Бауыржан әлемінің үмбеті
2016 ж. 01 қараша
5345
3
Даңқты Бауыржан Момышұлының, әсіресе, жасы ұлғайған шағында кәрі бұланша шамырқанып, қасына көп ешкімді жуытқысы келмегені туралы әңгіме көп. Ал батырдың өзінің алтын сарайдай жан әлеміне әркім-біркімді маңайлата бермегені әуелден-ақ белгілі.
Кіді мінез, шамшыл Баукең бастапқыда Александр Бекті де жолатпайды. Мұны кейін жер жүзінде жүзден аса тілге аударылып басылған әйгілі «Волоколам тас жолы» кітабының авторы өзі де жазды. Қаһарман қолбасшы «Ажал құшқан жиырма сегіз ердің аманаты», «Бранденбург қақпасы» сияқты очерктердің иесі, майдангер журналист Александр Кривицкийді де екі аяғын бір етікке тығып, қатты абдыратқан екен. «Ақиқат пен аңыз» диалогиясын жазған Әзілхан Нұршайықовты атақты сардардың алғаш қалай қабылдағаны осы күнгі екі қазақтың біріне аян. Оны қойып, «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» деген тартымды дүниелер туғызған Баукеңнің жалғыз ұлы, дарынды қаламгер Бақытжан Момышұлы да әкесімен арадағы күрделі қатынасты жасырмаған.
Көптеген газет-журнал тілшілерінің өз басшыларына: «Бауыржан Момышұлымен сұхбатқа жұмсағанша, тордағы арыстанның жалынан сыйпап кел дегеніңіз оңайырақ еді!» деп, батырмен кездесуден ат-тондарын ала қашқанын білеміз. Сондықтан да, бұл тұрғыда, осынау аса қайшылықты, алып тұлғаның жанында жиырма екі жылдай жүріп, кінәз көңіліне жол тапқан жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың ісін кейде үлкен ерлікке баласа да артық емес-ау деп отырасың. «Көктемдей мінезім бар құбылмалы» дейтін Баукеңнің кейдегі қарлы-боран, ызғарлы сәттеріне де тап болудың жеңіл соқпағаны түсінікті. «Екінші бұл үйдің босағасынан аттама!» деп талай қуып шыққан да кезі бар екен. Бірақ, ширек ғасырға жуық аралықта батырдың талай қорлығына шыдап, жағаласа жүріп, «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», «Мен – халқымның Бауыржанымын» аталатын үш том еңбек жазған.
Әрине, Баукең бостан-бос қабаржи бермейді. Білімсіздік пен көлгірлікті сонша ұнатпайтын өзі де талғампаз жазушы адам өтірік пен лепірме сөзді, асқақ пафосты да жаратпаған.
Әр жылдарда Бауыржан туралы бірқатар өзге де кісілердің қалам тартқаны мәлім. Дегенмен, осылардың көбі алапат майданда от пен судан өтіп, сәт сайын ажалмен бетпе-бет келген аса айбарлы, өте шыншыл жанның талабынан шыға қоймайды. Кейде ондайда қынжылып, тіпті, қатты ренжіген тұстарын да көреміз. Мысалы, батыр осы Мамытбек баласына айтқан әңгімелерінің бірінде: «Ол менің айтпаған сөзімді – айтты, ойламаған ойымды – ойлады деп жазады. Қарағым, көңіліңе келсін, келмесін, бұдан артық өсек бола ма?! Оның мені осылай бес тиынға сатып жібергеніне не айтасың? Марқұм Александр Бек, жатқан жері торқа болсын, мені бес тиын емес, бес миллионға сатқан жоқ. Александр Кривицкий де солай. Я оскарблен. Соны сезіп, әлгі жазушы маған жоламай жүр» дейді.
Бауыржан баяғы майдан даласындағы блиндаждарда А.Бек дәптерлеріне қатал шұқшиятынындай, анда-санда Мамытбек жазбаларын да қадағалап отырғанын аңдаймыз. Кейін әбден сенген. Ақ жүректігіне көз жеткізген. Қылаусыздығына құлаған. Әйтпесе мұны да жуытпас еді. Бәрібір, кінәмшіл жанның бабын табу өте қиынға түседі: «Қойын дәптерімді ала бермек едім, Баукең: – Жоғалт көзіңді! – деп қатты айқайлап жіберді. Мен жым болдым. Бөлме ішін үнсіздік жайлады. Қанша минөт өткенін білмедім, бір кезде: – Жазушы – стенографист емес! – деп Баукең маған қаһарлана қарады. – Айтқанды айтқандай жазып алу – стенографистердің жұмысы. Жазушы адамды бақылауы керек, қалай сөйледі, неге ашуланды, неге қуанды? Соның бәрін өз процесінде, яғни, қимыл-қозғалысымен, ерекшелігімен суреттеуі керек. Ал сен көшірмексің!»...
Мұндайда не істей аласың? Ұстараның жүзінде отырғандай қыпылықтап, кейіпкеріңнің қас-қабағы мен дауыс ырғағынан сыр аңдап, оның аузынан шыққан әр сөзді жадыңа түйіп, көкейге тоқуға тырысып, қара терге малшынарың анық. Теңіздей терең, сұңғыла адам толғайтын дүниедегі сөз астары, ой мағынасы деген және бар. Бәрін дереу сіңіріп алуың қажет. Ақылды, білімдар адам қоятын сұрағыңның да мәнді болуын талап етеді. Күйкі тірліктің майда-шүйде жәйттерін көйітпей, мәңгілік биік мұраттар мәселесін қаузауға тиістісің. Елге – үлгі, ұрпаққа сабақ болатындай мазмұнды, ғибратты жағдайларды қозғағаның жөн. Сұхбат барысында ұлы ойшылдар мен әлем классиктерінің, атақты қолбасшылардың даналықтарынан мысалдар келтіріледі. Пәлсапалық тұжырымдар алға тартылады. Соны лезде қағып ала алмай, қайталап сұрасаң: «Не былжырап отырсың?! Соны да білмейсің бе! Өзің не деген миғұла едің!» деп тастаудан да тайынбауы мүмкін.
Демек, қаһарманыңның деңгейіне көтеріліп, бүлкілдей салып, қалмай ілесуге тиістісің. Енді кей сәт әңгімешіден бірер адым алға озып шығатын жағдайың болса, тіптен, ғажап! Бірақ ол оңай шаруа ма...
О тұста бүгінгідей шағын диктофондар да жоқ қой. Ал жазушы айтылған әңгімені табиғи қалпында қолма-қол қалайша екшеп, реттеп үлгереді? Күні-түні қайтіп тырбанады? Жазуға қалай жаттығады? Мұның бәрі, әлбетте, қаламгердің өз лабораториялық құпиясы.
Әйтсе де, сарабдал, қырағы Баукең осындайды да ескерген екен: «Сен өз әсер-сезіміңді қағазға түсір. Мына жағдайды түсін, ойлан-толған. Оған уақытың толық жетеді. Егер ойыңды қорытып, алған әсер-сезіміңді қағазға түсірмей бос қарап отырсаң, онда сен жазушы емессің. Түсіндің бе?». – «Мен үндемедім» – дейді бұл.
Яғни, батыр қантүбіт балапанын баулыған ата қыранша шәкіртін өзі-ақ қайрап, шыңдап, баптап та отырған.
Қаһарманның көзқарасын сөзбе-сөз жеткізудің тағы бір қиындығы – Бауыржан кейде қоғамдағы келеңсіздікті аяусыз әшкерелейді. Ондайда биліктегі лауазымды тұлғаларды, яки, ұсақ пендешілікке бой алдырған өзінің аға буын немесе іні әріптестерін, басқа да замандастарын бет-жүзге қарамай іреп салады. Сондайда көңіл күйін баспасөзге жариялана бермейтіндей өте уытты тілмен жеткізетін кездері де бар.
Осы ретте бұдан оншақты жылдай бұрын Баукеңнің өзінің қандыкөйлек досы Дмитрий Снегинге қалдырған үш қойын дәптері қолыма түскені ойға оралады. Оны маған кезінде «Төле би қорының» президенті Оралжан Масатбаев сеніп берген еді. (Тегінде, сол құнды жазбаларды марқұм Дм.Снегин мен Орекең және осы жолдардың авторынан өзге көп ешкім біле қоймайтын да болуы керек. Қ.М.).
Кейін ұзақ толғанып, аталған дүниеге қатысты шағын кітап жазған Дмитрий Федорович осы үш дәптердің біреуін ғана игеріпті. Себебі, жарқылдаған ақ алмастай өте қауіпті жазбаларды абайлап пайдаланбаса, арандап қалуың оп-оңай екенін жақсы білген. Мен де, аталған дәптерлерді бес жылдай ұстап, көп бөгеліп, арнайы мақала жазғанмын. («Аты аңызға айналған».– «Тоғанай – Т.». Б.Момышұлының 100 жылдығына орай шығарылған басылым. Алматы. – 2010. «Шындықтың кермек дәмі». 333-360 б.б.).
Бірақ әлгіндей себептермен, сондағы ойларды толық қаузауға менің де қауқарым жетпепті. Бірақ Баукең Дм.Снегинге: «На некоторых стоит табу: не для печати. Но я дам тебе знать – даже оттуда – час пробил, обнародуй все... даже то, что я повелевал забыть!» деп қолтаңба қалдырады. Яғни, күндердің күнінде ештеңені жасырып-жаппай, бәрін де түгелдей жариялауды аманат еткен.
Бауыржан батыр ұзақ жылдар тонның ішкі бауындай араласып, туған баласындай болып кеткен Мамытбекпен де ешкімге айтпаған жан сырымен бөліскені даусыз. Сондықтан, Мәкеңнің қолында да ашық айтуға әзірше мезгілі туа қоймаған әңгімелер баршылық сияқты. Алайда, «Бауыржанның әрбір сөзі, біз қаласақ та, қаламасақ та, жалпыұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі» деп Дм.Снегин айтатындай, Баукеңнің қасында көп жүрген Мамытбек Қалдыбайұлының қаны сорғалаған шындықты қалайда бүгіп қалмауға ұмтылатынын көріп жүрміз. Бірақ осынысымен де кейбіреулерге жақпайтын сияқты. Мысалы, кезінде оның «Нөмірі екінші ақымақ» («Жас Алаш». 1993 жыл. 5-маусым) аталған эссесін әлдекімдердің сонша тіксіне қабылдағаны есімізде. Мұнда автор санада сан жылдар бойы сірескен дүниетанымдық стереотиптерді батыл бұзып, көпшілікке нағыз ақиқат кескінін суырып көрсетуге тырысады. (Бұл дүние, негізінен, Баукең мен атақты режиссер Асқар Тоқпановтың ара-қатынасы туралы еді. Батыр осы інісін еркелетіп «нөмірі екінші ақымақ» деп атаған көрінеді. Ал өзін әзілмен «бірінші ақымақпын» деген).
Кей ағайын «Нөмірі екінші ақымақ» жарияланғанда: «Асқарды – өсекші, Ғабитті – арамза, Бауыржанды ішкіш қылып көрсеткенде автор не ұтты? Мұндай мақалалар ұрпаққа не тәрбие береді?» деп күңкілдесіп жүрді. Тіпті, күйіп-пісіп, қарсы мақала жазғандар да бар. Іле-шала эссеге мен де үн қосып, Мамытбек дүниесін «Зиялылық деген осы» деп бағалаған едім. («Жас Алаш». 1993 жыл. 16-маусым). Сонда: «Бір ғасырда бір туатын алып тұлғалардың – біздің Баукеңдердің, Мұхаңдар мен Ғабеңдердің қасіреті көбінесе қоғамның да қасіреті екені анық қой. Мұның сырын терең түсіну, түсіне отырып қамығу, келешек ұрпақ қамын ойлау – нағыз зиялылық мінездің, қазаққа шын жанашырлықтың белгісі емес пе. Жалпы, ғұмырлық құбылыстардың тек бір ғана қырынан келіп үйренген, шын өнер сырынан хабарсыз, өресі тар қауым ертең әлемдік өркениетке қалай барады? Ұлттың әлі күнге дейін арыла алмай жүрген көп қасыретінің түп-тамыры осылайша өз-өзімізді алдарқатып, жауырды жаба тоқу әдетімізде жатқан жоқ па?» деген ой айтыппын. Әсілінде, «Зиялылардың өздерін биіктететін екі міндеті бар. Біріншісі – шындыққа жүгіну. Екіншісі – әділетсіздікке қарсы күресу» деп француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Камю түйіндегендей, Мамытбек Қалдыбаев мақаласы дәл сол тұста әжептәуір қоғамдық серпіліс туғызғаны рас еді.
Қарап отырсақ, ұзақ жылдар үздіксіз тілдескен Бауыржан мен Мамытбек әңгімесі қалайда қоғамды жақсартуға, халықты белгілі бір сапалық биіктерге шығару тақырыбына негізделеді. Дегенмен, төңіректегі тоғышарлық торықтырып баққандай: «Жасым келген кісімін, жаманды-жақсылы творчество адамымын. Көпті көрген, көп нәрсені түсінген жанмын. Орысша айтқанда, мені сейчас мучает мое противоречие с моим окружением. Олардың түсінігі бөлек, менің түсінігім бөлек. Екеуінің басын қоса алмастан қор болып жүрмін», – дейді Баукең. – Немесе: «Консерватизм деген сөз бар. Оған жете мән беріп, терең түсіне алмай жүрміз. Оны жамандаудың эпитетіне айналдырып жібердік. Бұл дұрыс емес. Консерватизм – тарихи оқиға. Оған қарсы шығып жүрген белсенділердің өздері нағыз еліктеушілер. Нағыз керітартпашылар», – деп бір тоқтайды...
Ендеше, құндылықтардың алмасып, білімсіздік көбейіп, адамгершіліктің азаю құбылысы сонау жетпісінші, сексенінші жылдары-ақ анық белгі берген екен. Иә, ақша... Қу дүние деген кім-кімге де керек-ақ. Бірақ құлқынның құлы болып, адамдықтан алыстап, арамдықпен тапқан сол дәулеттің өзі бір күні алдымыздан сор болып шығуы ғажап емес-ау...
Қартаң тартқан ер Бауыржанды осындай ойлар қажаған. Мыңмен жалғыз алысқан Абай мен «Алаш» арыстары секілді Баукеңді де мемлекеттік мүдде, ұрпақ қамы, қазір жиі айтыла бастаған «Мәңгілік ел» идеясы көп толғандырған.
Шымбайға қанша батса да, ащы шындықты айтудан танбаған қарт сардар өз жанын өзі жұлып жегендей аласұрып, мазалаған ойларын түйдек-түйдегімен Мамытбектің құлағына құяды: «...Бұған назырқансаң, Қасымның өлеңдерін қара! Оны түкке тұрмайды, ұлтшыл-мұлтшыл деп қор қылып өлтірген өзіміз. Сол «түкке тұрмайтын, ұлтшыл-мұлтшыл» Қасымның өлеңдері мен басқа ақындардың өлеңдерін салыстыр. Олар өздерін классиктерміз деп санайды. Ал Қасым бір үзім нанға зар болып өлді. Сөйтсе де ғажап байлық қалдырды. Соның бір тиын қаламақысы өзіне бұйырмады. Ал «классиктер» миллионер болып кетті...». «Надан кісілер «мынау орынға лайық емес едім, мені көтермелеп қойды ғой. Енді оқиын, ізденейін» демейді. Қайта керісінше, ақшасын, машинасын пайдаланайын, Құдай мені о баста осындай жаратқан деп өзін ақылды санайды. Кейбір кісілердің өнегелі сөздерін жаттап алады. Іске творчестволықпен қарау деген оларда болмайды»...
Іждағатты, ізденімпаз Мамытбектің де сауалдары бір толастамапты. Баукең де жас серігіне: «Сенің байқаусызда қойған сұрақтарыңның арасында данышпан сұрақтар да бар. Ой тереңіне сүңгімейін десем де сүңгітесің», – деп алара бір қарап қойып, сөз жалғастырады.
Үлкенді-кішілі екеудің әңгімесі көбінесе айналып келіп елдік мәселесіне, қандастардың ізгілігі дүниесіне айналып соға беретін секілді: «Ұлт мүддесін бәріміз бірдей ойлауымыз керек деген жай, жаттанды сөз. Ақылды, ақылсыз әртүрлі адамдарды түсіндіріп жолға салатын басшы, оны сайлайтын халық, халық пен басшының арасын тепе-теңдікте ұстап, бәріне бірдей адал қызмет ететін зиялы қауым болу керек. Сонда ғана ұлт күшті болады. – Біз ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді сақтай аламыз ба? – Егер еліңді басқарған адам ұлттың бүгінгісін, келешегін, өзінен ең аз дегенде 50-60 жыл кейін өмір сүретін ұрпақтарының барлық жақсылығын, болашағын ойлаған басшың болса, сақтай аласыңдар. «Менің басшы болып билік төрінде отырғаным қоғамымыздағы адамдардың арқасы. Мен – осылардың қызметшісімін. Осылардың үмітін ақтау үшін билік басына келдім. Бұлардың өмірін, қазіргі жағдайын жақсартуға міндеттімін. Ол үшін халықтың моральдық-материалдық, рухани өмірінің бәрін, мүмкіндігінше, қанағаттандырардай жағдайға жеткізуім керек» деген басшың болса, ұлттық салт-дәстүріңді, тіліңді сақтай аласың. – Тазалыққа қалай жетуге болады? – Өз мүддесін өзгенің мүддесімен әруақытта қатар қойған адам – таза адам. Жалпы, тазалыққа жету өте қиын нәрсе. Өйткені, пендешілік әркімнің ойын, қол-аяғын тұсайды. Кейде ағайынына, ауылдасына, аталасына тартып, өмір заңдылығын бұзатындар бар. Мысалға, қазіргі заманды алайық, біреу басшы орынға барса, оның ақымақ шиебөрілері арыстанның, тұлпардың, сұңқардың тұғырына қонжия кетеді. Таза болу – адалдықтың асқар шыңы. Оған жету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ондай таза адамдар өте сирек, бірақ бағымызға қарай өмірде бар. Өкініштісі, олардың ешуақытта жолы болмайды. – Неге жолы болмайды? – Жолы болмайтыны, жоғары қызметте отырғандар тазалықты жек көреді»...
Адалдықпен жүрген Мамытбектің де, расымен, ұшпаққа шыққаны шамалы екен. Қаһарман Бауыржан Момышұлының өзін шетке қаққан қоғам қатардағы мұның инабат-ізетін қайдан ескеріп жатсын. Қайта, қарапайымдылығын қарабайырлықпен, жуастықпен шатыстырып, басынғысы келіп тұратын сияқты. Кейбір әріптестерінің өзі Баукеңдей қатал сыншының тезінен өткен сақа жазушыны көзге ілгісі келмейтіндей. Бәрібір кіршіксіз тазалығынан айнымақ емес. Әйтпесе Бауыржан туралы қалам тербеуге моральдық құқы болмас еді. «Арам жазушының жазғаны да арам» дейтін-ді Баукең де...
Қалай дегенмен, жаны жомарт, кейде баладай аңғал, аңғырт мінезді қаламгерді Бауыржанды құрметтейтін қазақтың бәрі қадірлейді.
Кейде: «Осы, Бауыржан ағама неліктен құмар болдым екен?!» деп өзінің де қиялдап қоятыны бар еді. Бұл сауалдың да жауабын бірде көп қиналмастан сол кісінің өзі-ақ беріп тастаған көрінеді: «Баукең сәлемімді селқостау алды. Амандық-есендік сұрасқан соң: – Үйде жатқан менен саған не керек? – деді айбар шеге қарап. – Не керек екенін өзіңіз білесіз ғой, – дедім мен аздап имене тіл қатып. – Ашығын айтсам, сен мені іздеп жүрген жоқсың! Өмірге құштар жандардың жолын ашам ба деп, адам баласының қасиеттерін жақсартатын қазына іздеп жүрсің. Байқаусызда мені тауып алып, түрлі сұрақ қоюмен келесің»...
Иә, «Алтын шыққан жерді белден қаз!» демекші, Баукеңдей сарқылмас кенішке кезігіп, оның жұрт білмейтін асыл сырларын әңгімелеп, тамсантумен келе жатқан Мәкең сол Бауыржан әлемінің құлақкесті құлы екенін өзінің зор бақыты санайды.
Құлтөлеу МҰҚАШ
Күн мен жұлдыз болмаса...
– Ішке енсем, Баукең төмен тұқшиып, жазу жазып отыр екен. Иығында – жұқа шапаны, көзінде – көзілдірік. Сәлемімді төмен қараған күйі алды, басын изеп қана қойды. – Сені көріп, бір оқиға есіме түсті,– деді күлімсірей, түзеле отырып. – Қарайым деген халықты білуші ме едің? – Жоқ. – Жер бетіндегі ең аз халық. Энциклопедиядан қара, бар шығар, болмауы мүмкін емес. Олар тағдыр тауқыметін көп тартқан, шартараптан баспана іздеп, бір аралға барған. Арал дегені – Қырым екен. Онда түріктер тұрған. Қырым татарлары дегеніміз, шын мәнінде, түріктер. Қарайымдар сол жерде жан сақтайды. Тағы қарап жүрмей, «Мына жерде не бар екен?» деп Ресейді аралайды. Орыстар Ресейден қуған соң, Литва князьдығының тұтқындығына түседі. Украинада, Польшада да тұқымы бар. Тілдері – түрік пен араб тілі араласқан тіл. Діні «ешкімге озбырлық істеме, Құдайға шүкір» деп өз күніңді өзің көр деген уағызға толы. Өздері – қу, ақылды, бай халық. Олардың заңы бойынша үлкен имамын Қаһан дейтін көрінеді. Қаһан дейтін сөз бұл дүниеде де, о дүниеде де патша деген мағынаны білдіреді екен. Ол – рухани, әкімшілік жағынан ұстаз. Вильнюс қаласында олардың салған мешіті бар. Тракай деген кішкене қаланың тұрғындары – түгел қарайымдар. Мен онда соғыс жылдары болдым. Литва, Латвия, Эстония әскери бастығымын, 9-шы дивизияның командирімін. Бірде Вера Павловна Строева Мәскеуден іздеп келді. Қайтарында Мариампольден Вильнюске апарып салуым керек. Теміржол бұзылған кез. Пойыз сирек жүреді. Фашистер бомбалап, тыныштық бермейді. Амал жоқ, машинамен кеттік. Вильнюс – көне қала. Көшесінің кеңдігі осы бөлменің енінен сәл-ақ кең. Үйлері көп қабатты. Ескі бір қонақүйге тоқтадық. Әйнектен қарап отырмыз. «Әй, пәленше, әй, түгенше» деп көшенің бер жағындағы адамы ар жағындағы үйдің адамымен дауыстап сөйлесіп жатыр. Машина қарсы кездессе, бір-бірімен түйісіп қалады. Бір-біріне жол беру үшін бұрылып, қақпаға кіреді. Ол жерде қақпа жоқ болса, келесі қақпаға жеткенше шегінеді. Мәдениетті, көне қаланың неге бұлай салынғанына түсінбедім. Мүмкін жері батпақ болғандықтан солай шығар. Ондағы адамдар әр метр үшін күрессе керек. Өстіп таңғалып жүргенде, маған бір ой келді. Вера Павловнаға: – Екі күнге тоқтай тұр, қаланың қызығын көрейік. Аралайық,– дедім. Вера Павловна бірден келісті. Жаяу араладық. Көне қала, архитектурасы сұлу. Сенбесең, Вильнюске бар. Оны тұрғындары баяғыда Вилна деп атапты. Онысы «қала, қыстақ» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Тас көшелер, асфальттан хабар жоқ. Үлкен бір алаңы бар екен. Содан шығып келе жатсақ, көне архитектура үлгісімен салынған үлкен үй тұр. Маңдайшасына бірнеше тілде жазу жазылыпты. Орысшасы: «Караимский музей». Үйдің алдында ешкім жоқ. Есігі ашық екен, кіріп бардық. Үстінде шапан, аяғында мына сияқты (Баукең сандалын көрсетті) сандал, сақалын еркін жіберген, мұртын басқан, қасы қалың, басында қара сәлдесі бар жетпістердегі қарт адам қарсы шықты. Мен кім екенімді айтайын деп әскери әдетімше қолымды шекеме апардым. Мұнымды жақтырмай қалды. Сөйлесе келе, Інжіл, Тәурат, Құраннан біраз хабарым бар екенін білген соң, іштарта бастады. Қолын кеудесіне қойып: – Қош келіпсіздер, қарақтарым,– деді қазақша. – Төрлетіңіздер. Мәссаған, керек болса. Ауылдағы шалдар есіме түсті. Вера Павловна да қазақша түсінбесе де аң-таң. – Қарағым, түріңе қарағанда қазаққа ұқсайсың ғой. Мен патша заманы кезінде Петербург университетінде штаттағы профессор болған кісімін. Одан кейін Ресейден қашып, Иранға бардым. Иран патшасының қызына ұстаздық еттім. Кейін Ауғанға, Түркияға өттім. Түркияда жүрген кезімде қазақтар әжіге баратын. Әрине, олардың бәрі дәулетті, бай кісілер еді. – Ол кезде автомобиль, пойыз дегендер жоқ. Түркиядан Меккеге түйемен сапар шегетінбіз. Сонда жолбасшы болып көп қазақты Меккеге апарған едім. Қазақша білетінім содан. – Мен жолбасшы болған қазақтардың аттары жазулы дәптерім бар еді, қуғында жүріп жоғалтып алдым, – деп жалғастырды сөзін. Кішкене бөлмесіне ертіп барды. Орындықтарға отырдық. Жүзімнен байқады-ау: – Қарағым, темекі тартқың келсе, тарта бер. Қысылма. Кейіннен жайбарақат отырып әңгімелесеміз,– деді. Түпкі жақтағы есік ашылып, қолында дастарқан, подносы, үш кесесі бар, басына ақ орамал тартқан, ұп-ұзын қара көйлек киген, жетпіске келіп қалған кемпір иіліп келді. – Қарағым, мына кісі – менің зайыбым,– деді.– Қазақтар «қуыс үйден құр шықпа» дейді. Алдымен дастарқаннан дәм татыңыздар. Бұл – қырымдық кофе, – деп барлай қарап отырды да: – Мұны еш жерден таппайсыздар, – деді қазақшалап.– «Кофе» – Еуропаның емес, арабтың сөзі. Медицинада кофеин делінеді. Араб елінің күні ыстық, суы аз. Су ішсе терлеп, он-он бес минуттан кейін денеде әлгі судан түк қалмайды. Ыстық жерде адам қаталағыш келеді. Қан айналымының дұрыс жүруі үшін адам денесі сұйыққа зәру. Арабтарда кафт дейтін бір өсімдік болады екен. Дәні тарының үлкендігінен кішілеу. Өзі қап-қара, жабайы өседі. Соны арабтар кей-кезде теріп жеген. Дәмі өте ащылау болу керек. Ащы нәрсе шөлдеткенде, су ішеді. Су ішсе, шөлі тез қанатын көрінеді. Е, мынау әулие шөп деп қайнатып, іше бастайды.. Бұл кофенің алғашқы кезі. Ол денедегі сұйықты сақтайды, қан айналысын реттейді екен. Кофе кез келген жерде өсе бермейді. Ол о баста Еуропа ақсүйектерінің ғана сусыны болған. Қазір оны арнайы өсіреді. Бағасы қымбат, сондықтан кім болса сол іше алмайды. Шай алдымен Цейлонда, сонан кейін Қытайда өскен. Дегенмен, цейлондықтар оның қадірін білмеген, ал қытайлар өздерінше өсіріп, көп пайда тапқан. Олардың қызығатын себебі, шайда наркотик бар. Шайқорлар шайды қоюлап ішеді. Оны ішкен соң «басымның ауырғаны қойды, денем сергіді» дейді. Бұл – наркотиктің әсері», – деп ұзақ әңгімесін бастап кетті. Қаһан шалмен бірінші осылай таныстым. Кейін ол кісімен бес рет жолықтым. Мәскеуге келуіне жәрдем бердім. Вера Павловнаның үйінде бір жеті қонақ еттім. Өзі түрік тілінің нағыз зерттеушісі екен. Есімі – Шапшал. Бірде ол: – Аспаннан төрт кітап түсті. Оларда тәртіп, адамгершілік мәселесі көп. Соны осы күнгі атеистер бір жағынан ғана түсініп жүр, – деп реніш білдірді. – Қарағым, хабарың бар ма, жоқ па, Құранның 117-сүресінде: «Түнде жұлдызың, күндіз күнің болмаса, көлеңкені көрмес едің» деген жазу бар. Төрт кітап бір күннің, бір түннің оқиғасы емес, бұл – тарих, өмір философиясының қорытындысы,– деді. Өзі төрт кітапта жазылғандарды жатқа біледі екен. Айтқанымнан не түйдің дегендей, Баукең маған барлай, сынай қарап: – Ести білу, ұға білу дегенді табиғат әркімге бермеген,– деді. – Ал ана кісі мен айттым демейді, 117-ші сүреде деп отыр. Қандай адал, ә? – Қараңғы болмаса, жарықты көрмейсің, қараңғыны көрдік, енді жарықты көреміз,– дейді. Бұл – алға талпынып, бұғауды үземіз дегендік емес пе? Бұл – бостандық ой ғой… Күтпеген жерден Қаһанға жолығып, сырласқаныма әлі күнге тәнтімін… – деді де, Баукең қалың ойдың құшағына сүңги берді. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ qazaquni.kz