Үмітхан Мұңалбаева: Елбасы жолдауынан кемел Қазақстанның қуатын көреміз
2017 ж. 31 қаңтар
2752
1
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауын жария етті. Бұл жаңа дәуір қарсаңындағы жалынды ұран емес, болашақты болжай білетін, сарабдал саясатының арқасында сын-қатерге төтеп білетін ұлт лидерінің нақты жоспары. Керегесін кеңге жайған жас мемлекеттің күрделі кезеңдегі іргелі жетістіктері ұшан теңіз. Халықаралық аренада еңсесі тік, беделі нық еліміздің ерен жетістігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының дер кезінде қабылдаған батыл бағыттарының бұлжытпай жүзеге асырылуынан деп білеміз.
Биылғы жолдаудан егеменді елімізді жаһандық бәсеге қабілетті ете алатын жаңа басымдықтарды көрдік. Тәуелсіздігінің 25 жылдығын дүркіретіп атап өткен Қазақстанымыз биылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Ағымдағы жылы елімізде ТМД мен Орта Азия аумағында бұрын-соңды өтіп көрмеген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Осының бәрін сүбелі сөзіне тиек етіп атап өткен Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта қуатты елге айналатынына кәміл сенім танытты, сенуге шақырды.
Елбасы өз жолдауында цифрлы технология, жаңа инновациялар мен коммуникацияларды қолдаудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Өз кезегімде, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында абонементке онлайн-жазылу, электронды кітапхана секілді көптеген заманауи жетістіктердің қолданылатынын атап өтіп, заман ағымына сай болудың аса қажеттілігін тілге тиек еткім келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық дамудың басты факторларынан өзге, білім мен рухани салаға қатысты өзекті сөздері көкейге қонды. Әсіресе, қазақ тілінің басымдығы сақталып, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетінін атап өткені, сондай-ақ, жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі ретінде ағылшын тілін білу керектігіне ел назарын аударуы тұрақтылық пен ұлттың кемелденуі үшін маңызды деп білемін.
IT-білімі жетік жас ұрпақтың ең алдымен ұлтжанды болып өсуіне көңіл бөлу керектігін атап өткен Мемлекет басшысы өз халқының мүддесін ойлайтын көшбасшы екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Ия, бұл жолдау жарқын болашақтың кескін-келбетін бір сәтке көз алдымызға әкелгендей болды. Талай белесті бағындырып, тайғақ жолдарды еңсерген Қазақстан өз ұлтының лидерімен бірге жаңа дәуірдің барлық тосқауылдарына тойтарыс бере алады. Елбасы айтқандай, болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.
Біздің басты күшіміз - бірлікте!
Үмітхан Мұңалбаева,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры
qazaquni.kz