Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ: ҚАЛЫПТАСУЫМА ЫҚПАЛ ЕТКЕН ТҰЛҒАЛАРҒА ҚАРЫЗДАРМЫН
2016 ж. 28 желтоқсан
4695
0
Сұхбатымыз әдебиет пен театр төңірегінде өрбіді. Жазушылыққа деген замандастарының талпынысы жайында әңгімелеп, әдебиетке ерекше іңкәр болған уақыттың тамырын басқан Сұлтанәлі Балғабаев: «Үлкен жолға шыққанда маған ілтипат білдіріп, қолдау көрсеткендер көп болып еді. Олардың әрқайсысы да ұмытылмауы тиіс», – дейді...
– Жазушы, драматург және қоғам қайраткері ретінде таныс тұлғасыз. Әңгімемізді осы төңіректе өрбітсек...
– Жақсы! Бірақ алдымен мына бір мәселеге келісіп алайық. Жаңа өзің айтқандай, мен қоғамдық қызметте де, шығармашылық салада да жан-жақты жұмыс істеп келемін. Мысалы, жиырма бес жылға жуық Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасарымын. Он бес жылдай болды, шетел қазақтарына арналған «Алтын бесік» журналын шығарамын.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы ұстаздық қызметім бар, профессормын. Ал жазушы және драматург ретінде де ортаға салатын біраз ойларым бар. Бір әңгімеге мұның бәрін сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі сұхбатымызды әдебиет пен театр төңірегінде ғана өрбітсек деймін.
– Ендеше, жалпы шығармашылығыңыз туралы сыр ақтара отырсаңыз...
– Әдебиет әлемінің есігін өлеңмен аштым. Алғашқы өлеңдерім «Көктем тынысы» атты жинаққа кірді. Жеке өлеңдер жинағым «Тұңғыш» деген атпен жарық көрді. Сосын журналистикаға кеттім. Спортшылар туралы «Жұлдызың жансын!» деректі повестер мен әңгімелер жинағын шығардым. Бұдан кейін біраз жыл таза проза жанрында қалам тарттым. Соның нәтижесінде оннан астам кітаптарым басылып шықты. Яғни 1979 жылы «Алтын сағым», 1982 жылы «Құм мен қызғалдақ», 1984 жылы «Шөл», 1988 жылы «Дала мен дария» атты кітаптарым жарық көрді. 1992 жылы орыс тілінде «Красная гармонь» атты жинағым шықты. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» деген атпен екі томдық таңдамалы шығармалар жинағым басылды.
Ал жазған пьесаларым туралы сәл кейінірек жеке айтсам деймін.
– Жазушы болу бала жастан аңсаған арманыңыз ба еді?
– Шешем Балшай ән айтатын, өлең шығаратын, аздап айтысқа да қатысатын, нағашыларымның біреуі атақты ақын болған көрінеді, міне, сөз өнері солардан маған да дарыса керек. Сөйтіп, мектепте жүріп өлең жаза бастадым. Бесінші сыныпта оқып жүргенде пионерлердің аудандық слетына, қазіргі тілмен айтқанда, өнер байқауына барып, жас ақын ретінде жүлдегер атандым. Осындай шығармашылық талпыныстарым үшін 1962 жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде сол кездегі аудандық комсомол комитетінің хатшысы, қазір белгілі ақын Надежда Лушникова қол қойған мақтау қағазын алдым. Сөйтіп, мен өзімнен болашақта ақын-жазушы шығатынына кәміл сенетін болдым. Осылай жүріп он бір жылдық мектепті қалай бітіргенімді білмей де қалыппын.
– Сөйтіп, Алматыға бет алдыңыз...
– Жоқ, Алматыға бірден келгенім жоқ. Өйткені, ол кезде жазушы болғысы келген адам университеттің журналистика факультетін бітіру керек деген түсінік бар еді. Ал бұл факультетке түсу үшін міндетті түрде екі жыл еңбек өтілі қажет болатын. Соған орай мектеп бітірген соң ешқайда бармай, әкем Базарбайдың таяғын ұстап, ауылда екі жыл қойшы болдым. Қой бағып жүріп, өлең жазуымды жалғастыра бердім. Содан жайлаудан қыстауға келіп орналасқан соң бір күні біраз өлеңдерімді алып, Қызылорда қаласындағы Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің бастығы, атақты ақын Асқар Тоқмағанбетовті іздеп бардым. Асекең «Ленин жолы» газетінің редакциясында отырады екен, бірден кіруге батылым жетпей, кабинетінің алдынан арлы-берлі өтіп, біраз жүрдім. Сосын тәуекел деп есігін қақтым. Атақты ақын мені жылы қабылдады, қарсы алдына отырғызып қойып, өлеңдерімді оқытты. Сосын риза болған кейіппен күлімсіреп, телефон соғып, бір кісіні шақырып алды. «Мына баладан бірдеңе шығады екен. Өлеңдерін жариялап, қолдау көрсетіп тұр», – деді. Сөйтсем, бұл кісі – осы газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, белгілі ақын Қомшабай Сүйенішов екен. Қомшекең мені арқамнан қағып, қолымнан жетелеп кабинетіне апарып, біраз әңгімелесті. Қолымдағы өлеңдерімнің бәрін алып қалды. Содан көп ұзамай, «Ленин жолы» газетінде «Балауса жырлар» атты тақырыппен бір топ өлеңдерім, суретім, қысқаша өмірбаяным жарық көрді.Бұдан кейін аудандық «Сырдария» газеті де «Сәт сапар, Сұлтанәлі!» деген тақырыппен мен туралы дәл осындай материал жариялады. Қазақ радиосының сол кездегі Қызылорда облысындағы тілшісі Зұлқарнай Сахиев мені жас шопан-ақын деп бүкіл республикаға таныстырды.Сөйтіп, мен ақын ретінде кәдімгідей таныла бастадым. Әсіресе, менің бұл жылғы шығармашылықтағы ең үлкен табысым – жас ақындардың республикалық фестиваліне қатысуым болды. Шынымды айтсам, мен мұндай фестивальге қатыспақ түгілі, оның болатынынан да хабарым жоқ еді. Кейін білсем, менің баспасөзге шыққан өлеңдерімді жинап, конкурсқа жіберген аудандық комсомол комитетіндегі азаматтар екен. Ал мен ойымда ештеңе жоқ, көктем шыққан соң, Сарысуға қарай көшіп, әкеммен бірге қой айдап бара жатқанмын. Жапан даланың Дайралықтың тақыры деген жеріне жете бергенде артымыздан аудандық комсомол комитетінің хатшысы машинамен қуып келді. Мен өзімнің жас ақындардың республикалық фестиваліне қатысып, Төлеген Айбергенов, Ғұсман Жандыбаев, Надежда Черновалардың қатарына ілігіп, үшінші орын алып, жүлдегер атанғанымды сол кісіден естідім. Енді тез арада Алматыға баруым керек екен. Сөйтіп, Сарысу жайына қалып, өмірі көрмеген, бірақ бала кезден армандап жүрген Алматыға қарай жол тарттым. 1966 жылдың сәуір айында Алматыға келіп фестиваль конкурсының төрағасы Мұзафар Әлімбаев және сол кезде атағы дүркіреп шығып тұрған Төлеген Айбергеновпен бірге көгілдір экраннан тікелей эфирге шығып, өлең оқыдым.
– Екі жыл еңбек өтіліңіз бар, әрі ақын ретінде танылдыңыз, енді оқу жайын ойлаған шығарсыз?
– Иә, теледидардан өлең оқығаннан кейін арада үш-төрт ай өткен соң Алматыға қайта келіп, бала күннен армандап жүрген КазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бұл оқуға келуімнің өзі де қызық. Сол жылы біздің ауылдың қойшылары жайлауға бұрынғыдан да ұзап көшіп, Сарысудың бір қиырындағы Түлкібай нұрасы деген жерге барып отырды. Мен әке-шешемді де, алдымдағы қойымды да мектепті енді бітірген інім Есенәліге тапсырып, Алматыға, оқуға жүруге жиналдым. Бірақ ауылға дейін кемінде екі жүз шақырым, көлік жоқ. Не істеуім керек? Осылай отырғанда жайлауға совхоз директоры, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов келе қалды. Орекең менің оқуға баратынымды естігенде өзімен бірге ала кетуге қуана келісті. Біздің елге баратын жолымыз Сарысу бойындағы атақты Ахмет ишан күмбезінің жанынан өтетін, жылда әрлі-берлі көшкенде әкеміз осы жерге ерулеп, мал сойып, құран оқытатын. Күмбез тұсынан өтіп бара жатып соның бәрі есіме түсті; жолым оңғарылып, оқуға түссем екен деп ишаннан іштей бата сұрап, тілек тіледім. Ишанның сол тілегімді қабыл алғанына мен әлі күнге кәміл сенемін; өйткені Алматыға келгенде оқуға түсу үшін сол Ахмет ишанның немере келіні Флора Оразаеваға емтихан тапсырдым. Егер Социалистік Еңбек Ерінің өзі оқуға шығарып салса, жолай келе жатып атақты ишаннан бата алса, сосын сол ишанның келініне емтихан тапсырса, кімнің жолы оңғарылмайды?! Менің де жолым болып, бірден университетке қабылдандым.
Университетте Баққожа Мұқаи, Смағұл Елубай, Жақау Дәуренбеков, Шөмішбай Сариев, Жоламан Бошалақ, Дәулет Сейсенұлы, Гүлжаухар Сейтжанова сияқты қазіргі белгілі қаламгерлермен бірге оқыдық.
Филология факультетінде бізден бір курс жоғары оқыған Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайыл, Алма Қыраубаевалармен жақын араласып тұрдық.
– Кіл мықтылармен бірге өткерген студенттік өмір қалай өтті? Оқуды қалай оқыдыңыз?
– Соншалықты керемет, өте жақсы оқып бітірдім деп айта алмаймын. Әйтсе де, болашақ қаламгер ретінде осы университеттің қабырғасында қалыптасқаным анық. Ол кезде университетте өте мықты әдебиет үйірмесі болды. Атақты ақын-жазушылармен түрлі кездесулер жиі өтіп тұратын. Өзіміз сияқты жас ақындар да өлең оқып, жарысқа түсетін. Түрлі қызу диспуттар, пікір алмасулар да ұйымдастырылатын. Өнерге арналған «Жеті муза» клубы тұрақты жұмыс істеді. Мұның бәрі әдебиет пен өнер жөніндегі ұғым-түсінігіміздің, талғам-танымымыздың жетілуіне, шынайы көркем шеберлікке қарай ұмтылуымызға себепкер болғаны анық. Сондықтан да біздің Тауман Амандосов бастаған сол кездегі ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.
Университет 2014 жылы өзінің таңдаулы түлектері туралы «Біздің элита» атты көлемді кітап шығарды. Онда менің де суретім мен өмірбаяным бар. Сол кітапты қараған сайын баяғы студенттік күндерім жарқ етіп көз алдыма келеді, осындай атақты оқу орнын бітіргенім үшін көңілімді мақтаныш пен ризашылық сезімі билейді.
– Университетті бітірген соң Алматыда қалып, бірден шығармашылықпен айналыстыңыз ба?
– Солай десем де болады. Бірақ мұның да біраз қызықты жағдайлары болды. Бесінші курста жүргенде Баққожа Мұқаи досым «Білім және еңбек» журналына қызметке орналасты. Ол кезде Нұржамал дейтін қызға үйленіп алған, бізден бөлек, пәтер жалдап тұрады. Лекцияға анда-санда келеді. Сондай келген күндердің бірінде менің құлағыма сыбырлады: «Сен ертеңнен бастап «Білім және еңбек» журналында жұмыс істейсің, бас редактор Қалдарбак Найманбаев күтіп отыр», – дейді. Мен ол журналдың қайда екенін, Қалдарбек Найманбаев деген кісінің кім екенін онша білмейтін едім. Оның үстіне, Баққожа неше түрлі әзіл-қалжыңды жақсы көретін – сондықтан бұл әңгімеге онша назар аударған жоқпын. Содан сабақ біткен соң Баққожа мені сүйрегендей етіп «Білім және еңбекке» алып барды. Бас редактор Қалдарбек Найманбаевтың қарсы алдына отырғызып қойып, мені мақтап берсін. Айтуына қарағанда, мен мақаланы да керемет жазамын, өлеңдерім де шетінен тамаша, жалпы қолымнан келмейтін нәрсе жоқ. Журналға менен артық қызметкер табу мүмкін емес. Мен не айтарымды білмей, аңтарылып отырып қалыппын. Қалекең соны сезді білем, ақырын жымиып күлді. Сосын:
«Жарайды, жұмысқа қабылдандың, ертеңнен бастап келе бер», – деді.
Мен аңтарылған қалпыммен Баққожаға еріп, орнымнан көтерілдім. Сыртқа шыққан соң Баққожа: «Әп, бәлем, сені қатырдым ба?!» дегендей мәз болып күледі. Сөйтіп, оқу бітірмей жатып жұмысқа орналастым.
– Осылайша шығармашылыққа жолыңыз ашылды ғой?
– «Білім және еңбек» журналында бес жыл қызмет істедім. Бұл бес жыл – менің тұрмыстық жағдайымның, шығармашылық жолымның қалыптасу кезеңі болды. Осы жылдарда үйлендім, балалы-шағалы болдым, Алматының ортасынан үй алдым; ең бастысы, шығармашылық мүмкіндіктерімді, бағыт-бағдарымды нақтылап, жазушылыққа бет бұрдым. «Жұлдызың жансын!» атты жоғарыда айтқан кітабым осы «Білім және еңбек» журналында жарияланған шығармаларымның негізінде дайындалған еді.
– Прозашы ретінде қалыптасқан кезіңізді де еске ала отырсаңыз.
– Жетпісінші жылдардың ортасында Алматыда жастарға арналған «Жалын» атты баспа ашылды. Жаңа баспаның директоры болып қазақтың белгілі ақыны Қабдікәрім Ыдырысов, бас редакторы болып Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Сөйтіп, екі асыл азамат бірлесіп, жаңа баспада қызмет істеуге жан-жақтан әдебиеттің танымал өкілдері мен қабілетті жастарды жинай бастады. Бір күні кезек маған да келді, Қалекең шақырып алып, баспаға ауысу туралы ұсыныс жасады. Шынымды айтсам, бұл менің ойымда да жоқ еді; журналдағы жұмысым тыныш, табысым да жақсы, айына екі рет айлық, бір рет қаламақы аламын – кеткім келмеді. Бірақ Қалекеңнің көңілін қимадым. Сөйтіп, ұзамай «Жалын» баспасына ауыстым. Бұл жерде әуелі қатардағы редактор, кейін проза бөлімінің меңгерушісі болдым. Сөйтіп, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков, Қастек Баянбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Еркінбай Әкімқұлов, Молдахмет Қаназ, Құрманғазы Мұстафин, Ермек Өтетілеуов сияқты белгілі ақын-жазушылармен бірге жұмыс істедім. Өкінішке қарай, көп ұзамай Қабдікәрім Ыдырысов кенеттен дүниеден озды, сондай қиын кезде Қалдарбек Найманбаев жаңа баспаның жұмысын кідіртпей, одан әрі жалғастырып, жаңа деңгейге көтеріп әкетті.
Баспада істеген осы жылдарда мен жазушы ретінде біржолата қалыптастым. Оның өзіндік себептері де бар еді. Біріншіден, баспада жұмыс істегенде әрбір қолжазбаны мұқият зерттеп, зерделеп оқисың. Соған орай, әр шығарманың жетістігін де, кемшілігін де ой сарабынан өткізіп талдап отырасың. Егер осы шығарманы өзім жазсам мына жерін жетілдірер едім, ана тұсын қысқартып, алып тастар едім деген тұжырым да жасап қоясың. Оның үстіне, баспада өндіріске кететін қолжазбаны талқылау жиі болады. Мұндайда әр шығарманың жетістік-кемшілігі қызу сөз болады. Әркім әр түрлі пікір айтады. Осының бәрін көріп, естіп, өзінің де соған араласып отыруы – кез-келген қаламгердің шеберлігінің ұшталуына әсер етеді. Міне, осындай жолдан өткен мен, көп ұзамай повесть, әңгіме жазуға біржолата кірістім. Бұған Қалекең де айрықша қолдау жасап отырды; менің жазып бітпеген, тіпті басталмаған да шығармаларымды баспаның жоспарына кіргізіп қоятын. Содан шығармаларымды тезірек бітіріп, дер кезінде баспаға тапсыру үшін жанталаса жұмыс істеген кездерім аз болған жоқ.
– Қазіргі кезде сіз қазақтың алдыңғы қатарлы драматургтерінің бірісіз. Оның үстіне, ұзақ жыл театрда қызмет істедіңіз. Ендігі әңгімені драматургиялық шығармалар жазуыңызға түйткіл болған жағдайларға бұрсақ...
– Пьеса жазып, драматург атану отыздың ортасынан асқанша менің қаперіме де кірмеген еді. Анда-санда барып тұрғаным болмаса, театрға да онша қызықпайтынмын. Сондықтан, менің пьеса жазуыма себепкер болған – қазақтың қазіргі атақты қаламгерлерінің бірі Төлен Әбдіков. Төкең де кезінде менің проза жанрына келуіме қолдау көрсетіп, «Қызыл сырнай» деген тұңғыш повесімді «Жалын» журналына жариялаған еді. Сексенінші жылдардың басында сол кісінің жастар мен балалар театрында «Біз үшеу едік» деген жаңа пьесасы қойылды. Маған ол қойылым сондай керемет ұнады. Содан бастап мен де неге осындай пьеса жазбаймын деген ойға келдім. Сөйтіп, Орталық кітапханаға барып біраз уақыт қолға түскен қазақша, орысша пьесалардың бәрін оқыдым. Сосын күндердің күні «Қыз жиырмаға толғанда» деген пьеса жазып, оны Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясына өткізіп қойдым. Бірақ бұл шығармамды біреу алып, кәдеге жаратады деген үмітім шамалы еді. Сөйтіп жүргенде министрліктен сені Жастар мен балалар театрының бас режиссері Райымбек Сейтметов іздеп жатыр деген хабар келді. Мен ол кісіні сахнадан көргенім болмаса, жүзбе-жүз танымайтын едім, жүрегім лүпілдеп, қорқыңқырап бардым. Рекең мені жылы қабылдады. «Сіз» деп сөйлейтін әдеті бірден байқалды.
– Сұлтеке, жазған пьесаңыз бізге ұнады, құдай қаласа, репертуарға қосып, сахнаға шығарамыз. Хабарласып тұрыңыз, – деді.
Мен сенер-сенбесімді білмей, мәз болып, қуанып үйге қайттым.
– Сонымен, алғашқы пьесаңыз театрға қабылданды ғой?
– Иә, солай десе де болады. Бірақ нақтырақ айтқанда, ол театрға жазған пьесамнан бұрын өзім қабылдандым. Мен ол кезде «Жалын» баспасынан шығармашылық демалыс алып, үйде кезекті жаңа кітабымды жазып жатқанмын. Пьесаның шаруасы бірыңғайланған соң, кітабымды бітіруге қызу кірісіп кеттім. Содан біраз жұмыс істеген соң, демалып қайтайын деп Ессентуки
шипажайына жолдама алдым. Ол кезде әуежайға орталықтағы аэровокзалдан да бара беретінбіз, сумкамды көтеріп сол жерге барсам, алдымнан Райымбек Сейтметов тағы да кездесе кетті. Мені анадайдан көріп:
– Ау, Сұлтеке, хабарласпай қайдан жүрсіз? Мен сізді қызметке алайын деп жатырмын ғой, – дейді бұрынғысынша сыпайы, сызыла сөйлеп.
– Қандай жұмыс? – дедім мен, түкке түсінбей.
– Кәдімгі!.. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі... Бізде сондай жұмыстың орыны босаған. Соған адам іздеп, біраз жұртпен сөйлесіп көрдім... Қазір қолыңыз бос екен, енді сіз бізге келесіз, – деді.
– Реке, мен кетіп барамын ғой!.. Ессентукиге... курортқа бара жатырмын, – дедім мен, сумкамды көрсетіп.
– Ештеңе етпейді, – деді Рекең. – Келісімен дереу жұмысқа шығасыз. – Соны айтты да сыпайы қоштасып жүре берді. Мен аэровокзалдың алдында аңтарылған күйі қала бердім...
Содан не керек, курорттан келісімен бірден театрға орналастым.
– Бұл қадам сіздің шығармашылық жолыңызға, жалпы өміріңізге қандай өзгерістер, жаңалықтар әкелді?
– Бұл да ұзақ әңгіме. Мен тек басты-басты дегендеріне ғана тоқталайын.Біріншіден, театрда қызмет істеу өнердің бұл саласының қыр-сырын жан-жақты зерттеп, зерделеуді, түсінуді үйретті. Әсіресе, драматург ретінда сахнаға қойылатын шығарма шымылдық ашылғаннан бастап қашан жабылғанша жалықтырмай, қызықтырып ұстап отыру керек екенін анық аңғардым және оның алғышарттары мен тәсілдерін де түсініп, бойыма сіңіре бастадым.
Мен жұмысқа орналасқан соң көп ұзамай жоғарыда айтылған «Қыз жиырмаға толғанда» пьесамды ол кезде жас режиссер, қазір Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбаев сахнаға шығарды. Және оны әдеттегідей емес, біраз жаңалықтар қосып, спектакль-диспут етіп қойды. Осындай жаңалықтардың арқасында бұл спектакль театрдың өзінде де, ауыл-ауданға гастрольдерге шыққанда да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кейін көп театрларда сахналанды.
Жалпы, егер бұл пьесам жарыққа шықпағанда, не қойылымы сәтсіз болғанда, мен одан қайтып драматургияға жоламай кетуім әбден мүмкін еді. Сондықтан да өзімнің драматургия жанрындағы тырнақалды туындымның Райымбек Сейтметов пен Нұрқанат Жақыпбаев сынды дарынды азаматтардың назарына іліккеніне шын көңілден тәуба деймін.
Сондай-ақ, мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимовпен көп жылдан бері шығармашылық салада тығыз байланыс жасап келемін. Қызылордалық белгілі режиссер Хұсейін Әмір-Темір де менің драматург ретінде қалыптасуыма айтарлықтай ықпал етті.
Осының нәтижесінде мен «Қыз жиырмаға толғанда» пьесасынан кейін «Қазақша күрес», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Сағыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам»,«Мико, Жымбала және қасқыр», «Менің әжем – сиқыршы» атты пьесалар жаздым. Бұл шығармаларым Қазақстандағы қазақ театрларының бәрінде дерлік қойылды. Сондай-ақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ театрларында да сахналанды. «Мәңгілік махаббат әні» атты пьесам былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бәйгеде екінші жүлдеге ие болды.
Бұлардан да басқа жазылып біткен, бірақ әр түрлі себептен әзірше жарық көрмеген пьесаларым да бар.
Менің бұл пьесаларым 2006 жылы «Ана тілі» баспасынан «Ең әдемі келіншек», 2008 жылы «Ақ арман» баспасынан «Біз де ғашық болғанбыз» деген атпен екі жеке кітап болып шықты.
– Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ұстаздық етесіз. Бұл қызметіңіздің де әдебиет пен театрға тікелей қатысы бар. Енді осы ұстаздық қызметіңіз туралы айта отырсаңыз.
– Иә, мен біраз жылдан бері осында кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып қызмет істеймін. Бұрын бұл орында атақты жазушы Әкім Тарази ұстаздық еткен, қазір ол кісі Астанадағы Өнер университетінде. Кейінірек баяғы курстас досым Баққожа Мұқай жұмыс істеген, ол дүниеден өткен соң, орнына мен келдім. Өмір деген сол! Қазақтың белгілі қаламгерлері Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Шахимардан Құсайынов төртеуміз жыл сайын бір курстан алып, төрт жыл оқытамыз.
Бұдан тура елу жыл бұрын, яғни 1966 жылы осы жерге, осы аудиторияларға талапкер болып келіп, студент атанып едім. Ол кезде бұл КазГУ-дың бас корпусы болатын, біз түскен журналистика факультеті де осында еді. Қазір бұл ғимаратта Өнер академиясы орналасқан. Сөйтіп, баяғы өзім оқыған аудиторияларда өзім басқаларды оқытып жүрмін. Жалпы, ұстаз боламын деген ой менің ешқашан қаперіме де кірмеген. Құдайберген Болатбаев деген жақсы азамат болды, театр өнерін зерттеумен айналысты, осы академияда жұмыс істеді. Мені қоярда-қоймай ұстаз болуға үгіттеп, қызметке шақырып алған – сол Құдайберген еді. Оған атақты Әшірбек Сығай да қосылған. Сөйтіп, Академияға қалай келгенімді өзім де білмей қалғанмын. Қазір Құдайберген де, Әшірбек те жоқ, ал мен шамам жеткенше өз тарапымнан олардың орнын жоқтатпауға тырысып, жұмыс істеп жүрмін.
– Демек, сіз бұл қызметке келгеніңізге ризасыз ғой?
– Әрине, ризамын. Рас, алғашқы кезде студенттерге не айтамын, қайтіп дәріс беремін деп кәдімгідей алаңдап, уайымдап жүрдім. Ал қазір үйреніп кеттім. Атам заманнан бері ұстаз болып келе жатқан сияқтымын. Академияның табалдырығынан аттасам болды жаным жадырап, рахаттанып, жасарып кеткендей сезінемін. Бұл, ең алдымен, Академияның ішкі жағдайының тыныштығынан, ауызбіршілігінің күштілігінен шығар. Мен алғаш келгенде ректор Тілеуғали Қышқашбаев еді. Мені қызметке сол кісі қабылдап, сәт сапар тілеген. Одан кейінгі ректор Арыстанбек Мұхамедиұлы болды. Мен «профессор» деген атақты сол кісінің қолынан алдым. Қазір, ол, өздеріңіз білетіндей, министр. Басшылар қаншама орын ауыстырса да, Академияның ішкі жағдайы ешқашан өзгерген емес. Бәрі тып-тыныш. Әркім өз жұмысын біледі. Біреуді біреу түрткілеп, біреумен біреудің жүз шайысып, артық сөз айтып жатқанын ешқашан көрген емеспін. Бір басшы ауысса, оның бүкіл командасы ауысады дейтін әңгімені де жиі естисің. Академияда ол да байқалмайды. Мен алғаш келгенде Бақыт Нұрпейіс декан еді – сол қызметін әлі атқарып отыр. Гүлжан Наурызбекова кафедра басқаратын, қанша басшы ауысса да сол жұмысын тып-тыныш істеп жүр. Академияға жақындай берсем осында баяғыдан қызмет атқаратын Аман Бекенұлы кездесе кетеді. Бір тұстан ертеден таныс Байеділ Наурызовтың төбесі көрінеді. Кафедра жақтан белгілі кинорежиссер Дәріжан Өмірбаев шығады. Солармен сәлемдесіп, рахаттана әңгімелесіп, сосын өзім лекция оқитын 87 аудиторияға қарай беттеймін.
– Лекцияны қандай тақырыпта оқисыз?
– Менің лекцияларым, негізінен, әдебиет пен театр жөнінде. Нақты тақырыптары «Мамандыққа кіріспе», «Кинотеледраматургия шеберлігі» деп аталады. Бірақ сонымен қатар қабылдаған әр студентімнің болашақта не істейтінін, қызметті қай саладан таңдап, жұмысқа қалай орналасатынын алғашқы күннен, яғни бірінші курстан бастап ойластырып, анықтай бастаймын. Мен үшін ең бастысы – төрт жыл оқытқан шәкірттерімнің кейін жұмысқа орналаса алмай, босқа қалмауы. Міне, осы тұрғыдан келгенде шүкір етерлік жағдайым бар. Менің курсымды 2012 жылы бітіргендердің бәрі Астана мен Алматыда өз мамандықтары бойынша қызмет істеп жүр. Ал жақында осы Академияның ұстазы Дінмұхаммед Ізтілеуовтың өтініші бойынша театр бөлімінің студенттеріне арнап «Жұлдызың жансын, жаным!» атты пьеса жазып бердім. Студенттер болашақта ол пьесаны сахнаға шығармақшы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Қарагөз Серікқызы
qazaquni.kz
- «Сағыныш пен елес»
- Арыстанбек Мұхамедиұлы
- «Өтірік айтпайтын адам»
- Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы
- «Мико
- Жымбала және қасқыр»
- жақау дәуренбеков
- Райымбек Сейтметов пен Нұрқанат Жақыпбаев
- «Менің әжем – сиқыршы»
- Қазақша күрес»
- Сұлтанәлі Балғабаев
- аққожа Мұқаи
- «Ең әдемі келіншек»
- Смағұл Елубай
- «Біз де ғашық болғанбыз»
- Шөмішбай Сариев
- «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек»
- Жоламан Бошалақ
- «Тойдан қайтқан қазақтар»
- Дәулет Сейсенұлы
- «Ғашықсыз ғасыр»
- Гүлжаухар Сейтжанова