«ЕРКЕМ-АЙДЫҢ» еркелері өнерлерін ортаға салды
2016 ж. 09 қараша
2357
0
Суретте: Шараның жүргізушісі - Қосан Нұрсәт
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында қоғамның әрбір саласын саралай келе, алтыншы бағыттың бірінші бөлімінде: «... барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда» деген болатын.Суретте: Базарлы Сезім мен Кәусәр Жетпісбай
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында бүгінде елімізде балабақшалар саны күн санап арта түсуде. Әсіресе Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында еліміздің әрбір қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Алматы қаласындағы «Еркем-ай» жекеменшік балабақшасы солардың бірі. Жаңа оқу жылынан бастап тындырымды тірліктер атқарып келе жатқан білім ұясының жұмысы күн санап жанданып келеді.Мектепке даярлық тобының жетекшісі - Мәлика Естаева балалармен бірге
Тәлімгерлер баланы білімділікпен қатар, өнерге баулу арқылы бүлдіршіндердің өрісін одан әрі кеңейтуге ықпал етуде. Жақында ғана «Еркем-айдың» еркелері «Алтын күз» атты ертеңгілікте өнерлерін ортаға салды. Шараның тізгінін ұстаған Қосан Нұрсәт күздің өзге мезгілдерден ерекшелігін әдемі өлең өрнектерімен жеткізді. Сондай-ақ, бұл күні тілі балдай тәтті балғындардың барлығы сахна төрінен табылып, бірі алмұрт, бірі алма сынды түрлі жемістердің кейпіне еніп, іркілместен тақпақтарын айтып жатты. Ал, себет толы жемісін көтере келген «Алтын күз» ханшайымы Кәусәр Жетпісбай кеш шырайын одан әрі кіргізе түсті. Сондай-ақ, шара барысында балғындардың бауырсақтың, нанның дастарқанға қалай келетінін түсіндіре отырып, заттың қимылын білдіретін сөздер туралы білімдерін пысықтау мақсатында «Қайдан келдің, Бауырсақ?» ертегісі сахналанды. Бауырсақ рөлін сомдаған Османова Линара ертегі желісі бойынша көптеген кедергілермен бетпе-бет келу арқылы одан шығудың жолдарын да шебер көрсете білді. Қойылым бойынша Әлібек Мирас – Қоян болса, Әділбек Алина – Түлкі, Шынғысов Әлихан – Аю, Әли Ислам – Қасқыр бейнесінде өздерін көрсете білді. Ал, Қосан Әлихан, Қожагүл Айдын, Амантаев Бейбарыс, Османова Линара, Әбдуғаппар Әлихан сынды балапандар билеген «Саңырауқұлақтар» биі «Алтын күздің» ажарын аша түсті. Күз мезгілінің көркін көкөністер кіргізетіні айтпаса да түсінікті. Сол сияқты осынау шараның мәні мен сәні - «Көкөністер» биін Қосан Нұрсәт бастаған Базарлы Сезім, Шынғысов Әлихан, Әлібек Мирас, Жетпісбай Кәусәр, Әділбек Алина сынды өнерлі өрендер биледі. «Еркем-айдың» «Алтын күз» шарасынан жиылған көпшілік әуелеген әнді де тыңдады, мың бұралған биді де тамашалады. Балапандардың шығар шыңының биік екені олардың бүгінгі алғашқы қадамдарынан-ақ айқын аңғарылып тұрған тәрізді. Әрбір үйдің еркесінен талантты өнерпаз тәрбиелеп шығару оңай емес әрине. Ал, бұл іс балабақшаның білікті де білімді тәрбиешілері Мәлика Естаева, Мөлдір Рахимова сынды ұлағатты ұстаздар қауымының ерен еңбегінің арқасында жүзеге асып отырғаны сөзсіз. «Еркем-ай» балабақшасының ұжымы білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында орасан істерді атқаруға атсалысып келеді. Әсіресе мектепке даярлық тобының сауатын ашу, заман талабына сай үштілділікке баулу, балаларды оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты еңбектері айрықша атап өтуге тұрарлық. Мұның барлығы әрине, қашан да ілкімді істердің ұйытқысы болып жүретін білікті басшы, балабақша директоры Айнұр Исмаилованың іскерлігімен тікелей байланысты екендігін атап өткеніміз жөн. Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ qazaquni.kz