АХАҢ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
2017 ж. 15 наурыз
2883
0
Қазақтың қарапайым әрі қайсар қызы Райхан Сахыбекқызы туралы сөз етудің орайы енді келгендей, көктемнің шуақты күнінде жарық дүние есігін ашқан ол наурыздың тоғызы күні елу деген әлемнің табалдырығын аттады. Талай жылдан бірге жүрген әріптесі әрі замандасы, қасында жақын жүрген құрбысы ретінде мақалада мынадай мәселелерге нақты тоқталғанды жөн көрдім. Оның ең бастысы – Райханның соңғы жиырма-жиырма бес жыл көлемінде Алаш мұрасын зерттеумен, насихаттаумен, оның ішінде ахметтану мәселесімен тыңғылықты айналысуы, тұлғатану төңірегіндегі тынымсыз тірлігі мен риясыз еңбегі.
Үстіміздегі жылы Алашорда мен Алаш партиясының 100 жылдығы, Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығы аталып өткелі отыр. Осы айтулы күнді елдің алдымен еске алып, ертерек қамданып республикалық деңгейде аталу керектігін үкіметке жеткізушілердің бірі де өзі. Мемлекет және қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының туған мезгілі талай жылдардан бері көптеген еңбектер мен зерттеулерде «1870 жылдың 18 қаңтары немесе 1873 жылдың 28 қаңтары» деген сықылды әркелкі көрсетіліп келгені мәлім. Алайда, соңғы жылдарда Райхан Сахыбекқызының ыждағаттылығының арқасында тарихи тұлға Ахметтің өз қолымен жазылған өмірдеректері мен сауалнамаларына сүйене бастадық. Осылайша ағартушы ғалымның шын мәнінде, «1872 жылдың 5 қыркүйегінде өмірге келгенін білдік». Бүгінгі таңда ахметтанудың белгісіз беттері тың деректермен толығып, қайраткердің қилы өмір жолымен Райханның «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны (мұрағат деректері негізінде)» атты монографиясында таныстық.
Екіншіден, біз Райханды Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінің директоры ретінде білеміз. Ал, осы мұражайдың қалыптасу тарихында қилы жолдардан өткенін көпшілік біле бермейді. Мұражай 1993 жылы ресми ашылғанда еліміз тәуелсіздігін жаңа алған, экономикалық жағдайымыздың тұралаған шағы болатын. 1994 жылдың 25-қарашасында ҚР Әділет министрлігі Алматы қалалық Әділет басқармасына Ахмет Байтұрсынов атындағы қоғамдық қор ретінде тіркелгендіктен, үкіметтің қарауына көшпеді... 1998 жылы Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жұмысы дұрыс жүйеге енбеген мұражайға күрделі жөндеу мемлекет тарапынан жедел жүргізілді. Алайда, үкіметтен бөлінген 12 миллион теңгенің не ауызсуға, не жылу жүйесіне, не сыртын қоршауға жетпей қалғанына... ешкім де аса бас қатырып жатпады. Үкімет қоғамдық қорға сенді, қоғамдық қордың алғашқы құрылтайшысы әрі жетекшісі Самырат Мәшенұлы Кәкішев Ахаңа арналған салтанатты жиыннан бір жыл бұрын, Ахаңның қызы, заңды мұрагері Шолпан Байсалова апай төрт жыл бұрын бақилық болған-ды. Ал, бұл кісілердің ұрпақтары өз тіршіліктеріндегі қам-қаракеттен артылып, мұражайға белсенді жәрдем жасағандарын естімеппіз. Тек, Ахаңа арналған іс-шараларда жиені Айман Қабиденқызы Байсалова, жиеншарлары: Самат Ғалымжанұлы Бектемісов, Меруерт Бәкібайқызы Тыныбекова, немерелес шөберелері: Шынболат Назарұлы Әміров, Юлия Серікқызы Байтұрсынова, аталас туысы Амандық Шаймерденовтердің отбасыларын құрметті қонақ ретінде көрсек, қоғамдық қор басшысы Кәкішев Сергей Самыратовичтің (бұл кісі кейіндеу аты-жөнін Байтұрсынов Серік Самыратұлы деп өзгерткен) атына қанық болғанымызбен өзін кездестірудің сәті түспепті.
«Жыламаған балаға емшек жоқ» деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой! Райханды «осы мұражайдың тірлігі үшін тырбанумен келе жатқан директор» деп айтуға болады. Олай дейтініміз: «Ғалымның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында 1998 жылғы күрделі жөндеуден өтті» деп есепке кірген мұражай алты ай қыста жылу, тіпті ауызсу көрмеген, бірақ мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде нысандар тізіміне енген мекеме! «Жыртық үйдің құдайы бар» дейтін қазақ айтқыш қой. 2005 жылдары Мұражай-үйдің қалқайып тұрғанын көп көретіндердің қатары көбейіп, әне «жабылғалы жатыр, міне сүрілгелі жатыр» деген алашапқын сөз өрбігенде, жарғақ құлағы жастыққа тимеген де осы Райхан болатын! Райханның жанайқайымен бұл жәйтке белгілі әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы араласып, араша сұрауының арқасында, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов көмек қолын созды. Сегіз айға созылған құрылыс жұмысын тікелей қадағалауының нәтижесінде «ауызсу да кірді, жылу да берілді, сырты да қоршалды». Осы істерде Райхан Сахыбекқызы алашапқын болып жалғыз өзі жүгірумен болды, олай дейтініміз қоғамдық қорға қарайтын мұражай қарамағында ғылыми қызметкерлер болған емес! Себебі, айлық төлемейтін мекемеге кім тұрақтасын?! Осының бәріне «уақытша қиындықтар» деп қарап, ыстық-суығына төзген Райхан замандасымыз өзінің бар жалынды күндерін Ахаңның шығармашылық мұрасына ғана арнап қойған жоқ, қарулы ер азамат атқарар шаруашылық жұмыстарын да қара нардай көтеріп келеді.
Мұражай-үйдің «жыры» мұнымен де бітпеді. Жыл сайын, ай сайын басына қара бұлт үйіріліп коммуналдық қызметінің төлемдерін өтей алмайтын мүшкіл күйді де басынан өткеріп келеді. Осындай қысылтаяң күндердің бірінде мемлекеттік грант негізінде 2009-2010 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын насихаттауда кешенді шараларды ұйымдастыру» жобасы аясында үйді ұстаудың «жиналып қалған жылдық қарызын» әупірімдеп жүріп жапты. Академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің теңтөралығымен «Ұлағатты ұлт ұстазы» атты анықтамалық-көрсеткішті, Райханның өзі құрастырып жарыққа шығарды. Жобаға қатысушылардың көбі мұражай ахуалымен жақсы таныс болғандықтан, бірауыздан «қаламақыларын» өз еріктерімен мұражайдың түрлі коммуналдық шығынын жабуға келісті. Мұнан бөлек осы жоба негізінде «Ұлт ұстазы» атты 32 минуттық деректі фильм де көрерменге ұсынылды. Осының барлығына ұйытқы болып, өзінің негізгі кәсібі оқытушылығымен қатар, үйлестіре білген замандасымыздың еңбекқорлығына тәнтіміз.
Сонымен бірге, мұражай директоры Райхан Сахыбекқызының ауыз толтырып алғыс айтар ел азаматтары да жетерлік. Атап айтсақ, мемлекеттік қайраткерлер: Иманғали Тасмағамбетов, Кәрім Мәсімов, Гүлшара Әбдіхалықова, Бауыржан Байбек, Жасұлан Естенов, Ғалымжан Өтелбайұлы мұражай шаруашылығына; ғалым әрі лауазым иелері: Кенжеғали Сағадиев, Рахман Алшанов, Ғалымқайыр Мұтанов тәрізді ел азаматтары ахметтануға қолдау көмегін жасады. Мәселен, Рахман Алшанов А.Байтұрсынұлы атындағы алтын, күміс, қола медальдарды оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан мамандарға және ұжымдық еңбектерге беруді дәстүрге айналдырып, ахметтануды насихаттаудың өзіндік жолын қалыптастырды.
Мұражай жөнінде Бақытжан Байқадамовтың қарындасы, тіл жанашыры бұл күні тоқсанның үстіндегі Күнімжан апамыз былай дейді: «Никольский шіркеуі жанындағы азық-түлік, көкініс сауда базарына үнемі көлікпен барып-келіп жүретінмін. Бір күні қасымда Сұлтанбек деген немерем бар екеуміз жаяулатып, осы А.Байтұрсынұлы көшесімен көтеріліп келе жатсақ, баяғыда Ахмет атаны іздеп келген үйім, сән түзеп жарқырап қалыпты. Көптен бері қараусыз қалып, әбден тозығы жеткен үйдің жөндеуден өтіп жарқырап шыға келгеніне таңқалдым да, үйге бұрылдым. Келсем баяғы біз кірген бөлмеден адам дауысы естіледі, солай қарай бұрылғанымда, өңі Ахметтің қызы Шолпаннан аумайтын егде әйел шыға келді. Қуанғаным-ай, үйден Бадрисафа апа шығып келе жатқандай болды. Ол мені көрген бойы «Байқадамовасыз ғой» деді. Сірә мені Төкеме ұқсатса керек. Бір-бірімізді жыға танымасақ та қауқылдасып жатырмыз... Күнімжан апа осылай Ахаңның жиені Айман Байсалова мен ахметтанушы Райхан Сахыбекқызын осы үйде жолықтырып, жақын танысқан болатын-ды.
Бұл күні мұражайға бара қалсаңыз, Ахмет портреті бірінші залдың қақ төрінде «мұндалап», кісіні шақырып тұрады. Мен сол бейнеге қараған сайын, Ахмет атаның өзін көргендей әсерге бөленемін. Өйткені, ол кісіні алғаш көргенде тура осылай киініп отырған еді... Көзіндегі көзілдірігі де сол баяғы қалпында. Әлі күнге көз алдымда сол көзілдірігін «бір киіп, бір шешіп» әбігерге түскенде, сол жылтыраған көзілдірікке қызықтап қарап отырғанмын» деп өткенді есіне түсірген еді Күнімжан апа. «Қазіргінің министрлеріндей киінген қандай мәдениетті, келбетті жан деп жүрсем, шынында да ата қазақ елінің тұңғыш білім министрі болған екен ғой. Ол кезде оны Наркомпрос (Халық ағарту комитеті) деп айтатын», – деп еске алады сол күндерді К.Байқадамова.
Иә, Күнімжан апаның бүгінде тағылым мектебіне айналған мұражаймен тығыз байланысы бар. Үйіне жақын болғандықтан ғана емес, «осында келсем, ауру-сырқаудан құлан таза айығып, көңілім сергіп, сарайым кеңіп сала береді» дейтін апа. Жыл сайын 5-қыркүйекте «Ахметтану оқуларына» жиналған қауымның ішінде болып, күллі Алаш арыстарының рухына тағзым етеді. Ахаң үйіндегі тағылымды кездесулер апамызға шығармашылық шабыт сыйлағанын, «Байқадамовтар әулеті» атты кітабының жазылуын былайша еске алады: «Қазақтың сауатын ашуды мақсат еткен Ахаңның әруағы мені де түрткілеп, әулетіміз бен оның маңайы туралы көргендерім мен түйгендерімді жазуға себеп болды. Тіпті, қолтығымнан демеп күш берді деп айтсам әсірелік емес, шынында солай...».
Үшіншіден, Райханды қазақ тілінің жанашыры ретінде білемін. Осыдан оншақты жыл бұрын Халықаралық бизнес университетінде орыстілді топтарға Қазақ тілі пәнінен сабақ бердік. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде тіл білімі ғылымындағы тиімді әдіс-тәсілдерді еркін меңгерген Р.Сахыбекқызы өз ісінің шебері. Қазақ тілі пәнінің ғана емес, жалпы тілдер кафедрасының оқытушыларына А.Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегін насихаттаудан әсте жалыққан емес. Тек қана салтанатты жиындар мен ғылыми-практикалық конференцияларда ғана баяндама жасап қоймай, сол айтқандарын күнделікті тәжірибеде жүзеге асыруға ұмтылатын. Соның арқасында студенттермен бірге оқытушылардың да Ахаң туралы білімдері толығып, оның қазақ ұлттық ғылымына сіңірген еңбектері жөнінде бір кісідей білетін болды.
Жоғары оқуға енді түскен І курс студенттерін міндетті түрде мұражайға апаруды дәстүрге айналдырдық. Мұражайға келушілер Ахаңның өмір жолы мен шығармашылығынан мағлұмат алып қайтатын. Мұражайды таныстыру барысында Райханның жалаң баяндап, қысқа қайырғанын көрмеппіз. Келушілерден түсетін тиын-тебеннің коммуналдық қызметтің бір шетін де жаба алмайтынын көрген біздер, қала мектептері мен ЖОО жұмыс істейтін әріптестерімізге мұражайға барыңыздар деп айта жүреміз.
Иығына қаншама ауыр жүк арқалағанымен, Райхан – жаны нәзік әйел заты. Мұражайдың бірде жылу құбыры жарылып, бірде су құбыры қатып қалып сусыз, жылусыз отыратын сәттері де аз емес. Осындай қиын күндерде өзіне бір ғана жұбаныш табады. Ол – Шолпан апасының қасында жүріп, оның тәлімін алғаны, апасының аманатын адал атқарып жүргені дәтке қуат. Қазақта: «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген аталы сөз бар емес пе! Сол аманатқа қиянат жасамау жолында көп жағдайда өз еңбекақысын отбасылық қордан жырып коммуналдық қызметті төлеп жүргеніне де куәміз. Мұның барлығы үйіндегі отағасы Қайдар ағайдың Ахметтің елінен, жерінен болғандығы, әрі Алаш ақиықтарына деген оң көзқарасының арқасында іске асып жатқаны белгілі. Иә, жұмыс барысында тауы шағылып, тығырыққа тірелген күндерінде сүйеу болып, ақыл-кеңесін айтып отыратын Қайдекең Райханның үйдегі ғана емес, түздегі де қорғаны екені баршаға аян.
Алаш азаматтарының бірегейі – Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз көзі тірісінде Райханды «Ахаң мұражайының шырақшысы» десе, Райхан Тұрсекеңді «Рухани әкем әрі мұражайдың қорғаушы абызы» деп арқа тұтатын. Ал жазушы Тұрсын Жұртбай «Алаштың Райханы» деп еркелетеді.
Біз Қайдар ағамыз бен Райхан құрбымыздың ынтымағы жарасып, Ахаңның көзіндей болған қара шаңыраққа, бұл күні тағылым үйіне айналған рухани асыл қазынаға қамқор болып, мұражай жұмыстарын ел игілігі үшін дамытып бұқараның алғысына бөлене беруіне тілектеспіз.
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы
qazaquni.kz