Желтоқсан - Тәуелсіздік тұғыры
2016 ж. 13 желтоқсан
7346
0
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – Қазақ халқының ғана емес, кешегі Кеңестер Одағы деген алып елдің, сонымен бірге әлем халқының тарихында өзіндік орны бар ерекше көтеріліс. Дүниежүзін тітіренткен тоталитарлық режимге қарсы қаймықпай қарсы тұрған қазақ жастарының ерлігі, өкінішке орай, әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Желтоқсан көтерілісі Ел Тәуелсіздігі үшін жасалған алғашқы бас көтеру екенін, осыдан кейін ғана Вильнюс, Тбилиси, Баку, Ош оқиғалары болғанын біле тұра, осы даусыз ақиқатты тарихи санаға орнықтыра алмай жатуымыз, әрине өкінішті-ақ! Оған ең әуелі, өзгелер емес, өзіміз, горбачевтік билік тарапынан болған қанды қасіретке, қудалау мен жаппай жазалауға жол берген күні бүгінге дейін өзіміздің жігерсіздігімізден, жалтақтығымыздан тұтастай халыққа «ұлтшыл» деп қара күйе жағуға жол ашқан қазақ билігінің дәрменсіздігінен.
Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының ұлттық намысын оятқан ұлы көтеріліс. Алматы көшелері мен алаңдарында Республиканың түкпір-түкпірінде 85 мыңға жуық адам жиналды. Солардың арасынан ұсталып, тергелгені, тексерілгені, түрме азабын шеккендердің саны 8,5 мыңдай кісі екені, сотталғандары 101 адам, Желтоқсанның 18-нен 19-ына қараған түні «Құйын» операциясы жастарға қолданылғаннан кейін Алматы қаласындағы бұрынғы Брежнев алаңында қан деген судай ағып, алаң айналасында жансыз қалған денелердің саны 168-ге жеткені анықталды. Мерт болған ұл-қыздарымыздың денесі «Урал» автомашинасына тиеліп, Мәскеу бұйрығымен белгісіз жаққа әкетілгені әшкереленді. Сондай-ақ, ұрып-соғып, «автозак» машиналарымен қала сыртына апарып тасталған 6000-ға жуық адам есептен жасырылып қалған. Барлық облыстарды 50%-дан 60%-ға дейін кадр саясатымен, партия қатарындағы жергілікті ұлттар ауыстырылған. Арада отыз жыл уақыт өтсе де, бүгінге дейін ақтала алмай, азаматтық құқықтары тапталып жүргендері қаншама? Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың құқығын қорғауда Алматы қаласы бойынша жеті ұйым тіркелген. Әрбір ұйымның өз ұстанған бағыттары бар. Солардың ішіндегісі «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі. 2008-2016 жылдар аралығында мақсаттарына жету үшін өз қаражаттарымен ұлттық мүддеге бағытталған 182 іс-шара өткізіп, 8 500 000 теңге жұмсапты. Өскеменде, Жаркентте, Алматы облысындағы Жамбыл ауданында көтеріліске қатысып қаза болғандар Сәбира Мұхамеджанова, Ләззәт Асанова, Сұлухан Назароваларға оқыған мектептеріне мәрмәр тастан тақтайшалар орнатып, жерленген орынға граниттен ескерткіштер тұрғызды. 2016 жылдын қазан айының 3-і күні Аягөз қаласының орталық саябағында «Желтоқсан – 86» ескерткіші тұрғызылды.. Мақсатымыз – Желтоқсандықтардың жанайқайын билікке жеткізу. Атқарылып жатқан жұмыстарымызды көрсету арқылы Желтоқсан көтерілісін ұмытуға болмайтындығын ұғындыру. Иә, әр уақыттың өз таразысы бар. Біздің білетініміз – ақиқаттың ашылмай қалмайтындығы, болашақта кімнің кім болғандығы айтылады. Осындай іс-шараларға аянбай еңбек еткен кейбір азаматтарды атап өтуді жөн көрдік. Мысалы: ШҚО Аягөз қаласының саябағына ескерткіш тұрғызуға ақшалай көмек бергендер ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты желтоқсан көтерілісінің батырлары Нұртай Сабильянов, Қайрат Салақов, Марат Тілеубаев, Нұрғали Әзімбаев, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының «Алтын медалінің» иегері Құлтас Достанов, Онтүстік Қазақстан облысынан Сапаралы Ахметов, Астана қалалық филиалының жетекшісі Ержан Ұзақ, Алматы облысы филиалының жетекшісі Ізтілеу Тойшыбайұлы, Алматы қалалық филиалының жетекшісі Күміс Күргенбаева, Қайрат Белбаев, Сапура Тоқсейітова, Сәтбай Әлімбаев, Майгүл Тойболдиева... Міне осынау замандастарымыздың еңбектері өте зор. Осы бір игілікті іске «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, атсалысуда. Болашақта Желтоқсан көтерілісі тарихта алтын әріптермен жазылып қалатындығына сеніміміз зор. Ол үшін ең әуелі оған демократиялық және халықаралық стандарттар бойынша саяси әрі құқықтық тұрғыда жаңаша обьективті баға беруді қажет деп білеміз. Сонда ғана желтоқсандықтардын статусы нақтыланып, қуғын-сүргін құрбандары ретінде лайықты жеңілдіктерге ие бола алады.
Желтоқсандықтардың құқығын қорғау – қазақ халқының құқығын қорғау.
Жас ұрпақты ұлттық, отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше ролі болатын Желтоқсан көтерілісіне арнайы заң шығарып, тарихи-саяси бағасын алатын күннің жеткені даусыз.
Бейсенғазы НҮКЕН, «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ төрағасы
qazaquni.kz