Студенттер Тәуелсіздікті жырлады
2016 ж. 10 желтоқсан
2161
1
Қазыбек Иса мүшәйра жүлдегерлерімен бірге
Желтоқсанның 7 жұлдызында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне арналған "Тәуелсіздік жырлары" атты мүшәйра болып өтті. Оған университет студенттері қатысты. Қазылар алқасына жетекшілік еткен ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – "Алтын күз" ордені иегері, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса болашақ дәрігерлер жырларына ризашылығын білдірді. - Астанадан Алматыға келіп, тұмауға тап болып, үйден шыға алмай жатыр едім. Медицина университеті "мүшәйрамызды тыңдап, қазылық етіп берсеңіз" -деп өтінгенде " дәрігерлер де өлең жазады екен ғой, тыңдап көрейінші" деген қызығушылықпен келдім. Міне, енді дәрігерлердің жыры да дәрі болып, тұмауым жазылып кетті"- деп, әр ақынның жетістіктерін талдап берді. Тәуелсіздік күніне арналған мүшәйраның бірінші орынын стомотология факультетінің 1 курс студенті Мерей Тұрдиева "Тәуелсіздік таңы" атты жырымен жеңіп алды. Оған жүлдені Қазыбек Иса өз атынан берді. Екі екінші орынды Ғани Ақылбек пен Аида Айдарова иеленді. Үшінші орынды Үсенбай Нұрсұлтан мен Нұршат Махамбет бөлісті. Арнаулы екі сыйлық Ғазиза Бердібекқызы мен Гүлсима Айдабасоваға берілді. Мүшәйраға қатысқан барлық ақынға дипломдар тапсырылды. Мүшәйраны университеттің Қазақстан тарихы және әлеуметтік -гуманитарлық кафедрасы (Н.Асанқызы, Н.Тәттібек, Ғ.Мәлік), Стоматология деканаты және Студенттермен жұмыс жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Қазылар алқасында Қазақ тілі кафедрасы доценті, филология ғылымы кандидаты Төлеубек Зайсанбаев, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының меңгерушісі Зейнегүл Убайдайқызы және Студенттердің өзін-өзі басқару бөлімінің жауапты маманы Назым Жұмағалиқызы болды. Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы Толғанай Батырбекқызы беташар сөз сөйлеп, Мұғағали мен Мұхтар Шаханов жырларын оқып берді. Ұлттық киім киген студенттер орындауындағы "Қара жорға" биі жақсы шықты. Мүшәйраны оқытушы Ғ.Мәлік жүргізіп отырды. Сонымен, болашақ адам тәнінің шипагерлері әдемі жырларымен адам жанын да емдей алатындықтарын көрсетті. qazaquni.kz