Қайрат Рысқұлбековтың қабірі қараусыз қалды
2016 ж. 10 қараша
5859
0
Қаһарманның қабірі қарусыз қалды деп хабарлайды Egemen.kz порталы.
«Қазақстанның құрметті журналисі» Дәулет Сейсенұлы 2006 жылғы 12 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қайратқа құрмет» атты мақаласында былай дейді: «Желтоқсан оқиғасынан соң 99 адамның сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілгені, соның бірі қаршадай Қайрат болғаны баршамызға мәлім. Осы мәселеде өркениетті елдер мен жекелеген қайраткерлердің пікірімен еріксіз санасқан сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, өлім жазасы 20 жыл кесімге ауыстырылған болатын. Бірақ, өкінішке қарай, Қайрат арада бір ай шамасында, нақтылап айтсақ 21 мамырда Семей түрмесінде, оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді. Өлтірген кім? Әрине, қасындағы бұрын алты рет сотталған кәнігі қылмыскер Леонид Власенко болуы әбден мүмкін.
Алайда, бұл да оңай ұйғарым. Олай дейтініміз сол, бұрынғы коммунистік империялық жүйенің біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті. Иә, Қайраттың тағдырына байланысты күні бүгінге дейін анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі осы».
Шынында да Қ.Рысқұлбековтің өлімі жұмбақ жағдайда қалып отыр. Ал Семейді ұлылар мекені деп жатамыз. Алаш қайраткерлерінің ізі де осында қалған. Желтоқсан қаһарманы өмірінің соңы да осы Семеймен тығыз байланысты. Қаладағы Достық үйінің алдында Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші ашылды, оған анасы, туған-туыстары келіп қатысты. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қайрат Рысқұлбековті «Халық қаһарманы» жоғары атағымен марапаттады. Әрине, бұл марапат анасының қолына табысталды.
Семейдегі Қ.Рысқұлбеков атындағы №33 мектепте оған арналған мұражай бар. Мектеп директоры Серік Жансұлтановтың айтуынша, мұнда желтоқсан қаһарманының өміріне қатысты заттар жинақталған. Қайраттың түрмеден анасына жазған хаттары мен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы мектепте оқыған кезіндегі дәптерлері сақталыпты. Мұражай ашу туралы ұсынысқа әу бастан Қ.Рысқұлбековтің туысқандары бірден қолдау білдірген. Сөйтіп, олар мұражайға Қайраттың жеке заттарын сыйлапты, оның оқушы кезінде таққан пионер галстугі де осында тұр.
«Мектебімізде жыл сайын дәстүрлі түрде волейболдан Қайрат Рысқұлбеков атындағы ауыспалы кубок жарысы өтеді. Осының бәрі батырға деген құрметіміз. Зираты біздің мектеп орналасқан Комсомол кентінің жанында. Мұғалімдер мен оқушылар желтоқсан қаһарманының зиратын өз қамқорлығына алып, оның маңайын таза ұстап, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырған. Бірақ, міне, біраз жыл болып қалды, зираттың сылағы түсіп, тастарының кейбір жерлері сынып жатыр. Оны жөндейтін қаражат бізде мүлдем жоқ», – дейді мектеп директоры Серік Жансұлтанов.
Шыны керек, бұл мәселені Серік Ғабдоллаұлы осыдан екі жыл бұрын құлаққағыс қылған еді. Ол кезде жағдай түзелер деген оймен жазуға асықпадық. Байқасақ, проблема сол күйі тұр. Директор айтқандай, зираттың сылағы түсіп, тастары сына бастағанын басына барған кезде көрдік. Және қабірде екі құлпытас тұр, біреуі басына бұрын қойылған болса керек.
«Қайраттың зираты жай зират емес, басына тағзым ететін ескерткішке де жатады, оған келіп-кететін адамдар көп, – дейді қаладағы Достық үйінің директоры Аман Тілеубаев. – Сондықтан, ескерткіштерді қорғау комитеті, «Желтоқсан» қоры, ел азаматтары, кәсіпкерлер барлығы биыл Қайрат 50 жасқа толған кезде, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында зиратты жөндеп, қалпына келтірсе, сауапты іс болар еді. Бұл істі енді сонау аязды желтоқсанға апарып тіреп қоюға да болмайды».