СОРАҚЫ ФИЛЬМДЕР СОРЫМЫЗДЫ ҚАЙНАТПАСА ИГІ
2011 ж. 15 наурыз
3741
1
Бүгінгі таңда көгілдір экранымызды түріктің және кәрістің фильмдері жаулап алған. Ауыл аймақтарда екі-үш қана арнамен шектелетін халықтың тапжылмай отырып көретіні бірі бітсе, екіншісі басталатын аталмыш сериалдар. Ол фильмдер елді өзіне баурап алғаны соншалық, бір ауылға бара қалсаң «Олар қыналы қар жақта тұрады ғой» немесе «Көрші үйдегі Онур мен Шехризат неге келмей жатыр» деген сөздерді еститін болдық.
Бұған көрерменді кінәлаудың еш қажеті жоқ. Себебі, ол кинолар сапасы жағынан да, идеясы жағынан да жақсы ойластырылып, үйлесімді түсірілген. Тіпті, сол сериалдардың жалғасын көру үшін барлық жұмыстарын шетке ысырып, мектеп жасындағы балаларымыз сабақтан қашып келіп, уақыт санап жүретіні жасырын емес. Ал, бізде өзгелерге ұялмай, қайта мақтанып отырып көрсететін қандай фильмдеріміз бар? Мен бізде фильм жоқ деп айтпаймын. Бірақ, отандық фильмдерді көрген сайын, жер тырналап, ұялғаннан кірерге тесік таппай қаласың. Бізде бір-бірінен айнымайтын, адамның іші пысып, төзіміңді тауысатын дүниелер түсіреді.
Мысалы, өзге фильмдерді көре қалсаң, қызық шытырман оқиғалы туындылар, тамаша мелодраммалар, ішек-сілең қатып күліп отырып, ойланатын комедиялар және сол фильмдерде сомдаған актерлердің шеберлігі, өз образын түсініп, ойнай білетіні, көрерменді бірден өзіне тартып алатын шеберліктерін байқауға болады. Ал, біздің актерлеріміздің көбі жасанды. Оны кино көріп отырып бірден аңғарасың. Негізі фильмнің жақсы шығуының бір тұсы, көрерменнің жүрегінен орын табатын, жылатып отырып күлдіре алатын актердің шеберлігіне байланысты емес пе? Бізде талантты актерлер жоқ емес, баршылық. Бірақ оларды киноға түсіру, талантын көрсете білу жоқ. Мысалы өткен жылы қазақта 16 киноның тұсауы кесіліпті. Атап айтсақ, «Әке қорлығы» (реж С.Хажиметов), «Жетімдер» (реж Е.Рақышев), «Сиви» (реж Б.Шарапов), «Бақсы» (реж Омарова), «Қараой» (реж Исабаева). Бұдан басқа да біраз фильдер түсірілген. Алайда осы фильмдерді көріп қуанудың орнына, өзіңді қоярға жер таппайсың. Мәселен, «Қараой» фильмінде Санжар есімді жігіттің араққа мас болып, туған анасын жастықпен тұншықтырып өлтіруі және екіқабат әйелді зорлап, хал үстінде тастап кетуі ақылға сыймайтын оқиға. Ел, қоғам болғаннан кейін мұндай оқиғалардың болатыны рас. Бірақ, осындай сорақылықтарды кино етіп шығарып, бүкіл халыққа көрсету одан өткен сорақылық деп білемін.
Сондай-ақ, «Әке қорлығы» фильмінде, араққа әбден мас болған әкенің өз қызын төсекке итермелеуі, оны байқаған ұлының әкесін пышақтап өлтіруі жаныңды тітіркендіріп, жүрегіңді сыздатады. Бүгінде қазақ киносының деңгейі өте төмен. Олай дейтін себебім қазақты масқаралап американдықтар түсірген «Боратты» көріп, намыстанып, айқай салып, әбігерге түсіп жатырмыз. Алайда отандық киноларымыз да сол Бораттан қалыспай жатқанын неге ескермейміз. Бұл біздің талғамымыз бен ақылымыздың таяздығын көретеді емес пе?
Мысалы, түріктің қай киносын алып қарасақта, әдет-ғұрпын, салт-санасын танытатын дүниелер өте көп. Кәріс елінің киноларын қарап отырып қандай ел екенін барып көрмесекте, барғандай болып біліп алдық. Ал қазақтарға келсек, малдың соңында, ошақтың басында немесе сауда саттық жасап, тәшкі итеріп күндерін көріп жүрген эпизодтарды көресің. Өзге елдердегі секілді, бізде неге жақсы жағымызды көрсетпейміз? Ол елдердегі кемшіліктер біздікінен көп болмаса аз емес. Бірақ олар оны көрсетпейді. Өйткені, халық онсызда күнделікті өмірде көріп жүр.
Еліміздің мәдениетін, қазақтың қазақ екенін танытатын-кино туындылар. Сондықтанда басшылықта отырған көкелеріміз осы жайттарды ескеріп, ар-намысқа тиетін, көрген кезде неге көрдім екен деп өкінбейтін фильмдер түсіруді қолға алса.
Әсел Рзаева