Елге оралған Димаштың Қытайда барлық видеолары бұғатталды (ФОТО)
2017 ж. 26 ақпан
11118
22
Қытай елін бағындырған Димаш Құдайбергенді Ақтөбе әуежайында бір топ фанаты үлкен құрметпен қарсы алды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Димаш ел алдына өңір әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге шықты.
Димаштың анасы Светлана Айтбаева баласын мұндай құрметпен қарсы алғанына дән риза. Оның айтуынша, мұндай ілтипат оның ұлына қосымша күш-қуат береді.
Белгілі болғандай, әнші елге Hunan TV түсіру тобымен бірге келген. Қалада олар бірнеше күн аялдайды. Ал қытай журналистері әнші туралы фильм түсірмек.
Ал, өз кезегінде елге оралған Димаштың Қытайда түскен бейнероликтері бұғатталып жатыр. Жанкүйерлер Димаштың «Singer-2017» байқауының алғашқы 5 кезеңінде ән шырқаған сәті түсірілген видеоларды аша алмай жатыр, деп хабарлайды inform.kz.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары Димаштың әндерін тыңдай алмай жатқандықтарын, оның видеолары ашылмай тұрғандығын жарыса жазған. Кейінірек бұндай жағдай не себепті орын алғаны белгілі болды. Ifeng.com сайтының хабарлауынша, «Хунань ТВ» телеарнасының сайты мен «Iqiyi.com» сайтында «Singer-2017» байқауының алғашқы 5 кезеңінің толық видеолары бұғатталған.
Оған байқау қатысушысы Тән Жинь есімді әншіге байланысты оқиға себеп болған. Оның қандай оқиға екендігі әзірше белгісіз. Бұл екі сайт - байқаудың бейнекөрсетілімін негізгі таратушы ақпарат құралдары. Сайттарда Тән Жиньнің видеоларын шектеу мақсатында толық нұсқадағы видеоларды да бұғаттаған. Оның ішінде қазақстандық Димаш Құдайбергеннің де өнер көрсеткен сәті қамтылған.