"Келін" фильмінің актрисасы Ермек Тұрсыновтың өтірігін шығарды
2017 ж. 17 қаңтар
9473
10
Осыдан сәл ертеректе қоғамның наразалығына ұшырап, Парламент қабырғасында талқыланған «Келін» фильмінде басты рөлді сомдаған әртіс Гүлшарат Жұбаеваның ащы даусы енді шықты.
Ол «Ұят емес» бағдарламасында берген сұхбатында «Келін» фильмі жайлы өкпе-назын білдіріп, ағынан жарылған. Сөйтсек, күні бүгінге дейін өтірік-шыны аралас сұхбат беріп келген фильмнің режиссеры Ермек Тұрсыновқа өкпесі қара қазандай екен.
Иә «Келін» фильмі көрсетілімге шыққан уақыттан бастап ұятсыз кадрлер үшін-ақ сынға ұшырап, даудың айналасынан арылмады. Өзінің сұхбатында Гүлшарат; «Ашық-шашық кадрға түспеймін деп кесіп айттым, сол арадан тоқтамақ та болдым. Бірақ сол кездегі «Қазақфильмнің» басшылары мені сол үшін ортаға алып, сынады. «Ойлан, өйткені бұл мемлекеттік қаржыға түсіріліп жатыр, қандай да бір әуесқой фильм деп ойлама, мен дардай сценаристпін, мен дардай режиссермін сенің алдыңда ойнап жүр екенбіз ғой» деп бетімнен алды. Ұятты кадрлердің өзінде перде тұрады деп сендірген еді алайда, өзімді экраннан көрген кезде мені алдағанын түсіндім»,- деп жеткізген.
«Мені бәрі ақша үшін істеген дейді. Иә, мен ақша үшін істедім. Бұл күні кім ақша үшін жүрген жоқ? Оны қойшы Ермек Тұрсынов сұхбаттарында мені Атырауда тойда көріп, билеп жүрген жерімнен тауып алып, киноға ішкізіп түсірдім деп даурығып жүр бұл таза өтірік! Мені киноға бекіткен де, тіпті ол да емес. Оған дейін басқа режиссер болатын. Бүкіл актерлік құрам бөлек болатын. Бұл фильмді түсіруді бастағанда, бастапқыда мұндай ашық түсірілімдер болған да жоқ. Бірақ фильмнің алғашқы нұсқасын көркемдік жетекшілер көргеннен кейін, ол нұсқаны құптамады. Ермек Тұрсыновтың өтірігін шығарғым келген кез де болды. Тіпті, біраз адамдарға барып, жүгіріп те көрдім. Сұхбатында айтқан сөздерін қайта алып, кешірім сұрайтындай не істеуге болады деп ойландым. Бірақ мені кезінде үгіттеген адамдардың ішінен «осылай саған жала жабылып жатыр екен ғой, сені мас қылып түсірдім деп жатыр екен ғой. Ол өтірік сөз, мен қасында болдым ғой» деп айтатын ешкім табылған жоқ»,- деп ренішін білдірген Гүлшарат ханым әлі күнге дейін өзінің ақтығын дәлелдей алмай жүр екен.
Нұрсұлу Найманова abai.kz