АЙТЫСТАН МӘН, СӨЗДЕН ДӘМ КЕТЕ БАСТАДЫ
2016 ж. 05 желтоқсан
9908
12
Алатаудың етегіне елді жиған «Алтын домбыра» айтысы аяқталды. Екі күнге созылған аламан айтыстың алғашқы күнінде қала басшысы Бауыржан Байбек мырза қатыспады. Іс сапарда болыпты. Десе де айтыс өз деңгейінде өтті. Жылдың қорытынды айтысына сайланып келген жиырма ақын өз баптарында екендіктерін көрсетті, - деп жазады Abai.kz тілшісі.
Сонымен арты айғай-шуға ұласқан айтыста не айтылды, нелер айтылмай қалды? Халық қазылардың шешімімен не себепті келіспеді? Шолу жасап көрелік.
Бұл айтыстың бірінші жаңалығы – айтысты бастан аяқ «Еуразия» арнасы түсіріп, тарататын болды. Осыған дейін ұлттық өнерге «прайм таймнан» уақыт бөліп, ақындардың айтқандарын қиып тастаса да экранға шығарып жүрген «Қазақстан», «Хабар» арналары бұл жолы тыныш. Себебі, тағы белгісіз. Сахнаға шыққан Жүрсін Ерманға "Қазақстан" телерадиокорпорациясының басшысы Кемелбек Ойшыбаев xабарласып, бұл айтысты көрсетеміз депті.
Содан кейін, айтыстың әуелгі жарнама ролигінде Ринат Зайтов қатысады деп көрсетілген еді. Сахнаға шыққан жиырма ақынның сапында Ринат болмай шықты. Сөйтсек, жыл бойы республиканың барлық аймақтарында өткен айтыстарда бірінші жүлделерді иемденген ақындар ғана қатысатын көрінеді. Ерманов солай деді.
Жә, солай болсын дегенде Шымкенттен келген шайыр Нұрлан Есенқұл сахнаға шықты. Нұрланның да жарытып бәйге алмағанын қарсыластарының өздері айтты. Сондағы Жүрсіннің сөзі қайда қалды дестік.
Халық Ринатты сұрады. Жүрсін оларға жауап беріп: «Мен тағы да айтамын, сіздер де залға толық келіп отырған жоқсыздар ғой...» деді. Ауыздарына тілі сыймай тыпыршып тұрған жиырма ақын: Айбек Қалиев, Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ереже, Мақсат Аханов, Иранғайып Күзембаев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Қалижан Білдәшев, Ершат Қайболдин, Рүстем Қайыртай, Өміржан Көпбосынов, Шұғайып Сезімхан, Ержан Әміров, Сырым Әділбек, Серікзат Дүйсенғазин.
Енді қазылар алқасына тоқталсақ, Мұхамеджан Тазабек, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла, Әділбек Ыбырайымұлы, Қонысбай Әбілов, Қойлыбай Асанов сияқты «зейнеттегі ақындар» қазылық етті. Бұл қазылардың төрағасы – Мұхамеджан Тазабек еді.
Алғашқы күнгі айтыста ақындар барын салды. Бірсыпыра әлеуметтік, ұлттық мәселелер айтылды. Мысалы, осы айтыстың бірінші күнінде жаңалық болған Өміржан Көпбосынов: «ән шығарып бүлдірсем ештеңе емес, заң шығарып бүлдіріп жатқаным жоқ» деді. Немесе айтыстың шымылдығын ашқан Ершат Қайболдин Талғат Аян мен Макс Боқаевтар туралы терең көсілді.
Сөйтіп қызықтың көкесі айтыстың екінші күнінде болды. Ақындар алғашқы күні көп шауып қойды ма, әлде дайындығы жетіспеді ме, әйтеуір екпін басылып қалыпты. Оның үстіне екінші күнгі айтысқа Бауыржан Байбек мырза келеді деп жұрт көп күтті. Әкім мырзаны сөге жамандаудан аулақпыз, шаруаның адамы. Айтыстың соңғы жұбы айтысып жатқанда келді. Екінші күні топтан суырылып 12 ақын, алты жұп айтысты. Солардың ішінде көрерменнің көңілінен шыққан Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов және Жансая Мусиналардың ұпайы тең түсті. Тартыс осы жерден басталды.
Финалдық айтыстар аяқталып, қазылар жүлде бөлуге кеткен еді. Республика сарайына жиылған жұрт іштей биылғы «Алтын домбыраны» Болатбекке беріп қойғаны аңғарылды. Рас, Болатбек төгіп айтты, жырауларша кешегі. Сүйінбай, Кенендерден жеткен үлгіні нақ көрсетті. Оған ешкімнің дауы болмас.
Жансая шымыр шумақтарымен жұртты қыран-топан әзілімен баурап алды. Шаппа-шап айтыс жасай білді. Шоу жасады. Сәйкесінше жұрттың ерекше ықыласына бөленді. «Алтын домбыраның» алғашқы иегері атанған Мұхтар Ниязов та бұл екеуінен кем түспеді. Шаппа-шап айтысты, дайындап келген шумақтарын да айтты. Тек жалғыз ақсаған тұсы – жиі сасқалақтады. Шумақтары шымыр болғанымен, соны жеткізу жағынан есе жіберді. Нағыз тартыс қазылар арасында болған екен.
Сахнаға шыққан Жүрсін Ерман сөзін былай бастады: «Сіздерді қайдам, әйтеуір мен осы айтыстан кейін біраз уақыт айтысты көргім келмейді. Тіпті, маңайына жолағым...».
Жүкеңнің осы сөзінің өзі біраз нәрсені аңғартқан секілді болды. «Нағыз айтыс сахнада емес, қазылар арасында болды. Тіпті бір-бірімен жаға жыртыса жаздады» деді жүргізуші ағай. Е, бәсе. Солай болуы керек еді ғой.
Екі күн бойы жұрттың айызын қандырып, жырға сусындатқан 13 ақын шабыттандыру сыйлығын алды (әр қайсысы 250 мың теңге). Ал 3-орын Серікзат Дүйсенғазин, Мейірбек Сұлтанғазы, Иранғайып Күзенбаев пен Өміржан Көпбосыновқа берілді (әрқайсысына 300 мың теңгеден). 2-орын Жансая Мусинаға (1 млн теңге) бұйырды.
2016 жылдың «Алтын домбырасын» я Болатбек, я Мұхтар алады деп шешіпті қазылар. Шешім бойынша Болатбек 1-орын мен 2 млн теңге сыйлық, ал Мұхтар Ниязов екінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды.
Дәл осы жерде Бас жүлдені қала басшысы Бауыржан Байбек беруі тиіс еді. Әкім сахнаға шықты. Бірақ, қазылардың шешімімен келіспеген халық әкімнің сөзіне де құлақ аспады.
Біразға дейін даурыққан жұртқа басу айтқан Бауыржан Қадырғалиұлы бюджеттен қосымша ақша бөліп, «Болатбектің жүлдесін көбейтемін» дегеніне болмады. Себебі, бұл жерде мәселе ақшада емес, халықтың қалауында еді.
Қазылар алқасы осындай шешім шығарып, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі барысында бас жүлденің Мұхтарға берілуіне Республика сарайына лықа толған халық наразы болды. Оразалы Досбосыновтың төл шәкірті Болатбек Оразбаев шешуші айтыста жыраулардай жыр төкті. Дегенмен әділ қазылар берген бағада «бір тоғыз» беріліп, «Алтын домбыра» қарсыласы Мұхтар Ниязовқа берілді. Бұл жерде қазылар алқасының төрағасы Мұхамеджан Тазабектің жаншығында төрағаға тиесілі 1 дауысы бар еді. Алайда Мұхамеджан ол дауысын Болатбекке бермеді.
Республика сарайына келген дүйім жұрттың көңілі су сепкендей болып қайтты. Қазылар бұра тартты ма, әлде басқа факторлар ықпал етті ме, әйтеуір Жүрсін ғана емес, жұрт та айтыстан күдерлері үзілгендей әсер алды.
Рас, «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» десек те, халықтың пікіріне пысқырымағандары қынжылтты. Ашығында солай болды. Мұхтардың ақындығына ешкім шек қоя алмайды. Десек те, бұл жолы халықтың көңілінен Болатбек шыққан еді. Жалқы сұрақ мынадай: Айтыс қазылар үшін бе, әлде халық үшін бе? Егер қазылар қара қылды қақ жарып әділдігін айта алмаса, Құлагерді өлтірген Барақбайша ақындардың аяғынан шалса қоғамнан таппаған әділетті ендігі айтыстан іздемегені жөн. Айтпақшы, Ринаттың да осы айтысқа не үшін қатыспағаны белгілі болды...
Айтыс аяқталып, қазылардан неліктен бұлай болғанын сұрадық. Есім-сойын жасырып қалуды өтінген бір қазы: «Мұхамеджаннан сұра!» деп діңк етті. Солай болды.
Азуы қышыған айтысты сынайдының кебі емес, кесімі күпті айтыстан көріп қайтқаным осы болды. Әйтпесе Мұхтар Сыр сүлейлерінің сарқыты еді. Шамасына қарай шапты. Айып Мұхтарда емес, Мұхтарды сүйрегендерде еді...
Әкімдердің бірсыпарасы таласқан бұл айтысқа Баукең өзі келіп қатысты. Бас жүлдені тапсырарда ақжарма тілегін айтайын деп еді, «Болатбек, Болатбек» деп шулаған халық оған сөз бермеді. Обал. Әкімде не кінә? Қазылар ғой. Соңғы үміт Мұхтарда еді. Мұхтар мәрттік жасап, сол алтын домбыраны көп тілеуінен аса алмай ел алдында Болатбекке ұстатар деп едік. Олай болмады. Алтын қолдан қолға өтер. Алтыннан қымбат айтыс дейтін асыл қазынамыз қолдан қолға өтіп кетпесе игі еді.
Айтыстан мəн, сөзден дəм кете бастағандай көрінді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
- Өміржан Көпбосынов
- Айбек Қалиев
- Қалижан Білдәшев
- Бауыржан Байбек
- Мейірбек Сұлтанхан
- Ершат Қайболдин
- мұхтар ниязов
- Алтын домбыра
- Рүстем Қайыртай
- Ринат Зайытов
- Болатбек Оразбаев
- Шұғайып Сезімхан
- Ержан Әміров
- Еркебұлан Қайназаров
- Сырым Әділбек
- Әсем Ереже
- Серікзат Дүйсенғазин
- Мұхамеджан Тазабек
- Мақсат Аханов
- айтыс
- Иранғайып Күзембаев
- Аспанбек Шұғатаев
- Жансая Мусина