Өзімен бәсекелескен СУРЕТШІ
2016 ж. 30 желтоқсан
3241
0
Үлкен шығармашылық туындыларды табиғатынан өте дарынды, білімді, болмысы ерекше адамдар жасайтынын бәріміз білеміз. Бірақ… қай ғасырда, қай дәуірде, қай уақытта болсын, сол талантты, интеллектуал, болмысы күрделі шығармашылық иелері жанкешті болмаса, бәрі бекер. Поль Гогеннің жанкештілігіне таңғалмасқа шарамыз жоқ. Ол – қоғамы «сындырғысы» келсе де, сынбаған, өз талантына ерекше сенген, өзінің сурет өнерінде «төңкеріс» жасайтынына шексіз сенген суретші.
Дәулетті отбасында дүниеге келген, есейгеннен кейін биржада маклер болып, миллиондаған табыс тауып, ақсүйектер ортасында зор құрметке ие болған, бес баланың әкесі Поль бір-ақ күнде бәрінен бас тартып, суретші болғысы келді. Шабыт іздеп, әлемді шарлап кетті. Әрине, сурет өнерінде аты жоқ суретшінің картиналарын ешкім сатып алмады. Жоқшылықтан жеңілді, дүниені кезіп келген кезбе суретшіні әйелі үйіне кіргізбеді. Балалары да теріс айналды. «Біз нан таппай аш отырғанда қайда едің? Бәрін қойшы, есейген балаңның өліміне сен кінәлісің. Егер сен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінгенде, ашықпағанда, ауырмағанда, күйзелмегенде ол өлмес пе еді» деген әйелінің кінәлауы оның жүрегіне қанжар болып қадалды. Кешегі миллионер арзан барларды жағалаған алқашқа айналды. Жо-жоқ, ол – қоғамы танығысы келмеген, мойындағысы келмеген ұлы суретші.
Сурет өнерінде оның ұзақ уақыт жолы болмады. Импрессионист-суретші Камил Писсарромен таныстығы оның өмірін күрт басқа арнаға бұрды. Гоген 1879 жылы импрессионистердің көрмесіне қатысуға шақыру алады. Бәрінен шаршаған, қажыған, тіпті, үміт үзген оның көлеңкелі өміріне сәуле түскендей болды. Бұл шақырту – импрессионистердің оны суретші ретінде қабылдауы мен бағалауының белгісі еді. Суретші 1879 жылдан бастап 1885 жылға дейін өте жемісті еңбек етті. Бау-бақша, жеміс, жалпы, ауыл пейзажын Гоген ерекше махаббатпен, шабыттанып салды. Оның картиналарында ешбір суретші қайталай алмайтын, өзіне ғана тән бояу бар еді.
[caption id="" align="aligncenter" width="545"] Поль Гоген, "Көңіл көтеру".[/caption]Писсаро Гогенді сурет өнерін үлкен бизнеске айналдырып қана қоймай, жақсы картиналарды ажырата алатын талғамға ие Эдгар Дегамен таныстырады. Эдгар Дега Польдің он картинасын сатып алады.
Ван Гог пен Поль Гоген біраз уақыт Арльде бірге тұрады. Екеуі де постимпрессионизм жанрының өкілі, идеялары үндес. Екеуі де талант, екеуі де ұлы суретші. Бір-бірінің көзқарасымен келіспейді, күнде ұрыс-керіс, жанжал… Поль Гоген шығармашылық одақтан мән таппай, өз бетімен кетеді.
Әйгілі суретші Ван Гог оның, Поль Гогеннің әлемді мойындататын суретші екенін білді. Бірде Польмен сөйлесіп отырғанда қатты қызбаланып кеткен Ван Гог өз құлағын кесіп тастады. Бүгінгі күнде неміс өнертанушылары «Ван Гог өз құлағын өзі кескен жоқ, оның құлағын досы Поль Гоген кесті» деп жатыр. Бір білеріміз: олар екеуі де табиғат ерекше жаратқан дарынды еді, нағыз талант қана нағыз талантты мойындайды.
Көзі тірісінде бағаланбаған суретшінің атақ-даңқы ол көз жұмған соң шарықтады. Жазушы Сомерсет Моэмнің «Ай мен қарабақыр» романындағы басты кейіпкер Чарльз Стриклендтің прототипі – суретші Поль Гоген. Романның басты кейіпкері қырық жасында суретші болу үшін отбасын тастап, дүниені шарлап кетеді. Ағылшын жазушысының бұл романы әлемде жоғары бағаланып, кең тараса да, біздің елде жазушылардың өзінің қолына түсе бермеді. Себебі, романның идеясын, сюжетін кеңестік кезең әдебиеті сынап тастады. Әйелін, баласын тастап, шығармашылық жолда бәрін құрбан еткен «эгоист» суретшінің образы кеңес әдебиетіне жат еді.
Поль Гогеннің өнертанушылар арасында әлі күнге дейін пікірталас тудырып келе жатқан туындысы – «Сары Христос». 1889 жылы ақшадан қатты қиналып жүрген Гоген картиналарына ешқандай сұраныс жоғын естіп, қатты күйзеліске түседі. «Мен суретші емес шығармын» деп өзін-өзі іштей жеп қойған қылқалам шебері ішкі жандүниесінің күйзелісін, Христостың азабын суреттеп, кенепке түсіреді. «Сары Христоста» меланхолиялық көңіл-күй күз пейзажы арқылы (ландшафт) көрініс тапқан. Үш әйел (Мария бейнесіндегі) Христосты айналып, мінәжат етіп отыр. Кейбір өнертанушылардың айтуынша, бұл «соншалықты ерекше картина» болмаса да, Гогеннің суретші достары таңданысы мен қызғанышын жасыра алмады. Октав Мирбо бұл картинаны «Католиктік литургияның, индиялық медитацияның, готикалық қиялдың, символизмнің нәзіктігінің және жабайылар салтанатының мазасыз және өткір қоспасы» деп бағалады.
Гогеннің «Ешқашан» деп аталатын картинасын (1897) өнертанушылар «Екінші Олимпия» деп атады. Сурет өнерінен хабары бар оқырман «Олимпия» – әйгілі суретші Эдуард Маненің жалаңаш әйелді көркем бейнелеген, өнер тарихында үлкен жанжал тудырған картинасы екенін жақсы біледі. Гогеннің «Ешқашан» картинасында жалаңаш қара әйел төсекте демалып жатыр. Артқы жақта әйелді бақылап, қорқынышты құс отыр. Бұл – армандағанды жақсы көретін адамзаттың қиялындағы бақ құсы емес. Осы бір қап-қара ұсқынсыз құс арқылы суретші әйелдің бақытсыздығы мен трагедиясын, тәні ғана емес, жан әлемі де соншалықты жалаңаш екенін көрсетеді.
«Сұлу Анжела» картинасын салуға Гогеннің қаншама энергиясы, уақыты кетті. Анжеланың анасының кішкентай кафесі мен пансионы бар еді. Анжеланың анасына қарызданып қалған кедей суретші қызының суретін салып беріп, Сартлар отбасына ризашылығын білдірмек болды. Ол кезде Анжеланың жасы жиырма бірде еді. Әдемі, өзіне-өзі сенімді Анжела ғана емес, келіншектің күйеуі де картинаны күтіп жүрді. Картинадан «кемпірді» көргенде Анжела да, күйеуі де шошып кетеді. «Сен менің әйелімді қорладың» деп Анжеланың күйеуі Фредерик ұрыс шығарады. Әрі бұл кезде қалада суретшінің дұшпандары «Гоген Анжеланы мазақ етіп, картинасын салып жатыр» деген өсек те таратып жіберген болатын. «Фредерик, сен қателесесің. Мен бұл картинаға бүкіл қарым-қабілетімді салдым» деген суретшіге ешкім сенбеді. Себебі, мына әлемге олар ешқашан суретшінің көзімен қарай алмайтын еді.
«Мен Құдайды көрмей, білмей, түсінбей сүйдім!» дегені бар Гогеннің. Шын талант өзгемен емес, өзімен-өзі жарысады, өзімен- өзі бәсекелеседі. Сурет өнерінде төңкеріс жасаған Поль Гоген өзімен-өзі жарысып, өзімен-өзі бәсекелесті. Жаны тыныштық таппаған ұлы суретші бірнеше рет өзіне-өзі қол жұмсамақ болды. Жоқшылықтан жеңілген суретші егер қаңтар айында поштамен ақша келмесе, өзіне қол жұмсауды жоспарлайды. Суретші «Жай ғана өле салу ақымақтық емес пе? Шедевр дүниемді салып, содан кейін өлем» деп қолына қылқаламын алып, өмірмен ең әдемі, ең ұлы туындысын салып, қоштаспаққа бел буады. Ол «Біз қайдан келдік? Біз кімбіз? Қайда барамыз?» полотносын аса өлермендікпен, құштарлықпен салады, бір қызығы, ашығуды, шаршауды тіпті де сезінбейді. Суретші бұл картинасында Құдайды іздейді. Суретші картинасында жалаңаштанған, бірі шүберектегі пенделер мен Құдайдың арасын байланыстырып, жанталасады. Ол адамдардың ішкі әлемінің жалаңаштығынан өлердей қорқатын. Жалпы, суретші картинада өз сауалына жауап таба алды ма? Бұл әлі күнге дейін нақты жауабы жоқ сұрақ.
Гоген суретін белгілеген мерзімде аяқтайды. Поштамен күткен ақшасы келген жоқ. Өзімен күшәла алып, өзін-өзі өлтірмек болып, тауға барады. Суретші ішкен күшәләнің, удың дозасы зерттеушілердің айтуынша, бірнеше адамның өмірін қиюға күші жететін. Құдайдың құдыретімен Гоген тірі қалады. Ағзасына зиян келген ол айлар бойы құсып, іші өртеніп, қатты ауырады. Алты жыл азаптанып, жаны мәңгілікке тыныштық табады.
Оның шығармаларының негізгі кейіпкерлері – таитяндар. Ол аралдағы осы бір жабайы халықтың арасында өзін еркін сезінді. Ол табиғатынан еркін, табиғи, шынайы, қарапайым еді. Солардың арасында ұзақ жыл өмір сүрді. Таитян қызын сүйді, үйленді. Арада көп уақыт өтпей, басқа біреуіне ғашық болды, сосын тағы да жүрегі басқа таитян қызын іздеді.
Максимилиан Волошин: «Гоген адам бойындағы қарапайымдылықты, шынайылықты, нақтылықты жақсы көрді» десе, Морис Дени: «Ол қарапайымдылыққа ғашық еді…» дейді.
Гогенше, «Шығармашылықта ең бастысы — айтылмаған нәрсе… ». Ол ешкімді қайталамады және идеясын астарлап жеткізді.
Көзі тірісінде картинасы сатылса да, байлық пен кедейліктің дәмін қатар тартса да, Поль Гоген де жалғыздық мұңына қамалып, жапа шекті. Ол да пенде, ол да тобырдан атақ пен қошемет күтті. Бүгінде оның талантына әлем көзін жұмып, таңырқап, әрбір картинасы миллиондаған долларға сатылып жатыр. Мысалы, осы жылы оның екі «жабайы» қара қыз бейнеленген «Үйлену тойы қашан?» картинасы 300 мың долларға сатылды.
Поль Гогеннің өнертанушылар арасында әлі күнге дейін пікірталас тудырып келе жатқан туындысы – «Сары Христос». 1889 жылы ақшадан қатты қиналып жүрген Гоген картиналарына ешқандай сұраныс жоғын естіп, қатты күйзеліске түседі. «Мен суретші емес шығармын» деп өзін-өзі іштей жеп қойған қылқалам шебері ішкі жандүниесінің күйзелісін, Христостың азабын суреттеп, кенепке түсіреді. «Сары Христоста» меланхолиялық көңіл-күй күз пейзажы арқылы (ландшафт) көрініс тапқан. Үш әйел (Мария бейнесіндегі) Христосты айналып, мінәжат етіп отыр.
Аягүл МАНТАЙ, Мәскеу Алматы ақшамы