Бақытжан Мұхаметжанов: ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫНА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТІМІЗ
2017 ж. 15 наурыз
3982
1
Бақытжан Мұхаметжанов, Ясауи атындағы ХҚТУ-нің вице президенті:
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫНА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТІМІЗ
Әзірбайжанның Шеки шаһарында «ТҮРКСОЙ» Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында ер түріктің бесігі атанған Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданған еді. Бұған дейін кеңес өнер мен мәдениет саласындағы тұлғаларды дәріптеу мақсатында жиынды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. 2012 жылдан бастап «ТҮРКСОЙ» түркі әлемі қалаларының бірін әр жыл сайын түркі әлемінің астанасы деп жариялап келгені белгілі. Бірінші рет осы атақты Елордамыз – Астана иеленгені мәлім. Осынау атаулы жылдың аясында рухани астанамыз – Түркістан қаласында ауқымды шаралар атқарылғалы тұр. Ал бұған Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қосар үлесі зор. Сондықтан, бұл тұрғыдағы атқарылар істердің мән-жайын толығырақ білу үшін оқу орнының Ұйымдастыру және әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-президенті Бақытжан Мұхаметжановпен тілдескенді жөн санадық. – Бақытжан Қалжанұлы, Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары білім беру жүйесінің сапасына ерекше назар аударғаны белгілі. Осы тұста, өзіңіз қызмет атқарып келе жатқан Халықаралық қазақ-түрік университетінің тыныс-тіршілігіне аз-кем тоқталып өтсеңіз... – Алдағы уақытта XXI ғасырда ғылымға негізделіп отырған экономикалық даму алдыңғы орындарға шықпақ. Осы орайда Елбасы өз сөзінде тек білім беріп қана қоймай, сондай-ақ, алған білімін әлеуметтік бейімдеу үдерісінде пайдалануға икемдеу қажет екенін жеткізді. Оқу орнының халықаралық мәртебесіне сай биік талап тұрғысында жұмыс істеу – біздің ұжымның негізгі міндеті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тілге тиек еткеніндей біздің университетімізде де білім сапасын арттыруға айрықша мән беріледі. Бұл ретте бірқатар оқытушыларды біліктілікті арттыру бағдарламасымен Оксфорд, Кембридж т.б. оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберу қарастырылған. Сондай-ақ, оқу ордамызда қалыптасқан оқу жүйелерімен қатар қашықтықтан білім беру бағдарламалары да жүзеге асырылуда. Ендігі алға қойылған мақсат – оқытушы-профессорлардың құрамын талапқа сай жоғары дәрежеге көтеру. Қазіргі таңда ғылым кандидаттарының саны 300-ден, ал, профессорлар құрамы 100-ден асады. Бүгінде оқу ордасында спутниктік байланыс жүйесі де тұрақты пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз шәкірттердің сапалы да тиянақты білім алуына жасалған жағдай. Университеттің статусы халықаралық дәрежеде болғаннан соң төрттілдік жүйе бойынша оқытылады. – Биылғы жыл Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде бекітілгенін білеміз. Соған орай Ясауи атындағы ХҚТУ-нің тарапынан қандай іс-шаралар атқарылуда? – Жалпы Түркістан қаласы түркі әлемінің бұрыннан келе жатқан астанасы. «Түркістан түркі әлемінің астанасы» атты іс-шараның аясында 40-қа жуық жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізілмек. Солардың тең жарымын университетте атап өту жоспарланған. Қазір осындай іс-шаралардың басы-қасында ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде білім ордасының басшысы Уалихан Әбдібековтің өзі жүр. Сондай-ақ, атаулы жылдың шеңберінде оқу орнымызда Тәрбие және мәдени істер департаменті, Продюссерлік орталық, Кәсіподақ комитеті, декан орынбасарлары мен Жастар орталығының ұйымдастыруымен 22-наурыз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтпекпіз. Сонымен қатар, осы күні оқу орнына қарасты Мәдениет орталығында Халықаралық Түркістан Түркология конгресін өткізгелі отырмыз. Оған Түркі әлемінің он бес елінен оқытушы профессорлар, тарихшылар, дінтанушы ғалымдар шақырылды. Мұнан өзге де көптеген мән-маңызы жоғары шараларды өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, айтулы шаралардың бірі – Астана қаласында өтетін «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінің аясында «Жасыл желек» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Қала көлемінде өткізілетін іс-шараларға мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Киіз үйлер тігіліп, мәдениетімізді, ұлттық дәстүрлерімізді таныстыратын көптеген көрмелер ұйымдастырылады. – Түркі дүниесінен келген ұл-қыздар арасындағы ынтымақтастық туралы әңгімелеп берсеңіз.... – Қазір оқу ордамызда 30-дан астам ұлт өкілі білім алады. Олардың саны –14 мыңға жуықтайды. Оның ішінде түркі тілдес 15 мемлекеттен келген 1200 студент бар. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі өмір сүретіндіктен, біз бүкіл әлемге көп ұлтты ел ретінде танылдық. Мемлекет тарапынан Елбасымыздың ұйытқы болуымен жыл сайын түркі дүниесінен келген студенттерге 200 квота бөлінеді. Нәтижесінде Иран, Ауғанстан, Моңғолия, Қытайдағы біздің қандас бауырларымыз, тіпті Еуропадағы елдерден келетін студенттер қазақ тілін жетік меңгеріп өздерінің елдеріне барып жоғары қызметтер атқарып жүр. – Осынау білім шаңырағының бүгініне қанық болдық. Енді келешегі туралы да тілге тиек етсеңіз артық болмас... – Түркі кеңесінде Президентіміздің бастамасымен Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бүкіл түркі әлемінің оқу ордасына айналдыру жөніндегі ұсынысы талқыға салынды. Осы жөнінде министрлікке оқу ордасының стратегиялық жұмыс жоспарын жолдаған едік. Келешекте атауы Түркі Әлемінің ордасы немесе Түркі халықтарының білім ордасы болып ауысуы мүмкін. Алдағы уақытта басқа да Түркі тілдес елдермен қаржыны бір жерден орталықтандыру жоспарда бар. Унверситеттің материалдық-техникалық базасын дамыту – ең басты жоспарлардың бірі болып отыр. Оқу ордасы өз кезегінде оқытушыларға да, студенттерге де мүмкіндігінше қолайлы жағдай туғызып келеді.Бұл тұрғыдағы ең басты міндет – студенттердің сапалы білім беру. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Ысқақ САДЫҚ qazaquni.kz