Кіршіксіз таза, тума талант

Лесбек өткен ғасырдың орта шенiнде сұлу Сырдың жағасында Әжемсеңгiрдiң тұсында Көкиiрiм деп аталатын қойнауда дүниеге келдi. Лекеңнiң әкесi Анас ақсақал ұзын бойлы, қапсағай қара торы кiсi едi. Бiз ес бiлгенде ол кiсi орман шаруашылығында қызмет ететiн. Оқушылық өмiрiн Көксу ауылындағы С.Ерубаев мектебiнде бастаған Лесбек он жылдықты сол кездерi ашылғанына көп уақыт бола қоймаған «Октябрьдiң 50 жылдығы атындағы» совхозда бiтiрiп шықты. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бiрде-бiр мерекелiк iс-шара Лекеңсiз өтпейтiн. Ал ән жазуды Шымкентте институтта оқып жүрген кезiнде бастады. Ең алғашқы әнiн жазушы Әзiлхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кiтабындағы «Қызыл көрпе» атты өлеңге жазған. Оқудан демалысқа келген күндерi қасына өзi сияқты гитараға құмар жiгiттердi ертiп алып, Көксудың көшелерiнде түннiң бiр уағына дейiн ән шырқайтын. Бiздiң бала кезiмiз ғой. Гитараның ойнақы әуезiн естiгенде-ақ, Лесбектiң ауылға келгенiн байқап қоятынбыз. Ауылдық жердегi халықтың күнде кешке қарай жиналатын жерi ауыл клубының маңайы. Сол клубтың жанында поштаның iргетасында масаға таланып отырып, рахаттанып талай тыңдадық-ау. Лесбек сексенiншi жылдардың бас жағынан ән жазуға жан-дүниесiмен ықыластана ден қойды. Сол кездерде жастар арасында кеңiнен тараған әндерiнiң бiрi – «Тырналар» әнi болатын. Бұл әндi шардаралық Батыр Елiк деген қырғыз жiгiтi керемет орындайтын. Лекең өнер жолында Жезқазған қаласында атақты «Жезкиiк» әнiнiң авторы тума талант Жақсыгелдi Сейілов ағамен қазақтан шыққан алғашқы эстрада жұлдыздары «Қаракөз» ансамблiнiң негiзiн қалаушы Болат Есмұхановпен, сондай-ақ әнші Қорабай Есеновпен қызметтес болғанын әрдайым сағынышпен еске алып отыратын. 1983 жылы Келес ауданының Мәдениет бөлiмiнде iстеп жүрген жерiнен туып өскен жерi, киелi Көксу ауылына қайтып келдi. «Армандастар» вокалды-аспаптар ансамблiнiң көркемдiк жетекшiсi болды. Бiрақ көп ұзамай аудан орталығы Шардара қаласына көшiп келiп, өмір жолын жалғастырды. Шиеттей бала-шағамен көшiп-қона беру де оңай емес, дегенмен Лекең шағалалы Шардараға қоныстанғаннан кейiн тiршiлiгi бiр арнаға түскендей болды. Өйткенi, ол кiсi өңiрде өзiнiң өмiрлiк ұстазы өнер жолында үзеңгiлес серiгi, арқа тұтар ағасы Тәшман Шекеров ағамызбен табысты. Бiрi қазақтың қара домбырасымен, бiрi әуенi мың құбылып құйқылжыған қара сырнайын қосып, Қыдыр кезген Қызылқұм мен сұлу Сырдың өшiп бара жатқан қаншама әндерiн халқымен қайта қауыштырды. Тәшекең Лесбектiң әкесi Анас ақсақалға барып «Көке, мына баланың билiгiн маған берiңiз, өзiм бауыр тұтайын, өз перзентiмнен кем көрмей бас-көз болайын», – деп өтiнiш қылғанда Анас ақсақал: «Тәшман, саған Лесбектi қимай отырған жоқпын. Сенiң азаматтығыңа да сенемiн. «Әке балаға сыншы» деген, тек қана саған ескертерiм, бұл ақымақтың iшiнде сайтаны бар ғой. Соған егелiк қылсаң болды», – деп күлiп отырып батасын берген екен. Иә, бұл да бiр Лекеңнiң өмiр белестерi шығар. 1985 жылдары Қуат Сәтiбековтың сөзiне жазылған «Ақторғын» әнi дүниеге келдi. «Ақторғынның» әнсүйер қауымның жүрегiн жаулап алғаны сондай, бұл әндi халық әлi күнге «Ән төресi – Ақторғын» деп дәрiптейдi. Кеңестiк дәуiрде Қызылқұмдағы өкiметтiң малын баққан шопан қауымның рухани көңiлiн көтеру мақсатында, аудан өнерпаздары гастрольдiк сапарларға шығатын заманның мамыражайлылығы ғой, қызды-қыздымен Өзбекстан, Қарақал­пақстандағы қазақ ағайындарға да қаншама ән мен жырдан шашу шашып, қайтатын сәттерi күнi бүгiнге дейiн есімiзде. Мiне, осы кезеңдерде Лесбектiң ақын Ақшагүл Төлегенованың сөздерiне жазылған «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Енелер» сияқты керемет әндерi туылды. Жалпы, Iлекең жадағай, жалаң ұйқас­пен жазылған мәтiнсымақтарға ән шығара салатын сапасыз сазгерлердiң санатында емес-тiн. Өлеңдегi айтылған ойға мән беру, жазған ақынның жан дүниесiне үңiле бiлу, ақын қиялын тербеген сезiмдi саралай бiлу – сазгердiң нағыз асыл қасиетi едi. Қазақтың жыр дүлдүлдерi, мұзбалақ Мұқағали, сыршыл ақын Тұманбай, хан қызындай Ханбибi апаларды тану, таңдау ерекшелiгi онша-мұншаға берiле салатын олжа емес. Бұл тұрғыдан келгенде Лесбек талайлардан биiк тұрған тұлға. Лекеңнiң өмiрдегi ең бiр қимас достарының бiрi белгiлi ақын, қаламы қарымды журналист Оңалбай Еспанов ағамыз да бүгiнде арамызда жоқ. Өмiрлерi өзектес, тағдырлары тамырлас екi достың бiрлесiп жазған «Бөлелер» әнiн бүгiнде бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Iлекеңнiң әрбiр жаңа туындысының құштарлықпен күтiп жүретiн жалпақ жұртқа жария етуге асығатын бауырлары Шардарада тұсауы кесiлiп, шартарапқа танылған Ибрагимовтер жанұялық ансамбльiнiң ән қоржынында сазгердiң қырықтан астам әнi бар. Әкелi-балалы Құрманғазы, Iзбасар Ибрагимовтердiң саңлақ сазгердiң әуендерiн өңдеудегі еңбектерi де айтуға тұрарлық. Исi қазаққа белгiлi өнертану ғылымының докторы Бөрi Иса ағамыз Лесбектiң Әлiбек Мейiрбеков, Ақшагүл Төлегенова, Нұрғали Ибрайым, Оңалбай Еспанов,Ұлықбек Есдәулет сынды ақындардың сөздерiне жазылған жиырма бес әнiн нотаға түсiрдi. Зобалаң зұлматы мен қанды қасiретi мәңгiлiкке ақтаңдақ болып қалған 86-ның Желтоқсанындағы оқиғадан соң Есенғали Раушанов ағаның сөзiне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әнi композитордың ән қазынасындағы шоқтығы биiк, жауһар-жақұты ғой. Лесбек Аманов – өнерде өзi салған айшықты iзiн сараман сара жолға айналдырып кеткен халқымыздың ортаң қолдай композиторы. Мұқағали поэзияны жанымның шырылы де бағаласа, Лесбектiң жан шырылы сардаламен үндескен, ғашық жүрекпен тiлдескен әндерi болып қалды. «Бұл өмiрдi жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмiр сенiң ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы шетсiз-шексiз таңғажайып бiр дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың», – деген Қабдеш Жұмадiлов ағамыз. Сол айтқандай, «Бүгiн барсың, ертең жоқсың» алмағайып заманда қасымызда қатар жүргендердiң қадiрiн бiле бермейтiн қасиет – қазаққа тән. «Өткен күнде белгi бар, iздеушiсi болса, Келер күнге Тәңiр жар, тiлеушiсi болса», – деп халық даналығында айтыл­ғандай, Лесбектей бауырымыз: Тiрлiгiнде сый-құрмет, күтiм көрмей, Тауқыметке сыр бермей, түсiн бермей. Өмiрден өттi бір жан әнге айналған, Жалғанда ер-тұрманы бүтiнделмей, – өмiрден өтсе де, артында iздеушiсi бар, сұраушысы бар. Артында қалған жеңгемiз бен ұл-қыз­дары, келiн-немерелерiне, қасқалдағын сағына аңсайтын халқына амандық тiлейiк, ағайын. Әбдіғаппар АЙДАРОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі  

"ҚАСҚАЛДАҚ" ҰШТЫ ПЫР-ПЫРЛАП 

Өткен аптаның бейсенбісінде Шымкент жақтан «Шардараның Шәмшісі» атанған әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы, белгілі сазгер Лесбек Аманов дүниеден озыпты» деген суық хабар жетіп, бір сәт сенер-сенбесімізді білмей аңырып қалдық. Сенейік десек, содан үш-төрт күн бұрын ғана ол кісі Шардараға келіп кеткен болатын. Сенбейік десек, жан-жақтан минут сайын қайғылы қазаны жеткізген хабарлар толастар емес. Ақыр соңында әркім-әркімді әрі-сәрі күйге салған қаралы хабар рас боп шықты. Саяси астары өте салмақты, халықтың арман-шерін нәзік қана шерте білген, күллі қазақтың тебірене толқып орындайтын «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен жұршылықтың ыстық ықыласына бөленген Лесбек өмірден озыпты. Әрдайым жылы ғана жымиып, қалың ойдың құшағында жүретін асыл да ардақты азамат жайлы ендігі жерде тек өткен шақпен ғана сөйлейтініміз тым өкінішті. Шардараның құмында туып, суында өскен Лесбек ағамыз тумысынан қарапайым болатын. Ағамызбен аралас-құралас, сырлас болған соңғы он бес жылдың бедерінде ол кісінің әлдебіреулерге алданғанын естігеніммен, Лекеңнің біреудің алдында атымен, атағымен малданғанын естігеніміз де, көргеніміз де жоқ. «Адамды жаратқан Алла да пенделердің сағаттап айтып жеткізе алмайтын арман-мұңын екі-үш минуттық музыка тілімен жеткізетін сазгерлік қасиетті Лекеңнің бойына осынау тазалығы үшін берген бе?» – деген ой келеді. Солай болса, солай да шығар... Лесбек Амановтың тұтас дерлік тамаша туындылары Шардара топырағында дүниеге келді. «Қара бауыр қасқалдақтан» бөлек «Ақторғын», «Жас келіннің сәлемі», «Біздер де ғашық болғанбыз», «Қызыл көйлек киген қыз» деп жалғасып кете беретін жүзге жуық жанға жайлы әндерін алғаш болып шардаралықтар тыңдады. Киелі топырақта тұсауы кесілген кесек туындылар Шымкент, Алматы асып, исі қазақтың жүрегіне жол тартты. Жай ғана жол тартып қоя салған жоқ, құлаққа сіңіп, бойды алып, жүректен жай тапты. Лесбек сонысымен Лесбек! Сазгердің сүйегі Мақтаарал ауданындағы Асық ата кентіне қойылды. Ендігі жерде екінші өмірі басталған талантты сазгерді мәңгілік сапарға шығарып салу кезіндегі қаралы жиында сөз алған Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары, облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, жырау-сазгерлер Лекеңнің талантына тәнті екендіктерін, алдағы уақытта дарын иесін дәріптеу керектігін баса айтты. Әндерін жинақтап, нотаға түсіріп, түптеп қоймаса жауһарлардың қолды болатынын атап өтті. «Дұрыс ұсыныс екен, хал-қадірімізше атсалысамыз» деп ой түйіп қайттық. Мәңгілік есте қалдыру демекші, мүмкін алдағы күндері Л.Амановтың әндерін орындаудан байқау өткізілер, көшеге есімі берілер, арнайы клубтар мен үйірмелер ашылар... Бұл ойдың бәрі жүзеге асып жатса көптік етпейді. Немқұрайдылыққа салынбасақ қолдан келетін-ақ тірлік қой. Сүйікті сазгеріміздің алдындағы азаматтық парызымыз да осы емес пе? Біз танып-білген жандардың арасында біреуге ренжімеген, біреуді ренжітпеген адам болса, ол – Лесбек! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Өмірдің аттағаннан баспалдағын, Ән болды-ау, аға, сенің басты арманың. Қазақтың кең даласын шарлап кетті, Көңілден ән боп ұшқан «Қасқалдағың». Өмірде әнсіз-күйсіз ұғам нені, Ұйыттың сылқым сері, бұраң белді. Қай жерге барсақ-тағы Ақторғының, Күлімдеп алдымыздан шыға берді. Сезімді әнмен тербеп алып ұшпа, Жетектеп әкетуші ең алыс қырға. Талайдың сағынышын әнмен басқан, Айналдың енді өзің де сағынышқа! Сәбит ЛАХАНОВ Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы   ҚЫЗЫЛҚҰМДЫ КЕЗЕДІ СЕНІҢ ӘНІҢ Көп еді ғой алдыңда басты арманың, «Желтоқсанның желінен» жасқанбадың. Шардараның үстінде шыр айналып, Қона алмай жүр ұшырған қасқалдағың. Мына қайғы көмейге шоқ сап отыр, Бұйрығына Алланың тоқтап отыр. Ақторғынды іздеп ең сазды әуенмен, Сені іздеп енді ол жоқтап отыр. Өзіңді іздеп мен бүгін толғанамын. Қайта-қайта бейнеңді қолға аламын, Қызылқұмды кезіп жүр ғашықтардай, Сексеуілді құшақтап салған әнің. Талай сазгер өзіңнен аса алмай жүр, Саған құрмет әлі де жасалмай жүр. Соңғы әніңді естіген талай жүрек, Әлі күнге өксігін баса алмай жүр. Тағдырыңа үңіліп, тереңдеймін, Жалғыз қалған жапанда емендеймін. «Тоқсанбайдан» бір әуен талып жетсе, Сен екен деп ән салған елеңдеймін. Борышыңды халқыңа ақтап кеттің, Сырға толы мол мұра сақтап кеттің. Артымдағы өкшелес інім едің, Қалай мені қайғыға тастап кеттің. Әніңменен өзіңді сүйікті еттің, Мәртебеңді өсіріп биіктеттің. Пайғамбарлық жасына жетпей жатып, Қалай мына өмірді қиып кеттің. Жаңабай СЕЙДУАЛИЕВ qazaquni.kz