"АЛТЫН ДОМБЫРАНЫ" НЕГЕ "ТАУЫҚТАР" АЛАДЫ?
2016 ж. 05 желтоқсан
3092
1
Бізде барлық жағдайдың, қамқорлықтың, сый-құрметтің эстрада фанерщиктері мен айтыскерлерге ғана жасалатыны несі екен?! Əу бастан қазақтың киелі домбырасының иесі əнші мен күйші емес пе еді?
Бүгінге айқын болған бір анық жайт бар: ол қазақтың əлемдегі ең бай музыкалық мұраға ие халық екендігі. Замана тезінен өтіп, бүгінге жеткен он мыңдай күй мен бес мыңдай əніміз бар екен! Бабалардан мирас болған бұл шығармаларды дүниеге əкелген алтын саусақ əншілер мен күйшілер еді ғой. Бұл күнде сол мұраны көздің қарашығындай сақтап, елге насихаттап жүргендер тағы да сол əншілер мен күйшілеріміз емес пе?! Ендеше, "Алтын домбыра" күйші мен əншінің жолы ғой.
Неге "Алтын домбырадан" əнші, күйші өнерпаздар сырт қалады?! Біржанның қолындағы домбырасын тартып алған "Жанбота поштабайшылық" қашанға дейін жалғасады?!
Ақыры бастаған соң, айтайын, қазақ қоғамында бір қызық (бəлкім шыжық) құбылыс орын алып отыр: өнер десе, қазақтың көз алдына ауыз жыбырлатқыш фанерщик əншілер мен сақалы бар, мұрты жоқ, шапанын сүйреткен айтыскерлер ғана келетін болған күнге жеттік. Бұл күнде жұрт дүниеде бұдан асқан өнер бар деп ойламайтын болған. Əйтпесе, өнердің төресі əн мен күй еді ғой, қашанда! Бұрынғы қазақ үшін солай болған. "Құлақтан кіріп бойды алған əсем əн мен тəтті күй" өнердің асылы, жауһары саналған. Осылай деген Абай: "Мал үшін жанын жалдап, қобыз бен домбыра алып, топта сарнаған" ақындарды жек көрген.
Ал қазір не болдық: əнші мен күйшіні күресінге тастадық. Олардың аузындағы несібесін фанерщиктер мен уахабит айтыскерлерге жұлып алып бердік. Салыстыру үшін айтайын: Əміре Қашаубаев атындағы жəне Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық əншілер конкурсының бас бәйгесін алған əншіге берілетін жүлде екі жүз мың теңге. Ал айтыскерлерге беріліп жүрген "Алтын домбыраның" құны 120 мың доллар тұрады дейді, рас болса. Аста төк өтетін астарда тігілетін 50, 100 мың доллардың қымбат көліктерін былай қойыңыз. Ал сол астарда қазақтың əні мен күйіне орын жоқ.
Себебі үкілі домбыралы əнші мен күйші ас иесіне тиімсіз. Өйткені əнші мен күйші оның бір заманда кім болғаны белгісіз (қазір батыр яки би) ата бабасын мадақтап, мақтап, жырлап, "нұрлап" бермейді ғой. Сондықтан қай аста, айт пен тойда болсын: "Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің", ал "əнші мен күйшіні қойдай қу қамшымен" дейтін "тапқа бөлушілік" салтанат құрып алған. Тіпті, дос-жараның тойына барсаң, домбыра орнына диск сұрайтын халге жеттік.
Мінеки, ағайын, өнер мен өнерпазды осылай алалайтын болдық. Себебі əнші мен күйшіден "пайда" жоқ. Тым болмаса, "дұрыстап" уахабист бола алмайды. Өйткені "құрғыр" əн мен күй тым биік, тым асқақ. Жердегі жемге көзі қызарып түспейді. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болмайды. Ал қазір билікке "тауық" керек. Өйткені тауықтан келер қауіп жоқ. Қитұрқы ағымдарға да солай. "Дін тарату" үшін "тауықтар" таптырмайтын "құс". "Шіркін, тауық, шыр айналар, жемің болса, қолыңда..!".
Ерлан Төлеутай
Abai.kz