ХАДИША АПАЙДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
2017 ж. 24 наурыз
4848
0
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының кезекті «Театр көктемі – 2017» фестивалі Қазақстан және КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толуына арналды.
Ел руханиятының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан 91 жылдық тарихы бар қазақ өнерінің қарашаңырағы осымен 22-ші рет дәстүрлі фестивальді дүбірлетіп өткізді. Бұл жолғы шараның жөні бөлек. Өйткені, алты күнге созылған айтулы шара халықаралық межеге қадам басты.
Дәстүрлі «Театр көктемі – 2017» фестивалінің алғашқы күні Қазақстанның Халық артисі Есмұхан Обаев, Әуезов театрының басшысы Ерлан Біләл бастаған бір топ театр ұжымы көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып үлгерген, сахна саңлағы Хадиша Бөкеева мен оның өмірлік серігі Қазақстаның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі, режиссер, ұлағатты ұстаз Байғали Досымжановтың Кеңсайдағы зиратының басына арнайы барып, марқұмдардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң фестиваль бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатына ұласты. Кездесу аясында Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры Ерлан Біләл, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова, философия және өнертану ғылымдарының докторы, доцент, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы, Архитектура және өнер институты, «Театр, кино, телевизия» бөлімінің меңгерушісі Видади Гафаров, Грузиядағы Илья Сухишвили атындағы Мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы, театртанушы, сыншы, блогер Лаша Чхартишвили журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, ұлттық және әлемдік драматургиядан кесек рөлдер сомдаған көрнекті актриса Хадиша Бөкееваның көзін көрген әріптестері ол кісі туралы естеліктерімен бөлісті.
Асанәлі ӘШІМОВ, Халық артисі:
Катарина – Бөкеева шығармашылығының шыңы
– Хадиша Бөкеева сонау 1934 жылы Ленинград Мемлекеттік театр өнері техникумына(қазіргі Санкт-Петербург Мемлекеттік Театр өнері академиясы) біздің елден қабылданған санаулы жастың бірі. Ол екінің бірінің қолы жете бермейтін өнер ордасында В.Меркурьев, Л.Вивьен, И.Мейерхольд сынды ұлғатты ұстаздардан тәлім алды. Оқу бітірісімен алғашқы еңбек жолын Шымкент олыстық драма театрында бастады.
Оның сомдаған әрбір кейіпкері өзіндік ерекшелігімен дараланып тұратын. Негізінен, рөлді кез-келген адам сомдай алады. Бірақ кейіпкер жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мәселен, Хадиша Бөкееваның Шекспирдің «Асауға-тұсауында» Петручио – Шәкен Аймановпен ғажайып серіктестікте орындаған Катарина рөлі қайталанбас бейне. Катаринаны кім сомдаса да дәл Хадиша апамыз орындаған жоғары деңгейге жеткізе алмасы анық. Катарина – ол Бөкеева шығармашылығының шыңы. Хадиша Бөкеева қазақ өнерінде аты алтын әріппен жазылуға тиісті ұлы актриса.
Хадиша апа театр қабырғасында бізді көре қалса болғаны, тиісті ақыл-кеңесі мен сын-ескертпесін өте мәдениетті түрде сыпайылап жеткізетін. Мұның өзі бізге үлкен сабақ болды.
Видади ГАФАРОВ, өнертану ғылымдарының докторы:
Әріптестік байланысымыз үзілмесін!
– М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры басшылығының ұйытқы болуымен Қазақ еліне, атап айтқанда ару Алматыға қадам бастық. Келгелі бері қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болып жатқан жайым бар. Мұндағы жұртшылықтың өнерге деген ерекше ықыласы мен сүйіспеншілігі қатты таңдандырғанын да жасыра алмаймын. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы мәдени, рухани қарым-қатынас одан әрі жалғаса беретініне сенімдімін. Қазақ театрларынан біздің де аларымыз көп. Мұндай кәсіби тұрғыдағы іскерлік байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттырып, шеберлікті шыңдай түсуге жол ашары анық.
Лаша ЧХАРТИШВИЛИ, театртанушы, сыншы:
Қазақ театры салт-дәстүрін сақтауымен ерекшеленеді
– Мен Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет болғанмын. Қазақ мәдениетімен жете таныспын дей алмаймын. Әйткенмен біршама білемін. Қазақ театры өзіндік салт-дәстүрді сақтауымен өзге елдерден ерекшеленіп тұратынын атап айтуға тиіспіз. Сондай-ақ, қазақстандық театрларда режиссерлардың өз ойын жеткізуіне, жүзеге асыруына мол мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде театрдың дамуына септігін тигізетіні анық. Сонымен қатар, осындай ауқымды шараны жоғары дәрежеде өткізуге мұрындық болып отырған театр басшылығына алғысымды білдіремін. Фестиваль – бұл өнер мерекесі. Ендеше, мерекелеріңіз құтты болсын!
Байқауда бақ сынаған спектакльдер:
1. Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» (трагедия). Реж (Қ.Адылев). Ақан сері өмірінен жазылған Ғ.Мүсіреповтің бұл пьесасы қазақ драматургиясының классикасы. Қойылым Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббат желісіне құрылған. Спектакльде ескі мен жаңаның тартысы, махаббат үшін күрес, өткен замандағы өнер адамының бейнесі жан-жақты көрініс табады.
2. М.Омарова «Ақтастағы Ахико» (драма). Реж (А.Маемиров). Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы жасаған қойылым. Спектакль он бес жасында жазықсыз сотталып, КарЛаг түзету лагеріне түскен Ахико Тецуро атты жапон азаматының қиын да күрделі тағдырын арқау еткен. Қойылымда Ахико бейнесі арқылы ХХ ғасырдың орта шенінде нақақ сотталған Алаш азаматтарының және қазақ халқының кең мінезі мен бауырмалдығы да көрініс тапқан.
3. Р.Куни «Мани-Мани» (комедия). Реж(Е.Нұртазин), ауд(Ө.Мұқай).Әйгілі ағылшын драматургі Рей Кунидің күлкімен көмкерілген «Мани-Мани» пьесасы ғайыптан тайып метродан табылған бір чемодан ақшаның төңірегіндегі адамдардың әрекетімен өрбиді. Ақша үшін небір айла мен қулыққа барған кейіпкерлер көрерменін күлдіре отырып, ойландырады.
4. Қ.Мұраттың «Бақыт кілті» (драма). Реж (Е.Обаев). «Бақыт кілті» – қазіргі заман қойылымы. Қараусыз қалған алтын кенін игермекке бел байлап, кәсіпкерлікке бет бұрған Бауыржанның мақсатына жету жолындағы күресі, кедергілер арқылы спектакль мазмұны ашыла түседі. Сәтті таңдалған музыка, спектакль атмосферасын анық беретін декорация бәрі де көрерменін оқиға ішіне енгізеді. Әрі бұл спектакль Елбасының кәсіпкерлікті қолдау, жемқорлықпен күресу туралы бастамаларымен де үндес.
5. М.Омарова «Көмбе нанның дәмі» (драма, прьемера). Реж (А.Кәкішева). Қойылым түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылымның айтар ойы – кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады. «Көмбе нанның дәмі» – елімізде өтетін «ЭКСПО – 2017» – Халықаралық көрмесіне арнайы жазылғанын айта кеткеніміз жөн.
Сондай-ақ, өзіндік жұмыс ретінде Ж.Кокто мен Ф.Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы қатысты. (Реж. Рүстем Жаныаманов пен Асхат Маемиров).
Қазылар алқасына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай төрағалық етті. Сондай-ақ, бұл құрамды өнертану кандидаты, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәния Қабдиева, өнертану докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрпейіс Бақыт, өнертану докторы, блогер, Лаша Чхартишвили (Грузия), философия және өнертану ғылымдарының докторы, доцент Видади Гафаровтар (Әзірбайжан) толықтырды. Қазылар құрамында шетелдік театр мамандарының болуы байқауға қатысқан спектакльдерге өзгеше қырынан қарауға, жаңаша сараптап саралауға жол ашқанын айта кетейік.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Анар Еркебай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, доцент Аманкелді Мұқан, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Әдебиет бөлімінің меңгерушісі», Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежановалар сыншы ретінде өз көзқарастарын білдірді.
Актер – қашан да сахнадағы негізгі тұлға
Жер-дүние жаңаратын көктемнің жаймашуақ сәтімен тұспа-тұс өткізілетін Әуезов театрындағы жыл сайынғы дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің ауқымы жылдағыдан кеңейе түскендігін аңдадық. «Хадиша Бөкеева және бүгінгі актерлік өнердің өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция осы сөзіміздің дәлелі. Жиын барысында өнертану саласының майталман мамандары конференция тақырыбына сай түрлі баяндама жасап, өнер саласында туындаған көптеген мәселелердің түйінін тарқатуға тырысты.
«Хадиша Бөкеева және заманауи театрдағы актер тұлғасы» атты тақырыпты тарқата түскен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл: «Қазіргі таңда көптеген спектакльдердің идеялары мен сюжеттері айқындала түсуі үшін заманауи иновацияларды, яғни кең экрандық 3Д, 4Д технологияларды пайдалану үрдісі кең етек жая бастады. Мұндағы мақсат: қойылымдардың көркемдік деңгейін көтеріп, көрерменге әсер ету сапасын арттыру. Дегенмен, жаңа технологияларды қолданамыз деп актер өнерін кері ысыратын тенденция белең алып, бұл құбылыс жанды өнерге деген жанашырлықты азайтып жібере ме деген қорқыныш та бар екенін жасыра алмаймыз. Бүгінгі сахна өнері өз көрерменін, әсіресе жас ұрпақты жаңа технологияларға емес, адам баласының биік мұраты мен асыл армандарына актерлық өнер биігіне таңғалатындай жағдайда жеткізу жолында еңбектенуді жазсын деп тілейміз. Қорыта айтқанда, жаңа технологиялар сахнадағы зор мүмкіндік қана емес, ол екінші жағынан актердың өз-өзіне үлкен талап қойып, сол жоғары талаптың негізінде жүйелі жұмыс істеуге жетелейтін құбылыс. Өйткені, актер қашан да сахнадағы негізгі тұлға», – деп жаңа технологиялардың театр өнерінің дамуына тигізетін ықпалына кеңірек тоқталды.
Апта бойына созылған ауқымды шарада театрдың «Сырласу» клубы өнер иелерімен кездесу ұйымдастырды. Атап айтқанда, көзі тірісінде аңызға айналған тұғырлы тұлға Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі Нүкетай Мышбаева, театр қайраткері, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіптер көрермендермен жүздесіп, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Сырласудың» қонақтары өз мамандықтарының қиыншылығы мен қызықшылығын атап көрсетіп, жүрек түкпіріндегі сырларымен бөлісіп қана қоймай, әуелете ән шырқап, кеш шырайын кіргізе түсті. Көрермендер осындай шырайлы кездесулердің арқасында қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өнер ордасының тыныс-тіршілігімен толығырақ танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, шараға белсене араласқан қатысушыларға Асанәлі Әшімовтің қолтаңбасы қойылған кітаптар тарту етілді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жолғы фестиваль бұрынғылардан өзгерек болды. Шетелдік театр мамандары: Видади Гафаров «Постдрамалық театрға дейін және кейінгі актерлік өнер», Лаша Чхартишвили «Қазіргі актерлік өнердің кейбір мәселелері» атты тақырыпта тереңірек сөз қозғап, шеберлік дәрістерін өткізді. Жан-жақты тәжірибе алмасуға құралған мұндай дәрістер актерлардың біліктілігін арттыруға ықпал етері анық.
Сахнадағы маңдай тер сараланған осынау сәтте «Балғын талант», «Тұсаукесер», «Үміт», «Сахналық ғұмыр», «Көрермен көзайымы», «Есте қалар кейіпкер», «Сахналық үйлесімді жұп», «Эпизодтық ер адам бейнесі», «Үздік эпизодтағы әйел адам бейнесі», «Сахналық ансамбль», «Үздік режиссура», «Үздік сценография», «Қойылымдағы тарихи бейне», «Екінші пландағы әйел адам бейнесі», «Екінші пландағы ер адам бейнесі» атты жүлделер өз иелерін тауып, арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, «Өзіндік жұмысы үшін», «Актерлық ізденістері үшін», «Шығармашылық ізденістері үшін» де тағы да бірқатар театр қызметкерлеріне мадақтама табысталды. Жүлдегерлердің барлығына дерлік қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Ал, «Үздік ер адам бейнесі» «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Ахико бейнесі үшін Дулыға Ақмолдаға берілгендігін айрықша атап өткіміз келеді.
Сонымен қатар, осынау салтанатты шара барысында Әуезов театрының жүйелі жұмысын белсенді түрде халыққа жеткізіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары: «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазақ» радиосы мен «Қазақ үні», «Айқын», «Түркістан» газеттерінің тілшілері «Театр және ақпарат» жүлдесімен марапатталды.
Алматы жұртшылығын думанға бөлеген дүбірлі шара барысында Хадиша Бөкееваның 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу кеші өтті.
Кешке Астанадан арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ең әуелі баршаңызды Ұлыстың Ұлы мерекесі – әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, Халықаралық театр күнімен тұспа-тұс келген «Театр көктемі – 2017» фестивалі құтты болсын. Былтырғы жылы өнердің абыз анасы Хабиба Елебекованың, биылғы жылы Айша Абдуллинаның 100 жасын сән-салтанатымен атап өттіңіздер. Ал бұл жолы осынау өнер мерекесін көрнекті актриса Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толуымен ұштастыра отырып өте жоғары дәрежеде өткізіп жатқандарыңыз үшін театр ұжымына алғысымды білдіремін. Мұны Хадиша анамыздың рухына тағзым деп білемін. Дәстүрлі шара алдағы уақытта бұдан да биік деңгейде өз жалғасын таба беретініне сенімдімін», – деді.
Думанды кеште Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың театр ұжымына деген арнайы құттықтау хаттары оқылды.
Фестиваль аясында актерлердің жыл бойына төккен тері мен еткен еңбегі ел алдында еленді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Хадиша Бөкеева» атындағы арнайы сыйлығын Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» спектаклі иеленді. Осынау туындыны көрерменге кәсіби түрде жеткізе білген ұжымға атаулы жүлде мен арнайы сый-сияпаттар берілді.
Ал, «Үздік актер» деп танылған Еркебұлан Дайыровқа Қазақстан Театрлар Ассосациясының атынан арнайы тағайындалған жүлдені театрдың абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов тапсырды.
Ал, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтың арнайы сыйлығы «Ақтастағы Ахико» спектакліндегі Ақтамақ бейнесі үшін Данагүл Темірсұлтановаға тапсырылды. Хадиша Бөкеева туған топырақтан нәр алып өскен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация мүшелеріне алғысын білдірді.
«Театр көктемі – 2017» фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне Астана қаласы Жастар театры, Корей мемлекеттік театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрларының ұжымдары да өз үлестерін қосты. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған осынау өнер мерекесі елдің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Іргетасы сонау 1926 жылы қаланған қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры күні бүгінге дейін халқымыздың рухани кемелдене түсуі жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді. Еліміздегі көптеген өнер ұжымдары өз бастауын осынау өнер ордасынан алатыны, осы театрға қарап бой түзейтіні де анық. Бұл театр ұжымына зор жауапкершілік жүктейтіні тағы бар. Өз кезегінде ұжым мүшелері де осынау үдеден шығу үшін аянбай тер төгіп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Театр көктемі» фестивалі биылғы жылы халықаралық деңгейге көтеріліп, ауқымы кеңейе түскені де көңіл қуантады.
Өнер шаңырағында ұлттық сахнамыздың негізін қалыптастырған Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов сынды сахна саңлақтарының сара жолын жалғаған таланттар шоғырының қалыптасып келе жатқаны көңілге зор қуаныш ұялатады.
Гүлмира САДЫҚ, Ысқақ САДЫҚ.
qazaquni.kz