АЛҒЫС – жан жылуын сыйлайды
2017 ж. 07 наурыз
5419
0
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2016 жылғы 14-қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1-наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялағаны белгілі. Биылғы жылы екінші рет қазақ елі осынау мерекені атап өтті.
Алғыс айту күні – күрделі заманды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе бастан өткеріп, аз уақыт ішінде Ұлт көшбасшысының тікелей ұйытқы болуымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында еселі еңбек еткен барлық азаматтардың бір-біріне алғыс айтып, құрмет білдіретін күні.
Осы бір айтулы күн еліміздің түкпір-түкпірінде айрықша аталып өтілді. Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен қайырымдылық кино көрсетілім солардың бірі. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының және Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен жүзеге асты.
Шара барысында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бас әдіскері Ғалия Нағиманқызы, Нұр Отан» партиясының мүшесі Гүлнар Нұрахметова, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлан Сүйін, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кино қызмет бөлімінің жетекшісі Рита Халелдер сөз алып, нұрын төккен көктемнің алғашқы күнімен кішкентай бүлдіршіндерді құттықтап, оларға Алғыс айту күнінің мән-маңызын түсіндіріп берді.
Балаларға арналған қайырымдылық кино көрсетілім ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балғындарға арналды.
Атаулы күнге арнайылап қойылған мультипликациялық фильмді «Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндіз болу орталығы» КММ балалары, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған №10 ЖББ мектеп-интернат тәрбиеленушілері, «Үміт» балалар үйінің балалары мен сөйлеу қабілеті өте нашар балаларға арналған №9 арнайы (түзету) мектеп-интернатының балалары тамашалады.
Іс-шара аясында көрсетілімге келген 200-ге жуық балаға ұйымдастырушылар тарапынан жұмсақ ойыншықтар мен тәттілер үлестірілді.
Рита ХАЛЕЛ, "Алатау" дәстүрлі өнер театрының кино қызмет бөлімінің жетекшісі:
БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ
Мемлекет басшысының бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан Алғыс айту күні әрбірімізге ерекше көңіл-күй сыйлайтыны анық. Бір-бірімізге алғыс айту арқылы әрқайсысымыз жанымызда жүрген жақсы жандарға қуат сыйлаймыз. Әрі бір-бірімізге деген сый-құрметтің одан әрі артуына ықпал етеміз. Шуақты көктеммен бірге жеткен мерейлі мерекеде кинозалымызда өздеріңіздей балапандармен қауышу бізге де керемет көңіл-күй сыйлады. Қашан да жанарларыңыздан қуаныштың жүзін көрейік. Сіздер – біздің болашағымызсыздар. Сондықтан да, әрбіріңіздің дендеріңізге саулық тілейміз. "Алатау" дәстүрлі өнер театрында осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz