Әкесінен бұрын қызына ескерткіш орнатқан Қызылорда
2016 ж. 09 қараша
9573
5
Халықты көтеріліске шығаратын қандай күш?
Қызылорда облысындағы Қазалы қаласында ерекше той болып өтті. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған аллеяның ашылуы» деген ресми аты бар бұл тойдың ерекшелігі неде еді? Ең алдымен, ерекшелік аллеяның сыртқы пішім-түрінің өзінде – ұзына бойында бір емес, төрт бірдей ескерткіш ашылған, 3 шақырымға жуық бұндай керемет көше Қазақстанның көптеген облыс орталықтарында жоқ. Екіншіден, ескерткіштердің – маңыздысы да осы – ішкі мазмұны оның сыртқы келбетінен де асып түседі! Төбесінде қыран қонақтған Тәуелсіздік монументі таңсық емес болар, бірақ, сүйегі Самарқандта жатқан қазақтың маңдайындағы аты да дара, заты да дара Жалаңтөс баһадүрге (неге екені белгісіз, 25 жылда Жалаңтөс есімін иеленген сәбидің дүниеге келгенін есітпеппіз) кесене салу – екінің бірінің ойына келмейтін, ойына келсе де қолынан келмейтін кесек қимыл! Үшіншіден, Тәуелсіздік бізге кімнің арқасында келді? Ол – патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістерді есепке алмағанның өзінде, қылышынан қан тамған кеңес өкіметіне қарсы Адай, Созақ көтерілісі бастаған 368 бас көтерудің арқасында, сол ерлердің қанының өтеуі ретінде келді! Жекелеген ерлердің де, халықтың да нағыз батырлығы деп нені айтады? Өзінен күшті жауға жеңілетінін біліп тұрып қарсы шыққанды айтады! Жеңілетініңді, өлетініңді білсең неге шайқасқа шығасың? Сенің шықпасыңа қоймайтын қандай күш? Ол күштің аты – НАМЫС! «Ерліктердің тамыры – Батырлықта, Батырлықтың төркіні – Намыс қана!» деп ақын Серік Сейітман дұрыс айтқан. Тойдың өзі де Тәуелсіздікке қолымызды жеткізген көтерілістер тарихына арналған ғылыми конференциямен ашылды. Онда белгілі ғалымдар Хангелді Әбжанов, Берекет Кәрібаев және т.б. баяндама жасап, ертең ескерткіш ашылғалы тұрған алты ата Әлімнің ішіндегі Асан руының атымен аталған «Асандар көтерілісінің» мән-жайын толық ашуға әрекет жасады. Қызылорда облыстық Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің Қорқыттану ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек «Асандар көтерілісінен» басқа облыс аумағында 6 көтеріліс болғанын, бірақ, олардың терең зерттелмей жатқанына тоқталды. Бұл өзі келелі тақырып болғандықтан, біз оған алдағы уақытта қайта оралатын боламыз. Түстен кейін алты сағатқа жуық уақытқа созылған аламан айтыс болды. Жүйріктер іріктеле келе ақтық сынға Қызылорда облысының бас ақыны Мұхтар Ниязов пен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев шықты. Бас бәйгені – татулықтың, бірліктің, ынтымақшылдықтың үлгісін көрсетіп, той болып жатқан облыстағы Тама ағайындар тарту еткен жеңіл автокөлікті Сыр елінің жиені олжалады. «Жиен – зордан» деп қазақ бекер айтпаған ғой, шабытың шалқып, көкке шапши түссін, Аспанбек ақын!Қазақ қызына қойылған теңдессіз ескерткіш
Тойдың екінші күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Бегім-Ана ескерткішін ашуымен басталды. Салтанатты жиында әйгілі «Еділ-Жайық» әнінің авторы, композитор, жазушы Илья Жақанов ағамыз жылы лебізін білдірді. Бегім Ана – Қожа Ахмет Яссауидің жаназасын шығарған білімдар замандасы, әрі оның ілімінің ел ішіне тарауына көп еңбек сіңірген, 25 ата Кіші Жүздегі батырлығымен аты шыққан Тама тайпасының ұранына айналған Қарабура әулиенің қызы; Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі. 11-ғасырда, Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Салжұқтар елі әбден кемеліне келеді. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп, Сыр бойындағы Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді. Бегім жаратылысынан көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды да табындырған осындай сан қырлы қасиеттері болса керек. Санжар аңға шығып бара жатып қасындағы қызметші құлын үйінде ұмыт қалған қанжарды әкелуге жұмсайды. Қанжарды ұсынғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып, құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл «Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң Аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!» дейді. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, Алла атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасам, Тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын! Ақпын, ата!» - деп зар еңірейді. Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, сен қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» деп қарғап, теріс батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толы жылан екен. Жыландар қаладан сыртқа тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Ал, Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім-Ана белгісін салдырып: «Мұнан былай еркекті көрмеймін» деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім-Ана әулие атанады. Бегім ана мұнарасы шамамен X-XII ғасырлардан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 шақырым жерде орналасқан. 1979 жылы Қазақстан Тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі Ә.Оспанов) зерттеген. Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылған, екі қатар күйдірілген кірпішпен (23х26х6) қапталған. Биіктігі 10,5 м. Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегізқырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен. Орта деңгейге (шамамен 5,5-6 м) дейін мұнара бағанасы тұтас, одан жоғары бөлме бар, оған шығыс жағындағы аркалы ойық арқылы кіруге болады. Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар (Ұзын там, Сараманқоса) көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ «мұнаралы кесене» деген атаумен белгілі (XIII-XIV ғасырлардан кейін) мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзірбайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланысты болуы мүмкін. 1989 жылы мұнара өңдеуден өтті. Бегім-Ананың қолын ғана көрген құл есінен танып қалса, оның бет-пішіні қандай болған деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Сол себепті, Бегім-Ана ел арасында сұлулық символына айналған. Қазалыда бой көтерген ескерткіш теңдесі жоқ сол сұлулықты жеткізе алды ма? «Жеткізе алды!» деп сеніммен айтуға болады. Себебі, адалдықтың белгісі болып саналатын ақ түсті тастан соғылған ескерткішке қарап тұрған кезде сіз оның жансыз дүние емес, жанды адам екен деп сеніп қалуыңыз қиын емес. Бұл – мүсіншінің шеберлігі. Тек, бір ғана әнтек нәрсе, бұл, әрине, біздің жеке пікіріміз, сұлудың қайғысы мен мұңын назарын төмен салған күйде, көзі сәл ғана ашылған кейіпте емес, сол танадай жарқыраған көзді кең ашып, жанарынан жас тамшылаған бейнеде бергенде тіпті мінсіз болар ма еді деген ойға еркіңнен тыс қайта айналып келе береді екенсің. Сонымен қатар, сұлулық символына айналған әйелдің көкірегі де көзге ұрып тұрмаса да кәзіргісіне қарағанда бедерленіңкіреп, айқындалыңқырап тұрғанда нұр үстіне нұр болар еді-ау... Қалай болғанда да Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сүйегі көне Созақ жерінде жатқан, сол өлкенің бір киесіне айналған Қарабура әулиеге зиярат етіп көрмеген, бақандай 20 жылдан бері жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде беріліп келе жатқан оның асына ат ізін де салмайтын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдерінің алдын орап кетті – әкесінен бұрын қызына ескерткіш орнатылды. Және бұл – Қазақстан аумағында көне тарихи тұлға әйел затына қойылған бірінші ескерткіш! Маңғыстауда Бекет атаның басына ұлан-асыр 250 жылдық тойда салынбаған жолды пірдің 260-жылдық асының алдында салдырған, асты елге 3 күн тойлатқан Қырымбек бүкілқазақстандық әріптестеріне де тірілер баю үшін өлілерді қалай құрметтеу керектігінің үлгісін тағы бір рет көрсетті. Ең бастысы – бұндай ас пен тойлар бүгінгі еңсесі төмен қазақ халқының рухын көтеру үшін, оны бірлікке, ынтымаққа шақыру үшін ауадай қажет. «Оны түсінген ұл», түсініп қана қоймай, сондай ескерткіш қою туралы идеяны да өзі айтып, ай сайын аллея құрылысына ерінбей келіп көріп, құрылыс барысын қадағалап тұрыпты. Бұған дейін де оның республикада бірінші болып, облыс орталығына орналасқан үйсіз-күйсіз жандарға Конституция бойынша тиесілі «10 сотық жер» мәселесін шешіп тастағанын қалың ел естіп еді. Өндірісті өркендетіп жібермесе де, Қызылорда-Сити салып жатқан (ол Ақтау-Ситидің кебін құшпайтынына қаладағылардың сенімі кәміл), бюджет қаржысын қалай тиімді пайдалануды жақсы білетін Қырымбек баурымыз «баталы құл арымастың» үлгісін көрсете берсін, бала әкеден озса ғана алғабасушылық болатынын ескере отырып, Елекеңнен атақ-мансабы ғана емес, абыройы да ассын деген тілек айтқанымыз жөн болар. Әрине, бұндай атаулы іс тек қана бюджет есебінен атқарылмайды, қазақы салт-дәстүрге сәйкес елге сауын айтылады. Осы орайда Арқа, Алатау, Атырау арасындағы 8 облыстан аудан орталығындағы мерекеге өз өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ете алған, бас кеңсесі Шымкентте орналасқан «Қарабура» мәдениет орталығының (жетекшісі Жаңабек Әбішев), оның еліміздегі 14 облыстың жартысынан астамындағы бөлімшелерінің басшыларының, Қызылордада ондай бөлімшенің жоқ екенін байқатпаған, есесіне облыстағы «Бегім-Ана» қоғамдық қорының жетекшісі Әбдіхамит Түктібаевтың еңбегін атап өткен жөн. Мемлекет дамуының бір кепілі ондағы қоғамдық ұйымдардың шынайы жұмысы екенін ескерсек, алдағы уақытта олардың белсенділігі күшейе түссе, қол жетер табыс та қомақты бола түспек. Сөзімізді қорыта келе, аудан халқының бүгін Қазалыны басқарып отырған Нәжімиддин Шамұратовқа деген ризашылық сезімін басылымымыздың бетінде жеткізе отырып, әкімдер бұрынғы ата-бабамыздың жолымен: «халық жүгін көп арттым, кәні мойнымның жарасы?» деген ұстанымды ұмытпаса алдымен елге, сосын елге, сосын тағы да елге, содан соң барып олардың өздеріне де құт, береке, абырой әкелетінін еске сала кеткен артық болмас деп ойлаймыз. Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz