Қайран қазақ киносы-ай...
2011 ж. 15 наурыз
1935
0
Белгілі бір ұлттың мінезін танығың келсе оның мәдениетін, тарихын, салтын білуің керек. Бұл әлдеқайдан кенеттен шыға келген хикмет емес, астарсыз ақиқат. Жар салып, жаһанданып жатқан тұсымызда жалғанды жалпағынан басып, бермен қарай жапырыла көшіп келе жатқан батыс мәдениеті аңдамай басқан әр қадамымызды санап, санамызды салғырт, миымызды мәңгүрт етіп жатқандай. Иә. Бізде киноөндіріс мәселесі қалай дамуда? Бұрын қандай еді? Әлі де болашағы қалай?
«Ішкен асты жерге қойып» деген жауыр тіркесті дәл осы салада қаншалықты қолданғымыз келсе де неліктен кіжіле береміз? Кеңес өкіметінің кең тұсауында туып, жаңғырған фильмдеріміздің тақырыптық аясы соншалықты бұғаулы болса да, ол беріде сапасы жағынан неге булығып келеді? Санның сапаға көшетін теориясы бұл жерде күшін жойғаны анық. Себебі барымыз бен нарымызды үмітке артып, Үкілеп бақсақ та әлгі бір Борат деген атышулы сойқанның мазағына қарсы маса құрылымызды шығара алмайтынымыз тағы бар... Бүкпесіз ақиқаттың бізге аласынан гөрі, бересі зор...
Айтайық...
Біз білетін фильмдер өз кезінде дүйімді елең еткізіп, есімізге «Қазақ киносы мынау екен» деген түсінікті сыйлағанына шүбәміз жоқ. Расында солай. Қазір ше?
«Бақсы», «Ант», «Жаралы сезім», «Келін»... Әрқайсысы әр тарапты, әр қилы, әр қырлы. Бірі тектілікті, бірі мәңгілік тақырыпқа айналған махаббатты, бірі адамгершілікті, бірі басқа дегендей... Неліктен киногерлердің сауда-саттығы аз, аз деймін-ау, тіпті жоқ қой?
Жастардың киногерлік өнерге қызығушылығын арттырып, әлемдік кино аренасына көз қарықтырып жүрген бір ғана «DIDAR» кинофестивалінің ұйымдастырушыларының ісі, расында да, ел айтарлықтай батырлық, жаңалық. Бұл жастар кинофестивалінің басты мақсаты – өз замандастарын туған елін құрметтеуге шақыратын және елінің мәдениетін терең насихаттау барысында жұмыс атқаратын дарынды жастарды табу. Мінекейіңіз! Қазақ киносы әлі де қалыптасып болмағаны, тек түрткіден түлеп ұшқаны, кейінде дамып, өсіп келе жатқаны рас.
Осы орайда елімізде киноөндірісің дамуына, жастарды рухтандыруға, жігерлендіруге үндейтін кинофестивальдердің өткізілуі керек-ақ. «Евразия», «Шәкен жұлдыздары» халықаралық деңгейде ұйымдастырылатындықтан онда көрсетілетін фильмдердің жартысынан көбі өзге тілдегі дүниелер және жеңімпаздар да шетелдік режисерлер. Шет мемлекеттерде жастарға арналған мұндай кинофестивальдер өте көп. Қазақта бір ғана... Енді ғазиз санамызда саралай берейік, Сонымен, биылғы «DIDAR-2010» фестивалінде қандай жаңалықтар, өзгешеліктер болды немесе жастар киносында елеулі жаңалықтар бар ма деген заңды сұрақтың туындауы мүмкін. Ең алдымен, өткен жылғы фестивальдың конкурстық бағдарламасына бірде-бір анимациялық фильм келіп түспегендігі мен деректі фильмдердің аз болғандығын ескерсек, биыл керісінше, бұл номинациялар бойынша жұмыстардың өте көп болғандығын айта кеткен жөн. Біз теледидардан көріп жатпасақ, жеңімпаздарды дәріптеп жатпасақ, білмесек, түймесек, оны мемлекет қолдамаса түлеген түйенің жүніндей не шудаға, не басқаға жарамай қалғанындай...
Екіншіден, жылдағыға қарағанда, жұмыстардың басым көпшілігінде авторлар көркемдік деңгейіне ғана емес, техникалық сапасына да басты назар аударғандығы, әрине, бізді қуантарлық жағдай. Өйткені, өткір тақырып, жақсы драматургия, ұтымды кейіпкер бейнесі бола тұра, дыбыстың сәтсіз жазылуы немесе операторлық жұмыстың нашарлығы кейде фильмнің көркемдік деңгейін төмендетіп жатады. Сондықтан, өмірін кино өнерімен байланыстырғысы келетін болашақ кинематографистер үшін фильмнің сценарийінен бастап, соңғы титрына дейінгі көркемдік компоненттердің барлығының да аса маңызды рөл атқаратындығын ұғыну, оған жауапкершілікпен қарау – фестивальға қатысушылар үшін маңызды сабақ болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, фестивальдың конкурстық бағдарламасында көрсетілетін жұмыстардың барлығына дерлік көркемдігімен қоса, техникалық сапасына да осындай басты талаптар қойылды. Дегенмен, техникалық сапаның кәсіби деңгейде болуы көбінесе қаражатқа да келіп тірелетіні белгілі. Бұл жағдайда студенттердің мүмкіндігі шектеулі екендігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда, биылғы конкурстық бағдарламада көрсетілген көптеген студенттік фильмдердің «Қазақфильм» киностудиясы мен «ҚР алғашқы Президентінің қорының» қолдауымен түсірілгенін және дәл осы жұмыстардың көркемдік деңгейі мен техникалық сапасы жағынан да әлдеқайда көш ілгері екендігін айта кеткен жөн. Яғни, бұл дегеніміз - жастарға қолдау көрсетіліп жатса, олардың тұщымды дүние жасай алатындығы әбден мүмкін екендігінің дәлелі болса керек.
Әрине, студенттер мен шығармашылық ұжымдардан келген жұмыстардың әңгімеге арқау еткен тақырыбы алуан түрлі және оның көркемдік шешімі түрлі жанрда көрініс тапқанын көруге болады. Алайда, ең бастысы, дәл осы жастардың фильмдері бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның көңіл-күйін, атмосферасының тамырын дөп басып, сезінуге мүмкіндік беретіндігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, конкурсқа қатысқан 29 көркемсуретті және 15 деректі фильмдердің әрқайсысы да біздің көңілден шықты. Бағамдап қарап, ұлттық киномызға бажайласақ, әсіресе, көркемсуретті кино конкурсындағы - Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенттері мен түлектері түсірген «Алматы-Шымкент» (реж. Ж.Пошанов), «Странник» (реж. Т.Бектұрсынов), «Май» (реж. С.Әбішев), «Трасса 09» (реж. О.Исаев), «Перилие» (реж. А.Алтыбасов), «Сақа» (реж. С.Ыбырайым) фильмдерінің көркемдік деңгейі, техникалық сапасы жағынан өзгелерден көш ілгері екенін көрген болар едік.
Ал қазірде теледидарымызды «жаулап» алған «Айналайын» және «Жаным» телесериалдарындағы шала қазақ өмірі мен қолданысындағы дүбәра сөздердің халыққа қаншалықты үлгі боларын білмейміз. Жалпы фильмдердің ерекшеліктері, тақырып аясы, заманауи бағыт-бағдары, олардың кем-кетіктері мен артық кереметтерін тамыршыдай дөп басып, сын дабылын соғар сәті келген де сияқты...
Ардақ ҚҰЛТАЙ