Халық әртісі де қойшы болған...
2017 ж. 11 қаңтар
3190
2
Қазақстанның халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов 5-қаңтар күні 80 жасқа толды. Сегіз ондыққа толған атақты әншіден балалық, бозбалалық шағын қалай, қайда өткізгенін сұраған едік. Нұрғали аға Жоңғар Алатауының бөктерінде, Күреңбел алқабында дүниеге келіпті. Бұл жер атақты Тезек төренің жайлауы, ханзада Шоқанның соңғы өмірі өткен өңір. Қазақтың сайын даласы қандай кең болса, дәл сондай кең тынысты әнші бал дәурен балалық шағын былайша еске алды:
«Мен өмірге екі рет келген адаммын. Оның себебі мынау. Үш жастағы кезім екен. Ұйықтап жатқан жерімнен кенет оянып, таң ата атамның мал өргізіп кеткен жағына қарай апыл-тапыл жүріп кетіппін. Жаз айы. Біздің жақта шөп қалың, ересек адамның белінен келеді. Есі шыққан шешем байғұс жанұшырып, шырқырап, жан-жаққа жүгірумен болады. Іздемеген жері қалмайды. Сонымен түс ауады. Ізім-ғайым жоқпын.
Не керек, екінді кезінде Төлеген деген бригадир атпен келе жатып, өзен жағасынан шөп басы қимылдағанын байқайды. «Е, борсық екен ғой» деп, қамшымен соғып алуға оңтайланады. Борсықтың өті таптырмас ем. Сол оймен төніп келсе, қалың шөптің ішінде жыбырлап жүрген кішкентай сәби – мен екенмін. Әлгі кісі үйге келіп жүретін ағайын адам, мені танып, алдына алып, шешеме әкеп табыстайды.
Мені сөйтіп Құдай қағыпты. Өзеннен өте алмай жүріппін. Өзеннен өтсем, тура атамның мал жайып жүрген жағына шығып кетеді екенмін.
Қазір ойласам, жарты тәулік бойы жоғалып кетуімде де бір сыр жатқандай сезінемін. Үш жасымда-ақ мен жыбырлап жүріп жаратылыстың сырын өзімше емін-еркін «зерттеген» сияқтымын. Осы жағдай менің табиғатқа етене бауыр басып кетуіме себеп болды-ау деймін. Әлі күнге табиғат аясына шығуға аңсарым ауады да тұрады. Өзгелер қасынан байқамай өтіп кететін ұсақ-түйекке терең үңіліп, жәндік, өсімдік атаулыға қатты мән беремін. Әкем жәндікті өлтіргізбейтін, құс ұясын бұзғызбайтын. Бөдене, жабайы үйрек көрсем, қашан жұмыртқасын қолмен ұстап көргенше тыным таппайтынмын».
Әнші мектепте сурет салумен айналысқан. Білім ордасын безендірген, сол үшін мектеп басшыларының сүйіктісі болған. Неше түрлі гүлдер мен ою-өрнектер ойып, қыздардың ән-альбомдарын безендірген. Одан қалса, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Мылтық атудан чемпион болған. 4-5 сыныпта оқып жүргенде-ақ қарағайдан шауып балаларға домбыра жасап беріпті. Ешкінің аш ішегінен ішек жасаған.
Мектепте әншілікке баулыған ұстазы болмапты. Шамасы, өнерді түсінетін маман болмаған сияқты. «Ол кезде барлық ауылдарда, егін қостарында қазақ радиосы саңқылдап тұратын. Пошташылар арбамен күнара газет-журнал тарататын. Жұрт жарты күлшесін жарып жеп, бүтін күлшесін бөліп жейтін. Рухани тәрбие күшті болды ғой. Радиодан берілетін халық әндерін үйреніп жүрдім. Одан қалды халық әндері жазылған пластинка сатып алып тыңдаймын» дейді әнші.
Бала болған соң жақсыға да, жаманға да үйірсектейсің. Еліктегіш боласың. Нұрағаңның да бала кезінде жанындағыларға еліктеп, темекі шеккен кезі болған. Әншінің бұл жаман әдетті қоюына бір орыс шалы себепкер болыпты.
«Ауылымыздағы мектеп жеті жылдық болғандықтан, қалған сыныптарды аудан орталығындағы он жылдық мектепте жалғастыруға мәжбүр болдық. Орталықта ағайын-туғанымыз жоқ, бөтеннің үйін жалдап тұрамыз. Ата-анамыз жырақта, «ай» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ. Еркін жүріп-тұрамыз. Қасымдағы темекі шегетін ересек пысық балалар маған да шылым шегуді үйретті. Сегізінші класта оқимын. Үйге барғанда білдірмейсің, әрине. Содан бір-екі жылдай темекі шектім. Бізбен жапсарлас тұратын көршіміз сақалы беліне түсетін орыс шалы еді. Сақал сыйлап өскен ауыл баласы емеспін бе, көрген сайын сәлемдесіп тұрамын. Тоғызыншы сыныпта оқимын. Сыртта темекі тартып тұратынымды көретін болуы керек, сол шал бір күні: – «Пойди-ка сюда, сынок, – деді. – Байқаймын, сенің тезірек жігіт болғың келіп жүр. Жаман бала емессің. Жігіт болғың келсе, анда-санда бір саптыаяқ брага (қолдан ашытқан арақ) тартып ал, бірақ мына пәлені таста, сасытпай!» – деді. Ұрысып та, үгіттеп те айтқан жоқ, менімен тура ересек адамдай сөйлесіп, ақылдасып айтты. «Темекі шекпеңдер» деп мұғалімдеріміз құлақ етімізді күнде жейді, оған етіміз өліп кеткен. Ал мына орыс шалдың сөзі, неге екенін, маған қатты әсер етті. Сол күннен бастап шылыммен қоштастым. Бұл менің өмірімдегі есімнен кетпейтін үлкен бетбұрыс болды» дейді Нұраға.
Әнші 1955 жылы мектеп бітірген соң комсомол-жастар бригадасының құрамында екі жыл қой баққан. Орыс шалының жоғарыдағы ескертпесінен соң қайтып өмірінде темекіні аузына алмай кетіпті. Әйтпегенде, қой соңында жүріп, нағыз темекіші болғандай екен. Айдалада жүрген жастар темекі шегуді ермек етпегенде қайтеді. Ол кезде Қазақстандағы екінші тың – мал шаруашылығы. Қойдың небір асыл тұқымдары өсіріліп, елтірі түрлері сортталып, ғылыми-зерттеу институттары соған жұмыс істейтін. Семейдің ет комбинаты кілең жас тоқтылардың етін үстіне шыбын қондырмай, лабораторияда зерттеп, сол таза, құнарлы жас етпен Мәскеу мен Ленинградты қамтамасыз етіп тұрды. Әлемдік стандарт бойынша шұжықтың 20-ға тарта түрін шығарды. Бәрі аталған қалалардың тұрғындарына арналған. Ол еттің бір келісін де Қазақстанда сатуға рұхсат жоқ. Қызыл саясаттың дес бермей тұрған шағы. Патриоттық, отансүйгіштікке тәрбиелеу қып-қызыл науқан. Әнші де сол науқанның қызуымен екі жыл қой баққан. Қой соңында жүрген басқалардың ермегі темекі шегу болса, бозбала Нұрғали қойды иіріп тастап, кейде ат үстінде, кейде жантайып жатып, бас алмай кітап оқыған. Одан қала берді, кең даланы жаңғыртып, ән салған. Қойшы болғандығының арқасында 18 жасында коммунистік партияның қатарына өткен.
«Алексей Брагин деген жазушы, аудармашы болды. «Казахстанская правда» газетінің тілшісі. Бірде қыстыгүні сол кісі ауылға келді. Менің атқоржынымнан ұшы шығып тұрған кітапты байқап: «Көруге бола ма?» деді. Ол Т.Драйзердің «Воспитание чувств» деген орыс тілінде шыққан кітабы еді. Әлгі кісі көріп: «Ой, айдалада қой соңында жүріп, мынадай кітап оқисыңдар, ә!» деп таңғалды. Әншілігімді біреулер айтқан болу керек, бір ауыз ән салдырды. Риза болып, бас шайқап, «Ауылда, қой соңында салпақтап неғып жүрсің? Саған қалайда консерваторияда оқу керек» деп Алматыдағы мекенжайын жазып берді. Өкінішке қарай, кейін Алматыда онымен кездесе алмадым. Бір-екі рет іздеп барғанмен, таба алмадым. Сөйтіп жүргенде жазушы ана дүниеге аттанып кетіпті» дейді Нұраға.
Айтпақшы, әншінің он жасында өз қолымен еккен алғашқы алма ағашы 70 жаста. Әлі жайқалып тұр. Қайбір жылы Доланалы ауылына барғанда саясында суретке түскен. Жетісудың жазира табиғатына тартып туған жайсаң мінезді жан сексенге келсе де жіптіктей. «Нағыз дана бала күйінде қалады» деген сөз бар. Табиғаттың өзіндей қарапайым, таза, тұнық, бала көңіл Нұраға дәл осындай жан.
Дереккөз: Айқын