Қазақтың соңғы ханы — Кенесарының баласы қалдырған қолжазба табылды
2017 ж. 16 ақпан
10200
0
Орыс тарихшысы Кенесары ханның баласының жазбасын тарихи мұражайлар сөресінен кездейсоқ тауып алды, - деп хабарлайды 365info.kz порталы.
Онда Кенесары Қасымов пен Садық Кенесариннің өмірі жайлы бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған нақты деректер келтіріледі екен.Кеңес үкіметі үшін қазақтың соңғы ханы — Кенесары жау болды. Өйткені, қазақтың ақсүйегі ол жүйеге қайшы таптан еді. Одан соң Одақ деген желеумен өзіне бағындарған бұратана елдер үшін үлгі де, көсем де Мәскеу болуы керек болды. Сондықтан ұлттың өткен тарихы аяусыз қырқылды, КСРО-ның бас идеологы Суслов КСРО құрамындағы елдердің тарихын өз ырқына қарай жасай бастады. Салдарынан қазақтың соңғы ханының бейнесі партияның бағытына байланысты біресе кертартпашыл, біресе азаттық қозғалыстың көшбасшысы ретінде өзгеріп, тарихи деректер сұйылып кетті. Есесіне ел арасында аңыз боп тараған әңгімелерден қазақ халқы өзінің соңғы ханы туралы біліп, ауызша бір-біріне оны мұра етті. Міне, енді табылған Кенесары ханның тікелей ұрпағы қалдырған жазба арқылы үңірейіп тұрған тарихымыздың бір орынын толтырып, бабамыздың насихатын дұрыстап паш етуге үлкен мүмкіндік туып отыр.
Әкесі Кенесары хан мен ағасы Садық туралы Ахмет Кенесариннің әңгімесі аударылып, 1889 жылы Ташкентте баспадан шығаруға әзірленген екен. Бірақ оның түпнұсқасы жоғалып кетіпті. Тарихшы Илья Зайцев құжатты тарихи мұражайдың сөрелерінен кездейсоқ тауып алады. Соның негізінде Мәскеуде аты аңызға айналған билеуші — қазақтың соңғы ханы мен оның серіктестеріне арналған «Кенесары Қасымов: тұлға, тағдыр, дәуір» атты кітап жарыққа шықты. Жуырда Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының шығыс әдебиеті орталығында туының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған іс-шараны өткізуге Ресейдегі Қазақстанның елшісі жәрдемдесті деп хабарлады Sputnik агенттігі.
64 парақтан тұратын құжат осы жылдар бойы танымал тарихи артефактілерді жинаушы мен зерттеуші Сырдария облысы губернаторы Николай Гордеков қорының сөресінде сақталған болып шықты. Негізі, қазақ халқы үшін құнды мұра РФ Мемлекеттік тарихи мұражайынан 2004 жылы табылған екен. Бірақ тарих ғылымдарының докторы Илья Зайцев түпнұсқаның құндылығын аңғармағанын мойындады.
«Біз көрме жасайтын болдық. Сөйтіп мұрағаттағы аса көрнекті жазбалардың үлгілерін таңдаған болатынбыз. Ол кезде мен жазбаның мәтініне де қатты назар аудармаппын. Бір жағынан, ол кезде мен Қазақстан тарихын жақсы білмейтінмін, сондықтан оның маңыздылығын дұрыс бағалай алмадым. Кейін, Кейкі батырдың басы, Кенесары хан туралы баспасөзде айтыла бастағанда, сол жазба есіме түсті, оны оқып шығып бұл қолжазбаның аса құнды екенін бір-ақ білдім», — дейді Зайцев.
Бұл қолжазба қазақстандық ғалымдар мен тарихшылар үшін маңызды оқиға болып табылады. Ал оны жариялау – қазақ тарихын жаңаша қарауда ауқымды жұмыстардың бастауына түрткі болмақ. Орталық Азия зерттеушілері үшін кенеттен үлкен зерттеуге мүмкіндіктер ашылды. Кәсіби бақыт тарихшыны күтпеген жерден тапты, алайда әріптестері заңдылықты атап көрсетті: «Зайцев — шын мәнінде қайсар және бірізді зерттеуші».
«Ресейлік екі басты қыран үнемі екі жаққа: Батысқа да, Шығысқа да қарайтын. Жоғалып кеткен деп есептелген құжаттың аса мол байлықтар топтасқан Мәскеудегі тарихи мұражайда табылуы таңдандырмайды», — деп атап өтті шығыстанушы Игорь Абылгазиев.