Конституциядан "Орыс тіліне берілген мәртебе алынып тасталсын" деп ұсыныс жасады qamshy.kz сайты. Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы қазіргі Конституциямыздың 7-бабы, 2-тармағында "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған.
Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды» деген еді. Тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», - деп үндеген еді қазақстандықтарға. Өкінішке орай, Тіл туралы заңда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында Қазақ тілі мен қатар қолданылады» деп көрсетілген орыс тілі қолданыс аясы тарылғанына қарамастан әлі де қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылып келеді деп жазады qamshy.kz сайты.
Аталған сайттың ұжымдық ұсынысы бұдан әрі мынаған саяды:
26 ақпанға дейінгі бүкілхалықтық талқылауға орай, Атазаңнан мынадай өзгеріс көргіміз келеді. Биліктің өзі ұсынып отырған бүкілхалықтық талқылауды пайдалана отырып, Атазаңымыздағы 7-інші баптың 2-інші «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп аталатын тармағын алып тастауды талап етеміз. Атап айтар болсақ, Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылы халық санағы бойынша республикада қазақтар – 39,7%, орыстар – 37,8%, украиндар – 5,4%, белорустар – 1,1%, немістер – 5,8%, татарлар – 2,0%, өзбектер –2,7%, ұйғырлар – 1,1%, кәрістер – 0,6%, әзірбайжандар –0,6%, басқа ұлт өкілдері –3,8% еді. Яғни, Қазақтар мен орыс диаспорасы өкілдерінің үлес салмағы қарайлас еді. Ол кезде екі тілдің бірдей заңдық мәртебе алуы қисынға келеді. 2009 жылғы халық санағында ресми түрде Қазақстандағы жалпы халық санында қазақтардың үлесі 63,9 пайызды құрады.
Егер, Қазақстан халқының 1999 жылы 53,4 пайызы қазақтар екенін есепке алар болсақ, арада он жылда 10% үлестік өсімді көруге болады. Ал, орыс диаспорасы 1989 жылғыдан айтарлықтай азайып, 1999 жылы 30,0%-ға төмендеген. 2005 жылдың басында Қазақстан халқының саны 15 миллионнан асып, ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар саны-8,725,206 адамға жетіп, үлесі 57,9 %-ға көтерілді. Сол санақ болған 2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.
Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрап, бірақ орысша сөйлеп, іс қағаздарын орысша толтырсақ, ел ішінен ши шығып кетуі мүмкін.
Қазақстанда орыс тілінің үстемдік құрып тұруы БАҚ пен мемлекеттік құжаттамаға айтарлықтай кедергі жасап жатыр деуге болады. Бұл жалғыз біздің ғана емес, қоғамдағы ашық пікір. Зиялы қауым мен ғалымдар да көптен бері тіл мәселесін жиі күнтәртібіне шығарады. Кедергі келтіріп тұрған тек Конституциядағы 7 баптың екінші тармағы. Ендеше, Мемлекеттің жалғыз құжаттық һәм қарым-қатынас тілі – Қазақ тілі болатын уақыт жетті.