ЖЕЛТОҚСАН МЕН ТӘУЕЛСІЗДІК БІРТҰТАС ҰҒЫМ
2016 ж. 21 желтоқсан
2680
0
Ұлы дала. Алаш. Желтоқсан. Тәуелсіздік. Мәңгілік Ел... Осы бір небары төрт-бес сөздің ғана аясында қаншама ғасырлық тарих, қаншама миллиондаған тағдыр, қаншама биік армандар мен болашаққа деген үлкен үміт жатыр. Бүгінгі күні бұл сөздер бірігіп, ұлтымыздың өткені мен болашағын білдіретін тұтас бір киелі ұғымға айналды. Керек болса, «Ұлы дала иесі – Алаш жұрты Желтоқсан көтерілісінен қуат алып, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Мәңгілік ел құруда» деген бір ғана қысқа сөйлемге сиып кетеді екен. Бұл тұтастық, бұл үндестік тегін емес, Ұлы дала ұрпақтарының ұзақ жолын білдіреді. Ал оны бөліп-жарып қарауға болмайды. Аты әлемге әйгілі Алаш алған бетінен қайтқан емес. Оның озық салт-дәстүрі мен мәуелі мәдениеті уақыт керуенімен бірге алға жылжи береді. Сол Ұлы көш болашаққа бағыт алды, оның жолы шексіз, жалғаса бермек. Біз соны бағдарлай да бағалай білуіміз керек.ъ
Уақыт атты құдірет еш нәрсені көзден қырын қалдырмайды. Әрбір жылдың өз жылнамасы бар, тарихта қалар өзіндік ізі болады. Былтыр ғана егеменді еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын, ұлт тарихының бір биік белесін атап өткен еді. Биыл Алаштың ардақтысы, ұлт көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтілуде. Өз халқын азат та бақытты ету жолында құрбан болған Алаш арыстарының есімін қызыл империяның күші мен сұм саясаты да өшіре алмады. Тарихтың өз өлшемі, өз ақиқаты бар. Оған ешқандай саясат та ешқандай күш те әсер ете алмайды. Келер ұрпақтар жүрегінде жатталып, санасында жаңғырып, жалғасын таба береді. Соның бір айғағындай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы бүгінгі күні ұлт рухын асырып, Алаш мерейін үстем ете түсті. Қос мерекені Қазақстан халқы жоғары деңгейде атап өтті. Оның тарихы мен тәлімін, маңызы мен мәнін өскелең ұрпақ алдында паш етіп, Тәуелсіздік туын берік қолда ұстауға аманат етіп тапсырғандай болды.
Сол бір ата-бабадан келе жатқан даңқты дәстүрді дамытушы, Алаштың жолын ұстанған – «Ақ жол» демократиялық партиясының халыққа танымал бір топ белгілі өкілдері 17-желтоқсан күні Алматы қаласының орталығындағы Тәуелсіздік монументі алдына жиналды. Астанадан арнайы келген партия жетекшісі, ҚР Мәжіліс депутатты Азат Перуашев бастаған ақжолдықтар Тәуелсіздік монументі алдында тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Шараға «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, белгілі ақын Қазыбек Иса, партияның орталық комитетінің хатшысы Арман Сқабылұлы, «Ақ жол» партиясы Алматы қаласы филиалының төрағасы Дмитрий Васильев, қалалық филиал төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов және басқа да партия мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.
Алаш, Желтоқсан, Тәуелсіздік деген сөздердің біртұтас ұғым екенін о бастан көрсетіп келе жатқан «Ақ жол» партиясы бұл бағытта көптеген істер атқарғанын жұрт жақсы біледі. Ел тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен ата-бабалар тарихын ұлықтап, Алаш арыстарының есімін ел есінде қалдыруға арналған түрлі шараларға мұрындық болды. Алаш арыстарының өмірі мен қызметін зерттеу бағытындағы ғылыми және тың еңбектерге конкурс жариялап, «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді.Соның арқасында тарихымыздың ақтаңдақ тұстары ашылып, белгісіз қалған арыстарымыздың есімі жарыққа шықты. Партияның ұйымдастыруымен өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен ер» атты халықаралық деңгейдегі аламан жыр бәйгесі де күні бүгінгідей жұрт жадында. Бұл партия атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Бүгін де міне Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдық мерекесіне орай «Ақ жол» партиясы кезекті тағы бір игі шара ұйымдастырды.
Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған соң 1986 жылғы тарихи Желтоқсан көтерілісіне қатысушы бір топ азаматтарды арнайы шақырып, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев құрметті қонақтарды құттықтап, оларға өмірде бақытты, еңбекте табысты болуларына тілектестігін білдірді. Партия жетекшісінің орынбасары Қазыбек Иса Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісінің қатар келіп отырған мерейтойларының маңыздылығына тоқталып, бұл екі мереке де ел егемендігінің елеулі сәттері екенін баса айтты. Сонау 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде ер азаматтармен бірге нәзік жанды қыздарымыздың да ерен ерлік көрсеткенін ерекше атады. Солардың бірі А.Байтұрсынов атындағы Тіл институтының хатшысы, филология ғылымы докторы Гүлжаһан Орда. Ол сол кезде көтеріліске белсенді түрде қатысқаны үшін оқудан шығарылып, тағдырдың тәлкегіне түскен-ді. Бірақ қайтпас қайсар қыз өз дегеніне жетіп, бүгіндері еліміздегі беделді ғалымдардың бірі болып отыр. Сонымен бірге Қазыбек Иса Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың басым бөлігі белгісіз қалып отырғанын еске салды. Олардың есімдерін анықтап, тарихи лайықты бағасын беру жолында әлі де талай жұмыс атқару керектігін айтты. Сондай елеусіз қалған ерлердің есімдерін де атап өтті. Олар - белгілі ақын Аманғазы Кәріпжан, журналист Жаңабек Тойбазар, белгілі ұлт партиоты Геройхан Қыстаубаев, көтерілісте жүрек жұтқан жігіттерден қалыспаған Нағима Ізтілеуова, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновпен бірге Халық шаруашылығы институтында бес жыл бірге оқып, Желтоқсан көтерілісіне бірге қатысқан танымал экономист Болат Мырза сияқты айтулы азаматтар. Осы шараға арнайы шақырылған, жоғарыда аты аталғандар «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп тағайындаған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалімен марапатталды. Өз кезегінде ғалым Гүлжаһан Орда «Ақ жол» партиясына алғысын білдіре отырып, ендігі міндет егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге күш салу керектігін атап өтті. Сол сияқты Болат Мырза Желтоқсан көтерілісі туралы айта келіп, сол кезде жастарды қандай да бір ерлік жасау емес, бодандықта қалған ел үшін намыс қамшылағанын айтып ағынан жарылды.
Қос мерекеге бағытталған бұл шарада «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалымен «Ақ жол» партиясы Орталық комитеті хатшысы Арман Сқабылұлы, «Қазақ үні» газеті бас редакторы Құлтөлеу Мұқаш пен осы газеттің орыс редакциясы редакторы, белгілі журналист Дастан Елдес, «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов марапатталды. Ал «Қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Зейнолла Абажан «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Мерекелік шараға қатысушылар алдында ақын Аманғазы Кәріпжан домбырамен арнайы арнау айтып, жиналғандарды жырмен құттықтады.
«Ақ жол» партиясы ұйымдастырған шара Алматы қаласындағы қазақ қаламгерлерінен құралған «Алаш», «Қазақ», «Желтоқсан» және «Ақ жол» командалар ының арасындағы тастаяқ сайысымен жалғасты. Түрлі телеарналар мен басылымдарда қызмет ететін журналистер үшін арнайы ұйымдастырылған бұл жарысқа партия жетекшісі Азат Перуашевтың өзі де қатысты. Журналистер қалам ғана емес тастаяқ өнерін жақсы меңгергендерін көрсетті. Бірнеше сағатқа созылған тартысты жарыстың нәтижесінде тастаяқтың тарландары саясаттанушы Айдос Сарым мен қаламгер Жанарбек Әшімжан бастаған «Қазақ» командасы кубокты иеленіп, жеңімпаз атанды. Екінші орынға «Ақ жол» командасы көтерілді. Үшінші орынды «Алаш» пен «Желтоқсан» командалары бөлісті. Қонақжайлық танытқан «Ақ жол» командасы өздеріне тиесілі ақшалай жүлдені үш командаға тең бөліп берді. Ашығын айтсақ бұл жарыста ұтылғандар болған жоқ. Қатысушылардың бәрі де арнайы дипломдармен марапатталды. Ең бастысы – қаламгерлер бір-бірімен ресми емес, емін-еркін жағдайда пікір алмасып, ой бөлісуге үлкен мүмкіндік алды. Сол үшін олар «Ақ жол» партиясына алғыстарын айтып тарқасты.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz