Қажымұқанның хаты
2017 ж. 08 ақпан
3221
0
(Күш атасы туралы тың дерек, жаңа әңгімелер)
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы
Кілт Бибі-Ғайша ана бесіктегі баласын тербете отырып, бесік жырын айтты. Көңілге қаяу түсірерлік мұңды саз. Жесірлік зарын айтады. Кісінің кұйқасы шымырлағандай шерлі үн. Жетімдік тақсыретін айтады. Ана жүзіне телміріп айнала қоршаған балалар көзінен мөл-мөлт етіп моншақтар үзіліп-үзіліп түсіп жатады. Жесір ана мұңымен бірге мұңданып, бірге қайғырып отырған жетім сәбилердің ет-жүрегі езіліп ет болып кетпесін деді ме, байқампаз ана кенет жігерлі әуенге ойысты. Әуен соңы естелік-әңгімеге ұласты. – Ей, балақандарым, көтеріңдер бастарыңды! Немене бордай езіліп? Еркек емессіңдер ме? Мен сендерге сүйеніп, сендер деп тіршілік етіп жүрген жоқпын ба? О, несі-әй? Көтеріңдер бастарыңды! Біз салбырап тіземізге құлаған әңгелек басымызды көтеріп-көтеріп ала қоямыз. Өйткені ана үні әмірлі! – Мен сендерге батырлар жайлы, балуандар жайлы әңгіме айтып берейін, – дейді ол. Біз қол шапалақтап жібереміз. Ана әңгімесін сабақтайды. – Онда тұлымшағы желбіреген жас қызбын. Қажымұқан келіпті деген әңгіме Арыс қаласын кеулеп кетті. Ойын көрсетеді екен дейді жұрт. Алып атаның ойынын тамашалайық деп бардық. Бет-аузы пырым-пырым, құлағы жырым-жырым түйедей ірі кісі екен. Темір жол рельсін мойнына салып бұрады ма-ау, төсіне тас қойдырып балғамен ұрғызды ма-ау, әйтеуір кісі қайран қалатын әлденеше ойын көрсетті. Ақырында «үстімнен мәшине өткі- земін» деді. Үстіне жалпақ тақтай төсетті. Мәшине гүр етіп жүріп берді. Өліп қалады-ау деген қорқыныштан екі көзімді тарс жұмдым. Жұрт шу ете қалды. Көзімді ашсам мәшине балуан денесінен өтіп қалған екен. Балуан ата тақтайды итеріп тастап, орнына тұрып кетті. Жұрт: – Құдай қуат берсін, балуан ата! – деп айқайлады даланы жаңғырықтырып... Қауын еккен Қажымұқан (Баумыш Ерімбетұлының әңгімесі. 1904 жылы туған) – Атақты балуанды әрдайым-ақ көріп, біліп, дәм-тұздас болып жүрдік қой. Қайсыбірін айтайын. Бәрі де күні бүгінгідей көңілімде сайрап тұр. «Шетінен түсіп айта бер» дейсің бе? Жарайды, ендеше... – 1940 жылы «Ногин» колхозына келіп ойын көрсетті. Ойын түрі мынадай: Балуан шалқасынан жатты. Үстіне жұрт жалпақ тақтай қойды. Әскери комиссариатта атшы болып істейтін Мәмек деген інім бар еді. Сол Мәмек ақжал күрең атымен балуанның үстінен шауып өтті. Екі ат жеккен, үстіне бес-алты адам мінген арба және өтті балуанның үстінен. Қыңқ демеді- ау сабазың. Қыңқ демеді. Жайлап орнынан тұрды да жуан сым темірді беліне орады. Әлгі сым темір Қажекең ішін кергенде жазылып, жерге түсті. Қажымұқанды колхоз жібермей конақ етті. 1944 жылы Қажекеңді екінші рет көрдім. Балуан ол кезде Шілік деген жерде тұратын. Ақбоз ат жеккен арбамен әйелі екеуі Шәуілдірдің базарына келіпті. Жұрт қаумалап жібермей әңгімесін тыңдады. Ойхой дүние! Ол кезде Шәуілдір мақта егеді. Аудан аты дүрілдеп тұр. Атақты Асқар Токмағамбетов кітап жазамын деп келіп жатқан ауылға. Жатыпішер жалқауларды сықақтап, мінеп газетке жазады. Сапарбай деген кісі мақта бригадирі. Қажекең ауылға келгенде қасында үнемі сол Сапарбай бірге жүрер еді. Сапарбайдың айтуымен бе екен, әйтеуір, бір жылы «Ногин» колхозы Қажекеңе арнап жер бөлді. Бөлінген жерге қауын-қарбыз егісті. Балуан әйелі екеуі ақбоз ат жеккен арбамен келіп қауын күтісті. Тәбәрік деп бәріміз Қажекең қауынынан жедік... Соғыстан кейін, азаматынан көптеп айырылған елдің еңсесін көтерейін деді ме, әйтеуір Қажекең жеңіс құрметіне үлкен той жасады. Өзі тұратын Шілікке Түркістан, Шәуілдір – екі аудан халқын арнайы шақырды. Бәріміз де бардық. Халық көп жиналды. Балуан тойға бір бие, бірнеше қой сойды. Той шарты деп бір қазақ пен өзбекті күрестірді. Өзі күреспеді. Өзбектің есімі есімде жоқ. Иқанның жігіті екенін білемін. Ал қазақ жігіті Шойтөбеде тұратын Төлебай деген жігіт еді. Күресте қазақ жеңді. Арқан тартыста екеуі тепе-тең түсті. Балуан күресі қыз қуу тамашасына ұласты. Балуан арқасында қуаныш, шаттыққа осылай бір кенелген едік. Одан кейін де балуан Шәуілдірдің базарына келіп-кетіп жүрді. Жұрт қолқаласа өнер көрсететін. Нармен тартысқан нар (Әшірбай Байғозыұлының әңгімесі. 1919 жылы туған) – Мен Қажымұқан атаны алғаш 1937 жылы қыркүйек, қазан айларының бірінде Тәшкеннің маңында Топыраққорған деген жерде көрдім, – дейді ол. – Онда менің Тоты есімді апам тұратын. Апамның артынан барғаным ғой. Қызықтың үстінен түстім. Үлкен кілем төселген. Кілем үстінде Қажекең шөкелеп отыр. Жұрт бір орысты алып келді. Жуан-ақ. Міне, сол орыс палуаны отырған Қажекеңмен он бес-жиырма минут арбасты, әртүрлі айла-амал жасап бақты. Балуан бабаның аяғы сәл көтерілгендей болады да қайта қалпына келеді. Бір уақытта Қажекең өзін айналшықтап жүрген орыс балуанын белінен ұстай көтеріліп, оны да көтеріп әкетті де жерге бұрқ еткізіп бір ұрды. Қажекеңді жұрт қаумалап әкетті. Орыс балуаны орнынан тұра алмай ыңырсып жатты. «Мертікті» десті жұрт. Оны әлдене затқа көтеріп салып, көтеріп әкетті... 1939 жылы Арыс қаласына, қалалық кеңес төрағасы болып істейтін Байғозиев Нарғозының үйіне бардым. Барсам Қажекең өнер көрсетуге дайындалу үстінде екен. Арбаға он бес-жиырма кісі мінгізіп, мойнына аттың қамытын салып әрлі-берлі сүйреді күш атасы. Жәшікті арбаға екі ат жектіреді. Үстіне он бес-жиырма кісі мінді. Қажекең дарбазаны үстіне қойдырып жатып, әлгі қос ат жеккен арбаны үстінен әрлі-берлі екі рет өткізді. Сөйтті де, орнынан тұрып: – Ризасыңдар ма? – деді. – Ризамыз, – деп шуласты халық. Бір уақытта төрт метрлік білеудей екі сым темір алдырды. Сегіз-сегізден он алты жігітке осы сым темірді беліме байлаңдар деді. Он алты жігіттің әлгі сым темірді балуанның беліне байлауға шамалары жетпеді. – Иттер-ай, бөрік киіп жүргендерің болмаса, жігіт емес екенсіңдер ғой, – деді балуан. Сөйтті де жерге тастаған білектей сым темірді беліне салып иіп, бір бұрап қойды. – Жазыңдар! – деді. Он алты жігіт қайта жабылып әлгі сым темірді жаза алмады. Қажекеңнің дәстүрлі ойынының бірі – төсіне тас қойғызып, жігіттерге балғамен ұрғызып уаттыру. Күш атасы енді осы дәстүрлі ойынына көшті. Үстіне диірмен тасын қойдырды да, екі жігітке екі шойын балға берді. Екеуі кезкетесіп ұрғылап берді. Былқ еткен балуан жоқ. Біруақытта тағы екі жігіт қосылды. Төрт балға диірмен тасына сартылдай соғылып, жарқ-жұрқ етіп от шашып жатыр. Шойын балға қойсын ба, тас екіге қақ бөлінді. – Міне, бұларың дұрыс! – деді балуан орнынан тұрып жатып. Үстін қағып-сілкіп тас ұшқындарын түсіріп болып: – Ризасыңдар ма, халқым? – деді қайталап. – Ризамыз! – деп шуласты халық. 1939 жылы қазан айында Қажекеңді Шәуілдірде және көрдім. Жоғарыда айтқан ойындарын қайталап көрсетті. Бұл жолғы бір ерекшелік – күш атасы түйе тартыс жасады. Екі түйе әкелінді. «Құйрығы үзіліп кетеді. Беліне арқан байлаңдар» – деді Қажекең. Беліне арқан байланып, арқанның екі ұшы балуан қолына берілді. Ол білегіне орап-орап алды. Екі жаққа қарап тұрған түйеге екі жігіт мінді. Ал, айда! – деді балуан. – Шүу-шүулеп айдай жөнелді жігіттер. Бишік сартылдап, түйе барқылдап әр бағытқа тарта жөнеледі. Балуан екіге жарылып кетердей үрейленіп қараймыз. Жігіттер түйені сабалайды. Түйе байқұс барқылдап алға бірер аттайды шайқалақтап. Балуан білегі бұлтылдап қос түйені кейін қарай сүйрей шегіндіріп әкетеді. Жайшылықта жайылып жатқан жуан қарын сыптай болып қарынға жабысып қалған. Балуан мен түйелер бірсыпыра тартысты. Ештеңе шықпады. Ақыры алға адымдай түсіп қос түйені төрт-бес метр жерге сүйреп апарып тастады. – Уа, бәрекелде, балуан! – десті жұрт. – Нармен тартысқан нар еді Қажекең, – деп Әшірбай қарт әңгімесін аяқтады. Мейірбан (Орынбек Наурызбайұлының әңгімесі. 1893 жылы туған) – Қажекең жарықтықпен ертеден таныс, біліс болып, сыйласып жүрдік қой, – деп бастады әңгімесін Орынбек қария. – Ол ертеден үйге келіп түсіп, қона жатып кетіп жүретін. 1935 жылы Шәуілдірде көрдім. Бірге жүріп ойынын тамашаладым. (Орынбек қария Қажекеңнің өзгелср айтқан ойын түрлерін қайталап әңгімеледі. Қ.Е.) – 1942 жылы Темірлан селосының арғы жағында тұратын әулі-жайында болдым. Үйіне қонақ етті. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, мен Қажекеңнің қонақасыда қалай отыратыны жайлы әңгімелеп берейін. Балуанның аты балуан ғой, оның үстіне халық әбден еркелеткен емес пе, ұрт мінез, ұрма сөздері бола беретін. Бір тәуір жері Қажекеңнің артық-ауыз сөзін елең қылмайтын. Сөйтіп жүріп, кісі көңіліне қарағыш, өзім деген адамын сыйлағыш келетін. «Овцевод» совхозында Нұртау деген кісі тұрды. Перзенті болмай жүрді. 1938 жылы сол Нұртау шарана көрді, перзент сүйді. Абзал азаматтың бұрынғы жарымкөңіл жағдайын білетін Қажекең қаракер атын арбаға жегіп, әйелін қасына алып, сонау Шіліктен арнайы келіп, құтты болсын айтты. Қажекеңнің бұл кісілігіне бәріміз дән риза болдық. Басы Нұрекең болып, қой сойып, қолымызды қусырып күттік балуанды. Балуан бағлан етін жеп, шарап ішіп көңілді отырды... Қажекең мейірбан еді. – Уа, шіркін дүние, кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Сөйткен Қажекең де өтті-ау мына дүниеден. Орекең әңгімесін терең күрсініспен тәмамдады. Күн тұтылған еді (Исабек Есібаевтың әңгімесі. 1928-1989 ж.ж.) – 1943 жылы қыркүйектің 5-і күні Қоғам деген ауылдан Шәуілдірге есекке мініп келдім, – деп бастайтын еді қадірлі ұстаз Исабек Есібаев өз әңгімесін. Өзге көз көргендер естелігіне ұқсас түсіп жатуына қарамастан, ұстаз әңгімесінде кейбір деталь ерекшеліктері кездеседі. – Келсем, – дейді ол әңгімесін одан әрі сабақтап, – Шәуілдір халқы гу-гу етеді. «Сафронов деген балуан шығыпты. Қажекеңнің өзін екі бүктейтін көрінеді. Ауданда өнер көрсетіп жүр екен»... Жұрт отқа май құйғандай қызықты өсек қосып гулетіп жатқанда, фоэтон секілдендіріп жасаған арбамен Қажекең келіп қалғаны. Қасында томашадай ғана әйелі бар. Жігіттер боз биенің шылбырынан алып жайғай бастады. Сөйткенше болмай аудан басшылары кеңседен жүгіре баса келіп, балуан атамен қауқылдай амандасып жатты. – Иә, Қажеке, ат-көлік аман келдіңіз бе? – Ауыл-ел аман ба, Қажеке? Қажекең тұнжыр. Себебін білмек болып аудан басшылары әлек. Ұмытпасам, Шәуілдір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметов деген кісі еді. – Әкесі өлгенді де естіртеді, Қажеке. Айтыңызшы, не болды Сізге, – деді ол. – Әй, анауың мені жеңемін депті ғой. Қабағынан қар жауардай тұнжырап тұрған балуан дүңк ете түсті. – Кім, Қажеке? – Әлгі Сафронов... – Ой, Қажеке-ай, бала құсап бұртиып тұрғаныңыз сол ма? Сөзге иланғышсыз-ау, жарықтық. Балаңызбен жасты жас адам Сізге өліп бара жатса өйтіп айтпайды. Арадағы арапшылар ғой Сізді арандатып жүрген. Аудан басшысы аңғал балуан көңілін жібітті. Ыза буып келген балуан жұрт тілегімен шешініп тастап, ойын көрсетуге кірісті. Иығына рельс салды. Екі шетіне он екі адамнан жиырма төрт жігітті мінгізіп, отырған орнынан тұрып, алқа-қотан отырған жұртты бір-екі айналды. Жапырлап жерге түскен жігіттерге «Енді осы рельсті иіңдер» деп бұйырды. Әлгі жігіттердің бәрі жабылып рельсті ие алмады. «Әй-әй, жігіттер» деген Қажекең мойындағы рельсі галстук формасына келтіре иіп, басынан жоғары көтеріп алған күйі «дүрс» еткізіп алаңға тастай салды. Жігіттер тырбаңдап галстук бейнесінде иілген рельсті жаза алмай әлекке түсіп жатты. Ал, Қажекең болса өзінің кезекті ойынын көрсетуге кірісті. Бәрі екі бұт келетін бірнеше гирді шынжырға тізіп алып тісімен тістей көтеріп, алаңды айнала жүріп, жерге тастады. Екі түйені екі жаққа қаратып, мойынтұрықтан тартқан арқанды Қажекең білегіне салды да, саусағын тарақтап қатып тұрып қалды. Екі жігіт екі жаққа қараған түйелерін сабалап барқыратып айдайды кеп, айдайды кеп. Балуан біраз шыдады. Ақыры бір түйе тым күшті шықты ғой деймін, Қажыатаны да, екінші түйені де біраз жерге сүйреп кетті. Қажекеңнің тарақтаған қолдары қарысып қалыпты. Зорға жазылды... Бір уақытта Қажекең шалқасынан жатып, диірмен тасын кеудесіне бастыра қойғызды. Бір зор денелі жігіттің қолына шойын балға беріп, диірмен тасты тоқпақтатып ұрғызды. Әлгі жігіт балғамен тасты ұрғылап жатқанда тастың бір сынығы ұшып түсіп, Қажекеңнің қабағын оса жыртып кетті. Балуан қабағынан қара қан сау ете қалды. Жігіт балғасын тастай салып қаша жөнелді... Ал, Қажекең болса диірмен тасын итеріп тастап орнынан күлімдеп тұрып келе жатты... Сафронов көрші ауылда ойын көрсетіп жүр екен. Ауданға қайта оралғанда Қажекеңді кездестірді. Қажекең қайта түтікті. Сафронов әдепті жігіт екен. Жұрт мән-жайды түсіндірген соң «Ұстаз алдында басымды иемін» деп, Қажекеңнің аяғына жығылды... Тәбәрік (Асантай Әлімовтің әңгімесі) – Отырар ауданында тұңғыш мектеп ашқан адам – Бегім Басов деген ұстаз еді. «Құрмет белгісі» орденімен екі мәрте мәрленген, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі болып өткен бұл кісіні бүкіл аудан халқы, дүйім жұрт қатты сыйлайтын, – дейді Асекең, – 1942 жылы сол кісінің үйіне бара қалдым. Адамдар абы кіріп, күбі шығып, қарбалас қимылға кірген. Бала емеспіз бе, «жұрт неге сабылып жүр?» деген оймен терезеден сығаласам, төрде үсті-басына ақ көйлек-дамбал киген бір кісі төбедей болып отыр. Қажымұқан ата екенін бірден біле қойдым. Бұрын да көргенмін ғой. Ауыл азаматтары Қажекеңді күтіп сапырылысып жүр екен ғой, – деп түйдім. Сөйткенше болған жоқ, далада ошақ жақтан әйелдердің әлденеге таласып шуласқан үндері естілді. – Әй, бізге де берсеңдерші. – Сендерде бар бала бізде жоқ па, әй? – О, несі-ай, бер былай, балаларымызға тәбәрік етейік... Жақындап келгенде байқадым, ауыл әйелдері шуласып, «әлдебір көнелеу ақ матаға таласып жүр. Бірін-бірі түтіп жейтіндей жан сала шарпысып жүр. Қасымда Бегім ағайдың Тұрарбек есімді баласы тұрған. Соның жүзіне бұрыла қарап: – Әйелдер неге таласып жүр? – деп сұрадым. Апам Қажымұқан ағама жаңа көйлек-дамбал тігіп берген. Үстіндегі көйлек-дамбалын мыналар «тәбәрік» деп жапырақтап жыртып, бөліп алып жатыр, – деді Тұрарбек. «Шіркін, менің де анам тірі болып, Қажымұқанның көйлек-дамбалынан алып берер ме еді?!» деп армандадым іштей... Сурет сыры (Хәкім Бекішев. 1910-1989 ж.) – Е, е, Қажы атамның аулынан екенсің ғой. Жарайды, сені жұмысқа қабылдайық, – деді келте танау жуан қазақ. – Әрине! Әрі қарай Сәбит Мұқанов музейінің директоры өзінің талап-тілегін айтып жатты. Жұмыс іздеп жүрген жас жігіт директор «тау қопарасың» десе де, үнсіз бас изей береді-дағы. Музейдің марғау, мимырт жұмысы. Бірде музей директорынан «Қажы ата» деген сөзінің сырын сұрадым. Ол кісі: – Е, ол кісі маған өкіл әке, мен өкіл бала болып едім, уақытында. – Уа, пәлі, Қажымұқан атаны көрген болдыңыз ғой, сыр бөліссеңізші... Басшыны тақымдай түстім. – Әлбетте! Жазушы С.Мұқанов музей-үйінің директоры Хәкім Бекішев әңгімесін сабақтады. – 1934 жылы күз айларының бірінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы, қасында Кеңестер Одағының әр қырынан келген он бір балуан бар, Қызылжар қаласына келді. Цирк үйінде француз күресінен өнер көрсетті. Қажекең осы сапарында екі апта біздің үйде – Ленин және Бостандық көшелерінің қиылысындағы екі қабат қарағай үйде жатып-тұрды. Балуанның біздің үйді таңдауының өзіндік себептері бар еді. Біздің үй қалалық баққа жақын еді. Ал цирк қалалық бақтың күнбатыс жиегіне орналасқан. Әрі Қажекең ертеден менің әкем Бекішпен таныс, біліс, сыйлас жүреді екен. Оны екеуінің әзіл әңгіме, қалжыңынан аңғардым. Міне, мен Қажекеңді сол жолы тұңғыш рет көрдім. Қажекең денесі зор, екі иығына екі кісі мінгендей, басы екі кісінің басындай бар, қабағы көзін жауып түрады. Тек күресіп жүріп қарсыласына ызаланғанда, қабағы жиырылып, көзі аларып көрінетінін байқадым. Балуан атамен бір үйдің кісісіндей болып кеттік. Әкей қажы атамен циркке бірге барады, күреске түскен құрдасына қиқу қосып, мерейленіп бірге қайтады. Қажы ата асты былапыт ішпейтін. Сүйікті асы – ет пен қымыз. Табылып жатса тобылғы сыраға қарсы емес... Шәй, май, нанға үйірсектегенін көрген емеспін. Алдына ет келгенде жіліктің бұлшық еттерін жұлып алып бір-ақ қылғытады. Шайнап та жатпайды-ау. Ал, қымызды рахаттана, қана ішеді. Есімде қалған бірсыпыра әңгіме – Қажы атаның ұйқысына байланысты. Балуанның ұйқысы – ертегідегі Дәулердің ұйқысына ұқсайтын. Біздің өтен екі қабатты қарағай үйдің екінші қабатында. Астыңғы, бірінші қабатында бір орыс отбасы тұрды. Қажы ата, әкей, мен үшеуміз бір бөлмеде, еденге төсек салып, қатар жатамыз. Қажы атаның ұйқысы қатты, егер жау шауып жатса да оянбайды. Әрі ұйықтағанда сұмдық қорылдайды. Ол қорылдағанда қасындағы кісі ұйықтап болмайды. Мұнымен тынса жақсы-ау, күңдізгі алыс-жұлыс, күресі есіне түсе ме қалай, әйтеуір ұйықтап жатып, оқыс қимылдар жасайды. Ондайда қолы тиіп кетсе оңдырмайды. Аяғын дүрс еткізсе, еден ойылардай дүңк ете қалады. Бірде қызық болды. Балуан ұйқысырап еденді аяғымен дүңк еткізгенде «жер сілкінді ме» деп қорыққан астыңғы қабаттағы көршілер тайлы-таяғы қалмай далаға жүгіріп шығады. Біз мән-жайды түсіндіріп, қайталамасқа сөз бердік. Қайталанбайтын қайда?! Ақыры көршінің ренішін сезген Қажы ата: – Бекіш, маған төсекті далаға салдыр, – деген өтініш айтты. Алдында қонағын далаға қондырғанды қолайсыз көрген әкей қарсыласып еді, ақыры көршінің ыңғайына, балуанның өтінішіне қарап, көнді. Бірақ балуан далаға жатып та барқадар таппады. Борпылдақ құс төсекке оранып, құс жастыққа бас қойып қорылдап түске дейін ұйықтайтын күш атасын бүкіл ауыл тамашалайтын болды. Тәбәрік көрген бе қалай, әйтеуір бірде көрпе-жастығын ұрлап кетті... Осындай күндердің бірінде ерте тұрсам, әкейдің сирағы көрпеден сыртқа шығып жатыр екен. Оң жақ аяғы тізесінен тобығына дейін қап-қара болып қанталап кеткен. Жалма-жан әкейді ояттым: – Аяғыңызға не болды, әкей? – Е, қарағым, ана дию екеуміз цирктен шығып тақтай жолмен қолтықтасып келе жатыр едік, ағаш ойылып кетіп құлағанымыз. Құлағанда Қажекең үстіме жығылып өліп қала жаздадым. Өлген шығармын деп едім, қайта көрер жарық бар екен, соңымыздан келе жатқан адамдар дәуді аунатып, астынан зорға көтеріліп шықтым. Аяғым содан болды. Әкей біраз күн бейнет шегіп, ауырсынып жүрді аяғын. – Циркте күнде күрес. Қажекеңмен бірге Мишаборов, Лаврентьев, Некрасов, Ян-Цигин (эстон), Августьев секілді алпауыттар аренаға шығып жүрді. Бәрі де күш атасын «Қажеке» атады. Қажекеңмен күреске шыққанының жеңілмегені жоқ. Сөйтіп Қажекең Қызылжар халқын екі апта қуанышқа бөледі, қызыққа кенелтті. «Сыйға – сый, сыраға бал» деген бар емес пе?! Облыстық атқару комитеті алып атаға не сыйласақ екен деп ойланды. Біздің «әкеймен ойласты. Ақыры бірсыпыра киім тіктіріп беруге шешім қабылдады. Шешім бойынша екі қарагер тайдың терісінен түгін сыртына қаратып, ішін астарлап, мол тайжақы тігілді. Тайжақыны Зұлқайнар және Нұрғали деген кісілердің әйелі тікті. Тұтас былғарыдан саптама етік тігілді. Оны Қызылжардағы атақты етікші Шәкен тікті. Етіктің ұлтанын ағаш шегемен шегелеп, өзге өңірін тарамыспен бекітті. Алып күш иесі баладай аңғал, мейлінше адал адам болатын. Халық сыйына жадырап қуанды. Мына сурет сол кезде Қызылжар қаласында түсірілген еді... Ұзақ жылдар С.Мұқанов музей-үйінде директор болып қызмет істеген Хакім Бекішев ақсақал әңгімесін айтып аяқтап, Қажекеңнің сирек фотосуретін маған берген еді. Қажекеңнің хаты Жазушы Сәбит Мұқанов музей-үйінде ғылыми қызметкер болып істеймін. Қазақ жазушылары арасында өзі де хатты көп жазған, әрі хатты жұртшылықтан өте көп алған қаламгер – Сәбит Мұқанов. Жайшылықта салдыр-салақтау көрінетін Сәбит Мұқановтың архивке мүттахамдығына кісі қайран қаларлықтай. Қағаз атаулының қиқымын тастамайды-ау, қиқымын тастамайды. Келген хат, кеткен хат көшірмесі бәрі-бәрі сақтаулы. Өзін әлдекім балағаттап жазған қағаз, өзі әлдекімді көрсете ұрсып жазған хат-қағаз да сақтаулы. Жасырып-жауып жатқан, жасырынып жақсы атты болайын деп ойлап жүрген Сәбит жоқ... Кабинетті кернеп кеткен хат, қағаздың бірсыпырасын жазушы көзінің тірісінде Қазақстан Орталық Мемлекеттік архивіне тапсырған. Жазушының жан сырына кұмартқан жас жігіттің жетпісінші жылдары сол мол архивті шаң жұта шабыттана ақтарғаны бар. Міне, сондай қызықты күндердің бірінде С.Мұқановтың жеке қорынан (1634 қор) атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының Ташкент циркінде көрсеткен өнерінің жарнамасы мен бір хатына кезікті. Құдай-ау, екеуі де жылан жылғы дерлік, әбден сарғайған, әріптері өшкен, сөздері өлеусіреп зорға оқылады. Сондай құжат-қағазды сақтаған Сәбеңнің ұқыптылығын қараңыз. Қалай қызықпайсыз, қалай тәнті қалмайсыз?! Жарнамаға қарағанда, Ташкент циркі бір кешін Қажекеңе арнамақ. Аударып оқиық бағдарламаны: «13-14-15-16 қыркүйек. Тәшкенде Қажымұқан Мемлекеттік циркте ғажап күш-ойынын көрсетеді. Жұз пұттық екі метрлік екі құрылыс тірегін (белтемір) иығына салып иеді. «Темір галстук». «Самсон белдігі», тағы басқа ғаламат күшке түсерлік рекордтық ойындар көрсетеді. Қажымұқан ойынынан соң цирктің барлық труппасының қатысуымен ойын көрсетіледі». «Басқарма» делінген бағдарламада. Міне, осы жарнамаға Қажекеңнің қаламгер інісіне жазған хаты қоса тігіліпті. Ескіріп тозған хатты ежіктей бастаймын. Хаттың бастауындағы Сәбит деген сөз жартылай жыртылып, «Мұқанов!» деген сөзі сақталыпты. Әрі қарай хатты ажыратып оқуға болады: «...ағаң Қажымұқанды ұмытқан боларсың. Ұмытқаныңа төмендегілер дәлел бола алады деймін. Менің кім екенімді, менің балуан екенімді, қандай қызмет атқарғанымды, байдың, иә құлақтың баласы емес екенімді білесің ғой. Осыларды... неге есіңе алмайсың? Балуан Шолақтың өлгеніне 20 жыл толса да, оны Қазақстанның 20 жылдығына қарсы қаламыңмен тірілтейін деп жатырсың ғой. Сол сияқты мені де бір қағаз... (жыртылған) шығаруыңды сұраймын. (Әрі қарай өшіп кеткен. Қ.Е.) – Маған мына адрес бойынша хабарлас: Шәуілдір ауданы, Шілік ауыл кеңесі, Ақтөбе колхозы. Қажымұқанға! 18/VІІ-40 ж.» Иә, бұл хатта, концерттік бағдарламада қандай сыр бар? Күш атасы Қажымұқан біреуге хат жазыпты деген әңгіме жұртшылык есінде жоқ. Ондай хат інісіндей сыйлас Сәбит Мұқановқа жазылғанына куә болып отырмыз. Хаттың ұзын-ырғасы дүниеден өткен Балуан Шолақты қалам қуатымен қатарға қостың, оның дұрыс, бірақ мен жөнінде кітап жазамын деген уәдеңе жетпедің дегенге саяды. Сыйлас ағаның қалам ұстаған ініге өкпе-назы бар. Осындай наздың тіршілікте Қажымұқан мен Сәбит Мұқанов арасында болғанын Дихан Әбілев те «Алыптың ақ батасы» («Күш атасы», «Қазақстан», 1984, 84-85-беттер) атты естелігінде де жұқалап айтып өтеді. Көз көргендердің ауызекі әңгімесіне ден қойсақ, Сәбең шығарма жазбақ ниетпен Қажекеңмен бірсыпыра әңгімелесіп, керекті жайларды айтқызып жазып алыпты. Бірақ жазылған шығарма жоқ. Алып қайрат иесі, аңғал балуан, міне осы жайларға өкпелейді. Ол кезде балуан өз өмірінен келешекте бір емес, бірнеше жанрда әралуан шығарма жазылатынын, көркем фильм түсірілетінін білген жоқ, әрине. Өмірдің қай саласын да мол қамтитын, табиғатында өнімді еңбектенген Сәбеңнің Қажымұқан өмірінен шығарма жазбақ болуы – шындық. Көз көргендердің естелігін былай қойғанда, жазушы архивінде сақталған цирк жарнамасы, Қажымұқанға қатысты басқа жазбалар да жазушы ойына кепілдік бергендей. Ойға алғанымен орындалмай қалатын арман жазушы тағдырында аз кездеспейді. Бұл да соның бірі... Міне, ұлы қайрат иесі – Қажекеңнің бір хатының бізге айтар сыры осындай! Түйін Жылдар қанатын судырлатып өтіп жатыр. Заулап күн, аунап ай, жылжып жыл өтеді. Қажекең жайында әр кезде естеліктерін бөлісіп әңгіме айтқан қариялар жарық дүниеде жоқ. Естелік әңгімелері үшін рухына мың тағзым данакөз қариялардың. Күш атасы жайлы әңгіме, естеліктер жинауыма себепкер болған аяулы анамның есімін қойған ұлы Ана – Айша-Бибі әруағы желеп-жебесін. Ескертер бір жайт – естелік әңгімелер қаз-қалпында хатқа түсті. Жеке дерек, кісі аттарында артық-ауыс болса оқырманнан кешірім. Жиналған мұндай материал менде бірсыпыра. Жерде қалғанша жұртқа жетсін, желге ұшқанша жұрт құлағында кетсін деген оймен іріктеп ұсындық оқырманға. qazaquni.kz