АЛАШ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АЙНАМКӨЗ
2016 ж. 02 желтоқсан
3144
3
Алматыдағы Республика сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жезтаңдай әнші Сәуле Жанпейісованың "Әнім саған аманат" атты ән кеші болып өтті. Қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіре, шебер шырқайтын күміс көмей әншіміздің өзін сағына күткен қалың көрермендері алдына шығуы айналасы ат шаптырым алып сарайды үлкен мереке алаңына айналдырды. Қазақтың шынайы ұлттық өнерін қастерлейтін көрермендерге Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойы қарсаңында бұл баға жетпес тарту болды. Сонымен бірге концерт Алматы қаласының мың жылдығы мен халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мерәліұлының ( 1841-1918) 150 жылдығына арналды.
Сахна шымылдығы түрілгенде қазақтың қара домбырасының құлақтан кіріп бойды алар күмбірін күткен бәріміз де өз көзімізге өзіміз сенбей, басында түкке түсінбей қалдық. Белгісіз бір даңғырлаған музыка мен қиралаңдап-ирелеңдеп билеп жүрген жастар шықты алдымыздан. Қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдап, құлақ құрышын қандырып, жүрегімізге жақын, жанымызға қуат берер бір жылу жинап қайтсақ деп келген көрермендердің көбісі алғашында осы бір сезімді бастан кешкен шығар. Жоқ, бұл белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылған сахналық қойылым болатын. Дәлірек айтсақ, арнайы жасалған, концерттік бағдарламаның алғы сөзі іспетті еді. Тіпті аталмыш кештің темірқазығы десек те артық емес. Бұл ес білгелі ұлттық өнерді тұрақты насихаттап келе жатқан Сәуле Жанпейісованың жеке өзінің өмірлік ұстанымы дер едік. Қысқа ғана көрініс болғанмен өте ұтымды пайдаланған, айтар ойға арқау болған, салмағы тым ауыр қазақтың көкірегінде қатталған шер дер едік бұны...
Тарих түбінен, ғасырлар қойнауынан сахна төріне күңірене көтерілген ақ сақалды Абыз бір-екі ауыз сөзімен-ақ шоумен-шуылдақтардың арынын басып, тұрған орындарында қаққан қазықтай қатырып тастады. "О, Қасиетті Өнер! Мен сенің өр рухыңды, буырқанған болмысыңды ет-жүрегіммен елжірей сағындым. Көзіме бір көрініп, көңілімді көкке бір көтерші, жанымның жасындарын жарқылдатып, нұр құйшы тұла-бойыма! Сәнімді келтіріп, салтанатымды асыршы бүгін. Уа, ата күшімен, ана сүтімен сүйекке сіңіп, қанымды тасытқан, жауымды жасытқан, сап Өнер, тамырын тереңнен тартқан текті Өнер! Мен сені сағынғалы қашан, қайда кетті сол Құдірет?! Бүгін мен дел-салмын, жаным жаралы. Шоу-бизнестің шуынан, жыпырлаған қолдан жасалған "жұлдыздардың" жылуы жоқ жылтырынан жалықтым, шаршадым. Даңқымды асырған дауылпаз Өнерім, құтқар мені! Құтқар мені мына рухани тексіздіктен, кесапат-кесірден! Қайтар маған кешегі кемел кезімді. Мен даланы сағындым, туған даламның табиғи даусын сағындым. Аққу қанатындағы әні болып шалқышы, тұлпар тұяғының күйі болып дүбірлетші! Мұхит бабаның «мұхитында» армансыз бір тербетші! Алты Алаш армандаған егемендік жолында құрбан болып кеткен есіл ерлерді мына Тәуелсіздік тұсында ұйқыдан оятып тыңдатшы әсем әндеріңді! Әнім сендерге аманат, жырым сендерге аманат, аманат, аманат!.." Абыздың аузынан шыққан осы бір аталы сөзден соң бірдеңе айтудың өзі артық. Мінберге шығып алып ұлттық өнер туралы міңгерлеудің, ешқандай нәтиже бермейтін мән-мағынасыз ұрансымақ үндеулерді де тықпалаудың қажеті жоқ. Еуропаға еліктегендердің естерін жидыратындай-ақ асыл сөздер бұл. Міне саған - ақиқат, міне саған - қазақи қағида!
Сәуле Жанпейісованың ән мерекесіне қолдау көрсетіп, оның әріптестері Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, күйші Айгүл Үлкенбаева, әншілер Рамазан Стамғазиев, Берік Жүсіпов, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Айгүл Махашева, Қадырғали Көбентай, Ершат Қайырхан, Қуаныш Табын сияқты бірқатар өнер шеберлері ән мен күйден шашу шашты.
Концертті Мұрын жырау термелері мен өзінің өнердегі ұстазы, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерімен бастаған Сәуле Жанпейісова оркестірдің сүйемелдеуімен көптеген халық әндерін де орындап берді. Әдетте домбырамен ғана ән айтатын Сәуленің бұл жаңа қырын кейбіреулеріміз алғаш көруіміз екен. Ол да ештеңе емес, осы кеште Сәуле Жанпейісова тағы бір тың қырынан танылды. Көпшілік оның композитор екенінен де бейхабар-ды. Сөйтсек, оның өзі шығарған бірқатар әндері бар екен. Қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновтың, орыстың классик ақыны Сергей Есениннің өлеңдеріне жазылған әндерінің кейбірі осы кеште тұңғыш рет орындалып, тұсауы кесілді.
Қазақтың жері ғана кең емес, оның өнері де сан қырлы. Бір ғана ән саласында орындалу жағынан бірнеше дәстүрлер мен үрдістер қалыптасқан. Арқа мен Сырдың, Батыс пен Шығыстың орындау шеберлік мектептері бар екені белгілі. Сәуле осы аталған бағыттардың бәрін де жетік игерген. Өзі оңтүстіктің тумасы болса да, әсіресе Батыс әндерінің мәнерін жақсы меңгерген. Оған ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің үлкен әсері болғаны көрініп тұр.
Әнші кешінде ақын Маралтай Райымбекұлы Сәуле Жанпейісоваға арнаған «Айнамкөз» өлеңін, атыраулық ақын Гүлзада Ниетқалиева да арнау жырларын оқып берді. Әншінің туған жері Жамбыл облысы Сарысу ауданы әкімдігінің құттықтау хаты таныстырылды.
Алдында айтқанымыздай бұл ән кеші қазақтың дарынды өнер иесі Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына да арналды. Жалпы Сәуленің репертуарында Мұхит әндеріне кең орын берілген, жиі орындайды. Осы жолы «Кіші айдай», «Үлкен Айдай», өзі де қазақтың Айнамкөз қызы атанған әнші Мұхиттың «Айнамкөз» әндерін әдеттегідей шебер орындап көрермендерінің қошаметіне бөленді.
Әңгімеміздің басында ұлттық өнерімізді жоқтаған Абыздың аталы сөзін толықтай келтіру себебін өздеріңіз де сезген боларсыздар. Бүгінгі эстрада деген сиқыр әншілерімізді ғана емес, бүкіл елімізді есінен тандырған түрі бар. Әсіресе жастарымызды. Осы кешке келгендердің дені орта жастан асқандар болды. Республика сарайы әрине, алып ғимарат. Бір өкініштісі, осындай айтулы үлкен ән мерекесіне келген көрермендер соның жартысын әзер толтырды. Бұл біздің ұлттық өнерге деген енжарлығымызды көрсетсе керек. Бүгінгі жастарымыз Батыстың даңғаза өнеріне әбден бой үйретіп алғаны соншалық, ұлттық құндылықтарымызға мүлдем көңіл бөлмейтін болды. Бұған осы кештің кейіпкері Сәуле Жанпейісова мен қыстың көзі қырауда концертке келген көрермендер кінәлі емес. Бұл кеште әншінің көрермендерге, көрермендердің әншіге өкпесі болған жоқ, тамаша кеш болды. Бірақ, сырт көзбен қарағанда жаңағыдай олқылық бірден көзге ұрады екен. Бұл ұлттық өнерге төнген қауіп-қатер. Мысалы, өткенде Қытайдан келген ұйғыр өнер шеберлері тап осы республика сарайында үш-төрт күн қатарынан концерт берді. Бір ғажабы, бірде-бір бос орын болған жоқ. Сонда қалай болғаны? Саны жағынан әлдеқайда көп қазақтар бір күн ғана болған концертке келіп орын толтыруға жарамағаны ма? Бұл ойланарлық мәселе. Біздегі ұлттық идеологияның, оның ішінде ұлттық өнерге деген жанашырлықтың жоқтығын көрсетпей ме? Осы жағына алдағы уақытқа көбірек көңіл бөлгеніміз жөн.
Ия, халықтың үлкен сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан, ұлттық өнерімізді насихаттап, қолынан домбырасын тастамайтын Сәуле Жанпейісованың сахнаға шықанына да отыз жылдан асып кеткен екен. Бұл аз уақыт емес. Оған қоса ұстаз ретінде осы өнерге қаншама шәкірттерін баулып, қанат қақтырды. Осы тұста тамаша концерттен кейін тағы бір ой жанамалап, мазаны ала берді. Отыз жыл бойы халқына өнер көрсетіп, тым болмаса «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» деген атаққа да ие болмапты. Мәселе атақта да емес шығар, ол да өткінші дүние. Керек болса Құрманғазы, Ақан сері, Абай да бұл өмірден ешқандай атақсыз, шен-шекпенсіз өткені белгілі. Біздікі өнердің тасын өрге сүйреп жүргендерге қолдау көрсетсек, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз сәл де болса ілгерілер ме еді деген ой ғана. Домбыраның орнына микрофонды алып эстрадаға қойып кетсе Сәуле Жанпейісова қазіргі «жұлдыздардың» ешқайсысынан кем түспесіне біз кепіл. Бірақ, ол өйтпейді, оның өз ұстанымы, ұлттық ұстанымы бар. Сондықтан да біз оған «Салған әнің қазақтың құлағында жаңғырып, жүрегінде жатталып, Мәңгілік ел аспанында әуелей берсін, Алаштың Айнамкөзі!» дегіміз келеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz