«О» байғұстың обалына қап жүрміз
2016 ж. 29 қазан
3797
1
Әлі күнге орыс орфоэпиясының етегіне жармасып, айрылмай келе жатқанымызды бір ғана дыбыстың мысалында ойланып көрейік.
Осыдан тура жиырма жыл бұрын «Ана тілі» газетінде қандауырын қаламға айырбастаған белгілі дәрігер-журналист Абай Мауқараұлымен бірге қызмет істеп, бір бөлмеде отыратынбыз. Таңертең кабинетке кіре салып, «ассалаумағалейкүм, аға!» деп амандасамын, «халіңіз қалай?» деп өзімше ахуал сұраймын. «Шүкір, жақсы» дейтін ол кісі маған көзілдірігінің үстінен тесіле таңырқай қарап. Сөйтсем, атажұртқа оралғанға дейін Абай ағам өмір сүрген арғы бетте «халіңіз қалай?» деп әл үстінде жатқан адамға айтады екен. Менің сауалым біртүрлі қолайсыз естіліп, құлағына түрпідей тиеді екен ғой, қайдан білейін. Бірақ, ол кісінің кей сөзі менің де көңіліме келетін-ді. Біреу, әй-шәй жоқ, құлқын сәріден өзіңізге: «Сәкен, денің сау ма?» – деп тұрса, қайтіп қабағың тырыспасын… Бақсам, бұл – ол кісінің «денсаулығың дұрыс па, жағдайың жақсы ма?» дегені екен.
Әзіл өз алдына ғой, сол Абекеңнің сөйлеу мәнерінен (жалпы, шеттен оралған қандастарымыздың дикциясынан) қалпы бұзылмаған қазақы үн есіп тұратынын байқайтынмын. Әсіресе, «о» әрпін «о» күйінде дыбыстайтыны қызық. «Орбита жақтан келе жатқанда, Пәленше деген кісіні көріп қалдым» дейді. Біз секілді «Арбита» деп айтпайды, «Орасан зор…» дегелі тұрғандай аузын толтырып «О»-дан бастайды. «Кешке Потанин көшесінде тұратын бір кісінің үйіне баруым керек еді, қай автобусқа мінгенім дұрыс?» деп кейде жөн сұрайды. Түсінген шығарсыз, біз сияқты «ПАтанин» деп дыбыстамайды, «Пора-порам шығып терледім» дегендегі секілді «ПОтанин» дейді. Кеңес дәуірінде орыс тілі орфоэпиясының талабымен тәрбиеленіп, сол әуенге «елтіп» үйренген мен үшін бұл әуелде күлкілі көрінгені рас-ты.
Кейінірек шын мәнінде кімнің кімге күлуі керектігі әлі басы ашық мәселе екенін ұға бастадым. 2002 жылы Корея мен Жапонияда футболдан әлемдік доп додасы өткен кезде спорт комментаторларымыз шетелдік аты-жөндерді орыстар қалай айтса, тура солай қайталайтынын аңғарып, таңқалдым. Мәселен, орыстар Роналдоны «РАналдо» дейді (бас әріптен кейінгі «о» дыбысын «а» ғып айтады). Біздің жігіттер осыны дәлме-дәл қайталайды. Неге? «Р»-дан кейін «о» жазылып тұр ғой? Оны неге сол күйінде «о» деп оқымаймыз?
Рас, орыс тіліндегі «о» әрпі көбінесе «а» боп оқылады: «Арганизация» (жазылуы – «организация»), «Алег» («Олег»), «пАрАшок» («порошок»), «сАвет» («совет»), «дАмАвой» («домовой»), т.б. Осы әдеттерін олар, бас-көз жоқ, қазақ сөздеріне де қолдана береді: Олжас Омарұлын – «Алжас Амарович», «Нұр Отанды» – «Нур Атан», Отар стансасын – «станция Атар» дейді. Бірақ, қазақ тілінде мұндай ерекшелік, қазақ орфоэпиясында мұндай ереже жоқ қой! Онда неге біз де «О»-ны «А» дей береміз?
Сөйтіп, сол кезде өзім жұмыс істейтін «Жас Алаш» газетіне «О-ға жасалған қиянат» деген мақала жаздым (4 шілде, 2002 жыл). Сырт қарағанда, Колумбияны – «КАлумбия», Коллинаны – «КАллина», Каннавароны – «КаннаварА», Ортеганы – «Артега», Оливейраны – «Аливейра» деп айтатын-оқитын комментаторлар ғана сыналғандай көрінгенімен, бұл жалпы орыс орфоэпиясына жіпсіз байланып, соған тәуелді болып қалған бәрімізге айтылған ескертпе еді.
Сең қозғалды, сен де қозғал, замандас!
Содан бері талай уақыт өтті. Әрине, ештеңе де өзгерген жоқ. Әлі күнге шетелдік атаулар мен аты-жөндердегі, кірме сөздер мен терминдердегі «О» әрпін негізінен «А» деп оқумен келеміз. «Конституция» деп жазамыз, бірақ, «кАнституция» деп айтамыз. «Конгресс» деп жазамыз, бірақ, «кАнгресс» дейміз. «Коммуникация» деп жазамыз, бірақ, «кАммуникация» дегеніміз деген… Телерадио эфирлері түгел солай. Құлақ үйренген, санаға сіңген…
Кенет… кейінгі екі-үш жылда сең қозғала бастады. Алдымен «Азаттықтан» «Жаһан жаңалықтарын» жүргізетін Ғалым Боқаш мәтін оқығанда кірме сөздердегі «О» әрпін «О» күйінде айтатын болды: «Мосулды» қайтару Операциясы…» («аперациясы» емес), «ДемОкратия жүйесі орныққан батыс елдерінде…» («демакратия» емес), «Петр ПОрОшенкомен ДОнбастағы қақтығыс мәселелерін талқылады…» («Парашенко, Данбасс» емес), т.б. Ғаламтордан осыны көргеннен кейін ойланған болар, «31 арнаның» кей тілшілерінің де эфирде осылай сөйлегенін байқап қалдым.
Жақында фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушысы Нұрғиса Асылбеков осы мәселеге тағы да назар аударып, тележүргізушілерді, журналистерді қазақ тіліне шеттен енген сөздердегі «О»-ны «О» ғып айтуға үндеді. Үндеп қана қоймай, ақпарат мәтінін өзі солай оқып («кОнференция», «кОмитет», «хрОнОлогия», «экОлогия», «репОртаж», т.б.), оны видеоға түсіріп, таратты. Демек, қоғам бұл қателікті мойындап, мәселе ретінде көтеруге, түзеуге әзір деген сөз.
Нұрғисаның көзқарасын құптаушылар көп болғанымен, келіспеушілер де кездесті. Оның бір сөзіне мен де келісе алмаймын. Ол – ата-тектегі (фамилиядағы) «О»-ға байланысты. Мәселен, «Мэлс ЕлеусізОв» деп айту, тіпті, де дұрыс емес. «Ов», «ев» – бізге кейіннен қолдан таңылған, орыстан келген жұрнақ екені рас, бірақ, оны сол жұрнақтың өзіне дейінгі буынға (предпоследний слог) сәйкестендіріп айтқан жөн: «ЕлеусізІП», «ЖақсыбайЫП». Ал жазылғанда, әрине, бұрынғыша жазыла берер, ол жағы аса бас қатырар нәрсе емес. Оның үстіне, қазір қазақтар «ов» пен «евтен» жаппай бас тартып жатыр.
Н.Асылбеков көтерген мәселеге орай Ғалым Боқаш былай дейді:
– Бұл мәселені соңғы екі-үш жылдан бері жиі көтеруге тырысып жүрмін. Биыл жаппай талқылана бастағанда қуанып қалдым. Жігіттерге рақмет! «Соқыр ат» деп айта алатын қазақ «СОкрат» деп те айта алады ғой, негізі. Сосын кез-келген тіл маманынан сұраңыздар, «қазақ тіліндегі шетелдік терминдер орыс тілінің орфоэпия заңымен оқылуы тиіс» дейтін ереже жоқ, болуы да мүмкін емес. «О»-ны «о» күйінде оқу – отарсызданудың алғашқы қадамдарының бірі.
Қазақ тілінің төл орфоэпиясына сай бұл бастаманы электронды БАҚ-тағы әріптестеріміз әрі қарай жалғап әкетеді деп үміттенеміз. Сең қозғалды, енді сен де қозғал, замандас! «О» дыбысының обалына қалмайық!
Сәкен СЫБАНБАЙ, Алматы ақшамы