Мәдениет министрі: Димашты басқа әншілермен салыстырудың қажеті жоқ
2017 ж. 27 қаңтар
3193
1
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Bestnews.kz-ке Қытайдың Хунань аймағында өткізілген танымал «I am a singer» ән байқауына қатысып, көзге ерекше түскен Димаш Құдайберген жайлы сұхбат беріпті, - деп жазады Қамшы.
«Бұл, керемет жетістік. Димаш үшін өте қуаныштымын. Ол көптеген конкурстардың лауреаты, 2015 жылы «Славян базарында» жеңіс тұғырына көтерілді. Мұның бәрі кездейсоқтық емес. Димаш өнерлі отбасында дүниеге келді. Қанат пен Светлана Айтбаевтар еліміздегі атағы шыққан, сый-құрметке ие шығармашылық отбасы. Қанат ел аузында жүрген көптеген әндердің авторы. Бүгінгі күні ол Ақтөбе облысының Мәдениет басқармасын басқаруда. Светлана болса, жолдасымен бірге жұп болып сахнаға шығып, көрермендерді сүйсінтіп, ән орындауда. Балалары Димаш ерекше музыкант. Үнемі ізденіс үстінде. Қазіргі таңда біз оған опералық бағдарлама дайындап жатырмыз. Соны симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындайтын болады. Димаштың болашағы жарқын. Әлі биік-биік белестерді бағындыратынына сенімдімін.
Бүгінде БАҚ қытайлар Димашты екінші Витас деп айтты деп шулап жатыр. Өз басым Витастың шығармашылығымен таныстым. Оның біршама уақыт бойы Қытайда тұрып, сол жақта өнер көрсетіп жүргенін білемін. Сондықтан да қытайлар Витасты өте жақсы таниды. Алайда Димаш Құдайберген қайталанбас дара әнші. Ақтөбенің музыкалық училищесін бітірген, қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті.
Димаш бұл жетістікке дайын болды. Бірнеше жыл бойы оны сырттай бақылап келемін. Оны басқа әншілермен салыстырудың қажеті жоқ. Ол биік ноталарды біреу ұқсаймын деп алып жатқан жоқ. Оның дауыс диапазоны кең. Бұл құдай берген талант. Биік нотаны аламын деп Димаш қара терге түспейді. Димаш екінші Витас емес, қысқасы. Бұл Бурабайды Швейцариямен салыстырумен тең. Жалпы, біреуді біреумен салыстыратын психологиядан арылуымыз қажет.Швейцария да көркем мемлекет, алайда Бурабайдың жөні бөлек. Кезінде біз ЮНЕСКО делегациясын қонақ ретінде күтіп алып, Бурабайды көрсеткенде ешкім оны Швейцариямен салыстырған емес. Шетелдіктер таңдайларын қағып, «неткен ғажап жер, мұндай сұлулықты еш жерден көрмедім» деп тарқасты. Біздің Геннадийді үнемі біреумен салыстырып жатады. Головкин қайталанбас боксшы екенін түсінетін кез жетті ғой» дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.