Біздің заманымыздың батырлары
2017 ж. 10 қаңтар
4869
3
немесе «Желтоқсанның» жылуы
Желтоқсанның жылуы болушы ма еді, оның тек ызғары болмайтын ба еді? Жоқ, жыл мезгіліндегі желтоқсанда жылы, шуақты күндер шынында да аз болатын шығар, ал, біз әңгіме еткелі отырған «Желтоқсан» құбылысы – қазақ жастарының 1986 жылғы көтерілісінің ызғары олардың өздерін аямай қарпып өткенімен, оның бүгінгі буын жастарына берер жылуы мол...
Былтырғы 16-желтоқсан күні Шымкент қаласындағы бір топ қоғам өкілі жылдағы дәстүрге сәйкес «Қазақстанның Халық Қаһарманы» Тұрар Рысқұлбеков атындағы көшедегі бірінші үйге қойылған мемориалдық тақта қасына жиналды. Сол шараның әсері ойымызда әлі жүр. Митингі өтіп, гүл шоқтары қойылып, әруақтарға құран оқылған соң жиналған қауым «НұрСапа» мейрамханасына қарай жылжыды. Сол жерде Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы «Желтоқсан» құрбандарына арнап ас берді. Жиында сөйлеген қоғам өкілдері кеңестік тоталитарлық биліктің көбесін бұзған қазақ жастарының ерлігі туралы айта келіп, болашақта сондай «қанды желтоқсандар» қайталанбас үшін не істеу керек деген мәселеге көбірек көңіл бөлді. Қаладағы Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің ұстазы Қалмахан Омаров ежелгі Қытайда гармонияны, яғни, әуен үйлесімдігін бұзған жандардың өлім жазасына кесілгенін еске ала келіп, бүгінгі біздің рухани дүниеміздің өте жұтайып бара жатқанына тоқталса, заңгер Жаңабек Әбішев тарихтан тағылым ала білудің маңыздылығын тілге тиек ете отырып, «біз кәзір кім не істеп жатыр, соның бәрін қағазға, бейнетаспаға түсіріп отыруымыз керек, сонда болашақ ұрпағымыз қайсымыздың қазақ жерін шетелдіктерге сатуды жақтағанымызды, қайсымыздың оған қарсы болғанымызды, басқа да ел үшін өзекті мәселеде қандай ұстанымда болғанымызды біледі, соған қарап бағасын береді» десе, осы жолдар авторы «бізде не істеу керегін айтатын, жол көрсететін адам көп-тағы, сол үшін өзі бірінші болып білек сыбанып шығатын, мен мынаны істеймін дейтін адам аз, әркім шамасы келгенінше нақты қара жұмыспен айналыспай қоғам алға жылжымайды» деді. Міне, нақ осы тұрғыдан келгенде осындай жиынға бірінші рет қатысып отырған, 1986 жылы Шымкентте 18-желтоқсан күні мемлекеттің саясатына қарсы өз наразылығын білдірген бір топ қазақ қызының ерлігі жас ұрпаққа бар жағынан үлгі етуге лайық. Бізге олармен ертесіне жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Алма Архабаева: – Мен кеше аста сөйлегенде де айттым ғой, біз өз арамызда күні бүгінге дейін бұл тақырыпты көтеріп, әңгіме еткен емеспіз. Кеше шақырған кей қыздарымыз «бара алмаймын» деп хабарлама жазып жіберіпті. Біз өзімізді ешқашан батыр санаған емеспіз, қайта «жақсы, бардық, үйдің қабырғаларына наразылығымызды жаздық, бірақ, онымен ешнәрсе тындыра алмадық қой, не бітіріп тастадық?» деп, өзімізді қатты басып тастағанбыз. Сондықтан, бірнәрсе деп айтуға, айтып мақтанғандай болуға ұяламыз. Біз дос болып жүретін он қыз едік. Алматыда не болғанын 17-күні таңертең сол жақтан келген біреуден естіген, әкесіне тартқан өте патриот Гүлшат Әуезова арқылы білдік. Анықтап сұрауға мүмкіндік болмай қалды, қалааралық байланыс жұмыс істемей тұрды. Сол күні телефонмен бір-бірімізбен хабарластық. «Біз де бір нәрсе істеуіміз керек» деп шештік. Қыздардың екеуі сол кеште кафеден шығып, үйлеріне кетіп қалды... (Кәзір де сегіз қыз біздің ісімізді қайталап көшеге шықса, біз сияқты жазу жазса біздің бүгінгі өзіміз де оларды батыр санайтын боламыз ғой). Бәріміз қаланың қыздарымыз, еркіндеуміз, ашықтаумыз. Бәріміз бір-бір үйдің еркесіміз, батылдау болып өскен қыздар едік. Бірақ, біз бәріміз орыс мектепте оқысақ та шетімізден намысшыл болатынбыз. Қаладағы қыздардың, кейбіреулер ойлайтындай, бәрінің бірдей бұзылған қыздар еместігін дәлелдегіміз келетін. Гүлмира Тілеубаева: – Мен Н.К.Крупская атындағы 15-мектепте оқыдым. Қазақ оқушылар өте аз болдық. Ашығын айту керек, орыстар бізді кез-келген жерде кемсітетін. Ол кезде саясат сондай болды. Бүгінгі жастар ондай сөзді есітпейтін шығар, ал, бізге дүкенде кезекте тұрсаң да: «девочка, ты здесь не стояла, вон отсюда!» дейтін. Мен мектепте ер балалармен ...төбелесіп өстім. Менің әкем жас кезінде боксер болған еді, үйге бірінші рет жылап келгенімде: «Сені бір рет ұрса, сен ол адамды екі рет ұр! Екі рет ұрса, сен оны үш рет ұр!» деді... Дискотекаға барғанда да тиіскен орыс қыздар болса, аз болсақ та қорықпай төбелесетінбіз. Қазақы намыс бізді шыдатпайтын! Біз тіпті өзіміздің қазақ екеніміз көзге ұрып көрініп тұруы үшін аяғымызға мәсі киіп алатынбыз. Өзіміз ұлттық көйлек тігіп киетінбіз, ұлттық әшекей тағатынбыз. Бізде осындай ұлттық рух өте күшті еді. «Желтоқсан», әрине, біздің намысымызға тиді. Ол жақтан хабарласуға сәті түскеннің бәрі жағдайдың жаман екенін айтты. Алматыға барғымыз келді. Қайдан, вокзалдың бәрі толған милиция. Енді не істейміз? Наразылық білдірудің жолын табуымыз керек. Ең алдымен өзімізді «халық жасақшымыз» деп көрсету үшін қолымызға қызыл мата байлап алдық. Дүкеннен құтысымен ақ, қара, қызыл түсті бояу, оны жағатын малярлік бояу жаққыш (кисть) сатып алдық. Түнде сағат 11-ге дейін кафеде отырдық. Сол жерде әдеттегідей орыс қыздар тиісе бастады. Бір-бірімізге қарап: «Ұрып тастаймыз ба?» деп қоямыз. Бірақ, алдымызда өте маңызды іс күтіп тұрғаннан кейін, «бір жолға шыдайық» деп шештік. Шыққаннан кейін Тәуке хан бойындағы, Фараби алаңындағы үйлердің, гараждардың қабырғасына «Долой Колбина!» деген секілді сөздер жазып тастадық. Біреуіміз «шухерде» тұрамыз... Меруерт Әуелбаева: – Мен 35-мектепте оқыдым. Біздегі жағдай да тура жаңағы Гүлмира айтқандай еді. Тіпті, мектепте өзара қазақша сөйлескеніміз үшін жиналысқа салатын... Мен журналист болғым келіп, Мәскеудегі полиграфия институтына барып, оқуға түсе алмай қалған едім. «Шамшырақ» кітап дүкенінде жұмыс істеп жүрген кезім. Жұмыста еврейлер, орыстар істейтін, соларға ойымды ашық айтқанмын: «Кім ол Колбин деген? Неге ол сонау Ресейдің бір облысынан келіп, Қазақстанды басқаруы керек? Біздің өзіміздің ұлттық кадрларымыз неге басқармауы тиіс?» Қаланың адам көп жүретін тұстарына барып кітап сатамыз. Мен кітап сатып тұрған жерімде қыздар келіп, «осылай да осылай, ақылдасайық» деді. Үйлердің қабырғасына жазу керек деген идея кімнің ойына келгені кәзір есте жоқ. Бояу, кисть, бәрін пакетке салып алып, 18-күні кешке «Сәуле» кафесінде тамақтанып отырдық. Эльмира Бекпатшаева сол кафенің туалетіне «Долой Колбина!» деп жазып келді. Бұл – біздің наразылық жазған бірінші сөзіміз болатын. Одан шығып скверге, кәзіргі «Технопарк» тұрған жерге бардық. Бұрыштағы «Гүлжан» дүкені орналасқан үй қаланың қақ ортасы ғой, соның ауласына кірдік те, сол үйдің қабырғасынан бастадық. Одан шығып Фараби алаңына бардық. Ол жерде газеттер, хабарландырулар ілетін бүгінгі билборд секілді тақтай тұратын. Жұрттың бәрі жүретін, көретін жер ғой, соған үлкен әріптермен жаздық. Одан Түркістан көшесіне түстік-дағы, «Спутник» дүкені тұрған үйдің аппақ қабырғасына, әлі күнге дейін есімде, «Долой шовинизм!» деп жаздық. Ол жерден шығып Тәуке хан даңғылына өттік. Ол кезде кәзіргі Қонаев бульвары мен Тәуке хан қиылысында гараждар болатын. Сол жерде сәл отырып дем алдық, толқыған көңілімізді бастық. Гараждардың қабырғасына, түн ортасы, ешкім жоқ қой, асықпай жаздық. «Долой Колбина!» «Долой русификацию!» «Долой иждивенцев!» «Да здравствует казахский народ!» «Да здравствует демократическая республика!» деген сөздерді жазып жүрдік. Одан бөлек Гүлшаттың сіңлісі Жанат әкеліп берген парақшаларды да (листовка) жапсырдық. Ертесіне түнде шыға алмадық. Шыға алмайтынымызды білдік, өйткені ол күндері біздің жазғандарымыз жайлы орыстардың бірден КГБ-ге телефон соғып айтатындары түсінікті еді. Бірақ, бізді ертесіне ұстаған жоқ, олар бір аптадай бізді бақылап, аңдумен болды. Бізді ұйымдастырған ересек кісілер бар, астыртын ұйым бар деп есептеді, соларды таппақшы болды. Біз ұсталмас та едік, өзіміз аңқаулық, балалық жасап білдіріп қойдық. Гүлмира Тілеубаева: – Кешегі жиында болған Зейнеш Жадыраеваның үйі тура сол Фараби алаңының басында болатын. Ертесіне алаңдағы жазуларды адамдар оқып жатыр ма екен деп аралаған ғой. Ал, ол жерде «кгбшниктер» қаптап жүрген, Зейнештің соңынан ерген. Біздің үй де алаңда болатын. Мен дәл сол кезде алаңда тұрғанмын, қарасам Зейнеш жүгіріп келеді: «Гүлмира, Гүлмира, вот так класно написано!»... Меруерт Әуелбаева: – Мені алып кетуге түсте келді. Менен бұрын Гүлмира мен Зейнешті алып кеткен екен. Сол күні бәрімізді түн ортасына дейін ұстады. Мен басында ешнәрсе істеген жоқпыз, жазған жоқпыз дегенмін. Кейін бірте-бірте олардың бәрін білгені бізге де белгілі болды. Ертесіне әкелген кезде бір-бірімізбен сөйлестік, тергеушілер бізді КГБ-ның қарсысындағы «Пельменная» дейтін дәмханаға апарды, сол жерде «несіне қорқамыз, қайта енді бәріміздің сөзіміз бір жерден шықсын, қалай болды, не болды, соны жазайық» деп келістік. Тергеушілер де «шындарыңды айтыңдар» дейтін. Тергеушілердің ішінде шымкенттіктерден мәскеуліктер көбірек болды. Алма Архабаева: – Олар бас кезінде бізге қатты қысым көрсетті. «Сендер әрқайсың кем дегенде 7 жыл арқалап кетесіңдер» деп қорқытатын. Әсіресе, бір полковник болды, сол: «Признавайтесь, сучки, вы же наглотались «колесиков»! деп айқайлайтын. Олар бізді наркомандар, ішкіштер етіп көрсетуге тырысты. Ал, біз болсақ: «Нет, нет, мы не пьем!» дейміз... Меруерт Әуелбаева: – Менің саусағымда адай таңбасы салынған күміс сақинам болатын. Тергеуші: «Бұл нені білдіреді?» дейді. «Біз қазақтың ішінде Кіші жүз, Адай боламыз, мынау соның таңбасы» дедім. «Откуда ты все это знаешь?!» дейді. Олардың ойынша біз түп-тамыры болмаған немесе оның бәрін ұмытқан, орыстанып кеткен ұлт болып есептелеміз ғой... Біздің бәрімізді қалалық комитетке апарып, комсомолдан сол жерде шығарды. Бірақ, жұмыстан шығарған жоқ. Мені Лариса деген еврей товаровед: «Бұлар өздерінің ұлттық құндылығын қорғады ғой, не үшін кінәлі болуы тиіс?» деп қорғап қалды. Алма Архабаева: – Мені де дүкеннің бастығы, ол да еврей еді: «Мына кіп-кішкентай қызда қандай жаулық ой болуы мүмкін?» деп қорғап қалды. Гүлмира Тілеубаева: – Ал, мен жұмыс істеген жерде орыстар көп болды, олар жиналыста мені жүндей түтуге тырысып бақты... Меруерт Әуелбаева: – Ақпан айында «Южный Казахстан» газетінде тілші орыс әйел мен қазақ журналист бірігіп жазған жалған мақала шықты. Орыс әйел бізді шақырып сәл-пәл бірнәрсе сұрағансыды, ал, қазақ кісі бізбен жолыққан да жоқ. Сол кездегі саясатты қараңыз, бізбен бірге болмаған қыздарды да қосып жіберген ғой, сөйтсек, ол қыздардың қызметте отырған әкелерін жұмыстан шығару керек болған екен... Мақаладан кейін туыс, таныс, дос-жолдастың көбісі бізді көрсе анадайдан айналып өтетін... Бізбен арақатынасын бұзбаған осы Бақыт, Гүлмираның күйеуі ғана болды. Бәріміз топырлап Бәкеңнің үйіне барамыз. Керемет үйінде «цветомузыка» бар, ән айтамыз, би билейміз. Содан Алма екеуміз Мәскеуге оқуға аттандық. Балл жетпей қалып, бізді Вологдаға ауыстырып жіберді. Ол жерде біз өзімізді білімімізбен мойындатып жүрдік. Мен қазақшаны сол Вологдада үйрендім... Себебі, шетте жүрген адамның патриоттық сезімі күшті болады ғой. Орыстарда біз секілді ұл-қызымызды қайтсек те оқытамыз деген ұстаным жоқ. Олар қазақтың кім екенін білмейді, ал, біз орыс тарихын жатқа соғамыз. Біз ол жақта орыстарға намысымызды таптатқан жоқпыз, қайта оқ бойы озық екенімізді үнемі дәлелдеп жүрдік. Жанна деген Түркістанның қызы болды, ол тіпті «королева» болып өмір сүрді, орыстарды бір шыбықпен айдайтын. Қырғыз жігіттер де оқыды, олар өздерін орыстарға «қазақпын» деп таныстырады екен, бір күні жергілікті жігіттермен төбелес болғанда оңбай таяқ жеп қалды... Алма Архабаева: – Бізде украин қыздары көп болды, солардың төрт қызымен бірге тұрдым. Бір күні ең жақын досым, кереуетіміз қатар тұратын, сол: «Алма, иди сюда, твоих калбитов показывают» дейді. Жанына жетіп бардым: «А, ну, повтори, что ты сказала?!» Жатып төбелестік... Ол денелі, мен кішкентаймын, сонда да бізді ажырата алмай жатыр қыздар. Жалпы, украин қыздары ірі келеді ғой. Жарты жыл сөйлеспей жүрдім. Кейін достарымыз татуластырды, бірақ, «сенімен достардың көңілі үшін ғана татуласамын» деп ескерттім... Міне, «шымкенттік Желтоқсанның» қысқаша тарихы осылай. Тақыр жерге шөп шықпайды. Біздің заманымыздың батыр қыздары Алма Архабаева, Меруерт Әуелбаева, Гүлмира Тілеубаева, Эльмира Бекпатшаева Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Керімбекова, Гүлшат Тойлыбаева және Гүлшат Әуезованың ерлігі де кездейоқ тумағанын көріп отырсыздар. Осындай қыздар бар кезде қазақ халқы ешкімге есесін жібермек емес. Ө.Әбдіуәлиұлы qazaquni.kz