Тар жолда да талантын ұлтына арнаған тарлан
2017 ж. 29 наурыз
4944
1
Алматыда 25 наурызда көрнекті жазушы, кинодраматург, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың 70 жасқа толуына байланысты мерейтойы аталып өтті.
Жоғары деңгейде өткен мерейтойда Смағұл Елубайдың 70 жасқа толуына арналған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалин де Елбасының Смағұл Елубайдың басты шығармасы, ағылшын, түрік тілдеріне аударылған, 1932 жылғы аштық пен 1937 жылдардағы қанды қасіреттің шындығын көркем суреттеген "Ақ боз үй" романын оқығандағы жақсы әсерлерін жазған хатымен таныстырды.
КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов, әдебиет пен өнердің белгілі тарландары Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Нұрғали Нүсіпжанов, Арнольд Арцишевский, Иранғайып, Сатыпалды Нарымбетов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Мәкіжанов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, белгілі кәсіпкер, меценат Ұзақбай Айтжанов, ПЭН клуб төрағасы Бигелді Ғабдуллин, Смағұл Елубай сценариін жазған "Қазақ хандығы" сериалының режиссері Рүстем Әбдіраш, және т.б. құттықтауларын жеткізді.
Белгілі ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Исаның сөзі ел ықыласына бөленді. Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашевтың сәлемін жеткізген ол "Ақ жол" партиясы тағайындаған ("Қазақ тарихшылары қауымдастығымен" бірге) "Қазақ хандығына 550 жыл" мерекелік медалын жазушының төсіне тақты.
- Біз оқып өскен Смағұл Елубай ағаның "Ақ боз үй" романы қазақ әдебиеті қазынасына қосылған сүбелі дүние. Бұл шығарма көркемдік деңгейінің жоғарылығымен қатар кешегі кеңестік тоталитарлық кезеңде, қылышынан қан тамған империя кезінде жазылуының өзімен де құнды шығарма. Тар жол, тайғақ кешуде тарландар ғана талантын еліне арнап, ұлтының сөзін сөйлеп, мұңын жырлай біледі. Сонау зұлмат пен зобалаңдағы, аштық пен қастықтағы "Ақ боз үй" бүгінде Ақордалы Қазақстанға айналып, Тәуелсіз елдің Көк туы көгімізде желбіреп тұр. "Қазақ хандығы" тарихи сериалының сценариін жазған Смағұл ағамыздың "Қазақ хандығына 550 жыл" медалын алуы - марапат нағыз иесін тауып отыр деген сөз! Смағұл ағамыз қандай сыйлық, марапатқа болса да лайықты. Қазір зиялы қауымның сыналар шағы - ұлттық ұпайымызды түгелдер кезде білінеді. Осындай сын сәттерде біз Смағұл ағамызды алдымызға салып жүреміз. Кеше ғана мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру туралы еліміздің 115 зиялы қауымы қол қойған Ашық хат көптеген БАҚ-тарда жарияланып, Конституциялық реформаға байланысты комиссияға түсіп, Елбасының қолына тиді. Осы Ашық хатты дайындау кезінде кейбір атақты қайраткер-қаламгер ағаларымыздың өзі тайқып кетіп жатқанда, қазір төрімізде отырған қазақ әдебиетінің классигі, атақты абызымыз Әбдіжәміл ағаның өзі бас болып, Дулат Исабеков, осы Смағұл ағаларымыз қостап, үлкен еңбек сіңірді.
Жазушы Смағұл Елубайдың тойы - жалпы елдің тойы! Шабытыңыз шалқып, жұлдызыңыз жарқырай берсін! Ұлт мүддесі жолында қайратыңыз қарқындай берсін! Біз Сізге Алла жар болсын деп, Ақ жол тілейміз!
Сонымен бірге мерейтой иесін ректорлар, бірқатар республикалық БАҚ басшылары, киногерлер құттықтады. Өнер жұлдыздары ән-күйден шашу шашты.
Жазушының "Ақ боз үй" және "Қиямет-қайым ғасыры" романдары қонақтарға сый ретінде таратылды.
Бір сөзбен айтқанда жазушы Смағұл Елубайдың мерейтойы нағыз шығармашылық рәуіште өткен шырайлы шара болды.
С. ӘЛІ
qazaquni.kz