деп таныстырған және Алмас-Алкен секілді екі бірдей есімге ие болып жүрген ағамыз жетпістің желкесіне шықса да, өңін бермеген, қапсағай денелі, сымбатты адам екен. Жасында нағыз қыз қызығатын жігіт болғаны байқалып тұр. Бұл кісінің азан шақырып қойған есімі Алмас көрінеді, бірақ бір себептермен құжатқа Алкен деп жазылып кеткен. Кейін тілге жеңілдеу болғандықтан ба, ел іші Алик деп атайтынын білетінбіз. Алекеңнің аса көп сөйлей қоймайтын сабырлы, біртоға адам екенін байқадық. Сөз саптасынан орыс мектебінде оқығаны да білініп тұр. Қайта ол кісінің зайыбы Галина апай әңгімешіл екен, біраз жайдың басын қайырып тастады.
Галина Дайырбекқызы – Ерейментау жерінің тумасы. Сонау бір замандарда қан майданның қақ ортасында болып қайтқан Дайырбек атты Ерейменнің қазағы елге ораларда Мәскеуде трамвай айдап жүрген орыстың Софья есімді бір аруын жетелей келіпті. Кейін ел іші бұл кісіні қазақшалап Сара атандырып жіберген екен. Бар өмірі қазақ ауылында өтіп, үлкен бір әулеттің анасы атанған Сара апай дүниеден бертінде өткен.
– Анам орыс болғасын ба, Нұрғиса атамыз Баянауыл еліне келгенде мені нұсқап: «Осы келінім орыс болса да, баланы қазақша табады» деп әзілдейтін, – дейді Галина апай.
Алекеңмен әңгімеміз «Неліктен осы уақытқа дейін үн-түнсіз жүрдіңіздер?» деген сауалдан басталған.
– Менің мақсатым қайткенде де Нұрғисаның баласы екенімді дәлелдеп, атағымды шығару емес, бауырым, – дейді Алмас ақсақал. – Жетпістің жотасына шығып отырмын, соңымда өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Балаларым кейде «біздің атамыз кім?» десе, жауап бере алмай қиналып қаламын. Төлқұжатта менің тегім «Тілендиев Алкен Қаймолдаұлы» деп жазылған. Қаймолда – Нұрғисаның туған ағасы. Ұлы Отан соғысында қаза болған. Мен ол кісі өмірден озғаннан кейін жеті жылдан соң дүниеге келдім. Анамыз аруақ ұмытылмасын деді ме екен, әйтеуір, мені сол кісінің атына жаздырыпты. Ал енді «неліктен соншама жыл бойы үнсіз жүрдіңіз?» деген сауалыңа келсек, оның да толып жатқан себебі бар. Мұны кезінде анам Фатима да қолдай қоймады және біз де жас болдық, қартаямыз, тегімізді іздейміз деп ойладық па? – дейді Алмас аға. Енді оқырмандарға түсінікті болу үшін сәл шегініс жасайық. Алмас ағамыздың анасы Фатима Байтасқызы – Баянаула-Қызылтау жерінің тумасы. Сүйегі – Сүйіндік-Құболдының ішінде Күлік атасынан, Мәшһүр-Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов секілді белгілі адамдармен аталас. Фатима апамыз сол уақытта әйелдер арасында сирек кездесетін заңгер мамандығын алып, көп жылдар өз елімізде, қырғыз жерінде судья, адвокат болып қызмет істеген. Соғыстың алдында Алматыда Нұрғисаның туған ағасы Қаймолда деген кісімен кездесіп, тұрмыс құрады. Екеуінен Лариса атты қыз туған. Лариса апай қазір Екібастұз қаласында тұрады. Фатима Байтасқызы 1919 жылы туған, Нұрғисамен жас айырмашылығы алты жыл.
Бұл жөнінде Алмас ағамыздың зайыбы Галина Дайырбекқызы былай деп әңгімелейді:
– Нұрекең майданнан оралған соң, ол кісінің анасы Салиха шешеміз, біздің Әлекеңнің анасы Фатима – барлығы Алматыда екі бөлмелі үйде бірге тұрған екен. Нұрекеңнің де, Фатима анамыздың да қылшылдаған жас кезі, екеуі де ет пен сүйектен жаралған пенде баласы. Сондықтан қайны мен жеңгенің арасында ұнатушылық болған шығар. Одан бөлек, қазақтың әмеңгерлік салты бар, басқасы бар дегендей. Бұл қазақ өмірінде жиі кездесетін жағдай. Сондықтан оған бүгінгі заманның көзімен қарап, басқаша баға беріп, теріс пікір білдіру дұрыс емес деп ойлаймын. Дегенмен Фатима анамыз өнер жолында жүрген қайнысының аяғына тұсау болмайын деген шығар, кейін әрқайсысы өмірдегі өз соқпағымен кетеді. Сол бір жылдардың белгісіндей өмірге мына ағаң келіпті. Атын Алмас деп Нұрекең атамыз өзі қойған екен. Кейін құжат алғанда Алкен болып жазылып кеткен.
– Қызық екен, сонда сонша жыл жүріп Нұрекең өз кіндігінен жаралған балаға қалайша іштартпаған? Ол кісіге осыны тұспалдап болсын білдірмедіңіздер ме?
– Нұрғиса атамыз оны өзі де сезетін еді, бірақ ашып айтпайтын. Баян еліне келген сайын «мынау менің балам, мынау келінім, мыналар немерелерім» деп, ылғи да бізді басқаларға солай атап жүретін. Мен ара-тұра Фатима анамыздан: «Неге ол кісі бізді балам, келінім дейді?» – деп сұрайтынмын. Сонда анамыз: «Айтпай көрсін!» – деп қысқа ғана қайыратын еді, басқа ештеңе демейтін. Бір жылы Нұрекең Қарқаралыға гастрольге келгенде арнайы машина жіберіп, анамыз бен Әлекеңді сонда алдырғаны да бар. Үлкен ұлымыз Тимур туғанда Нұрекең оны «өз бауырыма салып алам» деп сұраған еді. Бірақ ол кезде жастау болдық, ненің мәнісін түсінеміз, жасыратыны жоқ, бергіміз келмеді. Кейін мына Әлекең Алматыға білімін жетілдіруге барғанда Нұрғиса атамыз оны қасына ертіп алып, өзінің туған жеріне, ата-бабаларының басына апарып, арнайы аралатыпты. Қан жақындығы болмаса, сөйте ме? – дейді Галина апай.
– Ең қызығы, – дейді әңгімесін әрі қарай жалғаған Галина Дайырбекқызы, – бұдан 3-4 жыл бұрын осы мәселені қолға алған соң, Нұрғиса атамыздың ғұмырбаянымен, шығармашылық жолымен жақынырақ танысайын деп кітапханаға барғанмын. Ондағылар қолыма «Қаһарман Нұрғиса» атты кітапты ұстатты. Әлгі кітаптың бас жағын парақтап көрсем, алғашқы беттерінде Халық Қаһарманы атағын алған соң, атамыздың атына келген көптеген жеделхаттар басылған екен. Осыларды оқып отырып мына бір құттықтауды көргенде таң-тамаша қалдым. «Ата! Сізді Халық Қаһарманы атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз. Өзіңізге денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Тілендиев Алмас жанұясы, немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан» депті. Біздің тарапымыздан мұндай құттықтау болған жоқ. Басқа біреу жіберді деудің тағы реті келмейді. Тағы бір таңғаларлығы, балаларымыздың аттарына дейін түгендеп жазған. Ақыры ойлана келе, осыны Нұрғиса атамыздың өзі жазып кеткен шығар деп түйдік. Түбінде ұрпақтарым бір тауып алып оқыр және былайғы жұрт Нұрғисаның соңында да еркек кіндік тұяқ бар екен десін деген секілді. Осының анығын білейік десек, кітапты құрастырушы, жазушы Серік Әбдірайымов та о дүниелік болып кетіпті, – деп тағы бір әңгіменің бетін ашты Галина апай.
Қырық жыл Баянауылда тұрған Алмас ағамыздың негізгі мамандығы энергетик екен. «Бар ғұмырым сол салада өтті» дейді өзі. Бірақ арнаулы білімі болмаса да, кез келген музыка аспабында емін-еркін ойнай береді екен.
– Музыкаға бала жасымнан құмар болдым, бірақ, неге екені белгісіз, өнер жолына түсуімді анам құптай қоймады. Әскерде жүргенде үрмелі аспаптар оркестрінде тормбонда ойнадым. Қазір де аккордеоным мен гитарам қолымнан түспейді, – деп қояды сөз арасында Алмас аға.
Сөйтіп, өздерінің Нұрғиса секілді ұлт мақтанышының тікелей ұрпақтары екенін дәлелдемек болған Алмас Тілендиевтің отбасы 2015 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тура өзіне хат жазады. Бұл хат белгілі бір себептермен Алматы облысының бұрынғы әкімі, бүгінде мәжіліс депутаты Серік Үмбетовке жетсе керек. Серік Әбікенұлы дереу Әлекеңнің отбасымен өзі хабарласып, ақыры барлығы Астанада жүздеседі. «Ол кісі Әлекеңді айтқызбай-ақ бірден танып, «ағадан аумайды екенсіз» деп құшағына алды», – дейді Галина апай.
Алекең мен Галина апай бұнымен тоқтамай, сол жылы Алматыға барып, Нұрекеңнің басына зиярат етеді. Сол жердегі мұражайдың қызметкері Сымбат деген келіншек те «Нұрғиса ағаның Кереку-Баян жағында бір ұлы бар екен» деген сөзді естіп жүргенін айтады.
– Арнайы бет бұрып шыққан соң, Нұрғиса Тілендиев атындағы ауылға да бардық. Мешітке кіріп, елде үлкендерден кім бар деп сұрап едік, бізді жасы 80-нен асқан бір кейуанаға алып барды. Аты Ұмытшақ екен, амандасып, жөн сұрасқаннан кейін Әлекеңе қарап: «Е, Нұрғисаның Павлодар жағында бір ұлы бар деуші еді, сол сен екенсің ғой», – деді әлгі кісі. Шынын айтсақ, таңғалдық, – дейді Әлекең мен Галина апай.
Алмастың Нұрғисаның баласы дегенді растайтын тағы бір дерек. Қайсыбір жылы Семейден Керекуге Әлекеңді іздеп Серік Манаев деген адам келіпті. Сол уақытта ол Семейде музыка колледжінің директоры екен. Серік те Алмас-Алкен жайлы әңгімені бір кездерде Нұрекеңнің өз аузынан естіп, соның анығын білмекке әдейі келгенін айтады. Біз осы мақаланы жазарда Семейге телефон шалып, Серік Манаевпен хабарласқан едік.
– Мен бір кездері Баянауылда музыка мектебінде сабақ бергем, Алкенді сол уақыттан білемін және бір баласы менде оқыған. Фамилиясы ұқсас болған соң, кей уақытта Әлекеңнен «Тілендиев саған кім?» деп сұрайтынмын. Сонда орысша оқыған ол «Нургиса – мой брат» дейтіні есімде. Кейін мен Семейге ауысып кеттім. Әлі есімде, 1989 жылы «Отырар сазымен» Нұрағаң Семейге келді. Оркестрде менімен бірге оқыған жігіттер бар, соларды үйге шақырып қонақ еттім. Ертеңінде достарымның қонақүйдегі бөлмесіне барып әңгімелесіп отыр едік, Нұрғиса ағамыз кіріп келді. Ана екі жігітке тапсырма беріп бір жерге жұмсады да, өзі де бөлмеден шыға берген. Сол кезде қай сайтан түрткенін білмеймін: «Аға, мен Баянауылда тұрғанмын, Алкенді білемін», – деп қалдым. Қалт тоқтаған Нұрекең артына бұрылмастан мені жақсылап тұрып бір боқтап алды: «Міне, тағы бір әкеңнің аузы... табылды!» Ол кісінің мінезін білем, жақсы көрсе бір боқтап алатын. Сөйтіп, содан сол жерде Нұрағаңмен біраз сөйлесіп қалдық. Дәл кетерде ол кісі сұқ саусағын аспанға безеп: «Есіңде болсын, Алкен – менің балам», – деген еді. Бірақ ол кезде жастау кезіміз, ол сөзге мән бере қоймадым, бірақ көкейімде жүретін. Ақыры Нұрағаңның сол бір сөзі ойдан шықпай қойған соң, Алкенді іздеп Керекуге арнайы барғаным сол еді, – дейді Серік.
Сонымен, Керекудегі Тілендиевтер отбасы жайлы азғана әңгіме осындай. Оны кімнің қалай қабылдауы, әрине, әркімнің өз еркінде. Біреулер бас изеп мақұлдар, енді біреулер басқаны қойып, Нұрғисаның аруағын мазалауға айналдыңдар ма деп теріс пікір айтар. Біздің де мақсатымыз Алмас-Алкеннің қайтсе де Нұрғисаның баласы екенін дәлелдеу емес. Өздері өтініш еткен соң қағаз бетіне түсіріп, елдің назарына ұсынып отырмыз. Бірақ зерделей қарасақ, бұл Тілендиевтер әулетіне ғана қатысты оқиға емес. Бұл – осыдан 72 жыл бұрын күркіреп өткен қанды соғыстың әлі де болсын аяқталмай келе жатқан трагедияларының бірі. Қаймолда қанды соғыстың алғашқы күндері Брест қамалында қаза болмай, аман-сау елге оралса, бұл секілді бастауы беймәлімдеу әңгіме бүгінге жетпес еді. Дегенмен осы бір дүниені жазуға тура келді. Оны біреу түсінер, біреу түсінбес...
Сайлау БАЙБОСЫН,
Дереккөз: Жас Алаш