Жетпістегі «жігіт»
2017 ж. 08 ақпан
3154
1
немесе қоғам қайраткері Сәбит Байдалының азаматтық болмысы
Байқап қарасам, өмір жолы: қалыптасу мен кемелденуден тұрады екен. Мен, балалық шақтан – болашаққа бағыт алған жас өренмін. Азамат ретінде қалыптасу кезеңім – ағайын-туыс, жақын-біліс, дос-жораның алдында, міне, ақырындап басталып келеді. Күні кеше ғана жерұйығы – Жетісудың Қапал-Арасан өңірінен қанаттанып, сол жердегі Алаштың айбарлы ұлы – Барлыбек Сыртанұлының есімін иеленген орта мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірімнің алғашқы аялдамасы – Арқалық шаһарындағы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған мына менің маңдайыма екінші аялдама болып – Астана шәрі жазылған екен.
Кез-келген талапты жас өреннің азамат ретінде, маман ретінде қалыптасуына жол ашып, тілеулес болар, жағдайын жасап, жәрдемдесетін шынайы жанашыр, «қанатсыз періштесі» болады емес пе! Иә, менің де мұндай «періште» аға-апаларым өте кө-өөө-ппп! Солардың бірі – Сәбит Байдалы есімді атпал азамат. Сәбит ағам туралы айтпастан бұрын, Сіздерге болашаққа бет алған «қайығымның» екінші аялдамаға қалай келгені жайында айта кетейін: Арқалықтағы даңқты айтыскер ақын, белгілі әдебиеттанушы-ғалым Айбек Қалиевтің жеке ғылыми мектебінен шыңдалып, ЖОО бітіргенімді растайтын құжатымды қолға алып, Алматыға бардым. Әуелгі мақсат – профессор Тұрсынбек ақсақал Кәкішұлымен кездесуім керек. Тәңірі сәтін салып, абыз ақсақалмен кездесіп, тұп-тура 2,5 сағат әңгімелесіп, ақ батасын алдым. «Болашағың жарқын болсын! Алаш ғылымына адал бол! Бағың жансын!» деген ақ тілегі – менің құдды бір ғылым жолына қадам басардағы ғылыми төлқұжатымдай ыстық болып көрінеді. Алланың қалауымен, тәңірінің таңдауымен Алаш заманында патшалық биліктің, кейінірек советтік биліктің айдауына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған, тар жол, тайғақ кешіп, тар қапаста өлең жазып, болашаққа арнап аманат-сөз қалдырған тағдырлы ақындардың жүрекжарды жырларын жинастырдым. Нәтижесінде «түрмеде жазылған шығармалар» деген ұғымды ғылыми айналымға енгізу – менің бағыма жазылыпты. Алла қаласа «Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы» (Генезис. Эволюция. Поэтика) монография, «Қазақ әдебиетіндегі саяси эмиграция және түрме шығармашылығы» ғылыми зерттеу, «Тағдырлы жылдар, тағдырлы жырлар» атты түрмеде жазылған шығармалардың антологиясы және түрме тілінің сөздігін жеке-жеке кітап қылып баспадан шығарамыз. Астана қаласына келген соң, бірден С.Сейфуллин музейінің ғылыми қор бөліміне ғылыми қызметкер болып қызметке алындым. Осы қызметте жүргенімде Алматыдағы аға-досым, жас әдебиетші, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұрбол Құдайбергенов хабарласып, «Ақ жол» партиясы осындай байқау ұйымдастырып жатыр, сен де қатысып, бағыңды сынап көр, – деді. Сосын байқаудың шартымен танысып, «Алаш тарихындағы белгісіз оқиғалар мен есімдер» аталымын таңдап алып, Алаш заманы – ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырған реформатор аға буын, ізашар топтың идеясын қолдап, оларды қаржылай һәм рухани тұрғыда қолдаған ізбасар Алаш азаматтары хақында зерттеу мақала жазып, байқау комиссиясына ұсындым. Мақаланың атауы – «Алаш қайраткерлері және олардың сенімді серіктері». Бұл мақала – тек Алаш қозғалысының көсемдерін ғана емес, сондай-ақ, Алаш идеясын қолдаған ниеттес азаматтар, бүгінде есімдері көпке белгісіз, елеусіз қалған ерлердің ғұмырнамасына арналды. 10-қараша күні менің «шайтанқұлағыма» белгісіз бір нөмерден қоңырау түсті, тұтқасын көтеріп, тілдестім. Сөйтсем, әлгі мақала комиссия қарауынан өтіп, ІІ кезеңге жолдама алыпты. Ал, маған қоңырау шалып, «сүйінші» хабарды естірткен, сол кездегі хабаршы, бүгінгі әріптес ағам әрі осы жобаға келуіме себепкер болған – Асылхан Қожахметов екен. 16-қараша (дүйсенбі) күні азанғысын Астанадан Қарағанды қаласына электричка арқылы жолға шықпақ болып, теміржол бекетіне келдім; келсем, сол уақыттағы ауа-райына байланысты аталмыш поезд жүрмейтін болып, аяқ-асты күтпеген жерден оқыс оқиғаға тап болып, абыржып, біраз, әуре-сарсаңға түсіп, такси арқылы тәуекелге бел байлап, жол тарттым. Сағат 10:00-де басталған шараға тұп-тура 13:00-де кешігіп жеттім. Сөйтіп, кілең сайдың тасындай іріктелген жас ғалымдардың ортасына түсіппін; барлығы жалындап тұрған, шетінен «сен тұр, мен айтайын» дегеннің нақ өзі екен; көздерінен жалын алаулап тұрған жастардың қатарында мен де болып, шаршы топқа кіріп, іркілмей сөз бастадым. Сол уақытта бірден көзім төралқаға түсті. Төралқада отырған азаматтардың біразын сырттай танитын едім, жүздері таныс, ал бір-екі адамды шыны керек, сол жерден алғаш көруім еді. Сол кісілердің бірі – салиқалы сөз бастап, әп әдемі жүргізіп отырған Сәбит аға екен. ІІ кезеңнен ақтық кезеңге жолдама алып, қуанып тұрғанымда, Асылхан ағам Астанаға бізбен жүр, ғалым ағаларыңмен бірге барасың, – деп өзіне жақын тартты. Сол күннен бері мен Асекеңнің туған інісіндей жанына жақын жүремін. Қарағанды мен Астананың қақ ортасындағы асханаға тоқтап, көліктегі барлығымыз бірге отырып, тамақтандық. Сәбит ағаның дастархан басындағы сөйлеген сөзі әсерлі шығып еді. Жол бойы Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер сынды ғалым ағаларымның Алаш тақырыбындағы әңгімелерін естіп, Астанаға қалай келгенімді білмей қалдым. Сәбит ағаны екінші рет Астанада көрдім, яғни, 4-желтоқсан күні ақтық кезең өтті, мен өз аталымым бойынша Бас жүлдені иеленіп, жеңімпаз атандым. Әрбір жас ғалымның ғылым жолындағы жолын ашқан, алғаш жеңіс сыйлаған, есімін көпке танытқан дебюті болады. Менің дебютім – «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауы. 9-желтоқсан күні Сәбит ағаны үшінші рет Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Аманат» интеллектуалдық клубының жиынынан көрдім. Кітапханадан шыққан соң,Қайырбек Ризабекұлының жеңіл машинасына отырып, Сәбит аға, Сағымбай Ботпайұлы төртеуіміз Л.Н.Гумилев ЕҰУ-нің «Отырар кітапханасына» келіп, студенттер ұйымдастырған «Алаш апталығы» шарасына қатыстық. Сол жерде аталмыш байқаудың жеңімпазы ретінде Алма Сайлауқызы екеуіміз Сәбит ағаның қолынан медаль алдық.Алманы білмеймін, сол жолы өз басым өмірімде бірінші рет медаль алған едім. Ол медаль – Қазақстан Тарихшылары қауымдастығы мен «Ақжол» партиясы шығарған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» естелік медалі. Міне, менің кеудеме алғашқы медалімді тағып, үлкен өміріме сәттілік тілеп, сүйіспеншілікке толы сезіммен қараған Сәбит ағамның сол сәттегі жүзі – «анадан жаңа туған сәби» кейпіндегі періште-жүрек иесі болып жадыма сақталып қалыпты. (Өткен жылдың 14-желтоқсанында бір топ жас ғалым «Алаштың Ақ жолы» байқауының лауреаты» төсбелгісімен марапатталды. Тағы да Алма әріптесім екеуіміз бірге алдық. Бұны жақсылыққа жорыдым...) Ақырған ақпанның ортасында Сәбит ағамды төртінші рет кездестірдім. Бұл жолы – ағамды өзім іздеп келдім. Себеп: «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ағаның авторлық жобасының жүзеге асуына көмектесу. Тұп-тура 1-сәуір күні мен «Ақ жол» ҚДП-ның идеологиялық жұмыстар бөліміне қызметке алынып, «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жобасының ғылыми қызметкері болып бекідім. Бағы жанған азамат Күн – ортақ, Ай – ортақ, Жақсы – ортақ! Қазақтың осы бірауыз қанатты сөзі – Сәбит Жүнісбекұлындай азаматтарға қаратып айтылса керек-ті. Мен таныған, мен білетін, менің ұғымымдағы Сәбит Жүнісбекұлы – табиғатынан адамгершілігі жоғары, болмысы бөлек, қазақтың көші алға озсын деген ілтипат, тілектегі жан. Осы бір жанның бойындағы ең жақсы қасиеті – ақ сөйлеп, ақ адал жүруі. Мына бес күн жалған өмірде азаматтық ұстанымы мен арына дақ түсіріп, көңілін кірлеткен советтік ойдағы коммунист қаншама үлкен ағаларымыз бар, ал, біздің Сәбит ағаның бойына бұл кесел жұқпаған. Алаяқтар мен алыпсатарлар қаптаған зымиян қоғамда, жібі түзу екі адам болса, соның бірі – осы Сәбит аға болар еді. Әлемдік әдебиетте «толстойлық сипаттама» деген әдіс бар. Әйгілі жазушы Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романын жазар алдында, бас кейіпкерінің бірі – Пьер Безуховқа оның қасиеті мен жеке басына орай мінездеме берген еді. Біз, осы әдісті пайдалана отырып, Сәбит Жүнісбекұлы Байдалыға мынадай сипаттама берер ек: Мінезі: Ақкөңіл, мейірбан, көңілі қазақтың дархан даласындай өте кең, ақ адал, сабырлы. Әсіресе, дүние түбімен қопарылып, асты-үстіне түссе де, бәзбаяғы қалпынан айнымайтын, өзін сабырлы да мығым ұстап отыратын жан. Бірақ, бұл дегенім – жуас, әлжуаз адам емес, өзінің айтар ойын, әділ сөзін реті келсе ашық та анық айтатын адам деген мағынада. Парасат жағы: Қоғамдық-саяси пікірі әбден қалыптасқан, кәнігі мықты идеолог маман ретінде әр нәрсені байыптап, ой елегінен өткізіп, «әліптің артын бағып» қана іске кірісетін; кез-келген адаммен тез қарым-қатынас орнатып, тез тіл табыса алады. Сүю сипаты: Задында, адам баласының бойындағы асыл қасиеттің бірі – сүю, ынтық болу қасиеті шығар. Мен, Сәбит Жүнісбекұлын жақын танығаннан бері оның бойындағы осы қасиетке деген адалдығын екеуара әңгімемізді жиі естіп, әбден қанық болдым. Отбасы деген – киелі де қадірлі ұғым ғой. Ес біліп, етек жинағалы біраз адамдармен жақын араласып, берекелі де өнегелі отбасыларын көріп, айрандай ұйып отырған ғибратты ғұмырларына қызығып та, қызғанып та қараймын. Оның мәнісі – мен де алдағы күндері үйіме келін түсіріп, ақ отауымды көтерер азаматпын. Қызыққаным сол – бұл отбасылардай тату да тәтті өмір сүріп, екеудің арасындағы сезім отын бақыттың шамшырағына айналдыра алар ма екенбіз?! Міне, мені осы сұрақ ойландырып, күніне мың толғандырады. Мені тамсандырған, қызықтырған отбасының бірі – Сәбит ағамның бақ пен береке ұялаған құтты зәузаты. Шіркін, жалған дүние-ай, не деген қызық едің! Сенің кереметтігің сол – екі жақсыны бір-біріне қосып, олардың махаббаттарын, сезімдерін шетсіз-шексіз етуің ғой. Бала күнімде ойлайтынмын: шынайы сүйіспеншілік, өліп-өшіп сүю тек «ертегі» мен «аңызда» болады деп. Қателесіппін. Сәбит ағам мен Айсұлу анамыздың махаббаты әлгі ертегілердегі сюжеттен асып түскеніне көзім жеткенде, қайран қалып ем... Тағы бір анық мысал, өткен жылдың 2-сәуірінде бұ дүниден ағамыздың сүйіп қосылған ақ адал махаббат иесі, жары – Айсұлу Мұхамеджанқызы өткен еді. 1-сәуір күні жұма намазын өтер алдында, аға екеуіміз «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының қабылдау комиссиясына келіп түскен жұмыстар бойынша ақылдасып, ертесі күні әділқазылармен бірлесіп ортақ шешім қабылдап, ІІ кезеңге жолдама алған үміткерлерді анықтау мақсатында жиналыс өткізуге дайындалып едік. Сенбі күні (2.04.16) азанғысын уағдаласқанымыздай мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, проректор, алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлының кабинетіне келдім. Келсем, Дихан ағайым өзінің жұмыстарымен отыр екен, шамалы уақыттан соң ф.ғ.к. Сұлтан Хан Аққұлы мен ф.ғ.к., профессор Қайрат Сақ ағаларым келді. Сол уақытта мен Сәбит ағамыздың жары дүниеден өтті деген қаралы хабарды естіп, абыржып қалдым. Сосын әділқазылар бәйгеге келіп түскен шығармашылық жұмыстарды оқып шыққаннан соң, өздерінің ойларын ортаға салып, ортақ шешім қабылдадық. Дүйсенбі күні (4.04.16) біз қаралы жиынға қатысып, Айсұлу анамызды мәңгілік мекеніне жайғастырып, оның рухына арналып жайылған асқа қатыстық. Ас кезінде ағамыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айттық. Амал нешік, адам баласы бұ фәни дүниеге қонақ қана екен-ау... Білімі: Бала күнгі арман-мақсатына сүрінбей жеткен бақытты адам. Және сол арманына селкеу түсірмей, өзінің жоспарлаған межесінен де артық биікке шыққан адам дер едім. Өйткені, журналист болуды армандаған ағамыз сол совет заманында жүріп, болашақта елінің еркіндігі үшін шаһид кешіп, өлім құшқан Алаш оғландарының өнегесін ұрпаққа насихаттап, Алаш идеясының ниеттесі боларын білді дейсіз бе? Міне, сол Сәбит ағамыз бүгінде Алаш идеясына – тірек, Алаш тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдарға – серік болды. Тумысынан табиғаты бөлек, өнер, руханият десе ішер асын жерге қоятын, өнер қайраткерлерін, шығармашылық адамдарын көрсе, аялап, алақанына салып, төбесіне көтере алады яки біреудің қуанышына шын ортақтаса алатын көпшіл адам. Құдай Тағала мейірімі кең, аса қайырлы емес пе, міне, сол қайырымдылығы мен мейірімділік шапағатын бір адамның бойына үйіп-төгіп берген екен. Қайран қаласың! Бұ адамның өзі де сол Жаратушы иенің жасаған қымбат тартуына ақ адал болып жүрген адалдық пен жақсылықтың күзетшісі іспетті. Артық айтқаным емес, дәл осылай. Екінші тыныс Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығында микрофон алдындағы журналист, телеиндустрия саласының белгілі топ менеджері Сәбит Жүнісбекұлы өзінің ұзақ жылдар бойғы бейнетті еңбегінің зейнетін көру үшін демалысқа шығып, барақатты ғұмыр сүруге дағдыланды. Бірақ, үнемі қозғалысқа, қызметтің машақатына үйреніп қалған ширақ қимылды ағамыз үйінде де жата алмаса керек-ті. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына қызметке тұрып, партияның идеологиялық жұмыстар мәселесімен айналыса бастады. Бұл кезде партияның да, Сәбит ағаның да екінші тынысы ашылған еді. Себебі: партия басшысы жаңадан сайланып, төрағалығына бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі саясаткер Азат Перуашев келген еді. Партияның Алаш тақырыбын өзінің міндет-мұратының бірі ретінде белгілеуі Сәбит аға үшін нағыз «іздегенге сұраған» болып шықты. Идеяны жариялау бар да, оны іске асыру бар ғой. Сәбит ағадай таптырмайтын идеологы бар партияның жолы оңынан туды. Басқарушы құрамы жаңадан сайланған партияға медиасаласының білікті маманы келе сала, өзінің ұтымды да ұтқыр ойларымен, ортаға сіңіп, Алаштың жарқын идеясын, жемісті идеясын зерделеу мен тарату ісін ұйымдастыруды да, орындауды да тікелей қолына алды. Партиямыздағы Алаштың сөзін сөйлеп, қазақтың игі жолымен жүретін Сәбит Жүнісбекұлын төрағадан бастап қатардағы қызметкерге дейінгілердің бәрі құрметтеп, қошемет көрсетіп жатады. Кез келген істі бастарда Сәбит ағаның ақыл-кеңесіне жүгініп, бағыт алатын сәттер де аз емес. Өмірлік тәжірибесі, оқығаны-тоқығаны көп ағамыз қашанда болсын өзінің сабырлы қалпынан айнымай, ақ жолынан адаспай қара қылды қақ жарар әділ сөзімен кез келген түйінді шешіп, бітпей тұрған істің өзін итермелеп жібереді. Қолтаңба Әрбір шығармашылық адамының өз қолтаңбасы боласы. Сәбит ағаның журналист маман ретіндегі қолтаңбасы – телерадио саласында қалғаны өз алдына бөлек. Ол жағын мен емес, сол саланың мамандары айта жатар. Ал, менің өз көзіммен көріп, түйсігіммен түйіп, түсінгенім: Сәбит ағаның айрықша қолтаңбасын қалдырар еңбегі – шынайы «Алаш» ұранды идеясынан туындаған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жинағы! Осы уақытқа дейін ағаның идеясымен «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ІІІ томдық ғылыми жинақ жарық көрді. Жуық күндері аталмыш жинақтың IV, V шығарылымдары баспадан шықпақшы. Міне, осы бес кітап – Алаштану ілімі, Алаш идеясының өзектілігі, бүгінгі зерттеу нысанына айналған тақырыптар мәселесі жан-жақты талқыланып, оқырманның назарына ұсынылып отыр. Кітап – тарих. «Тасқа түскен жазу» ешқашан өшпейді! Ертеңгі ұрпақтың кәдесіне жарап жатса, ағаның еңбегінің еленгені. Міне, айрықша қолтаңба – осы! Аталмыш жинақтың IV, V шығарылымдарын ағамен бірігіп отырып дайындау барысында, ол кісінің адамгершілік қырымен қатар, парасаттық болмысы кеңінен ашыла бастады. Әр іске ықтиятпен, мұқият қарайтын ағамыз жинақтың мәнді болып шығуына аса қатты мән беріп, жауапкершілікпен қарады. Әсіресе, маған әрбір тарауға «түсінік сөз» жаз дегенінен-ақ, ғылымға деген жанашырлық ниеті сезілген еді. Бас бапкер Өткен жылдың соңында Сәбит ағаның қолдауымен, жастардың идеясымен партия жанынан «Алаштың Ақ жолы» атты жас зерттеушілердің ғылыми-танымдық, интеллектуалды клубы ашылып, өзінің ережесі мен жоспарын бекітіп, басшылық құрамын сайлап, іске кірісті. Клуб жанынан ақылдастар алқасы құрылып, оған еліміздегі белгілі алаштанушы-ғалымдар тартылды. Бұйырса бұл клуб – жас ғалымдардың мінберіне айналғалы тұр! Бұл клубтың бас бапкері, жетпіске келген «жігіт», өз ағам – Сәбит Жүнісбекұлы Байдалы! Шын мәнінде, Сәбит ағам бақытты жан! Өйткені: қазіргі уақытта оның өзінің кіндігінен шыққан балаларымен қатар, оның шарапатын көріп, оның идеясымен жүзеге асқан байқаудан дара шыққан жеңімпаз ұл-қыздары бар. Әрбір жеңімпаздың ғалым ретінде, азамат ретінде қалыптасуына Сәбит ағаның да қосқан және қосар өз үлесі бар екеніне сенемін. Мына өмірде адам баласының бір-бірінен үйренері көп. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Сәбит ағадан үйренгенім көп. Оның бәрін тізе беруім – шарт емес, керісінше, сол үйрегенімді іс жүзінде қолдана білсем, көрсете білсем болғаны. Жақсының жаны – жайлау Сәбит аға туралы сипаттамамда ол кісіні «қамқор» деп айрықша атап өткенімді айттым ғой. Бір қызықты айтайын: мен магистратураның бірінші курсын, яғни, ІІ семестрін тәмамдарда, «ағылшын тілі» пәнінен тапсырған емтиханымда ойда жоқта аяқ-асты құлап, «үш» деген баға алып, шәкіртақыдан айырылып қалдым. Сонда менің жағдайым үшін алаңдап, менімен бірге қиналып, менімен бірге тарығып, өзінің қолынан келгенінше, көмектесуге тырысып бақты. Тіпті, проректор Дихан Қамзабекұлына арнайы қоңырау шалып, көмек беруін өтініп сұрап еді. Бірақ, амал нешік, өмір біз ойлағандай бола бермей, сол жолы жеті айға шәкіртақыдан қағылып, нақақтан-нақақ «үштік» баға алып, жүрекке қаяу түсіріп едік. Орнында бар дүние оңалып, күндер зулап, айлар жылжып, жеті айда өтті. Міне, қайтадан шәкіртақыға ие болып, үзілген үміттің жібін жалғап, өзіме-өзім серт бердім. Сертім сол – менің ұлтшылдығыма қарсы шыққан мұғалімнің қайтарымы болсын деп шет елдіктерге арнап ағылшын тілінде «Алаш әдебиеті» танымдық кітабын жазу үшін жоспар құрып, болашаққа үлкен сеніммен қарадым. Негізі, Сәбит ағадай адаммен жұмыс істеу оңай әрі жеңіл. Себебі: шығармашылық адамдары, өздеріңіз жақсы білесіздер, үстелге жабысып отырып, 8 сағаттық жұмыс режиміне шын берілетін адамдардың қатарынан бола бермейді. Мен де кейде 2 сағат байыз тауып отыра алмай, кейде «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» жұмыс істейтін, көңіл-күйіне байланысты жүретін «ауа-райы тұрақсыз» адамдардың қатарынанмын. Шығармашылық адамын шығармашылықтың «азабын» басынан өткергендер ғана түсіне алады. Психолог ағам әрі бастығым осы мінезімді байқаса керек, «ең бастысы – жұмыстың нәтижесі» деп, маған оң көзімен қарап, жылы жымиып қояды. Қайтсін, алды кең адам ғой. Егер, ағаның орнында басқа адам болса, менің халім нешік болмақ?! «Банкомат» ағам» Қалам ұстаған шығармашыл адамы, әсіресе, жастар жағы қашан да болсын, көмекке зәру, қаражатқа мұқтаж болып жүреді екен. Қатарластарымның көбі білімді, интеллектуал болса да, тұрмыс-тіршілігі, жағдайы қиын. Ол жағы айтпаса да түсінікті. Мен, әсіресе, шәкіртақымнан қағылған кезеңде, қаражаттан көп тарылып, қиналып едім. Сол уақытта менің банкоматым болып, «пароль» сұрамай-ақ, кез келген сомадағы қаражатты беріп, көмектескен адамым да осы – аяулы Сәбит ағам. Иә, дәл осылай. Сіз «банкомат» дегеннің не екенін білесіз ғой, білсеңіз менің банкомат ағам осы кісі. «Біздің ағай тамаша...» Қазақта «Елін сүйгеннің еңсесі биік» деген сөз бар. Ел алдында Сәбит Жүнісбекұлының да еңсесі биік, қашанда болсын жүзі – ашық, ары – таза. Ол сонысыменде көпке ортақ, көпке сыйлы. Асылы, адамның сұлулығы – шыншылдығы мен адамгершілігін де екен! «Жақсы адам – жұрттың ырысы» деген ұстаным бойынша, Сәбит аға туралы өзімнің замандастарымның айтқан жүрекжарды ақ жарма тілектерінен «Біздің ағай тамаша...» деген айдармен портреттік мозайка ұсындым: Ержан Шағимолдин, тарихшы: – Алаш мұрасына қамқорлық танытушы және Алаш мұрасын зерттеушілерге рухани қолдау танытып, Алаш мұраларын халық арасында кеңінен таратуға мұрындық болып жүрген адам. Алма Сайлауқызы, журналист: – «Ұлт, мемлекет және ұлттың күретамыры болған тіл ұғымы – біртұтас ұғымдар» деп өз сөзінде айтып отыратын журналист-ғалым, ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Байдалы ағамыз шын мәнінде жаңғырған Қазақ елінің идеологы, ұлт жанашыры деп айтсам, қателеспеймін. Асқаралы 70 жасқа толғалы отырған ағамызға мықты денсаулық, мұқалмас жігер тілеймін. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады». Ендеше, Тәуелсіз Қазақ елінің баянды болашағына көшбасшы болатын алдыңғы толқын ағалар, үлгілі ағалар, өнегелі ағалар аман болсын деп тілейміз. Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы: – «Бір адам жаққан шыраққа мың адам жылынады» деген керемет сөз бар ғой қазақта. «Алаштың Ақ жолы» жалпыұлтық байқауына қатысып, жүлделі орын алған жастар жағы, ішінде өзім де бар, Сәбит ағаның шарапаты бәрімізге тиіп жатқанын мойындаймыз. Жетпіс деген асқарға жеткен Сәбит аға – өз ісінің кәсіби маманы, идеология деген қиын да қым-қуыт саланың майталманы шебері. Жастарға жанашыр аға, замандасқа ойлы дос, ағаларына ізетті іні, немерелеріне қамқор ата, балаларына қадірлі әке Сәбит Байдалының алдағы көрер жарығы ұзақ болып, арамызда аман-есен жүре беруіне зор тілектестік білдіреміз. Еркін Рахматуллин, тарихшы: – «Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысы идеясын партияның ұстанымы ретінде бекіткеннен кейін, осы жолда біршама істер атқарылғаны шындық. Партияның тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан Алашқа қатысты игі істердің бас-қасында Сәбит ағамыз жүрді. Сондай істердің бірі – «ХХІ ғасырдағы Алаштың жолы» жалпыұлттық байқауы болатын. Жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын бұл байқау алаштану саласында қалам тербеп жүрген көптеген жастарға қанат бітірді деуге әбден болады. Олай дейтін себебеміз, осынау 4 жыл ішінде дарынды жастар шыңдалып шықты. Олар байқау аясында зерттеген еңбектерін бүгінгі таңда ғылыми іргелі еңбекке айналдыру үстінде. Мұның өзі аталмыш жобаның шығармашыл жастар арасында қаншалықты сілкініс тудырғандығының көрінісі. Ал осы жобаның авторларының бірі де, бірегейі – Сәбит ағамыз. Сәбит ағамен таныстығымыз да осы жоба аясында басталды. Кең жүректі, қарапайым, мінезі жұмсақ Сәбит ағамыз әрдайым жастармен етене жұмыс атқаруда. Ағамыздың кейінгі жылдардағы Алашты тануға деген ізденісі, Алаш идеясына деген құрметі ерекше артты деп айтар едім. Сәбит аға Алаш идеясының насихатшысы. Кейде насихатшы деген сөздің өзі алаштанушы, зерттеуші деген ұғымнан да жоғары тұратын кездер болады. Себебі, Алашты зерттеп, бірақ еңбектері халыққа таныс емес ғалымдар да бар. Ал Сәбит ағамыздың жүрегінен шыққан бұл жоба бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Бүгінгі таңда 70-тің белесіне иек артып отырған ағамызға денсаулық, шығармашылық қуат, сарқылмас ілім тілеймін! Шынар Жеңісқызы, филолог: – Сәбит ағаны алғаш рет Алматы қаласында «АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» байқауының І кезеңінде (30-сәуір, 2016 ж)көрдім. Бірақ, арамызда екеуара тікелей диалог болмады. Өте қатал, тік мінезді көрінді. Ал Астана қаласында өткен байқаудың финалында (27-мамыр, 2016 жылы) мен ойлағандай қатал еместігін байқадым. Кейін қайтадан жеңімпаздарды төс белгімен марапаттауға жинаған уақытта (14-желтоқсан, 2016), Елдостың айтуымен ағайға кіріп, амандасып шықтым. Өтірік айтпай-ақ қояйын, қатты жүрексіндім. «Не айтамын? Мені танымаса ше?» деген ой болды. Бірақ болжамым дәл шықпапты. Ағай өте қарапайым екен. Хал-жайымды, қалай келгенімді, жұмысымды, тіпті, ата-анамның амандығына дейін сұрап, көптен таныс адамдардай әңгімелесті. Түсінгенім – адаммен араласпай тұрып, оны білмейді екенсің. PS: Портреттік мозайкадағы әр тілектің авторы – әр жылдары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауынан дара шығып, жеңімпаз болған жас ғалымдар. Бұлардың барлығы – Сәбит ағаның өз балаларындай. Сымбаты бөлек сырлы адам «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» Абай Кең жүрек, өнерқұмар, жаны нәзік, әлгі «аузын ашса жүрегі көрінетін» мәрттің нақ өзі болып тұрған Сәбит Жүнісбекұлы – жақсылыққа жерік, уәдесіне берік кісі. Абай хәкімнің сөзіндегі үш қасиет – Сәбит Жүнісбекұлын атаның ғана емес, адамның баласы еткен, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерген! Жуық күндері Сәбит ағаның «Жұртымның бір керегіне жарасам деп...» аталатын ғұмырнамалық сыпатта жазылған кітабы жарық көрмек. Әлгі кітабында ағамыз өзінің азамат ретінде қалыптасуын «тәтті» естеліктері арқылы өрнектеп жазып шыққан. Ең кереметі – автордың өзінің туған жері жайында толғауы. Туған жер жайлы толғауын оқып отырсаңыз, есіңізге «Бетіне туған жердің өшпестей ғып, Ер жазады өз қанымен жүрген ізін» (Қ.Аманжолов) деген өлең жолдары еріксіз түседі. Сосын Сәбит ағаның туған жері – Ұлытау өңірі, Қарсақпайға деген алабөтен махаббатын, сағынышын сезесіз. Жетпіс деген асқаралы шыңға келіп отырған тіл жанашыры, қоғам қайраткері, қаламгер, «Ақ жол» партиясының бас идеологы әрі батагөй ақсақалы Сәбит қажы Жүнісбекұлына, қамқор да аяулы Сәбит ағама тілейтінім: Айсұлу анамыздың айтқан аманаты бойынша ұрпағыңыздың қызығын көріп, қуаныштың ортасында шалқып, шаттанып жүріңіз! Алпыстан асқанында екінші тынысы ашылған, аңсары ауып, шын ниетімен Алаш саласына келген, әркімнің маңдайына жазыла бермейтін баққа ие болған, Алаш қайраткерлерінің қыран рухынан қанаттанған Сәбит ағамның қуанышы ұзағынан болғай! Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы qazaquni.kz