Баспа өндірісін бар деуге бола ма?
2017 ж. 15 наурыз
7131
2
Еліміз өндіріс заманының алтын ғасырына аяқ басты. Өнеркәсіптің төртінші революциялық кезеңін қалыптастыру үшін Қазақ елін үшінші жаңғыру қажеттілігі жөнінде алдымызға орасан зор міндет қойылды. Яғни, таяу жылдары Қазақстан ғаламат өзгерістер алаңына айналады. Әр түрлі салада өндірістер бой көтеріп, қарқын үдеп, жүйелі түрде өнім өндірумен айналысатын боламыз. Бұл – қуанышты жайт. Себебі, мұнай бағасы құлдырағанда, қаржы дағдарысы қысқанда қалт-құлт етіп күн кешуге тура келді. Бізге тығырықтан шығаратын жалғыз жол – өндіріс, отандық өнім шығару.
Соның бір саласы – баспа өндірісі. Күнделікті өмірде нан қандай қажет болса, баспа өндірісі де соншалықты қажет. Бұл сала кешегі тарихымызда – соғыс жылдары, ашаршылық жылдары, репрессия жүріп жатқанда да тоқтаған емес. Қазір де, сырт қарағанда үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
Бірақ бір ғажабы, бізде баспа өндірісін бар деуге де, жоқ деуге де болады. Мәселен, оқулық кітаптар шығып жатыр. Егер оқулық шықпаса, мектеп, басқа да оқу орындары тоқтайды. Яғни, оқулық кітап өндірісі бар. Сол оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні де рас. Ақын-жазушылар мен ғалымдардың басқа да түрлі тақырыптағы кітаптардың 500, 1000 данамен, мемлекеттік тапсырыспен 2000 данамен шығуы Қазақстандай ел үшін шын мәнінде ұят нәрсе. Жалпақ тілмен айтсақ, масқара! Баспа өндірісін «бар деуге де, жоқ деуге де болады» деген сөз осыдан келіп шығады.
Ал енді осының себептерін «бір, екі, үш», – деп саусақпен санап көрелік.
Кеңес кезінде поэзия кітабы 30 000, проза 60 000, тіпті «Көшпенділер» 100 000 тиражбен шықты. Рас, о кезде баспалар көп емес еді. «Жазушы», «Қайнар», «Қазақстан», «Мектеп» деген сияқты бес-алты баспа болды. Сол баспалар 100 000 тиражбен кітап шығарып, бір ауданның табысын беретін.
Қазір нарық, тиын есептелетін заман. Атамекенінде сол қазақ тұрып жатыр. Кітапқа деген сұраныс, таралым, сол өндіріс қайда кетті?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономиканың барлық саласы тоқтады. «Шоковоя терапия» жасалды. Тек күнделікті өмірге қажетті ғана дүниелер шығарылды. «Кітап өтпейді», «кітап жетпейді» деген әңгімелер қоржынның екі басын да толтырды. Біз өстіп асып-сасып, абдырап жүргенде кеңес дәуірінен қалған баспа өндірісін де, оқырманды да жоғалтып алдық.
Әрине, «оқырман мүлде жоқ» деп айту күпірлік болар. Өзіндік нарық дәстүрі бар шаруашылық есептегі кітап өндірісінің кеңестік жүйесі жойылды, халықтың назары күнделікті күнкөріс қамына ауып кетті, оның үстіне ғаламтордың заманы да келіп жетті.
Қазір баспа өндірісінің әлемде заманға сай, озық технологиясы бар. Америка мен Еуропаның өркениетті елдерінде де кітап дүкендері бар. Бізде де ірі қалаларда кітап дүкендері жоқ емес. Бірақ нарық талабындағы баспа өндірісі сол бір жамбастап қисайған қалпынан еңсесін тіктей алмады. Қолымызды не байлап тұр? «Қазақстанның халқы аз. Сондықтан, кітаптың тиражы аз, ақтамайды деген» сәуегейлік бар. «Кітап – тауар, оны сатуымыз керек. Бес-алты жазушы болу керек. Солардың кітабы өте көп тиражбен сатылуы қажет» деген де теория бар. Тағы бір көзқарас – «кітап – идеология, там-тұмдап, бір екі мың данамен шығып тұруы қажет» дейді. Сөйтіп, баспа саласы өлместің күнін көріп жатқан жағдайдамыз.
Кітап көп тиражбен шығатын кеңестік дәуірде Қазақстанда қазақтардың саны қазіргіден әлдеқайда аз еді. Жалпы, кітап өндірісі бизнес пе, жоқ әлде өмір бойы бюджеттің мойнында отыратын идеологиялық қажеттілік пе? Бұл мәселенің басы толық ашылмай тұр. Бұл сұраққа анық жауап бере алатын адам бар ма? Мәселен, менің кітабыма ол «идеологиялық құрал екен» деп ақша беріп жатқан ешкім жоқ. Қазір кітап тұрмақ газеттерді ақтамайды деп шетінен жауып жатырмыз.
Елімізде түрлі салаларда өндіріс аяғынан тұрып келе жатыр. Тұралап қалған жалғыз сала – баспа. Себебі, баспа өндірісінде әлі күнге «жоғары мәртебелі» тендерге тәуелді болып отырмыз. Тендер деген мәселе абсурдқа айналып бара жатыр. Бірақ тендер болмаса осы кезде «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» деген газеттеріміз, бәлкім, шықпаған болар еді.
Кореяда ұран болды: «Жапонның мәшинесі артық. Бірақ біздің өз мәшинеміз болу керек. Қытайдың тамағы артық, бірақ өз тамағымызды ішуіміз керек. Батыстың киімі артық, бірақ өз киімімізді киуіміз керек!». Олар осылайша өздерінің өндірістерін дамытты.
Ешкі мен шошқаны бауыздағанда жан айқайы шығып, бақырады. Ал, қой үндемейді. Менің ойымша, қазақ халқының өзін өзі сақтау инстикті жоқ секілді. Отардың шетіне қасқыр тиіп жатқанда, шырқ иіріліп, қарекетсіз қарап тұратын қой секілдіміз. Мәселен, дүкендерде орыс тіліндегі кітаптар өтіп жатыр. Бірақ бір қазақ «қазақтың кітабын сатып алайық» деп айтпайды. Кітапты тегін сыйлар болсаң, қуана-қуана алады. «Айналайын, шығындалып кітап шығарыпсың, мә көрімдігің» деп бір мың теңге жанынан ешкім шығармайды.
Үкімет өндірісті мықтап қолға алды. Шағын бизнес, орта бизнес, инновациялық жобалар деген сияқты. Баспа өндірісінде осындай шаралар неге қолданбасқа? Бұл да бір кәсіптің түрі емес пе? Біз неге кітап саудасын ұйымдастыра алмай жатырмыз?
Алдымен бұл сұраққа жауап бергізбейтін, алдымызда қазақ тілі деген мәселе кесе-көлденең тұр. Бізде орыс тілді кітаптардың жағдайы едәуір жақсы. Мәселен, Елбасының кітаптары қазақ тілінде аз тиражбен шығады. «Сендерге осы да жарайды» деген сияқты. Орыс тілінде көп тиражбен шығады. Біздің қоғамдағы қазақ тілінің жағдайы осы. Ана тілінің айналасына көзге көрінбейтін бір шеңбер сызылған секілді. Бәріміз сол шеңберден шыға алмай жатырмыз. Енді біраз жылдан кейін ағылшын тілді кітаптар қаптайтын болар?..
Үкімет қазақ тілінің дамуына ықылассыз деген бір арам ой да қылаң береді. Алайда, олай деуге болмайды! Үкімет обалы не керек, 25 жылдан бері қазақ тілін сүйреп біраз жерге алып барды. Бірақ ең негізгі мәселе қолға алынбай жатыр. Мәселен, көшеде паралич болған бір адам келе жатыр. Денесі қалтырап, көзі аларып, аяғын аннан бір, мұннан бір басып, қолдары ербеңдеп келе жатыр. Сол адамның төрт мүшесі жазылып, жүріп кетуіне мидағы бір тамыр дұрыс істемей тұр. Сол тамырды дәл тауып, инемен түртіп қалсақ, әлгі адам қол-аяғын бойына алып жүгіріп кеткелі тұр. Міне, дәл қазір біз сол «тамырды» таба алмай жатырмыз. Елбасымыздан бастап қазақ тіліне барлығымыз жабылып қызмет істеп жатырмыз. Бәріміздің шырылдағанымызды қайтейін, ең негізгі мәселе жасалмай жатыр. Ол – қоғамдағы қазақ тілінің қажеттілігі. ХІХ ғасырдағы мұрағат деректерін ақтарып отырсаңыз «шалақазақ» деген термин жиі кездеседі. Өз басым тәуелсіздіктің ширек ғасырында қазақ тілін өз еркімен үйренбеген қазақтар енді үйрене қояды дегенге сенбеймін. Соларға «шалақазақ» деп ресми статус беру керек шығар. Мәселен, «оралман» деген сияқты.
Елбасы аты-жөніңді қазақшала деп қаулы шығарғалы қанша уақыт болды. Қазақтардың төлқұжаты әлі сол күйі тұр. Аты-жөнін қазақшалағандар саусақпен санарлық. Бұған кім кінәлі? Жоқ әлде Назарбаев әркімнің соңынан жүгіріп жүріп жаздыруы қажет пе? Біз не күтіп жүрміз? Үкімет қаулы шығарғанмен, талап етіп отырған ешкім жоқ. Алдымен төлқұжатты қазақшалауды жоғарыдан бастауымыз керек. Қаулы шығардың ба, міндетте! Біз қоғамға қажетті ең маңызды нәрселердің айналасында шапқылаймыз да жүреміз. Ең негізгі мәселе ұлттық, түп-тамырымызды таба алатын мектеп ашу қажет. Мәселен, Абайдың кітаптары қазақша көп шығып жатыр. Бірақ оның бәрі кітапханаларға таратылып жатыр. Сан жүзінде Абайдың қазақша шыққан данасы көп. Ал оның Сәтімжан Санбаев аударған қара сөздерінің орыс тіліндегі нұсқасы шыға салысымен пышақ үстінен үлестіріп алып кетеді. Бізде орыс тіліндегі кітаптарға деген сұраныс керемет. Ресей басылымдарының кітап дүкендерінде сықып тұрғаны осы. Яғни, бұл табиғи, нағыз сұраныс. Ал қазіргі айналысып жүрген шаруамыз, біздегі насихат, біздегі таралым, мемлекеттік тапсырыс – бәрі жалған көзбояушылық. Біздің кітап баспасы саласындағы істеп отырғанымыздың бәрі өтірік. Өзімізді өзіміз алдап отырмыз.
Мемлекеттік тапсырыс деген қазіргі нарық заманын алдау, көзбояушылықпен айналысу болып отыр. «Бізде кітаптар шығып жатыр» деген көзқарас қалыптастыру үшін ұйымдастырылып отыр. Біз даму дәрежеміздің түрлі салалары жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына есеп береміз. Бұл шаралардың бәрі сол үшін керек. «Қазақстанда сонша кітапхана, мұнша Мәдениет үйі, пәленше мектеп салып отырмыз, осынша кітап шығардық» деген сияқты.
Мәселен, отбасылық кітап. Кез-келген отбасында өзінің отбасылық тарихы жазылған кітап тұрса. Алдымен сол отбасы өзінің ата-бабаларының кім болғанын біледі, туған-туыстарының ішінде өнегелі адамдарды таниды. Мұның несі жаман. Бұл өзімізді өзіміз тану үшін, тәрбиелеу үшін керек емес пе? Екінші жағынан жүздеген мың тиражбен кітап шығып, өндіріс дамиды.
Қазақстанда қазір қазақтар 70 пайыз басымдылыққа иеміз.
Мәселен Трамп та, Путин де сондай-ақ өзге мемлекеттердің қайраткерлері – бәрі қазақша шығу керек. Бәрін қазақша сөйлетуіміз керек.
Кітап өндірісі – кәсіп. Мен осы кәсіппен айналысқым келеді. Қазіргі жүріп жатқан әдеби процестен хабарым бар. Осы кәсіпті бастау үшін не істеуім керек? Жұрт баспа кітап шығарады деп ойлайды. Баспа – шығармашылық ұйым. Кітаптың шығатын жері – баспаханада. Екеуі бірігіп еңбектенеді де кітап дүние есігін ашады. Қазіргі баспалар – қуыршақ баспалар. «Егемен Қазақстан» 200 мың тиражбен басылады. Осы бір газеттің орнына халыққа керекті қаншама газет шығаратын қаржы кетіп жатыр. «Егемен Қазақстан» шын мәнінде кеңселерде әкімдер көз жүгіртетін газет. Мен бұл аға газеттің ақшасын қызғанып отырған жоқпын. Нарық заманы бойынша «Егеменнің» тек Астанада емес, 14 облыста өзінің баспаханасы болу керек. Сол облыстардың бәрінде өзінің қонақ үйі, мейрамханасы болуға тиісті. Нарық үлгілерін біз үйреніп жатқан шетелде солай. Газеттің көлемі үлкен. Қосымшалары көп.Үкіметтен алып отырған қаражаты да жетерліктей. Оның қосымшалары да жазылу бағасына кіре ме? Бүкіл Қазақстанның телебағдарламаларын басқан жағдайда арналардан қаржы алғаны жөн. Ал егер осының бәрі жазылу бағасына кірсе, мен неге оған тағы ақша төлеуім керек?!
Баспа проблемаларын шешудің оңтайлы жолдары алғашқы он жылдықта, аяғымыздан тұрғанша жасалып, кейінгі он жылда нарыққа көшу керек еді. Баспагерлер өз қаражатымен газет-журнал, кітап шығаратын жағдайға жету керек еді. Сонда үні де таза болар еді. Тендермен отырған газеттердің барлығы тек әкімдер ғана көз жүгіртетін газет емес, бүкіл халық оқитын басылымға айналар еді. Кітап, газет-журнал өндірісі шын мәнінде нарық жолымен осылай дамыса. Мәселен, қазір мол табыс тауып жатқан баспалар, газеттердің кейбірі көзбояушылыққа бара ма деген күдігіміз де жоқ емес. Үкіметтен неғұрлым көп қаражат алып, сол кітапты шығаруға еңбек еткен адамдар емес, баспаны билеп отырған бір-екі адам көп қаржыны бір қарпып қалмай ма?! Ал біз: «Сенің мұның қалай, кісілік деген қайда?», – деп сұрауға ұяламыз. Себебі, таныс адамдар, заң орындарына шағыну – қанымызға сіңбеген қасиет.
Егер Үкімет қаржы құйылып жатқан «құбырды» жауып қойса, еліміздегі баспалар мен газет журналдардың көбі ертеңдері-ақ жабылып қалады. Тарап кетеді...
Ал біз сол баспа саласында нарық заңдылықтарын есепке алмай, екіұдай күй кешетіндейміз. Бойымыз бірте-біте өтірікке үйреніп келеді. Меніңше, біз «виртуально» өмір сүрудеміз. Отбасымыздан бастап, қазақ тілінің дамымай тұрғандығы бәрі алдамшы күн көріп отырғанымыздан.
Сонда кімді алдап отырмыз? Әрине, өзімізді өзіміз ғана! Біз нарық құбылыстарына нақты қараудың орнына, мәселен, баспа саласында өтірікті қолдауға мәжбүрміз. Себебі, тендерден айырылып қалсам, ертең күн көре алмай қаламын. Есірткіге тәуелді адам секілдіміз. Нақты өмір сүру жолдарынан гөрі Үкіметтің берген ақшасына уақытша болса да күн көре тұру керек. Бұл жағдай, бір жағынан, Кеңес өкіметіне деген сағыныш тудырып отыр.
Мен баспа саласының кәсіпкері болғым келеді. Тақырып көп. Бір тұлға туралы, болмаса тарихи кітап, не болмаса бір жазушының әжептеуір романын шығару үшін демеуші таптым. Қаржысы бар, мырза көңілді бір жігіт ақша берді. Қолжазбаны дайындап, баспахана шығындарын төлеп, 1000 дана кітап қолыма тиді. Елді шақырып тұсаукесер жасап, оларға тамақ беріп, әлгі кітапты тегін таратуым керек. Себебі, менің қалтамнан ақша шыққан жоқ. Бізде қазіргі жағдай шамамен осындай. Мен демеушіге ұсыныс айтсам. Біз нарықта өмір сүріп отырмыз. Осы кітапты сатайын. Түскен пайданы бөліп алайық. Ол келісті делік. Сол мың дана кітапты қайда апарам? Алматыдағы оншақты дүкенде Ресейден келген орыс тілді кітаптар сықып тұр. Менің кітабыма кім қарайды? Мен не істеуім керек? Қалай сатам ол кітапты? Кеңес дәуірі болса, бұлай қиналмаған болар едім. Онда шаруашылық есептегі өзіндік нарық жүйе бар еді.
Қазір оқулықтарды «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап» секілді баспалар шығарып жатыр. Ана жылы Жансейіт Түймебаев министр болған тұста 30 баспаның басшыларын шақырып алды. Кездесуде министрдің көмекшісі шамасы үш жүз кітапты әкеліп үстелдің үстіне қойды. Әр кітаптың ішінде жүздеген қағаз белгі салып қойған екен. «Мына кітаптың бәрін оқып шықтым. Ішінде қағаз тұрған жердің бәрі қате. Әр кітапта 200-300 ден қате бар» деді. Министр корректор болып отыр. Баспада корректор, редактор, аға редактор, бас редактор, арнайы редактор дегендер болу керек. Біз оқулық шығарып жатырмыз деп өзімізді өзіміз алдап жатырмыз. Біз білім беріп жатырмыз, интертақта сатып алып жатырмыз, компьютер сатып алып жатырмыз, Болон оқыту жүйесіне кіріп жатырмыз – осының бәрі Елбасы талабына сай ма? Мәселен, PHD докторларын дайындау үшін оларға кешегі кеңестік ғылым докторлары мен кандидаттары сабақ береді. Шәкірттер PHD доктор атанған соң әлгі ұстаздарынан «білімі жоғары» болып шыға келеді. Айлық жалақысы одан көп болады. Болмаса жоғары білімді кеңестік білім алған адамдар доктор болу үшін алдымен магистратураны қайта оқып шығуы керек. Бұл не масқара? Шын мәнінде, оларға сабақ беретін бүгінгі күннің магистранттарынан олардың білімі әлдеқайда жоғары. Біз кімді алдап отырмыз?
Менің шығарған кітабымның керек, я керек емес екенін айқындайтын нарық. Солай емес пе? Кітапты таратпай, жеткізбей жатып халыққа, көпке топырақ шашқандай болып отырмыз. Мен тұтынушыға әлі кітабымды жеткізе алғам жоқ. Оның керек не болмаса керек емес екені сонда ғана анықталмай ма?
Мұндай жағдайдың бәрін озық елдер бір кезде басынан кешірген болар. Онда кітап саудасының биржасы бар. Ол – баспа, жазушылар, оқулық жазатын адамдар, сатушылар, тасушылар – барлығының басы біріккен үлкен қоғам. Ең басты мәселе – кітап бағасы тұрақты. Кітап шыққан күннен бастап үш жылға дейін белгілі бір кітапқа сұраныс қанша артып тұрса да бағасын қымбат қоя алмайсың. Ал кітап өтпей жатса, бағасын төмендете алмайсың. Ол бағаны баспагердің де сатушының да өзгертуге құқы жоқ. Сатушының еңбегі сол бағаның ішінде тұр.
Қазақстан секілді жас мемлекетте баспа өндірісінің барлық саласы шаш етектен зиян болып, сондықтан, бұл салаға шын мәніндегі кәсіпкер аяқ баспай отыр. Бұл саланың идеология болатын себебі – Үкімет қорғамаса, тендер бермесе «Егеменнен» бастап барлығы жабылып қалады. Егер кітаптың бағасы тұрақты болса, осы салаға қатысты кәсіпкерлердің барлығының пайдасы мен кәсіпкерлер аузынан жырып беретін жарнамаға кететін қаржыға дейін ескерілетін кітап сауда биржасын ұйымдастырсақ деген арман санама сәуле береді де тұрады.
Тағы бір ащы шындық – біздің қолымызды мемлекеттік тапсырыс байлап тұр. Ал мемлекеттік тапсырысты жойсақ, баспа саласында бір күнде 1991 жылдағы жағдайға қайта айналып келеміз. Кітап та, газет те шықпай қалуы мүмкін. Қалалардағы мектеп балалары орысша сөйлейді, жоғары оқу орындарында орысша, теледидарды ашып қалсаң, радионы басып қалсаң – бәрі орысша. «Ұлттық арна» деп аталатын «Қазақстан» телеарнасы да Жаңалықтар редакциясының атын «КаzNews» қойып, «айды аспанға шығарды». Қысқасы, түрі қазақ, рухы орыс туысқандар өте көп болып тұрғанда қазақ тіліндегі кітап – екінші сортты тауар болып отыр елімізде. Жарайды, алдымен орыс тіліндегі кітаптарды басып шығаралық. «Есектің артын жусаң да мал тап» деген Абай атамыз. Алайда оны бүкіл Қазақстанға таратудың жүйесі жоқ.
Былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетін жағдай. Сонда не істеуге болады? Бұл саяси мәселе. Біз егер қазақ халқы өз елімізде 70 пайызға толсақ, өзге ұлттардың ішінде түркі тілдес ағайын елдер бар. Оларға қазақша оқу қиын емес. Өзге ұлттардың ішінде қазақша оқуға жыл сайын қызығушылық артып келеді. Сонда қазақ тілінде оқу мүмкіндігі елімізде 80 пайыз болғалы тұр. Сөйте тұра қазақ тілін тұтынушылық деңгейін көтере алмай отырмыз.
Қазақстандағы барлық аудандарды, шағын қалаларды қоса есептегенде 200 нүкте бар делік. Соның біреуінде кітап дүкені жоқ. Мен бағанағы 1000 кітапты сол 200 нүктеге үш данадан таратқанның өзінде жағдайдан шығып тұрмын ғой! Сол 200 нүктенің айналасында қазақстандықтардың жартысынан астамы тұрмай ма? Кітабымның қаншалықты қажет екенін сол аумақта тұратын тұтынушылар анықтамай ма?Үлкен қала тұрғындары қазақша оқымаса оған орыс тілді кітап ұсыналық. Ресейден шығатын кітаптардың «аяғы» жүйрік, жетіп келеді де тұрады. Оған тосқауыл бола алмаймыз. Кәсіпкерлер қап-қап кітапты шекараның ар жағынан тасып жатқанша, сұранысқа орай сол кітапты неге қазақстандық баспаханалар шығармайды? Бір ауданда орта есеппен 80 мың адам тұрады делік. Соның 800-і кітап сатып алғанның өзінде кітап тиражы әлденеше есе көтерілер еді. Енді менің ойымша, мемлекеттік тапсырыс деген қазіргі тұрған күйінен 90 пайызға азаю керек. Мемлекеттік тапсырыстың қарамағында 10 пайыз қалса жеткілікті. Сол 10 пайыз Елбасының Жолдауын, кітаптарын шығару керек, Үкіметтің саясаты, стратегиясы мемлекеттік қауіпсіздікке қажетті деген сияқты әдебиеттер шығуы тиіс. Қалған түрлі тақырыптағы кітаптар, мәселен, Абайдың, Әбіш Кекілбаевтың кітаптары неге мемлекеттік тапсырыспен шығуы керек?
Бизнес өкілдері бұл салаға келмей жатыр. Алайда көптеп шағын кітап дүкендерін ашу керек. Яғни, жергілікті әкімдердің қолдауымен, қадағалауымен ашылуы керек. Оның тетігі жергілікті әкімнің қолында болуы керек. Әзірге бір ауданға бір кітап дүкені жетеді. Сонда кітап халықтың алдына барады. Халық өзіне керекті кітаптарын өзі таңдап алады. Үкімет осы шараны жүзеге асырғанда ғана жыл сайын тендерлерге жұмсалатын қаржы үнемделер еді. Дүкен деген бір-ақ рет қаржы салатын шаруа. Ал еліміздің аудандарында бірде-бір кітап дүкені жоқ!
Үкімет баспаларды мемлекеттік тапсырыс деген тегін нәрсеге үйретіп алды. Қазір біздің баспалардың барлығы жыл бойы тендер күтіп, жем күткен балапан құсап аузын ашып отырғаны. Баспалар ізденуден, жұмыс істеуден қалып бара жатыр. Біз оларды жалқау деуден аулақпыз. Кітап нарығы қалыптаспаса олар қайтеді? Біз егер баспалардың арасында бәсекелестік тудырамыз десек, алдындағы тегін астауды алып тастауымыз керек. Шет елдердегі кітап биржасы деген сол. Алдымен аздаған тираж шығарылады. Ары қарай өтіп жатса, шығара береді. Кітап нарығы деген сол.
Кітап шығару – баспаның ісі. Баспагер нарықпен бетпе-бет келгенде, өз ақшасына оқулық шығарған кезде оқулықтың сапасы лезде жақсарады. Ал бізде бала кітапты алса да алады, алмаса да алады. Басыңды қатырып қайтесің. Ең арзан авторды, ең арзан шикізат тауып ал да шығара бер.
Ешкім аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Қонақ шақырып бір бөтелке арақ ішпесін, тойларға шығындалатын миллиондардың ішінен кітап сатып алатын ақша үнемдеп қалсын. Мысалы, ауылдарда су жоқ, ақша бөліп, су жеткізу керек. Бұл – өмір шындығы. Баспа саласында да осылай болу керек. Халықтың жаны шығып кетсе де айту керек. Келесі жылы тегін оқулық болмайды. Сатып алыңдар. Әлеуметтік аз қамтылған топтан басқасы – тонналап ет, сүт өндіріп жатқан адамдардың балалары неге тегін кітап алу керек? Сол кітапты бағанағы ауданда ашылған кітап дүкеніне түсір. Бағасын заңмен қадағала. Дүкен шаруасы дөңгеленіп, жандана бастайды. Сол ауданда тұратын халықтың бәрі оқулық кітап, кеңсе тауарларын алу үшін ауданға ағылады. Ауылдың жағдайы жылдан жылға жақсарып келді. Бұл жолда «Қазпоштаның» мүмкіндігін пайдалан. Енді бір бес-он жылда ауыл тұрмысы қаладан озады. Осылай бастау керек. Сонда кітап нарығы қалыптаса бастайды. Сайып келгенде, кітап оқып өскен буынның көзі тірі әлі. Жекеменшік кәсіп осылай дамыса керек! Аудан орталығындағы дүкен барлық баспамен байланыс орнатады. Яғни, кітап дүкендерін ашу керек! Үкіметтен көмек сұрау керек. Маған мемлекеттік тапсырыспен газет шығарып беріп отыр, оқулық шығарып беріп отыр, ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып беріп отыр. Енді кітап дүкеніне де Үкіметке қарап аузымызды ашамыз ба? – деген сұрақ тууы мүмкін. Кітап жартылай кәсіп, жартылай идеология. Үкімет жыл сайын тапсырыспен кітап шығаруға қаржы бөле бергенше көп болып қолға алып, аудан орталықтары мен шағын қалаларда бір рет дүкен ашып берсе және ол дүкен ертең сыраханаға айналып кетпеуін қадағаласа, кітап кең байтақ Қазақстанның барлық аймағына жетеді. Ар жағын әр автор өз бағынан көрмей ме? Сөйтіп көш жүре түзеліп, сұраныс бар кітаптардың тиражы өсіп, баспалар да байымай ма? Нарық сонда қалыптаспай ма? Нарық қалыптасу үшін мемлекеттік тапсырысты, оқулықтарды тегін таратуды жойып, сапалы және арзан жолмен кітап басуды ұйымдастырумен, оны таратумен, сатумен айналысу керек. Дүкен ашу оңай шаруа емес. Үкімет халыққа сиыр сатып алу үшін «сыбаға» деп айдар тағып, ақша беріп жатыр ғой! Сол сияқты баспа ісіне көмек неге болмайды? Жаңағы баспа өндірісін жүргізбей тұрған аурудың нүктесі осы емес пе?
Елбасы өз Жолдауында айтты ғой. Мүгедек жандарға көмек жасау керек деп. Қазір пойыздарда ылғи мылқаулар кітап сатып жүр. Осы кітап сатуды, баспа өнімдерін, газет-журналдар мен кеңсе тауарларын сатуға мүмкіндігі шектеулі жандардың жарамдыларын тартуға болады. Мына кеңсе тауары деген бизнесті қарап отырсақ, дүние жүзіндегі ең қымбат тауар бізде екен. Мынау қаламсап, фломастер дегендеріңіздің бәрі біздің мұнайдан шығады екен. Баспахана бояулары, Кеңсе тауарлары күнделікті өмірге нан секілді қажет нәрсе. Бұрын бір Алматыда бес дәптер шығаратын зауыт бар еді. Сабан – тегін. Қағаз шығар. Байқап тұрсақ тауардың қанша түрін өзімізде шығарамыз. Жұмыс орындары пайда болады. Жалпы, Қазақстанда кітап сатып алуға қажеттілік жоқ. Оның бәрін Үкімет өз мойнына алып отыр.
Сол оқулық сатып алуға барған адам дүкенде көздің жауын алып тұрған кітап сөрелеріне көзі түседі. Балалар әдебиеті, Абай да, Мұқағали да тұр. Ол Абайды сатып алады. Сонан соң сенің кітабыңды сатып алады, сонан кейін менің кітабымды сатып алады. Сөйтіп дәстүр қалыптасады. Ресейдің кітаптарын қараңызшы! Мыңдаған тақырыппен миллиондаған тиражбен шығып жатыр. Қазақстан қалаларындағы ірі кітап дүкендерін солар жаулап алды. Біз күннен-күнге орыс тілді батыс пен Ресей ақпараттарына тәуелді болып бара жатырмыз. Таяу арада ағылшынша тіліміз шығайын деп тұр. Қалай дегенмен де баспа өндірісін нарықтық жолмен қалыптастыру мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асуы мүмкін емес. Елбасы: «Жаппай жаңғырыңдар!» деді.
Баспа өндірісі саласын Үкіметте қарау керек. Ауруын жасырған өлетін болса, сонда бұл арада өлетін кім? Әрине, Қазақ!
Нұрлан Әбдібек,
Журналистер одағы
сыйлығының лауреты
qazaquni.kz