Ғасырмен құрдас ғұмыр
2017 ж. 07 наурыз
2922
0
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында 1-наурыз – Алғыс айту күні, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, 100 жастағы Айша Абдуллинаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғасыр куәгері Айша анамызға мың алғыс!» атты мерейтойлық кеш өтті.
Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан абыз ана Айша Абдуллина сахна төріне көтерілгенде залға жиналған көрермен тік тұрып, ұзақ қол шапалақтады.Салтанатты шараға Астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрінің бірінші орынбасары Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасының Мемлеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Құттықтау хатын оқып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Шара барысында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжановтың әуелете шырқаған әні кеш шырайын кіргізе түсті. Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы, КСРО және Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов: «Айша Абдуллина қазақ өнерінің қарашаңырағы Әуезов тетрында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов сынды өнер саңлақтарымен сахнада әріптес болған талантты актриса. Айша апайға тәнті болатын тұсымыз – бұ кісі 65 жыл бойы табан аудармастан Шымкент облыстық драма театрында ұлттық және әлемдік классикадан көптеген басты рөлдер орындап, репертуардың ауыр жүгін көтере білді. Біздің бүгінгі актрисаларымыз дәл Айша апай сияқты өмір сүрсе онда олардың әрбірі бақытты деген сөз. Бүгінгі той – театрдың тойы, өнердің тойы. Осынау дүбірлі тойдың себепкері – Айша апамызды шын ниетімізбен құттықтаймыз. Деніңіз сау болсын!» – деп лебіз білдірді. Сөйтіп мерейтой иесіне Қазақстан театрлары ассоциациясының атынан сый-сияпат табыстады.
Сондай-ақ, осынау кеште Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актрисалары Гүлнұр Шыңғысова, Ләззат Қалдыбековалар және Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан Данияр Базарқұлов пен Толқын Нұрбековалар әннен шашу шашып, жиылған жұртшылықтың көңілін бір серпілтті.
Алғыс айту кешінде театр өнерінің дамуы мен болашағын өркендету, театр қайраткерлеріне қолдау танытуды мақсат тұтқан Қазақстан театрлары ассоциациясының құрамына кірген барлық театр ұжымдары өнерлерін ортаға салды. Мемлекеттік республикалық Корей музыкалық комедия театры,Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік Неміс драма театры, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма тетрларының ұжымы өздерінің сан түрлі сахналық қойылымдарымен Айша Абдуллинаның 100 жылдық мерейтойына сый-құрмет жасады.
Өзінің өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған Айша анамыз өнер сүйер қауымға тік тұрып,«Гәкку»әнін әуелете шырқап берді. Өзінің кіндік қаны тамған туған жері ару Алматы жұртшылығына бас иіп тағзым етті. Ұлт мақтанышының ұлағатты өмірін насихаттауға бағытталған мерекелік шара көрерменді зор әсерге бөледі.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz
ӨМІРДЕРЕК
Айша Абдуллина өнер жолын 1933 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында бастаған. Талантты да еңбекқор, жас актриса Ұлы Отан соғысы жылдарында арнайы бригадалар құрамында 1942 жылы екінші Беларусь майданында, 1945 жылы Қиыр Шығыста оқ пен оттың ортасында жүріп өнер көрсетті. 1947 жылдан бастап алпыс бес жылға жуық өмірін Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан драма театрының сахнасында өткерді. «Қыз Жібекте» – Қыз Жібек, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Баян, «Қобыландыда» – Құртқа, «Ер Тарғында» – Ақжүніс, «Асауға-тұсауда» – Катарина, «Отеллода» – Дездемона, «Ромео-Джульеттада» – леди Капулетти, «Екі мырзаға бір қызметшіде» – Беатриче, т.б. көркем рольдерімен көрермен көзайымына айналды. 200-ден аса сүбелі бейне жасаған актриса 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен марапатталды, 1958 жылы Қазақ КСР Халық артисі құрметті атағын алды.
А.Абдулина, театр өнерімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне және екі мәрте Шымкент қалалық кеңесіне депутаттыққа сайланып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екі мәрте «Алғыс хатымен» марапатталып, 1996 жылы Президент стипендиясының иегері атанды.